//

“Demeu Trading”: Порталға сәуірде тіркеліп, 7 миллиард теңгенің келісім шартына қол жеткізген

6618 рет қаралды

Коронавирус пандемиясы басталғаннан бері онымен күрес мақсатында миллиардтаған қаржы бөлінді. Ал осы оңтайлы сәтті пайдаланып, екі асап қалуды мақсат етушілердің қарасы көбейіп келеді. Мәселен, мемлекеттік сатып алулар порталына биыл тіркеліп, миллиардтаған теңгенің келісім шартына қол жеткізген компаниялар көбейді. Солардың бірі – “DEMEU TRADING” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

“DEMEU TRADING” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мемлекеттік сатып алулар порталына 2020 жылдың 8-сәуірінде тіркелген. Алғашқы келісім шартын Сәуірдің 23-інде “Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы” республикалық мемлекеттік мекемесімен жасаған. Олар 1 миллиард 620 миллион теңгеге 216 мың бір реткі қорғаныс костюмдерін сатып алуға келіскен. Костюмдердің бағасы – 7500 теңге.

Мемлекеттік сатып алулар порталының мәліметі бойынша аталған мекеме қысқа уақыттың ішінде барлығы 7 миллиард теңгенің келісім шартына қол жеткізген. Оның 93,16% әлі күшінде, яғни 6,5 миллиард теңгенің 622 мың келісім шарты жұмыс істеп тұр. 3,82% яғни 270 миллион теңгенің 264 мың келісім шарты орындалған. 118  миллион теңгенің 17,4 мың келісім шарты (1,68%) жасалмаған болса, 100 миллиондай теңгенің 11,8 мың (1,3%) келісім шарты бұзылған.

Дереккөз: www.goszakup.gov.kz

Біздің назарымызды аударғаны “DEMEU TRADING” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пандемия кезінде медицина мекемелерімен жасасқан келісім шарттары. Мәселен, бұл мекеменің бір реткі обаға қарсы қорғаныс костюмдерін сатып алу келісім шартын сарапқа салып көрсек, “DEMEU TRADING” 4 миллиард 104 миллион теңгенің келісім шартын жасаған. Төменде аталған мекемемен келісім шарт жасасқан медициналық мекемелердің тізімі және келісім шарт құны.

Ең қомақты соманы жоғарыда атап өткендей Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы республикалық мемлекеттік мекемесімен жасаған. Одан кейінгі орында Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының Қоғамдық денсаулық басқармалары,  568 миллион теңгеге әрқайсысы 87 мың костюм алуға тапсырыс берген.Нұр-Сұлтан қалаcының Қоғамдық денсаулық басқармаcы тағы 281 миллион теңгеге келісім шарт жасасқан. Ал Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы 506 миллион теңгенің келісім шартын жасасқан. Қостанай облыстық Денсаулық сақтау басқармасымен  жасалған келісім шарт бойынша 281 миллион теңгеге 39700 костюм сатып алынбақ.

Ал ШҚО Катонқарағай ауданының №2 аудандық ауруханасы 750 мың теңгеге 100 костюм сатып алуға тапсырыс берген. Бұл аталған мекеменің қорғаныс костюмін сатып алуға ең төменгі бағамен жасасқан келісім шарты.

Костюмдердің құны 6,2 мыңнан басталып, 10 мың теңгеге дейін жетеді.

Сонымен қатар, “DEMEU TRADING”  28 миллион 657 мың теңгеге бір реткі бетперде сатып алуға келісім шарт жасасқан. “Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы” республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнымен жасасқан келісім шартында 13 миллион 657 мың теңгеге 106 мың маска сатып алуды жоспарлаған. Бір масканың құны – 128 теңге.

Қалған 15 миллион теңгеге Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы республикалық мемлекеттік мекемесіне 204 мың маска (бетперде) сатып алуға келіскен. Бір масканың құны – 118 теңге, үш қабатты, резинке, бір реткі пайдалануға арналған маска.

Демек, “DEMEU TRADING” медициналық мекемелермен 4 миллиард 132 миллион теңгеге келісім шарт жасасқан. Барлық келісім шарт күшінде немесе орындалған.

Осынша сомаға келісім шарт жасасқан мекеменің төлеген салығы туралы мәлімет жоқ. Яғни төлеп үлгермеген. Өйткені, бұл мекеменің мемлекеттік тіркеу туралы куәлігін алған уақыты – 2020 жылғы мамырдың 29-ы. Бірақ порталға сәуірдің 8-інде тіркелген, алғашқы келісім шартын сәуірдің 23-інде жасасқан. Мекеменің қызметі туралы мәліметті тек мемлекеттік сатып алулар порталынын ғана табасыз.

Біз Мемлекеттік сатып алулар порталына қатысушыларға қойылатын қандай да бір талаптың бар-жоғын білу үшін “Zertteu Research” қоғамдық қорының сарапшысы Ғалымжан Оразымбетовке хабарласқан едік. Оның айтуынша, қазір өнім берушіге қойылатын арнайы критерий жоқ екен:
–  Ол компания сол порталда қатысатын тендерлерінің сомасына қарай арнайы жарна төлейді. Сөйтіп қатыса береді. Портал былтырдан бері ақылы. Белгілі бір сомадағы тендерлерге қатысу жарнасы бар. Соны төлесе болды. Егер, тапсырыс беруші ашық конкурс өткізсе,  мекеменің тәжірибесіне, персоналы мен техникалық мүмкіндіктеріне  талаптар қойылады. Ол сол конкурс талаптарына сай кеп жатса, қатыса алады. Ал сай келмесе, конкурс комиссиясы оны сай келмейді деп, нақты қай шартына сай келмейтінін көрсетіп, заңға сілтеме беріп, конкурстан шығарады. Конкурс талаптарына сай келмейтін болса, ол алдын ала жіберу хаттамасында және қорытынды хаттамада көрсетіледі. Қай талапқа сай келмейтіні көрсетіліп, заңға сілтеме беріледі. Бұл екі хаттамада да болады. Яғни, тәжірибе, техникалық, персоналдың кәсіби біліктілігі талаптары әр конкурста жеке қойылады, жалпы бәрінде емес. Кей конкурстарда ондай шарт болмайды. Ал егер тікелей келісім-шарт жасау арқылы сатып алу тәсілімен болса, өнім берушіні тапсырыс беруші өзі таңдайды сөйтіп оған келісім-шарт жасауды өзі ұсынады. Егер ковидке қатысты болса, ол компания үкімет бекіткен, пандемия кезінде медицина жабдықтарын жеткізуге қақылы өнім берушілер тізімінде болуы керек.
P.S. Біз жоғарыда аталған тізімнен “DEMEU TRADING” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін таппадық.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар