Алматы қаласының Алмалы ауданының тұрғынымын. Төтенше жағдай жарияланған Наурыздың 19-ынан күні бүгінге дейін біздің подъезге екі не үш рет қана дезинфекция жұмыстары жасалды. Дәл осы Алмалы ауданына дезинфекция жасау үшін Алматы қаласының бюджетінен 235 миллионнан астам ақша бөлінген. Сонда дезинфекцияны қайда жасап жүр? Бәлкім сіздер білерсіздер?
“ГАЗАТОР-защита хлебопродуктов” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Алматы қаласындағы көп пәтерлі үйдердің кіреберістерін дезинфекциялық өңдеу қызметтерін атқарады. Мемлекеттік сатып алулар порталында 2020 жылға арналған алты келісім-шарты бар. Ең үлкен сома 121 505 184 теңге болса, ең төменгі сома 540000 теңгеге жасалған.
“ГАЗАТОР-защита хлебопродуктов” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Алматы қаласы Алмалы ауданында орналасқан көп пәтерлі үйлердің кіреберістерін дезинфекциялық өңдеу бойынша қызметтер көрсету үшін “Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы” коммуналдық мемлекеттік мекемесімен үш рет келісім шартқа отырған. Алғашқы келісім шарт Наурыздың 26-сында жасалған, кейін бұл келісім шартқа Мамырдың 4-інде өзгерту енгізілген. Алғашқы келісім шарттың құны – 58 миллион теңгеден асып жығылады. Ал қосымша келісім шартта тағы 56 миллион теңгенің қызметін көрсету туралы жазылған. Мамыр айының 14-інде жасалған соңғы келісім шарты 121 505 184 теңге. Алғашқы екі келісім шарт орындалып үлгерген болса, соңғысы әлі қызмет етеді. Барлығы 2020 жылдың желтоқсан айының соңына дейін аяқталуы тиіс. Айта кету керек, барлық қызметке бір сатып алушы ретінде қатысқан.
Мекеменің мемлекеттік сатып алулар порталында тіркелген уақыты 2016 жыл. Мекеменің жетекшісі – Тарнайкина Снежана Владимировна. Мекеме 2014 жылдан салық төлеп келеді. Барлығы – 5 миллион 700 мың теңгенің салығын төлеген. Ең көп төлеген жылы – 2017 жыл, 2241320 теңге. 2018, 2019 жылдарда төлеген салығы туралы мәлімет жоқ.
Ал, Алматы қаласы Алатау ауданына дезинфекция жасау қызметін “Garant Stroy-K” ЖШС өз мойнына алған. Аталған мекеменің Мемлекеттік сатып алулар порталында тек төрт қана келісім шарты бар. Төртеуі де “Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы” коммуналдық мемлекеттік мекемесімен жасалған. Келісім шарттың екеуі негізгі, екеуі қосымша. Барлық келісім шарттың құны – 96 миллион теңгеден асып жығылады.
Алғашқы 16 миллион теңгенің келісім шарты Наурыздың 26-сында жасалған. Кейін бұл келісім шартқа өзгертулер енгізіліп, тағы 15 миллион теңгеге қосымша келісім шарт жасалған. Бұл келісім шарт орындалған. Ал қазір Мамырдың 14-інде 32 миллион теңгеге жасалған келесі келісім шарт жұмыс істейді. Маусымның 30-ында бұл келісім шартқа өзгертулер енгізіліп, тағы да 31 миллион теңгенің келісім шарты жасалады. Ең қызығы, бұл мекеменің тіркелген уақыты 2019 жыл Желтоқсанның 20-сы. Барлық келісім-шарт бір сатып алушымен жасалған. Ешқандай ашық конкурс жүргізілмеген.
(Жалғасы бар)
Парақшамызға жазылыңыз