Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті кім қалай түсінеді?

1267 рет қаралды

Қазақстан заңдарында корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік анықтамасы көрініс таппаған. Іс жүзінде бизнестің еңбек қауіпсіздігін, қоршаған орта тазалығын қамтамасыз етуі, жұмыс істейтін өңірдегі халық игілігіне жарайтын нысандар салу деген түсінік қолданылады.

Ал «ҚаРТел» компаниясы жобалары жұртты қалта телефоны қызметін мейлінше көбірек пайдалануға ынталандыруды көздейді. Компания өкілдері телефонмен сыпайы сөйлесу, алаяқтардың торына түсіп қалмау, ұялы телефон арқылы интернетке шығуды үйретіп, соғыс ардагерлерін ұялы байланыс қызметімен қамтамасыз еткен.

Kaspi bank атқарушы директоры Лариса Пактың хабарлауынша, банк бұл іске 2009 жылы 36 миллион теңге жұмсаған. Перинаталдық орталыққа шала туға сәбилердің өмірін сақтайтын қондырғы сатып әперіп, балалар үйіне компьютер алуға, Семей қаласында мешіт салуға қаржы бөлген. ПетроҚазақстан компаниясы мұнай-газ факультетінде оқитын студенттерге стипендия тағайындап, ардагерлер, мүгедектер, жетім балаларға көмек көрсетеді. 2009 жылы 7 млн. 500 мың доллар қаржы жұмсапты.
Лукойл Оверсиз Маңғыстау облысында бизнес жоспарға байқау жариялап , лайықты деп таныған шағын кәсіпкерлеріне 7 000 доллар грант бөледі. Теңізшевройл да Атырау облысында минигранттар таратады.

Мемлекет міндеті бизнеске жүктеліп отырған жоқ па?

Мұнай компаниялары тас жолдар төсеп, мектеп немесе емхана да салып жатады. Бұл ішін оларға салықтан жеңілдік берілмейді. КӘЖ жобаларын мұнай компаниялары өз ниетімен емес, мәжбүрлі-ерікті түрде жүзеге асырады деуге болады. Жыл сайын облыстық әкімдіктермен бекітілетін Меморандумда жергілікті атқарушы билік істелінуі тиіс жобаларды ұсынады. Осы арада «Тасжол төсеп, мектеп салу мемлекеттік бюджетте қарастырылмай ма? Бюджет қаржысы бөлінетін жобалар бизнес есебінен жүзеге асырылып жатқан жоқ па?» деген күдік туындайды. КӘЖ бойынша АҚШ-та бір айлық тәжірибеден өтіп қайтқан «Эко Маңғыстау» мемлекеттік емес құрылымы жетекшісі Кирилл Осин бұл сауалға «Өте қызық сұрақ. Қазір біз де осы жайды ойластырып жатырмыз. Бірақ облыстар мен қалалар бюджеті жобасы жария болмайынша, тендер өткізу, жоба мен мердігерлер таңдау ісі толықтай ашық өткізілмейінше бұл сауалдың жауабы табылмайды» ,- деп жауап берді.

Сонымен, әлеуметтік жобаларды әкімдіктер таңдайды. Бұл жобалардан халыққа пайда жоқ, қаржы тиімсіз жұмсалады деген пікірлер де бар. Мемлекеттік емес ұйымдар Маңғыстау облысында Қоғамдық кеңес құрып, әлеуметтік жобаларды таңдауда халық таңдауымен санасуға қол жеткізбек. Қазір ұсыныс айтуға ғана құқы бар кеңес болашақта соңғы шешім қабылдауға қатысуды көздейді. Бір қызығы мұндай серіктестікке кен өндіруші компаниялар да мүдделі көрінеді.

Компаниялар да Атымтай жомарт емес

Кирилл Осин, «Эко Маңғыстау» мемлекеттік емес құрылым жетекшісі

Мұнай компанияларының әлеуметтік жобаларға бөлген қаржысын КӘЖ-ге сай деуге келмейді. Өйткені корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік ерікті түрде жүзеге асуы тиіс. Ал олар жүзеге асырып жатқан жобалар Өнімді бөлісу жөніндегі келісімге сәйкес мұнай компаниялары мойнына алған тікелей міндеттері болып табылады. Әлеуметтік жобаларға қазір жұмсаған қаржысын ертең мұнай арқылы қайтарып алады. Мұнай бағасының құбылып тұратынын ескерсек біз тіпті артық төлеп жіберуіміз де мүмкін. Еңбекке лайықты жағдай жасау КӘЖ емес.

КӘЖ-тің PR- акциялар мен спонсорлық көмектен айырмашылғы қандай?

Павел Родин, «ҚаРТел» ЖШС қоғаммен байланыс қызметі жетекшісі:

PR-акциялардан айырмашылығы КӘЖ -жобалары БАҚ-та жариялануды мақсат етпейді. Ұзақ мерзімде алып қарасақ, бұл бизнесті жүргізу әдісі болса, қысқа мерзімде қойылған мақсатқа қол жеткізу құралы.

Аида Абдуллаева, «ПетроҚазақстан» стратегиялық коммуникациялар аға менеджері:

КӘЖ ұғымы демеушілік немесе қайырымдылық ісінен кеңірек. Оған қызметкерлер алдындағы, қоршаған ортаны қорғауға байланысты (ілеспе газды ұңғыға кері айдау), жергілікті халық алдындағы жауапкершілік кіреді.

Аңдатпа: Жақсы істеріне жария етуге жақсы мүмкіндік болғанымен бірқатар компаниялар корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікке қанша қаржы жұмсалғаны туралы сұрақтарымызға жауап беруде белсенділік танытқан жоқ. Кейбірі «ауыз толтырып айтарлық жобамыз жоқ» – десе, өзгелерінің КӘЖ-ге жауапты қызметкерлері іссапарда болып шықты.

Анар Қуанышбекова

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар