//

Мағауия Cарбасов, “Отандастар” қорының вице-президенті: Қандастарға Қазақстан азаматтарымен бірдей мәртебе беретін “Қазақ куәлігін” дайындап жатырмыз

2565 рет қаралды

 Еліміз үшін шетелдегі қандастарымызбен мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас өте маңызды. Өзге ел қазақтарына қолдау көрсететін  “Отандастар қорына” карантин кезінде жауапкершілік жүгі артылды. Азаматтық, ықтиярхат алу мәселесі туындады. Бұл тақырыптарды ашып, мәселені шешу мақсатында “Minber.kz” тілшісі “Отандастар қоры” КЕАҚ Вице Президенті Мағауия Қанафияұлы Сарбасовпен сұхбаттасты.

ӘР ІС-ШАРАНЫҢ ӨЗ МАҚСАТЫ БАР

– «Отандастар қоры» қашан, не мақсатпен құрылды?

– 2017 жылы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Отандастар қорын» құруды тапсырды. Сол жылы 13 қазанда Үкіметтің «Отандастар қоры» мемлекеттік коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру туралы» №644 қаулысы шықты. Ұйымдастыру шаралары аяқталғаннан соң 2018 жылғы қазанда «Отандастар қоры» (бұдан әрі – Қоғам) жұмысын бастады. Қоғамның мақсаты шетелдегі қазақтармен мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды нығайту негізінде олардың ұлттық бірегейлігін сақтау және елімізге оралған қандастарымызға қазақстандық ортаға бейімделуіне және кірігуіне жан-жақты қолдау көрсету.

– Қоғам 2 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл ұйымның тағы бір артықшылығы еліміздің демографиясын көтеру деп түсіндірілген. Екі жыл ішінде бұл көрсеткіште қандай өзгеріс бар? Яғни бұл мақсат өз нәтижесін көрсетіп жатыр ма?

 

– «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы» ҚР Заңына сәйкес ұлттық қауіпсіздікке төнетін негізгі қауіптердің бірі елдегі демографиялық ахуалдың нашарлауы болып табылады.

Халық санының өсуі екі факторға байланысты – ол табиғи өсімді және иммиграцияны ынталандыруды қамтамасыз ету.

Біздің жағдайымызда мәселе иммиграция немесе этникалық репатриация турасында.

Бұл бағытта тәуелсіздік жылдары ресми статистикалық деректерге сүйенсек, елге 1 млн. 100 мың этникалық қазақ келгенін мақтанышпен айтуға болады. Алайда, осы кезеңде елден үш есе көп, яғни 3,7 млн. адам көшіп кеткенін де атап өткеніміз жөн.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша 2019 жылы жүргізген әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі бойынша  1 миллионнан астам этникалық қазақтың Қазақстанға көшіп келгісі келетіндігі болжанған. Яғни сырттағы қазақтардың Қазақстандағы демографиялық ахуалды түзетуге қатысу әлеуеті мол.

Осыған орай, шетелдегі қазақтарды тарихи және этникалық отанына қайтару саясаты 2017-2021 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының көші-қон саясатының тұжырымдамасына негізделеді. Ол этникалық репатрианттарға қатысты ұзақ мерзімді тұрақты көші-қонды ұстанады.

Тұжырымдамада этникалық көші-қонды басқару жүйесін жетілдіру бөлігінде:

– шетелде тұратын этникалық қазақтарды ұлттық консолидация және тарихи отанына қайтару үшін жағдайлар мен ынталандырулар жасау;

– оларды еңбек ресурстарына мұқтаж өңірлерге қоныстандыруды ынталандыру;

– олардың Қазақстан Республикасында бейімделуі мен интеграциялануына жәрдемдесу қарастырылған.

Осы шараларды іске асыру нәтижесінде шетелде тұратын этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуы өседі болжанып отыр.

Алайда, өкінішке орай, көші-қон саясаты тұжырымдамасы қабылданған уақыттан бастап 3 жыл өткен соң жыл сайынғы көші-қонның теріс сальдосы, керісінше, өсіп келеді және соңғы жылдары 30 мыңнан астам адам денгейіне жетті. Өздеріңіз көріп отырғандай, жағдай көңіл көншітерлік емес.

Дегенмен, Қоғам тарапынан репатриацияны ынталандыру шараларына байланысты арнайы зерттеулер жүргізіліп, қаржылық-экономикалық негіздемелер жасалды, жер телімдерімен, тұрғын-үймен қамтамасыз ету бойынша ұсынымдар әзірленді, ақпараттық кеңістікте репатриация мәселесі жоғары деңгейге ие болды.

Сонымен қатар,  Қазақстанға қоныс аударғысы келетін этникалық қазақтардың жас буын өкілдерімен жұмыс белсенді түрде жүргізілуде. Отандастарымыздың балаларын елге тарту үшін жазғы лагерлер, демалыс аймақтарына бару мүмкіндіктерін жүзеге асырды. Мысалы 2019 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы көмегімен 300 баланы «Балдәурен» лагеріне, «Назарбаев зияткерлік мектебі» негізінде ұйымдастырылған екі апталық курстерге 150 баланы, «Туған елге саяхат» атты экскурсиялық бағдарламамен 50 баланы әкелдік. Биыл, өкінішке орай, пандемия себебінен бұл іс-шаралар тоқтатылды. Бірақ бұл міндетті түрде жалғасады деп уәде беремін. Одан басқа, білім алу жүйесі арқылы отандастарымызды тарту үшін арнайы білім гранттары бөлінуде. Қазіргі кезде қандастарға берілетін гранттардың үлесі жалпы гранттар санынан 2%-дан 4%-ға дейін өсті.

Бұл іс-шаралардың түпкі мақсаты – отандастарымыздың тарихи және этникалық Отанына деген қызығушылығын арттыру, Қазақстанға тұрақты көшуге тарту. Үкімет тарапынан қолдау болса көш мәселесі жаңа белеске көтерілері анық.

 

– Ресейдің Омбы облысында тұратын қазақ Алтынай Жүнісова “Отандастар қоры» Қоғамы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының (бұдан әрі – Қауымдастық) жұмысын жандандыру үшін ашылған деп түсінемін” деген екен. Бұл анықтамаға қандай пікір білдіре аласыз? «Отандастар қоры» Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына қандай қатысы бар?

 

– «Отандастар қоры» Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының (бұдан әрі – Қауымдастық) жұмысын ілгерілету мақсатында құрылған ұйым. Біздің жұмыста бөліп жаратын ешнәрсе жоқ. Илегеніміз бір терінің пұшпағы. Қоғам мен Қауымдастық ел іші мен шетелдегі қандастарды қолдауға бағытталған кез келген құқықтық, іскерлік, мәдени, білім, тіл, ақпараттық және басқа да жобаларды бірлесіп жүзеге асырады.

КАРАНТИН ЖӘНЕ ОТАНДАСТАР ҚОРЫ

– Карантин кезінде көптеген халыққа «Отандастар қоры» Қоғамының көмегі ауадай қажет еді. Себебі карантинге байланысты өз еліне қайта алмаған қандастарымыз өте көп болды. Студенттер, оқушылар да бар. Ондай жандарға қандай көмек көрсетілді?

 

– Бірінше кезекте, осы карантин кезінде, індет өршіп тұрған шақта шетелдегі қандастарымыз атажұрттағы бауырларына ерекше жанашырлық танытты.

Еуропа мен Түркиядағы қандастарымыз індетке байланысты Қазақстанда қалыптасқан қиын жағдайды, Қазақ елін ойлады. Олар  ұйымдасқан түрде әртүрлі медициналық заттар (бетперде, термометр, қорғаныш костюмдері және т.б.) және өкпені жасанды желдету құрылғылары бар 900 киллограмға жуық гуманитарлық көмек жіберді. Бұл жабдықтарды Қоғам және Қауымдастық өкілдері елімізге Түркиядан арнайы келген қазақ диаспорасының өкілдерімен бірлесе отырып, Нұр-Сұлтан, Алматы Шымкент және ШҚО-дағы емханаларға жеткізіп берді.

Сондай-ақ, Қытайдан келген қандасымыз Тұнық Қаппарқызы Қытайдағы қандас бауырлар құрған «Бауырсақ» қайырымдылық қоры жинаған ақшаны Нұр-Сұлтан қаласындағы коронавирус ауыруына шалдыққан адамдарға гуманитарлық қайырымдылық көмек ретінде беруді сұраған болатын. Бірлесіп атқарған жұмыс нәтижесінде медициналық құралдар мен басқа да керек-жарақтар Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты «№3 Көп бейінді қалалық ауруханаға» жеткізілді.

Осы ретте Қоғам және Қауымдастық атынан пандемия уақытында атажұрттағы ағайынға қол ұшын созған шетелдегі үлкен жүректі бауырларымызға алғыс білдіру менің ең басты міндетім деп түсінемін.

 

Екіншіден, карантин режимі енгізілген уақытта атажұртта оқитын студенттер мен оқушылар өздерінің отбасыларына, туған-туыстарына жете алмауы үлкен мәселеге айналды. Қиындыққа ұшыраған осындай кезеңде Қоғам мен Қауымдастық туындаған мәселелерге етене араласып, қандас жастарға қол ұшын созды. Құзырлы мемлекеттік мекемелермен бірлесіп сындарлы жұмыс атқарды. Нәтижесінде ҚР Сыртқы істер министрлігі елшіліктер көмегімен шетелден келген оқушылар мен студенттердің отбасыларына қайтуына көмек көрсетті. Атажұртқа білім алу мақсатында келген барлық жастың мерзімі өткен визасын тегін ұзарту жұмысына көмек көрсетілді.

Петропавл қаласы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Ресей мемлекеттерінен келген 53 студентіне Қоғам мен Қауымдастықтың өңірлік бөлімшелерінің ұйымдастыруымен кәсіпкер азаматтар көмек көрсетті. Олардың қатарында Бүркіт Жұмабаев, Ерлан Сұлтанбеков, Ақеділ Жуанышпаев сынды азаматтар жастардың тұрмыс-тіршілігі мен күнделікті азық-түлік алуына қамқорлық жасады.

Қарағанды Экономикалық университетінің қандас-студенттері Қоғам мен Қауымдастықтан көмек сұрап өтініш жолдаған еді. Аталған өтініш білім ордасының басшылығына жеткізілді.  Студенттердің өтінішін ректор Ерқара Аймағамбетов қолға алып, көмек көрсетті. Университеттен әр студентке 25 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетіп, 2 ай жатақханада тегін тұруға, сонымен қатар азық-түлік және оқуға қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етуге жәрдемдесті.

Қоғамның өтініші бойынша Нұр-Сұлтан қаласы «Шипагер» медициналық колледжінің студенті Әсел Мәдениетқызының қиын жағдайын ескеріп колледж басшылығы ақылы бөлімнен босатып, грант беріп, қаржылай қолдау білдірді.

2020 жылы Қоғам атқарған ең ірі жұмыстардың бірі карантин режиміне байланысты ұлттық бірыңғай тестіге қатыса алмаған дайындық бөлімінде оқитын студенттердің сынақты онлайн режимде тапсыруы еді. Еліміздің тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған онлайн тестке шетелде қалып қойған 733 қандас талапкер қатысты. Сыннан сүрінбей өткен талапкерлер жоғарғы оқу орындарының білім грантына ие болды.

– Карантин кезінде Қоғамның көмегіне жүгінгендер қаншалықты көп болды?

– Карантин уақытында да қандастарды қолдауға арналған жұмыс тоқтаған жоқ. Жыл басынан бері бүгінгі таңда 2,5 мыңға жуық әртүрлі сауалдар келіп түсті.

Сұрақтардың 80 пайызы азаматтық алу барысында кездескен мәселелерге қатысты көмек берілуін өтінген.

Ал сәуір айында келіп түскен сұрақтардың басым көпшілігі 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек бойынша хабарласқан. Сондай-ақ қандастарды ықтиярхат пен ҚР азаматтығын алу мәселесі, жұмыспен қамту, білім гранттары, уақытша тіркеу және тағы басқа мәселелер толғандырады. Осыған қоса аймақтарда жұмыс істеп жатқан 10 фронт-офистегі мамандардан көмек сұраған қандастарымыз да аз емес. Оларға тиісті кеңестік көмек пен ақпарат берілді.

“ҚАЗАҚ КАРТАСЫН” ЕНГІЗУ ӘЗІРГЕ ТЕК ЖОБА ҒАНА

 

– Былтыр Отандастар қоры “Қазақ куәлігі” енгізілетінін айтқан еді. Бұған дейін 792 қаулы негізінде қазақ куәлігі беріліп келгенін білеміз. Бұл куәлікті алған шетелдік қазақ Қазақстанға емін-еркін келіп, бизнеспен айналысуға, жұмыс істеуге, тегін білім, медициналық көмек алуына мүмкіндігі болады делінген. Қазақ куәлігі қайта қалпына келтірілді ме? Келтірілсе, оның артықшылығы не?

– Өткен жылы Қоғам «Шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасы (бұдан әрі – заң жобасы) мен оның тұжырымдамасын әзірлеген болатын. Өздеріңіз білетіндей, заң жобасының басты жаңалығы – «Қазақ картасы» – Қазақстан Республикасының аумағында «шетелдегі отандас» мәртебесін куәландыратын және мемлекет тарапынан қолдау көрсетуге бағытталған маңызды құжат болып табылады.

Заң жобасында Қазақ картасын берудің мақсаты, негізгі шарттары, сондай-ақ, «Қазақ картасы» иегерінің құқықтары қарастырылған. Атап айтқанда, «Қазақ картасын» иеленген тұлғалардың негізгі құқықтары – қосымша құжаттарсыз (шақыру, жұмысқа рұқсат және т.б.) Қазақстанның шекарасынан көп мәрте өту құқығын беретін ұзақ мерзімді визаны тегін алу, Қазақстан Республикасы азаматтарымен бірдей жұмысқа орналасу және кәсіпкерлік қызметпен айналысу, Қазақстан Республикасы қаржыландыратын этникалық қазақтарға арналған түрлі мақсаттағы бағдарламаларға қатысу және т.б.

Жалпы, «Қазақ картасын» берудің мақсаты ортақ мәдени мұра мен тілді, тарихты, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, сондай-ақ Қазақстан халқының отбасылық, этникалық және тілдік құндылықтарын қолдау.

«Қазақ картасы» қазақ тілін және салт-дәстүрінің сақталуы мен дамуына ғана емес, сондай-ақ біздің елге этникалық қазақтардың қоныс аударуына септігін тигізеді деп ойлаймыз. Бұл құжат алғашқы рет ұсынылып отырғандықтан, біз әлемдік тәжірибені негізге алдық. Мысалы, Польшада «Поляк картасы», Венгрияда «Венгр картасы», Түркияда «Mavi Kart», Армения, Грузия, Үндістан және басқа да мемлекеттерде шетелдік отандас куәлігі  бар. Бұндай заң жобасы, оның ішінде «Қазақ картасы», елімізде бұрын соңды болмағандықтан, ол қазіргі кезеңде тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, жан-жақты талқылануда.

«Қазақ картасын» енгізу «Отандастар Қоры» КЕАҚ-ның көзқарасы және әзірге тек жоба негізінде, сонымен қатар, бұл заң жобасын  қабылдау уақыт еншісінде екенін атап өткен жөн.

– Отандастар қорының дерегі бойынша, 2019 жылға бюджеттен 300 миллион теңге бөлінген болатын. Ал осы жылға және соның ішінде карантин кезінде бюджеттен қанша қаражат бөлінді?

 

– 2020 жылдың нақтыланған бюджеті бойынша іс-шараларды іске асыру үшін республикалық бюджеттен 143,8 млн. теңге қаражат бөлінді. Бірден айтып өтейін карантинге байланысты арнайы қаржы бөлінген жоқ.

Жобаларға келетін болсақ «Қастерлі қалам» жобасы аясында, әлемнің 12 еліндегі 23 қалада қазақ тілін оқытатын 31 онлайн сынып ашылды. Атажұрттан алыстағы мыңға жуық балаға қазақ тілі үйретілді.

Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Ана тілім – ардағым» халықаралық шығармашылық байқауы өтті. Шетелдегі этникалық қазақ балалары арасында қазақ тілі мен әдебиетіне қызығушылығын арттыру үшін 1-12 сынып оқушылары арасында халықаралық шығармашылық байқау ұйымдастырылды.

«Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» атты халықаралық олимпиадаға шетелдегі қандас дарынды жастар белсене қатысты. «TURAN» этнофольклор ансамблі қандастар үшін Youtube әлеуметтік желісінде онлайн концерт берді. Дәстүрлі ән мен күмбірлі күйді аңсаған қандас бауырлар ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Сондай-ақ, Қоғам шетелдегі қандастардың әлеуметтік-экономикалық мәселелері және қандастардың отанына оралуын ынталандыру бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында зерттеулер жүргізуде.

Жоғарыда атап өткенімдей Қоғам құрамында қандастарды ақпараттық-құқықтық қолдау мақсатында арнайы орталық жұмыс істеуде. Орталықтың негізгі кеңсесі Нұр-Сұлтан қаласында, ал өңірлерде қандастар мәселесін шешу мақсатында Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Жамбыл, Алматы облыстарының орталықтарында фронт-офистер жұмыс істейді. Қандастарымыз Қоғамның бірыңғай ақпараттық орталығының 1404 телефон нөмеріне тегін қоңырау шалып немесе әлеуметтік желідегі парақшаларына хат жазып кеңес алады. Фронт-офистердегі мамандар қандастарды алаңдатқан мәселелерді анықтап, тиісті мекемелер арқылы мәселенің жылдам шешілуіне көмек көрсетіп келеді.

Қазақстанға көшуге ниетті кандастарды ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында «Ерулік» веб-порталы әзірленуде. Ол арқылы атамекенге келгісі келетін қандастар еліміздегі қоныстануға басымдық берілген облыстардағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдан хабар беретін ресми мекемелердің ақпараттарымен таныса алады. Мәселен, шетелдегі қандасымыз көшіп келгісі келетін ауылдағы мектеп, аурухана, жер телімдері, коммуникациялық желілер, жол сапасы, тұрғындар саны және сатылатын үй мен жер телімдері, кәсіпкерлік нысандар туралы арнайы жасалған мәлімет қорынан ақпарат алады.

2020 жылдың қаңтар айынан бастап Қоғамның баспасөз қызметі шетелдегі 70-тен астам қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарының дерекқорын жасады. «ҚазАқпарат» ХАА мен Қоғам бірлесіп шетелде шығатын қазақтілді БАҚ-тың «ATAJURT» (шартты атауы) бірлестігін құру жоспарын іске асыруда.

Ерекше атап өтетін жайт – біз құрылғаннан бастап, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп, әлемдегі қазақтардың санын анықтауға тырыстық. Осы жұмыс аясында басқа мемлекеттердегі қазақ мәдени орталықтарын түгендеу жұмысын атқардық. Біздің мәліметіміз бойынша әлемде 250-ге жуық қазақ ұлттық мәдени орталығы бар. Бүгінгі таңда оның 60-қа жуығымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойдық. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда. Ендігі кезекте осы мәдени орталықтардың басын қосып жұмыс істеу. Шетелдегі қазақтармен мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты нығайтудың басты құралы «Абай үйі» мәдени-іскерлік үйлері болмақ.

– Көптеген облыстарда оралмандарға арналған бейімдеу орталықтары бар. Олардың жұмысы бүгінгі заман талабына сай ма? Бұл қордың бастапқы жылында көтерілген мәселенің бірі еді.

 – Оңтүстік Қазақстан облысы Ақсукент ауылы, Шымкент және  Қарағанды қалаларында және 2010  жылы  2  маусым  Маңғыстау  облысы  Ақтау  қаласында «Оралмандарды бейімдеу және кіріктіру» орталығы мемлекеттік мекемелері құрылған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен облыстарда «Уақытша орналастыру орталықтарын құру» облыс әкімдіктеріне жүктелді. Қазір қандастарды уақытша бейімдеу орталықтары тиісті түрде жұмыс істемейді.

Өкінішке қарай, кейбір өңірде қандастарды уақытша бейімдеу орталығы болса да, стандартқа сай емес деген сылтаумен жұмыс істемейді. Бірақ, кейбір облыстарда орталық қызметкерлері деген штат қарастырылған, олар қандай қызмет көрсетіп жатқаны бізге беймәлім.

Бұл мәселені біз облыстық әкімдіктер арқылы жөнге келтіреміз деген үміттемін. Қазір тиісті жұмыстар атқарылуда.

АЗАМАТТЫҚ, ЫҚТИЯРХАТ АЛУ ЖЕҢІЛДЕДІ

 

– Біздің редакциямызға азаматтығын ала алмай жүрген, ықтияр хат рәсімдей алмаған адамдар жиі хабарласады. Жалпы, құжаттандыру мәселесінде қандай да бір ілгерлеушілік бар ма? 2000 жылғы мен 2020 жылғы азаматтық заңында қандай айырмашылық бар? Заң жеңілдетілді ме, әлде керісінше күрделенді ме?

 – Атажұртқа келген қандастардың басты мәселесі құжат рәсімдеу жұмыстарына ұзақ уақыт жұмсалады. Осы қиындықтарды еңсеру үшін Парламент депутаттары Үкіметке депутаттық сауал жолдап, мәселенің оң шешім табуына атсалысуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында көтерілген «Оралман» атауын «Қандас» деп өзгерту ұсынысына депутаттар қолдау білдіріп, заң жобасына өзгерту енгізілді. Заң жобасында шетелден көшіп келетін қазақтардың Қазақстан азаматтығын алу тәртібін одан әрі жеңілдетуге арналған жаңа нормалар қарастырылған.

Атап айтқанда, қандастарымыз елімізде тұрақты тұруға рұқсат алу және азаматтық алу үшін құжаттарды бір мезгілде тапсырады. Бұған дейін қандастарымыз екі рет құжат жинап, әуреге түсуге мәжбүр еді.

Сондай-ақ, бұған дейін тұрақты тіркеу мен ықтияр хаттың заңды күші 183 күннен асып кетсе, әкімшілік құқық бұзушылық ретінде жауапқа тартылатын. Енді жаңа заңдағы өзгеріс бойынша, бұл құжаттар он жылға дейін күшін жоймайды және заң бұзушылық деп саналмайды. Бұл жаңа норма алдағы уақытта қандастарымыздың азаматтық алуын жеделдетуге және отбасынан жырақ қалмауға септігін тигізеді. Және де жаңа заңда «қандас» куәлігінің мерзімі бітіп, Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен ала алмай жүрген қандастар кез келген уақытта өтініш беріп, аталған куәлік мерзімін алты айға дейін ұзартып алуына рұқсат етілді. Қандастарға арналған тиімді заңдардан бөлек, әлі де оң шешімін таппаған мынадай мәселелер бар.

Елімізде заң, құқықтық нормативті актілер кемелденіп жатса да «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 49-бабында «көшіп келушілерге Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған рұқсатты беруден бас тарту не оның күшін жою үшін негiздерінің 14-1) Қазақстан Республикасы халықтың көші-қоны, салық салу және еңбек заңнамасы саласындағы құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған» деген тармаққа (қандастарды қоспағанда) деген сөйлем кіргізу қажет.

Мысалы, қандастарды уақытша тіркеу уақыты асып кеткен жағдайда әкімшілік жауапкершілік жүктеп, айыппұл салып, ескерту алу сияқты жағдайға байланысты сол қандасты 1 жылға дейін тұрақты мекенжайға тұрғызудан бас тартады. Осы аралықта қандастарымыз 3 ай сайын шекарадан ары-бері өтуге мәжбүр болуы қиындық туғызуда. Олардың арасында мүгедек адамдар, аяғы ауыр әйелдер, қарт адамдар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар кездеседі.

Тағы бір мәселе, шетелден көшіп келетін біраз ағайындар мұнда келіп өздерінің қазақ екенін дәлелдей алмай жүр. Иран, Ауғанстан, Түркия елдерінің төлқұжатында азаматтардың ұлты көрсетілмейді. Ұлтын анықтайтын құжатты құзырлы органдар да, консул қызметкерлері де бермейді. Мысалы, Түркияның заңнамасы бойынша ол мемлекетте ұлт деген ұғым мүлдем жоқ. Сәйкес белгілер де қойылмайды. Осыған байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, ХҚКО мамандары көшіп келгендерден ұлтын анықтайтын анықтама талап етіп, қандастардың құжаттарын қабылдамайды.

Сондықтан азаматтардың ұлтын анықтайтын құжатты беру мәселесі елімізде қалай шешілуі мүмкін деген сұраққа құзырлы министрліктердің заң актісі, бұйрықтар мен ережелері қажет.

Елге көшіп келіп жатқан қандастарымыз «Халықтың көші-қоны туралы» заңына сәйкес шетелде өз иелігінде болған дүние-мүлкін және автокөліктерін әкелсе кедендік рәсімдеуден босатылады делінген. Қандастарымыз өз иелігіндегі автокөліктерін экологиялық санаты Еуро-4 стандартына сәйкес әкеледі. Олар автокөліктерін Қазақстанда сатуға  немесе қосалқы бөлшекке запас болдыру үшін емес, өздері пайдалануы үшін алып келеді. Алайда 2015 жылдан бастап қандастарымыз автокөліктерін ел аумағына кіргізе алмай әуре сарсаңға түсті. Осы жағдайға байланысты Ресей, Қырғызстан, Моңғолиядан көшіп келген қандастарымыздан 800-ге жуық өтініштер орталық пен қоғамдық қабылдауларға келіп түсті. Оған ҚР заңдарындағы түзетулерге сәйкес 2016 жылдан бастап шетелден әкелінетін ескі көліктерді тіркеу құнына кірген өзгеріс тікелей байланысты. Мемлекет бекіткен жаңа стандарт «Халықтың көші-қоны туралы» заңында көрсетілген оралмандардың құқықтарын, оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерін ескерусіз қалдырды. Сондықтан елге оралған қандастарымыз өз көліктерін, дүние-мүлкін толық әкеле алмай жатыр.

«Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға ҚР-да уақытша және тұрақты тұруға рұқсат беру қағидаларын бекіту туралы » Ішкі істер министрлігі 2017 жылы 2 тамыз № 529 бұйрығына байланысты тұрақты тіркеуге тұру, ықтияр хат алу үшін құжат тапсыруда бірізділік әлі қалыптаса қойған жоқ. Қазақстан Республикасына келуіне тыйым салатын аурулардың тізбесін бекіту туралы» Денсаулық  сақтау  министрінің  2011  жылғы 30  қыркүйектегі  №664  бұйрығына  сәйкес  шетелдіктер  мен  азаматтығы  жоқ  адамдарға  келуге  тыйым  салынатын сырқаттардың бар-жоғы туралы норманы қайта қарау керек.

Қоғам мен Қауымдастық мамандары арнайы сараптама жүргізіп, осы мәселелерді анықтады. Оларды шешуге қатысты ұсыныстарды құзырлы мекемелерге жолдады. Алдағы уақытта біз бұл мәселелерді үкімет өкілдері мен қоғам белсенділерінің қатысуымен өтетін қоғамдық комиссиямыздың отырыстарында да көтеріп, шешу жолдарын қадағалайтын боламыз.

– Әңгімеңізге рахмет

Парақшамызға жазылыңыз

Жадыра Жанарбек

Minber.kz сайтының маусым айынан бастап авторы. Сулейман Демирел Университетінің 4-курс студенті. 2020 қаңтардан бастап “Halyqnews” сайтының Алматы қалалық тілшісі қызметін атқарған. Журналистерге арналған “Media CAMP Edyuton -2020” инновациялық курсының қатысушысы.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар