Егер естеріңізде болса, осыдан бір жыл бұрын Қазақстанда «Сайрагүл Сауытбай» оқиғасы деген болған еді. Қазақстан билігі Қытайдан пана іздеп келген Сайрагүл Сауытбайды Қазақстанға қалдыра алмай, Швецияға асырып, со жақтан босқын мәртебесін берген болатын. Сайрагүлдің ізін ала Қазақстанға Қытайдан Қастер және Мұрагер атты екі жас жігіттің қашып келгені белгілі болған еді.
Олар қазір пана іздеуші тұлға, енді босқын мәртебесі туралы арыздары қаралады
Олар Қазақстан шекарасын заңсыз аттағаннан кейін адвокат Ләззат Кендебайқызы бұл жігіттердің қорғауын өз мойнына алатындығын мәлімдеген болатын. Сол Ләззат Кендебайқызы бүгін дүйім қазақ жұртынан сүйінші сұрап, Қастер мен Мұрагердің бостандыққа шыққанын хабарлады. Бұған дейін Қазақстан шекарасын заңсыз бұзып өткені үшін олар бір жылға сотталған еді. Ләззат Кендебайқызын қос жігіттің тағдыры туралы әңгімеге тартқан едік:
– Қастер мен Мұрагер Қытай шекарасын былтырғы жылдың 1 қазанында бұзып өткен. Сотқа дейінгі тергеу кезінде Өскемен қаласындағы уақытша изоляторда жатты. Сот үкімі күшіне енген соң, Семейдегі жеңіл режимдегі колонияға ауыстырылды. Биылғы қаңтар айынан заңға оңды өзгерістер енгізілгеніне тап келіп, уақытша изоляторда жатқан 1 күндері – 2 күн болып есептелді. 4 ай Өскемендегі изоляторда жатқандары – 8 ай болып саналды.
Семейге ақпан айының аяғында кетті. Сот үкімі қаңтарда шыққанмен, күшіне еніп, тиісті органдарға жетіп, орындалғанша 1 ай уақыт кеткен. Сонымен қоса есептегенде, тұп-тура 4 ай Өскеменде, 4 ай Семейде, 8 ай ШҚО түрмелерінде жатты.
СИЗО-да жатқан (Өскемендегі) 4 ай 8 ай боп есептелгесін, бір жылдың 4 айын ғана жатып, толық жазаларын өтеп, босап шықты.
– Олардың ендігі тағдыры қалай болмақ?
– Ендігі Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған арыздары қаралады.
Соны күтіп отырмыз. Алда атқарылатын жұмыс көп. Екеуінің тағдыры әлі толық шешілген жоқ. Әзірге пана іздеуші тұлға куәлігімен жүреді. Ол шілденің соңына дейін жарамды. Мерзімін тағы ұзартуы немесе сол екі аралықта босқын мәртебесін сұраған арыздары қаралып, шешімін табуы мүмкін.
– Босқын мәртебесі берілетіні жайлы анық ақпарат бар ма? Немесе босқын, азаматтық беру мәселесі тағы да созылып, екі азамат ортада қалып жүрмей ме?
– Нақты ақпарат, әрине, жоқ. Оны тиісті органдар шешетіні белгілі ғой. Біздікі – үміт, сенім. Жалпы бұл ісіміз осы уақытқа дейін оң шешімін тауып келеді, ары қарай да жалғасын табады деп сенемін!
Қазір бұл жігіттердің жағдайы жақсы. Еркін жүріп-тұра алады, бірақ басқа қалаларға еркін барып жүре алады дей алмаймын. Тұрғылықты жерлері бойынша шетел азаматтары ретінде пробациялық бақылауда болады. Еркін жұмыс істей алады, телефонмен сөйлесе алады. Жұмыс істейді. Екеуіне әпке-жезделерінің мейрамханаларында жұмыс қарастырылған. Қастер – кәсіби аспаз екен. Жұмыс тапқан соң оларды Ақмола облысына келіп, осында тұруға рұқсат берді. Алдында Босқын мәртебесін алу туралы арыздары қаралғанша Семейде қалу керек деген еді. Тағы бір айта кетері, “Қытайлар салған түрмеде екі жігітті күні-түні қинап жатыр екен”- деген арандатушылардың жел сөзін көп есіттім. Семейде қытайлар салған түрме жоқ, біріншіден. Екіншіден, мен және осындағы туыстары жігіттермен аптасына бірнеше мәрте үздіксіз байланысып отырдық.
Біздің түрмеден коронавирус шықты
Ләззат арқылы екі жігітпен де тілдесіп көрген едік:
– Қазақстанда қалу-қалмауларыңызға не әсер етті? Халықаралық құқық қорғау ұйымдары ма, әлде Қазақстан билігі ме? Немесе заңгердің жұмысы ма? Халықтың талабы ма?
– Қазақстан билігі деп санаймыз. Сонымен қатар заңгердің халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс жасағаны өз ықпалын тигізді.
– Туысқандарыңыздан хабар бар ма? Оларға қытай билігі тарапынан қысым болып жатқан жоқ па?
Туыстарымыз аман. Бастапқыда қысым болған, қазір жағдай тынышталғандай болыпты
– Денсаулық жағдайларыңыз қалай? Семейдегі сіздер болған колониядан коронавирус жұқтырғандар шығып жатыр екен.
Денсаулығымыз дұрыс. Сол жақта біраз ем қабылдадық
Халықтың талабы да, сіз айтқан фактордың бәрі бірігіп, Қазақстанда қалуымызға себеп болды деп ойлаймыз
Парақшамызға жазылыңыз