Карантин қазақстандықтарға, әсіресе, қаржы жағынан оңай тимеді. Әрі оқу жүйесі қашықтан болған соң балалардың оқуы да қиынға түсті. Бұл тұрғыда мұғалімдердің жүгі екі есе ауырлап, ата-аналар да біраз әбігерге түсті. Осы жайлы Талдықорған қаласындағы № 28 IT мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Бақытгүл Байырбаевадан сұхбат алдық.
– Бақытгүл ханым, карантин кезінде білім беру барысы қалай өтті?
– Шүкір, барлық қиындықты жеңіп, оқу бағдарламасын ойдағыдай меңгеріп, оқу мен оқытуда біраз жетістіктерге де жеттік. Бұл кезең – ата-аналар, оқушылар мен мұғалімдер үшін сын сағаты болды. Мұғалім де, ата-ана да, оқышы да жаңа технологиялардың қыр-сырына тереңірек үңілді. Бала өз бетінше немесе ата-ананың көмегімен қалай оқу керек екенін біліп, өзін-өзі бағалаудың мәнін түсінді. Үш тараптың да жігерін сынаған, оқу үрдісінің бүге-шігесіне дейін түсінуге мүмкіндік берілген күтпеген кезең болды. Еріксіз, жиырма бірінші ғасырдың азаматы қандай болу керек, алған біліміңді өмірде қолдану үшін не істеуге болады деген сұрақтарға жауап тапқандай болдық.
Барлық білім беру порталдары ақысыз жұмыс істеп, тіпті оқимын деген оқушыға барлық мүмкіндік жасалды. Бұл жағдай білім алуға бұрынғыдан да, жақсы әсер етті. Тіпті білім алу жолындағы осындай мүмкіндіктерді неге жайшылықта жасамаған деген сұрақ еріксіз мазалады. Барлығымыз бірдей ғаламтор желісін үнемі ақылы түрде қолдана алмаймыз ғой. Тіпті, мектептердің өзі де жаңа технологиялармен атап айтсақ, компьютерлік құрылғылармен толық қамтамасыз етілмеген. Қажетті оқу материалдар флешкаңда тұрса да кабинеттерде оны қолданатын құрылғы тапшы. Елдің болашағы білімді ұрпақта десек, оларға білім беру үшін ең алдымен толық жағдай жасалуы керек емес пе?..
Бір байқағаным, оқимын деген бала қандай жағдайда да оқиды екен. Сондықтан, барлығымызға ең бірінші жауапкершілік керек. Әркім өз орнын біліп, талпынып, ешқандай кедергіге қарамай, болашағы үшін алға қойған мақсатқа жетуі тиіс. Еліміздің әр азаматы отанымыздың бір бөлшегі, әр азамат өз ісіне жауапкершілікпен қараса, елдің әр саласы дамиды.
– Онлайн оқу ыңғайлы болды ма? Жалпы, онлайн оқуды қолдайсыз ба?
– Жоқ, қолдамаймын. Себебі, оған халқымыздың материалдық жағдайы сай емес. Екіншіден, біз робот емеспіз ғой. Барлық қарым-қатынас адами тұрғыда болу керек, ол біздің ұлттық құндылығымыз үшін маңызды!
– Балалар қашықтан оқығанда сабақты мектептегідей түсіне алды ма, білім сапасы қалай болды?
– Бұл сұраққа жоғарыда жауап бердім, яғни сабақты оқу мен оқыту осы онлайн қарым-қатынасқа түсетін адамдардың талабына, жауапкершілігіне байланысты. Бізде оқу сапасы бұрынғыға қарағанда жоғарылау болды. Неге, өйткені біздің балалар мұғалімге көп сүйеніп, өз бетінше ізденуге бейімделмеген. Ата-аналар да балаға дұрыс бағыт бере алмайды. Оларда тапсырманы бірге орындау керек деген түсінік бар. Әрине, барлық ата-ана ондай емес, дегенмен сондай ата-ана көп. Тіпті, кейбір ата-ана бала үшін жауап беріп, өздерінің нұсқаларын дәлелдеп кеткен кездер де болды.
– Карантин жалақыларыңызға әсер етті ме?
– Жоқ, Білім және ғылым министрлігіне рахмет, бұл тұрғыда бізді қолдап, жалақымыздың сақталып қалуына ықпал етті. Ал жұмысымыз бұрынғыдан да еселеніп, міндетімізді адал атқару жолында қиындықты жеңеміз деген ұстаным берік болды.
– Кейбір ақпарат құралдары Маңғыстау, Ақмола облыстарында карантин кезінде мұғалімдерді мектепке шақырғаны туралы мәлімет таратты. Ал сіздерді мектепке немесе сенбілікке шақырды ма?
– Жоқ, барлық талаптарды берік ұстандық, тіпті кейбір затымызды алуға да мектепке кіре алмадық.
– «Kundelik» , «Bilim Land» , «Дарын Онлайн» атты ресуртардың көмегі тиді ме, жалпы мұғалімдерге бұл ресурстар ыңғайлы ма?
– Әрине, аталған білім порталдарының көмегі тиді, ыңғайлы. Бірақ оларды жайшылықта қолданып көрмеппіз. Біз бұған дейін тек Күнделік.кз платформасын пайдаландық. Үнемі карантинде отыра беруден Құдай сақтасын, дегенмен ел болашағы үшін, мұндай білім беру платформалары әрдайым тегін болу керек. Және адамдар өзін-өзі жоғары бағалап, қарым-қатынасты құрметтеуі тиіс. Бәсеке бар жерде, нәтиже болады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Меруерт АҚБАРОВА, Талдықорған қаласы
Парақшамызға жазылыңыз