//

ҰБТ: Биылғы түлектер қандай сезімде?

3309 рет қаралды

ҰБТ-2020 басталды. Биыл Ұлттық Бірыңғай Тестілеуге мектеп түлектерінен 111 109 өтініш түскен. Мектепті бұл жылға дейін бітіргендерден түскен өтініштерді қосқанда барлығы 131 755 адам ҰБТ тапсырады. ҰБТ 20 маусым мен 5 шілде аралығында 161 тестілеу пунктінде өтеді.

Биыл еліміздегі төтенше жағдай мен COVID-19 инфекция салдарынан Ұлттық бірыңғай тестілеу қағидаларына жаңалық енгізілді. ҰБТ тапсырушылар санитарлық сақтық шарасын қатаң сақтауы керек. Тестілеуде тыйым салынған зат қолданған талапкердің ҰБТ нәтижесімен қоса білім беру гранты да жойылады.

Осы жылғы карантин, COVID-19 секілді өзгерістерді ескеріп мектеп түлектерінің қандай жағдайда екенін білгіміз келді. Көңіл-күйін, дайындығын, қиындықтарды сұрап әңгімелестік.

Момбекова Айдын Досханқызы

Ұлан мектебі

“БІЗДІҢ ЕЛ ҚАШЫҚТАН ОҚУҒА ДАЙЫН ЕМЕС ЕКЕН”

ҰБТ – мен үшін армандарыма алып баратын ең алғашқы баспалдақтың бірі. Сол армандарыма жету үшін 1 жыл бойы міндетті түрде дайындаламын деп жоспарладым. Алайда аз уақыт қалғанда COVID-19 пайда болды. Карантин жарияланып біраз қиналып қалдық. Әсіресе ҰБТ – ға дайындайтын орталықтар жабылып, қайда баратынымды білмей сасқалақтадым. Өзім дайындала алмайтынымды біліп, онлайн курстарға жазылдым. Бірақ, көзбе-көз оқығанға жетпейді екен. Себебі ауылда тұрған соң сеть ұстамай қиналдым. Біздің ел қашықтан оқытуға дайын еместігін түсінгендеймін.

“ҮЙДІҢ АТМОСФЕРАСЫНДА ДАЙЫНДАЛУ ҚИЫН”

Үйде отырған соң құлшыныс, энергия азайып кетті. Әртүрлі ойлар мазалап, бұл оқуымнан түк шықпайды, грантқа түсе алмаймын деп жылап алған кездерім де болды… Қатты өзгердім, тіпті достарыммен де араласпай кеттім. Аллаға шүкір, қазір ол күндер артта қалды. Абай атамыздың мына сөзін есіме алдым: “өзіңе сен өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап”. Бұл өлең шұмақтарын оқып, тәтті жеп және визуализация жасап өз өзімді қолға алдым.

Карантинге байланысты ҰБТ-ға онлайн тіркелу кезінде сеть ұстамай, қиындықтар болды. Поток, аудитория шығатын кезде мен сол проблемалармен қатты қиналдым. “ҰБТ-ға кіре алмайтын сияқтысың, 2 жыл өмірің зая кетті” деген сөз естідім. Дәл сол сәтте бүкіл өмірім көз алдымнан өтті. Әрине, бұл қиындықтан да өттім. Бұйыртса ҰБТ-дан да жолым болып, студент болатын кез келер.

“БІРЕУ ОСЫЛАЙ БОЛАДЫ ДЕСЕ

СЕНБЕС ЕДІМ”

Жылдың басында сыныппен 25 мамырды қалай өткізетінімізді ойлап, қуанып жүрген едік. Жазға көп жоспарым болған еді. Алайда адамның қалауы емес, Алланың қалауы болады екен.

Ең бастысы ҰБТ-дан барлық түлек жоғары балл алса, қалғаны ұмытылатын дүние ғой. Бұл жылғы ҰБТ ерекше өткелі тұр. Бұрынғыдай 1 аудиторияда 100 емес, 10-15 оқушы ғана отырады. Шпаргалкамен көрсе шығарып жібереді. Сондықтан дайындықты күшейту керек. Біреу айтса сенбес едім. Өмір болған соң барлығын көреді екенбіз. Болашақ мамандығым – стюардесса болу. Арманыма жету үшін қолымнан келгенін жасаймын. Бұйыртса, ол күнде келер. Ал қазіргі мақсктым ҰБТ-дан жоғары балл жинау.

Ақжан Изтелеуова

Абай атындагы орта мектеп гимназиясы

ҚОРҚЫНЫШ ТА, ҮМІТ ТЕ БАР

Білесіз бе? Қорқыныш бар аздап. Дайындығым жақсы. Осы күнге дейін дайындалған сұрақтар келетініне сенімдімін. Алайда сол білетін, оқыған сұрақтарымды қорқыныштан ұмытып қалам ба деп жиі ойлаймын. Солай болса не істерімді білмеймін. Тестілеуге өте аз уақыт қалды. Бойымда тек қана қорқыныш емес, сонымен қатар үміт те бар. Жақсы баллға, жақсы жоғары оқу орнына, жақсы мамандықты оқуға деген үміт. Өмірдің қандай тосын сыйы барын білмеймін. Алайда ҰБТ-дан төмен алсам да мен оған қатты қиналмайтын едім. Себебі ол кезде істейтін басқа жоспарым бар.

Карантин аса қатты қиындық әкелмеді. Себебі мен өз еркіммен дайындала аламын. Ештеңе өзгермеді десе де болады. Карантинге дейін қалай дайындалсам, карантин кезінде де сол дайындықты жалғастырдым.

Менің қорқынышым сәл басқаша сияқты. Өзім қалаған мамандыққа 3, 5, 4, 1 балл жетпей қалып түсе алмай қалам ба деп қорқам. ҰБТ-ға дайындық барысында мен өте көп дүниеден бас тарттым. Достармен, жақындарыммен қыдыру, фильм, сериал көру барлығын тыйдым. Барлық уақытымды сабаққа, дайындыққа арнадым. Енді осы дайындықтың барлығының нәтижесінде мен оқуға түспей қалсам, жылап та алармын. Себебі бұл әділетсіздік деп санаймын.

Айдын Шыңғысхан

“Үшқоңыр” орта мектеп гимназия

ӨЗІМЕ БЕЙМӘЛІМ СЕЗІМ КЕШІП ЖҮРМІН

Бәлкім көбінің бойында қорқыныш бар шығар. Кейбіріне тіпті бәрібір болуы да мүмкін. Бұл түсінікті жағдай. Алайда менің ішкі жан дүниемде бәрі мүлдем басқаша. ҰБТ алдында өзіме беймәлім сезімдемін. Сөзбен айтып түсіндіріп жеткізе алмаймын. Ол қорқыныш, қобалжу сезімі емес, бір бейтаныс сезім. Бұл қызық сезімді өмірімде алғаш рет кешіп тұрмын. Бәлкім бұны жауапкершілік сезімі деп те айтуға болатын шығар.

Карантиге дейін дайындық керемет болды. 5 ай көлемінде жүйелі дайындық болып тынымсыз еңбектендік. Одан кейін карантин басталды. Карантиннен кейін бастапқыдай емес дайындық төмендеді. Дайындалуға деген құлшыныс, мотивация жоқ. Себебі үйде сабақ оқығың келмейді. Үйде болғанда ойың жан-жақта жүреді екен. Ойға келетін дүние өте көп, сол себепті құлшынысым жоғалып кетті деп ойлаймын.

Неге бәрі былай болып жатыр деп қатты уайымдаймын. ҰБТ барысында не болады, қалай болады деген сұрақ мазалайды. Моральдық тұрғыда қиын. Басқа ешқандай ауыр нәрсе байқамадым. Шаршау бар. Карантин кезінде мүлдем ниетім болмай дайындығымды төмендетіп алдым. Қазір өкінемін. Керісінше карантинде жақсылап оқу қажет еді. Барлығы өзгеріп кетті ғой, мұмкін ҰБТ онлайн түрде болғанда жақсы болар ма еді…

Парақшамызға жазылыңыз

Жадыра Жанарбек

Minber.kz сайтының маусым айынан бастап авторы. Сулейман Демирел Университетінің 4-курс студенті. 2020 қаңтардан бастап “Halyqnews” сайтының Алматы қалалық тілшісі қызметін атқарған. Журналистерге арналған “Media CAMP Edyuton -2020” инновациялық курсының қатысушысы.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар