//

“Әкем ішіп келіп, отбасымды пышақтап тастай ма деп қорқамын”

3337 рет қаралды
Сурет: tengrinews.kz

Шамамен 7-8 жаста болуым керек. Ауыл ішіне көшіп-келген кезіміз. Әкеміз араққа тойып алған. Мен үйге сабақтан енді келген едім. Әкем мотоциклды өртеймін деп байбалам салып жүр екен. Мені көре сала шақпақ (сіріңке) сұрады. Менде жоқ дедім. Қолына тас алып маған лақтырды да, ұра жөнелді. Сол кезде бетіме тыртық түсті, оның ізі әлі бар…

Бұл үрей мен қорқыныш үстінде жүрген Меруерттің бала кезден қалған естеліктерінің бір бөлігі.

Алматыдағы «Аман-саулық» қоғамдық қоры жоғары оқу орындарымен бірлесіп, арнайы сауалнама жүргізген. Статистика бойынша елімізде орта есеппен әр адам жылына 9 литр арақ ішеді екен.

Ал Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есептер комитетінің мәліметі бойынша, тұрмыстық кикілжіңге қатысты 2018 жылы 919 қылмыс тіркелген. Басым көпшілігінде әйелдер әлімжеттік құрбаны болған.

Жақында БҚО тұрғыны ішімдікке тойып, екі қызы мен әйелін өртеп жіберген оқиға болды. Карантин кезінде ішімдік салдарынан тұрмыстық зорлық – зомбылық деңгейі артты.

Көрнекі сурет. PBK сайтынан алынды

Меруерт үйдің тұңғышы, ес білгелі көргені әкесінің мас болған бейнесі. Бұрын ауыл ішінде емес жайлауда болғанда әкесі көбінде ауылдан ішіп келетін. Мас болып келіп өртеймін, жағамын, өлтіремін деп әңгіме шығаратын. Сол кездегі кішкентай Меруерт көзімен бар шындықты баяндаймыз. 

Анасының сол кездегі арманы: Меруерт кішкентай, шіркін-ай осы балапаным үлкен болса ертіп алып, бір жағына қарай қашып кетер едім.

“ТАСТЫҢ, АРША-ТОБЫЛҒЫЛАРДЫҢ АРАСЫНА ТЫҒЫЛАТЫНБЫЗ”

Үйде 4 қызбыз, кенжеміз әлі кішкентай, ал оған дейінгі үшеуімізден әкемізден таяқ жемегеніміз жоқ.

Ауылға көшіп келгеннен кейін екі күннің бірінде ішіп келетін. Ішіп келіп үйдегілерге тисетін. Бәрін бұзып шағып, қолына түскенімізді ұратын еді. Әкем ішіп келген күндері қатты үрейленетінбіз. Әкем ішіп келді дегенді естісек болды үйді ашық қалдырып, көрші үйлерге қашып кететінбіз. Сенесіз бе? Әкеміз сол үйлерге дейін іздеп баратын.

Біз көршілердің төсектерінің астына дейін тығылып қалатынбыз. Бір күні баратын көрші де қалмады. Барлығынан тауып алады. Қай көршінің үйіне бара береміз?  Кейін келе үй маңайындағы тастың, арша-тобылғылардың арасына тығылатын болдық.

АНАШЫМ НЕ СЕЗІНДІ ЕКЕН..

Біз ол кезде баламыз, көп ештеңе білмейміз. Ал анамның жағдайы не болды екен?! Қандай сезімде болды? Біреудің төсегінің астында күйеуінен тығылып жату ол кісі үшін қаншалықты ауыр, қаншалықты күйік болғанын ойлаудың өзіне дәтім жетпейді.

Әкемнің арақ ішетіні үшін, тіпті алқаш болғаны үшін ол кісіні ешқашан жек көріп, болмаса намыстанған емеспін. Алайда мен әкемді кешіре алмайтын бір жәйт бар. Ол менің көзімше анамды тепкілеп ұрғаны еді..

Үйге туысқандарымыз қонаққа келген. Түн болды, ас үйде әлі үстел жиналмаған. Арақ ішіп отырғандар бар, әрине әкем де сонда. Мен үйде үлкен әпкемнің жанында ұйықтайын деп жатқан едім. Бір уақытта анам есіктен “өлтіретін болды, Алла, жежеу (әпкеу) айтшы, ұсташы ананы, өлтіретін болды” деп қашып кіріп, мен жанында жатқан әпкемнің артына тығылды. Әкем ешкімнің сөзін тыңдамай сол жерде ұра жөнелді. “Аллам-ай, Дүйсен тиіспеші, ауырып тұрмын, Алла-ай, Дүйсен ұрмашы, мен ауырып тұрмын ғой” деген анамның дауысы жүрегімді езіп жібере жаздады. Ал әкем “мә ауыр, мә саған ауырғанды көрсетейін” деп тебе жөнелді, анамның үстінде киімі әкемнің сүйрегенінен жыртылып, айырылып-айырылып қалды.

Мән жәйді білгенімізде: әкеміз анама арақ іш деген, ал анам ауырып тұрғаны үшін ішпеген екен..

АНАМ МЕН БІЗДІ ӨРТЕП ЖІБЕРСЕ НЕ БОЛАДЫ?..

Мен үйден алыста оқығалы 7-8 жыл болды. Сол кезден бері өзім көп болмаған соң үйде бәрі жақсы секілді көрінетін. Бәрі жақсы деп ойлайтынмын. Бірақ әкем тек үйдің үлкені болғасын менен жасқанады екен. Тек мен үйде болған кезде ғана ішіп келсе де, тыныш жатып қалады екен. Ал мен үйде болмасам ішіп келіп, сол баяғы әдетіне басады, әңгіме шығарғысы келеді.

Әрине, анам бұрынғыға қарағанда шүкір ғой деп айтады. Карантин басталғалы үйдемін. Әкем екі күннің бірінде ішіп келеді. Тіпті Рамазан айында үйде үш адам ораза ұстап жүрсек те, бір күн болсын арақ ішпей, сау келген емес. Карантинде әкемнің араққа тойып келетінімен күніміз өтті.

Жақында қыздары мен әйелін өртеген, әйелінің бетін тілгілеп тастаған еркектердің де осы ащысудан сау емес екендігін естігенде қатты қорықтым. Мен бар кезде ішіп келсе де тыныш жатып қалды делік, бірақ мен 365 күн үйде бола алмаймын ғой. Тіпті бұлай күнде ішіп келе берсе сол баяғы бұрынғы әдетіне қайта баспасына кім кепіл? Бір күні араққа тойып келіп жанағы еркектер сияқты сіңлілерім мен анамды өртеп жібермесіне, анамды пышақтап турап тастамасына кім кепіл? Қатты қорқамын…

Парақшамызға жазылыңыз

Жадыра Жанарбек

Minber.kz сайтының маусым айынан бастап авторы. Сулейман Демирел Университетінің 4-курс студенті. 2020 қаңтардан бастап “Halyqnews” сайтының Алматы қалалық тілшісі қызметін атқарған. Журналистерге арналған “Media CAMP Edyuton -2020” инновациялық курсының қатысушысы.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар