//

Еңбекшіқазақ ауданының ұстаздары: Интернеттің жылдамдығы нашар, бұл оқуға кәдімгідей кедергі келтіріп отыр

2836 рет қаралды

« – Камераны қос.                                                                                                        

  – Микрофоныңды өшір.                                                                                                      

  – Сендер көпсіңдер, мен жалғызбын.                                                              

 – WhatsApp-қа тапсырманы тездетіп жіберіңдер».

Таныс сөздер ме? Дәл қазір барлық үйде болып жатқан күнделікті қайталанатын ұстаз бен оқушы арасындағы байланыс бұл.  Иә, қашықтан оқу басталғалы оқушының күйі, ата-ана алдында ұстаздың сыйы кеткелі қашан. Бұған себеп ұялы телефон алуға жағдайдың жетпеуі мен интернеттің қолжетімсіз болуы. Дәл осындай жағдайда білім беріп, сабағын оқытып жүрген Еңбекшіқазақ ауданының бір ауылындағы ұстаздардың жай-күйі бұл тақырыпты көтермесімізге қоймады.    

География, биология пәндерінің мұғалімі:                                                         

  – Біздің ауылда қашықтан оқу ұстаздарға да, оқушыларға да қиындық туғызып отыр. Біріншіден интернет өте нашар, екіншіден онлайн оқуға жағдайы келмей отырған отбасынан шыққан балалар өте көп. Өйткені бір үйде 5 баласы да мектепке баратын, қолдарында тек бір ғана ұялы телефоны бар отбасылар жетерлік. Ал кейбір отбасының жағдайы келгенмен интернеттің жылдамдығы нашар болғандықтан сабаққа уақытымен кіре алмай, тапсырманы уақытымен жүктей алмай қалып жатыр. Қазір «Онлайн мектеп», «Bilim land», «ZOOM» платформаларымен оқу негізделген болатын. Бірақ WhatsApp желісі арқылы тапсырма орындалып, сол әлеуметтік желі арқылы балалардың жауабын қабылдап аламыз. Осы тапсырмаларды тексеру барысында және электронды журналға яғни «Күнделік kz» баға қою үшін түнгі 12-ге дейін отырамыз. Бұның себебі интернеттің жылдамдығы сын көтермейді. Әкімдікке интернеттің нашарлығы туралы өткен оқу жылының төртінші тоқсанында арыз берген болатынбыз. Алайда күні бүгінге дейін бұл мәселе шешілген жоқ. Осындай жағдайлар шешімін таппаған соң оқушылардың оқу үлгерімдері нашарлап кетті. Бұрыннан сабақты оқып жарытпайтын балалардың деңгейі тіпті түсіп кетті. Ұстаздар мен ата – аналардың арасындағы түсініспеушіліктер көбейді. Өткен оқу жылының төртінші тоқсанын есепке алмағанда жаңа оқу жылы басталмай жатып ұстаздар қауымын титықтатып бітті.

Қазақ тілі мен әдебиеті және орыс тілі пәнінің мұғалімі:                       

     – Ауылдық жерде тұрған соң онлайн оқуға байланысты белгіленген платформаларға кіру мүмкіндігі болмай тұр. Интернет қолжетімсіз. Платформасыз-ақ WhatsApp желісі арқылы оқыта берейік десек  интернетің әлі оған да жетер емес. Балаларға сабаққа қатысты аудиохабарламалар мен видеолар жіберсек немесе балалар бізге аудиохабарламалар жіберсе соның өзін ашпайды. Мен пәнімді көбінде ауызша өткіземін. Ал математика, химия, физика пәндерінің ұстаздарына онлайн сабақ өту қиын. Себебі мектепте отырып сабақты түсінбейтін балалар, үйлерінде ата-анасымен оқып отырып та түсінбейді. Ата-аналар бізге ренжиді. Сосын түсініспеушілік пайда болады. Мен қазақ тілімен қатар бастауыш сыныптарына орыс тілінен сабақ беремін. Бастауыш сынып екі кезеңмен мектепке келіп оқиды. Балалар өте жасқаншақ болып кеткен. Кейбірінің сабақ оқуға деген құлқы жоқ.  Онлайн оқығанда тапсырма орындау кезінде көп оқушылардан: Апай қазір ағам сабақ оқып отыр еді. Одан кейін інім оқиды. Қарындасым тағы бар. Төртеумізде анамның телефонымен сабақ оқимыз. Сіздің сабағыңыздың тапсырмасын кешке жіберсем бола ма?,- деген хаттар келеді. Ауылда көпбалалы отбасылар өте көп. Балаларын түгел ұялы телефон, ноутбукпен қамтамасыз етуге жағдайлары келмейді.  Тіпті сабаққа мүлде қатыса алмайтын оқушылар да бар. Оларға түсіністікпен қараймыз. Бірақ біздің түсіністікпен қарағанымыз балаларға білім болмайды ғой.

Математика   пәнінің мұғалімі:

Қашықтан оқуға байланысты әр мектеп өздеріне ыңғайлы  платформа таңдаған болатын. Алайда ауылымыздағы интернет желісінің нашарлығынан платформаны толық пайдалана алмай отырмыз. Ұстаздар мен оқушылар арасындағы онлайн байланыс тұрақты емес. Себебі оқушылардың бәрінде бірдей жағдай жоқ. Бірімен байланысқа шыға алсақ, кейбір оқушылармен байланысқа шығу қиын. Және оқушылардың білім деңгейлері төмендеп кетті. Жақсы оқитын балалар тырысып оқығанымен ұстаздың оқытқаны бөлек екенін түсініп жатыр. Ал нашар оқитын оқушылар үшін онлайн оқу таптырмас ғажайып, оқымауға керемет себеп болып отыр. Ұстаздың мектепте берген білімін түсіне алмай жүрген оқушылар, үйінде ата-анасы берген білімді тіпті түсінбей жүр. Кей ата-аналардың бүгінгі білімнің деңгейінде білім беруге сауаттылықтары жетпейді. Өздері түсінбеген соң балаға не деп үйретеді? Қашықтан оқу көпбалалы отбасыдан шыққан балалар немесе жартылай жетім оқушыларға қатты қиындық тудырып отыр. Бірақ тырысып, тырмысып оқып жатыр. Мектеп қабырғасында ұстаздың қадағалауымен оқымаған соң көп балалар тұйықталып, сабаққа деген құлшыныстары төмендеп кеткен. Ондай балалармен жеке жұмыс жасау үшін тағы онлайн байланысқа шығуға міндеттіміз. Алайда интернет нашар болғандықтан осы мәселе көп жағдайда қолымызды байлап отыр. Осы жылы ауылға жиілігі жоғары интернет келу керек болған. Бірақ баяғы жартас сол жартас. Балалардың келешегі үшін алаңдаймын. Дамыған елде тұрып, дұрыс білім ала алмаған балалардың болашағы не болмақ?

Еліміздің түкпір-түкпірінде осындай жанайқаймен күнделікті өмірін өткізіп, сағаттап баланың жіберген онлайн тапсырмасын тексеріп, оқушыға ғана емес ата-анаға да сабақ беріп жүрген,  болашақ үшін алаңдайтын мұғалімдердің көп екені бәрімізге белгілі.  Сіздер шаршамаңыздар ұстаздар.                                                                                                                                  

Айғаным Айтақын

P.S.  “Мінбер” сайты Алматы облысы Өңірлік коммуникациялар қызметіне жіберген сауалымыз бір айдан асса да, жауапсыз қалып отыр. 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар