//

Аяғы ауыр әйелдер ПЦР тест таппай сандалып жүр

4388 рет қаралды

7 шілде күні әлеуметтік желі қолданушысы Аяулым Тастанбек «Айы-күні жетіп отырған келіншек Covid-ке тест тапсыратын жер таппай жүр сандалып. Тест нәтижесін әкелмей ешқандай перзентхана қабылдамайды. УДЗ бойынша осы аптада босануы тиіс. Баласын қалай шығармай отырады? Әлде үйде босана берсін бе? Мұндай жағдайда не істеу керек?» деп пост жазып, Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасын, Шымкент Келбеті Ресми парақшасын және Сая Қасымбек , Ақмарал Молдиярқызы, Әмина Уалиханқызы Көлбаева,  Жәнібек Нұрыш есімді бірқатар белсенді азаматтарды белгілеген еді. 

Біз мәселенің мән жайын білу үшін Аяулым Тастанбектен босанатын уақыты жеткен келіншектің байланыс нөмірін алып, сөйлестік. УДЗ  бойынша босанатын уақыты таяған, аты-жөнін атамауды сұраған келіншек Шымкент қаласында бірнеше зертхананы аралағанын және олардың ешбірінде тест жоқ екенін айтты. 

Оның айтуынша, қала зертханаларының біріндегі тіркеу бөлімінің қызметшілері тесті біресе бар деп, біресе жоқ, деп нақты жауап бере алмапты. Осы сөз келіншектің көңіліне бар тестіні жасырып отыр деген күдік ұялатқан. Келіншек осы күнге дейін тіркелген емхананың жолдамасымен тегін босанамын деп ойлаған екен, алайда жөтеліп жүрген соң, оған өзі тіркелген перзентхана дәрігері «Сізде жөтел болса болды ковидпен ауыратындармен  босандыра   береміз» , – деген соң, өз денсаулығын ойлап, ақылы түрдегі перзентханаға бармақшы болыпты. Тесті ақылы тапсыруға еш қарсылығы жоқ келіншек, дәл қазір ешкіммен кикілжіңге келіп, әуре болғысы келмейтінін, ақылы болса да тест тапсырып, коронавирус анықталған келіншектермен бірге босанбай, ақылы перзентханаға барып қауіпсіз жерде босанғысы келгенін айтты. «Мен ауру емеспін өзімді білемін ғой, қалай сақтанып жүргенімді», – дейді ол.

Жоғарыдағы жазба әлеуметтік желіде жарияланған соң Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Нақыпқызы хабарласып, жағдайды білетінін және мәселені шешуге күш салатынын айтыпты. 

Біз де Лаура Нақыпқызына хабарласып едік, 8 шілде күні келіншектің тест тапсырғанын білдік. 

Жалпы мемлекет тарапынан тегін тест тапсыратын 18 топтың ішінде аяғы ауыр келіншектер бар. Бұл жеңілдік, әрине, дұрыс. Алайда, ел ішіндегі жағдайы жақсы жүкті адамдардың тегін түгілі, ақылы тест таба алмай жүргені жайында жағдаят бір бұл емес. Бұған дейін де талай осындай оқиғалардың куәсі болып жүрміз.

Бұл бір адамның ғана оқиғасы. Ел ішінде жүкті келіншектердің көбі перзентханаға бару үшін тест тапсыра алмай жүр, ал тапсырылған тестің қорытындысын алу үшін бір апта күткендер қаншама?.. 

Статистика комитетінің сайтындағы мәлімет бойынша  Шымкент қаласының халқы жоғары табиғи өсіммен ерекшеленеді және Республикада халық саны бойынша 8 орынды алады. 2020 жылдың 1 сәуіріне Шымкент қаласының халқының жалпы саны 1046,4 мың адам болса, 2019 жылдың 1 сәуірімен салыстырғанда халық саны 32,4 мың адамға немесе 3,2% артты. Халық санының көбеюі туу оқиғалары санының өсуінен болып отыр.

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар