/

Думан ҚАБДЫҒАЛИЕВ, саясаттанушы:    Праймеризге қатысып жатқан жас саясаткерлер «Ұяда көргенін ұшқанда алған балапан секілді»…

2947 рет қаралды

Дәл қазір ел ішіндегі саяси науқан – Праймериздің нағыз қызған шағы. Үгіт-насихат жүргізу уақытын тиімді пайдаланғысы келген әрбір кандидат өз аймағын аралап жүр. Бұл сайлаудың өзге сайлаудан айырмашылығы не, оған қатысып жатқан адамдардың көбінің жас болуы нені аңғартады деген сауал төңірегінде жас саясаттанушы Думан Қабдығалиевпен әңгімелестік. 

 

– Жалпы праймериз деген не? Осыны қарапайым оқырманға түсіндіре кетесіз бе?..

– Праймериз деген сөз ағылшын тілінен аударғанда алғашқы сайлау деген мағынаны береді. Яғни, партия ішіндегі сайлау. Американың сайлау жүйесіне қарасақ, оларда басым екі партия бар. Республикалық және демократтар. Президент сайлауы болсын, конгресс сайлауы болсын қандай да бір сайлау қарсаңында осы екі партияның арасында өте күшті бәсеке болады. Әрине, Америкада өзге де шағын партиялар бар, бірақ, елдегі ең ірі осы екі партия болғандықтан халықтың көбі осы екеуіне мүше. Тұрғындарды шамалап 50\50 деп бөлгеннің өзінде екі партияның құрамында мықты инженерлер, саясаткерлер, бизнесмендер болады. Мұндай жүйеде мәселен конгресте 500 орын болса оған адам таңдау оңай болмайды, сол себепті партиялық жүйе халықтың өзіне бастамашы болуға мүмкіндік береді. Яғни алғашқы, бастапқы іріктеу арқылы партия мүшелері арасында қай кандидаттың күші басым болса, сол партияға көп орын алып бере алады деген сеніммен Праймериз өткізеді. Әр партия конгрестен көп орын алудан үмітті ғой, сол үшін олар алдымен өз ішінде жүйріктерді іріктеп алып, соларды сайлауға қатыстырады. Ал жеңілгендер жеке кандидат ретінде сайлауға қатыса алады немесе өзінің сайлаушыларын жеңген кандидатқа дауыс беруге шақырады. Америка қоғамындағы Праймериз қысқаша айтқанда осындай мақсаттан пайда болған.

– Партияішілік сайлауға үміткер ретінде 10 мыңнан аса адам тіркеліпті. Үміткердің осынша көп болуы қалыпты ма?

 – Қазақстандағы партияшілік сайлауда кандидаттар санының 10 мыңнан асып кетуі қалыпты жағдай емес, бұл таңғаларлық жағдай. Себебі бұл біздің елде бірінші рет өткізіліп отыр, екіншіден бір ғана партияның яғни билікте  отырған Nur Otan партиясының ішіндегі Праймериз.  Егер мұны біз Nur Otan-ның танымалдығы, белсенділігі жағынан алып қарайтын болсақ таңғалатын жайт емес, өйткені, біздің елдегі парламенттен бастап түрлі мемлекеттік инстанцияларда осы партия басым. Ал егер Праймериздің алғаш өтуіне байланысты және оған адамдардың көп қатысуына қарап айтатын болсақ, біздің халық оны бұрыннан білетін сияқты тез аңғарып,  тым белсенді атсалысып жатыр. Сол себепті ол қалыпты жағдай дегенге аса ұқсамайды.

– Үміткерлердің көбінің жас болғаны нені аңғартады?

–  Үміткерлердің көбінің жас болғаны қуанышты, әрине! Және олар қандай жастар?!. Олардың арасында шетелде білім алған, Болашақ бағдарламасының түлектері немесе өз саласында жетістікке жеткен, бөлісе алатын тәжірибесі бар жастар болғаннан соң, олардың саясатқа араласқаны көңілге қуаныш ұялатады. Сол себепті Праймериз жас мамандарға көзге түсудің ғана емес өзі дайындаған плотформаны болашаққа жеткізудің тәжірибесі деуге болады.

– Бір партиялық жүйеде мұндай Праймериз мемлекеттің ішіндегі олқылықты жоя алады деп ойлайсыз ба?

–  Әрине, бірпартиялық жүйедегі Праймериз ел ішіндегі олқылықтарды жоя алмайды. Егер мұндай Праймеризден кейін партия арасында саяси белсенді үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, партиялар арасында парламентке деген талас-тартыс болып жатса және үкіметті жасақтауда сол парламентте түрлі коалиция құрылып, әртүрлі партияның өкілдері кіріп жатса, онда мемлекетте саяси өзгерістер болатын еді. Ал бұл тек қана Nur Otan-ның ішіндегі сайлау болғаннан кейін қайндай идея болса да сол партияның ішінде ғана сарапталады.

– Көп үміткердің сайлауалды бағдарламасында өте ауқымды шаралар көрсетілген, алайда нақты ұсыныс аз. Бұл біздің елдегі ұранды сөздерге деген көзқарастың өзгермегенін көрсете ме?

Көп үміткердің сайлауалды бағдарламасында өте ауқымды шаралар көрсетілген, алайда нақты ұсыныс аз, деген пікіріңізбен келісемін. Өйткені, біраз кандидаттың бағдарламасымен таныса отырып, кейбіреуінің өзінің қызметі мүмкіндік беретін шектен әлдеқайда асып кететінін байқадым. Өте көп  дүниеге уәде беріліп жатыр.

Бұл біздің Қазақстандағы соңғы 30 жылда сайлау жүйесінің қалай қалыптасқанын көрсетеді. Яғни, содан алынған тәжірибе. Бізде талай жылдар  Президент немесе парламент сайлауларында көптеген уәде беріледі, әдемі сөздер айтылады. Бірақ өкініштісі, ол орынға жеткен соң, уәденің көбі ұмытылып кетеді. Ең жаманы оған халық та, саясаткерлер де үйреніп кетті. Праймеризге қатысып жатқан жас буын өкілдері де осыны көріп өскеннен кейін сол жолды бетке алады. Көп уәде берсек көп дауыс жинаймыз деп ойлайды. Саясатқа араласқысы келген жас буын бұл тұрғыда «Ұяда көргенін ұшқанда алған балапан» секілді. Бұл әдет саяси жүйені, сайлау жүйесін өзгерткен тұста ғана өзгереді деп есептеймін.

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар