//

Алакөл: Карантин шаралары сақталып жатқан жоқ

3566 рет қаралды
"Ақшидегі" демалыс аймағы

Қазір Алакөл жағалауында 250 пансионат, қонақ үйлер, демалыс базалары мен аймақтары, сауықтыру лагерлері мен қонақ үйлер жұмыс істейді. Тәуліктік сыйымдылығы 23,5 мың адамнан асады, бұл Алматы облысының туристік объектілерінің жалпы санының 30%-дан астамын құрайды. (мәлімет Stan.kz)

 

Minber.kz журналисі карантин жағдайында Алакөлдегі демалыс қалай өтіп жатқанын сұрап көрді. Алакөлде алғаш рет демалуға барған Диана Яшеваның айтуынша Алакөлде карантин шаралары мүлдем сақталмаған:

– Біз тамыз айының басында Алакөлге достарымызбен бірге демалуға бардық. Ол кезде карантин болғандықтан барынша карантин шараларын сақтауға тырыстық. Алайда, ол жерге баруға, демалуға болмайды деген тыйым болған жоқ. Өзімізбен бірге  бетперде, антисептик, өзге де сақтық үшін барлық қажетті заттарды алып алдық. Алакөлге жеткен соң, Ақши демалыс жағалауына тоқтадық. Дәл сол кезде өте қатты таң қалдық. Себебі, ол жерде демалушылар да, қызмет көрсетушілер де ешқандай карантин талабын сақтаған жоқ. Кіру тегін болғандықтан, адам өте көп болды. Бірақ вирус жұқтырған жоқпыз. Алайда, карантин шарасы сақталмағандығы кішкене көңілге қаяу түсірді.

Коронавирусты ұмытып та кеттік

 

Жағажайдан бөлек одан 700-800 метр қашықтықтағы пансионатта екі күн түнедік. Ол жер арнайы туристер үшін салынған, өзінің қызметкері бар, үш мезгіл тамағы бар. Бірақ өкінішке қарай оларда бетперде, антисептик болған жоқ. Мұнда да адам өте көп. Біз де карантин екендігін, вирустан қорғану қажеттігін  ұмытып кеттік. Себебі, ол жерде барлығы шомылуға лайық киім киген, ешкім карантинді ойлап жатқан жоқ, ешкім бетперде тақпапты.

Карантин болса да бұрынғыдан қарағанда адам өте көп

 Алматылық тұрғын Аружан Алакөлге жылда демалысқа барады. Биылғы жыл басқа жылдардан өзгеше болғанын баяндады:

– Ол жаққа барған кезде бұрынғыдай емес, адам көп. Демалушылар көбейген сайын демалыс орындарының бағасын қымбаттатқан. Мысалы, бұрында күніне 5 мыңнан басталса, қазір 8-9 мыңнан басталады.Тіпті сезон кезі емес, салқын түскен уақыттың өзінде осындай бағада тұр. Ал нағыз шомылатын уақытта барлық жерде 10 мыңнан жоғары. Себебі, орын жоқ, адамдар қандай қаражатқа болсын орын алуға дайын еді. Алдыңғы жылдары құтқарушылар аз жүретін, ал қазір көбейген. Өйткені, алдында бір қыз қайтыс болып кеткен дейді. Сондай-ақ басқа мемлекеттің азаматтары да демалыста көп жүрді. Көбіне халықаралық студенттерді кездестірдік. Санитарлық шараға келер болсақ, біз пойызда да, демалыс орнында да бетперде тағуды қадағалаған ешкімді көрмедік. Біз бетперде тағып бардық, алайда демалушылар бетпердесіз жүргенін көріп біз де шешіп тастадық.

Карантин шараларын толық орындадық

Эдельвейс демалыс орнының басшысы Жеңіс мырза демалушылардың сөзімен келіспейді. Ол кісінің айтуынша санитарлық шаралар қатаң түрде орындалды:

– Ең бірінші қиындық  демалысқа келген адамдардың  коронавирусқа шалдыққанын я шалдықпағанын  білмеу болды. Мүмкін ол адам бұған дейін ауырған да  шығар, мүмкін вирустың белгілері енді шыққан болар. Оның барлығы бізге беймәлім. Осы тұсынан қиындық туғызды. Бір жағынан қорқасың. Біздің орталықтың өзінде қанша аспаз, қанша қызметкер бар. Олардың да денсаулығы біз үшін өте маңызды. Қызметкерлерге вирус жұғатын болса, біз кінәлі боламыз.

Маусым айында демалыс орнына тіркеліп, бронь жасап қойған адам өте көп болды. Кейін елімізде жағдай күрт нашарлап кетті. Ауру, қайғылы жағдайлар көбейді. Осы кезде бізге жазылған көпшілік демалыстан бас тарта бастады. Қиын жағдайда демалысты ойлаудың өзі қорқынышты еді. Келушілер азайған сәтте жұмысымыз арықарай жүрмейтін болар деп те ойладық. Алайда шілде айында халықтың жағдайы тұрақтала бастағанда қайтадан келушілер көбейе түсті.

Алакөлде демалушылар қазірдің өзінде өте көп. Орын жоқ болуына байланысты қайтып кеткендер болды. Бұрынғы жылдары демалуға 15 тамыздан кейін өте сирек келетін. Тамыздың соңғы 15 күні демалыс аймағына келушілер мүлдем болмайтын. Бұл жылы тіпті 30 қыркүйекке дейін демалысқа келеміз деушілер бар.

“Біздің демалыс аймағында карантин шаралары толықтай сақталды. Себебі айына бір рет толық тексеруден өтеміз. Әр бөлмеге, далаға, асханаға антисептик қойдық. Күніне бір рет тазалық жасалсын деген бұйрыққа бағындық, орындадық. Біз күнделікті келушілердің дене қызуын тексеріп, журналға жазып отырдық. Маусымның соңы мен шілде айының басында полиция басқармасымен бірге жұмыс істедік. Кешкі уақытта жағажайда адамдардың жүруіне тиым салынды. Топ болып жиналатын би алаңдары, бас қосулардың болуына шектеу қойылды” – дейді Жеңіс мырза.

Парақшамызға жазылыңыз

Жадыра Жанарбек

Minber.kz сайтының маусым айынан бастап авторы. Сулейман Демирел Университетінің 4-курс студенті. 2020 қаңтардан бастап “Halyqnews” сайтының Алматы қалалық тілшісі қызметін атқарған. Журналистерге арналған “Media CAMP Edyuton -2020” инновациялық курсының қатысушысы.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар