///

Ұлжан Ройик: «17 жастағы арманыма отызымда жеттім». Ересек студенттің хикаясы 

4030 рет қаралды
Будапешт
 
Отбасым мен «тағдырдың» нұсқауымен таңдағым келген жолдан жаңылып, жылдар бойы тілегім іште тұншығумен болды. Қазір мен — арманы орындалған ана, сүйікті ісі бар студентпін. Көздегеніме жету жолында өткерген күйзеліс пен ақырғы қуаныш жайлы хикаяммен танысып, ортасына сыймай, өзін іздеуге кеткен өзге де «ересек оқушылармен» әңгімемді оқыңыз. 
Будапешт, 2018 жылдың қыркүйегі. Ақыры тарих бөлімінің студенті болғаныма, қайта оқуға оралғаныма сенер-сенбес күйде Vorosmarty utca көшесіне шықтым. Университетке жаяу жетуді жөн көрдім. 35 минуттық жердің ұзақтығын аңғармай, Будапешт үйлерінің сәулетін қызықтап барамын. Еріксіз күлімсіреген жүзім шексіз қуанышымнан хабар беріп тұр.Екі жыл бұрын күйеуім мен балам шырт ұйқыда жатқанда жалғыз ойланып отыратын сәттерде жиі болатын. Сол кездері бірер уақыттан соң осы Будапешттің үйлерін тамашалап, кең көшелерінде жүрерімді білдім бе?..

Оқуға тапсырып отырып, «Шіркін, бүкіл құжатымды тезірек тәржімалап, университетке хат жазып, оқытушым мен жайлы ұсыныс хаттарын жақын арада жолдаса екен» деп қалың ойда ғана жүретінмін… Оқуға құжат қабылдау мерзімінің аяқталуына аз-ақ уақыт қалған. Үлгеремін бе деген күйзеліс жанымды жеп барады…

I

Мен мектеп бітірген жылдары астанадағы университеттің «Күтем сені асыға, КазГЮУ-дің қасында!» деген жарнама аса танымал-тын. 2000 жылдардың басында оқу орны көп те емес еді Қазақ гуманитарлық заң университетін таңдадық. Таңдадық деуім cол: өз қалауым шығыстану факультеті еді. Математикадан гөрі тарихты қызыға оқитынмын. Бірақ отбасы кеңесінде «қаржы бөліміне түсесің» деген шешім қабылданды. Өзім қалаған мамандық бойынша мемлекеттік грант иемдену мүмкіндігі аз болғандықтан, таңдауымды кері қойып, ортақ шешімге мойынсұндым.

Оны бітірген соң магистратураға түсуді жоспарладым. Жолдасымды кездестіріп, Словакияда шаңырақ көтердік. Братислава қаласында елдің ең ірі оқу орны саналатын Comenius университетіне түстім. Бірақ оқитыным тағы да тарих болмады. Менеджмент факультетінде сабағым басталды.

Көп уақытым кітапханада өтетін

Менеджмент бойынша магистратурамды бітірген күні-ақ, «енді тарихқа бет бұрсам екен, тарих немесе шығыстануға оқуға түссем екен» деген ой келе берді. Жергілікті университеттерден «тарихқа жақын саланы бітірмей, магистратура оқи алмайсыз» деген жауаптар келе бастады. Жасым 25-ке келіп қалған. Қайта бакалавриатқа түсуге ықылас болмады.

Будапештте америкалық университеттің бар екенін естідім. Сол университеттің парақшасын күнде қарап, шығыс елдердің тарихы бар екеніне қуанып, зерттей бастадым. Екі айдан кейін оқытушыларына хат жаздым. Жауап кешікпей келді: «Ортағасырларды зерттегіңіз келсе мынадай поштаға, пәленше деген оқытушыға жазыңыз» деп тұр. Тез арада екінші оқытушыға жаздым. Ол «Өтінішіңізді толтырып, құжаттарыңызды дайыңдаңыз» деп жауап қатты.

Хатты алғаныма қатты қуанып жүргенімде ағылшын кәсіпорнынан жұмысқа тұру үшін сұхбаттасуға шақырту алдым. Университет сұраған ағылшын тілі бойынша сертификатым жоқ еді, тарихтан да білімім аз болатын жүрегім дауаламады.

Ақыры кәсіпорынға жұмысқа тұрдым. Табысты кәсіпорында 3 айлық сынақ мерзімінен өтіп, кәсібімнен ләззат ала бастадым. 5-6 айда «Айдың үздік жұмыскері» де болдым. Бәрі жақсы болатын.

Әлгі оқытушының елеусіз қалып қойған хаты да, тарихты оқу жайлы тілегім де ойымнан кетпей қойды…

II

Өз хикаямды қағазға түсіріп жатып, «Отыздан асқан адамдардың оқуға деген бірбеткей ұмтылысына не себеп болуы мүмкін?» деген сауал туды. Сұрағымды нұр-сұлтандық психолог Айгүл Дүйсембаеваға қойдым. Себебі көп болып шықты.

Мысалы, ата-анасының айтқанынан шыға алмайтын бала жаны қаламайтын мамандыққа оқуға түседі. Әке-шешесі кезінде жүзеге асыра алмаған арманын баласына таңады. Ересектер өзі қалаған кәсіпке баулымақ болып, баланы қыспаққа алады. Ақыры бала ұзақ жыл бойы ұнатпайтын кәсіпте істеп, біршама тәуелсіздік пен еркіндікке қолы жеткен соң өз арманын орындау жолын іздей бастайды екен…

Таныс оқиға сияқты.

Психолог екінші бір жағдай ретінде оқуға деген ынтаның кеш ашылуын не қаржыға байланысты мүмкіндіктің кеш тууын айтады.

Ойланып отырып, өз айналамда отбасылы, бала-шағалы болса да білім іздегендер біраз екенін түсіндім.

Түркияның Кония қаласындағы Сельджук университетінде «Кино және ТВ» факультетінде оқитын 32 жастағы докторант Толқын Орманбек оқуға «ары қарай даму керегін ұққан соң барғанын» айтады.

— Бір жерде ұзақ жұмыс істеп қалдым, ыңғайлы ортама қамалып алғандай сезіндім. Жұмысым ілгері басты, қызметім өсті. Шеф-редакторға дейін көтерілдім. Бірақ бір нәрсе жетпеді. Шетелге шығу шығар, бәлкім. Сосын бір орныңда отыра берсең, жүйе де шаршатады. Өз кеңістігіңді қорғағың келеді. Өзіңе көңіл бөлгің келеді, — деп әңгімеледі Толқын.

Толқын шетелден білім іздеп, жыраққа кеткеніне өкінбейді. «Осында өзімді еркін адам сезінемін» дейді.

Ал 36 жастағы құрбым Әсем (атын өтініші бойынша өзгерттім Ұ.) оқуға тапсыруға әзірленіп жүр. Ол «жасың ұлғайғанда өзіңе не керегін анық біле бастайсың» дейді. Уайымы да жоқ емес.

— Қатты алаңдаймын. Бәрін басынан бастау кеш емес пе, деп те қобалжимын. Қаржы мәселесі де бар. Жас келген сайын күмән күшейе береді ғой. Жаңа саланы меңгеріп, жақсы қызметкер бола алар ма екенмін деп уайымдаймын. Менімен бірге оқитын студенттер әлдеқайда жас болады ғой. Мұның бәрі бастағы қорқыныш екенін білгеніммен, уайым бәрібір кетер емес, — дейді Әсем.

Ол жылдар бойы тұрақты жұмысы болғанымен, кәсібі өзі қалаған шаруа емесін іштей сезіп келген. Алда шетелге оқу түскен соң «қаржы үнемдеп, өзін барынша шектеп өмір сүруге мәжбүр боларын» жақсы біледі.

Бірақ ол шетелде оқу туралы ойласа болды көңілі көтеріліп, үлкен үміт пайда болатынын айтады. «Мені алға сол жетелейді» дейді Әсем.

Психологтың сөзінше, жас ұлғайып, тәжірибе артқан сайын нақты қандай білім керегі жайлы анық түсінік пайда болады. Мұндайда туыстардың қолдауы мен өзіңе деген сенім аса маңызды көрінеді.

«Өз өміріңнің құндылығы мен оның мәңгі емес екенін ұққан дұрыс. Сол күні-ақ қалаған біліміңді алуға деген жігерің нығая түседі» дейді психолог.

III 

Жаныма жайлы жұмысым болса да, білім алу туралы ой басымнан бір сәт те шықпайтын.

Босниядағы тарих пен дін жайлы бір апталық конференцияға қатысып, қатты әсер алдым. Жиын кезінде Германияда шығыстанудан сабақ беретін келіншектен Facebook-тан тарихқа қатысты конференциялар мен семинарлар жайлы ақпараттар қайда жарияланатынын сұрап, осындай шараларды іздей бастадым. Бірақ оларға қатысу үшін университтің студенті я оқытушысы болуым керек екен.

Оны ойластырып, социология факультетіне сырттай оқуға түстім. Тарих болмаса да, саясаттанудан жаңа білім алармын дедім. Оның үстіне студент деген статусыммен тарихқа қатысты конференция мен семинарларға өтініш жолдап, жаңа білім ала бастадым. Тарихшы мен академиктер арасында жүріп, олар өз ісін қаншалықты жақсы көретініне; терең білімі бар, зерттеуге құмар жандар екеніне көзім жетті.

Осылайша, демалыстарымды тау мен көл араламай, конференция жағалап өткізе бастадым. Тарихқа бұрынғыдан әлдеқайда жақындағаныммен, ішімдегі күйзеліс күшейе берді… Мен де тарихты оқысам екен дедім.

Бірақ университет табу, қаржы мәселесін шешіп, басқа елге көшу сияқты жоспар алаңдатты. Тұрған қаламдағы университеттердің тарих бөлімдерін іздестіріп, тіпті Қазақстаннан да онлайн оқу жайлы іздей бастадым. Бірақ ол ұмтылысым еш нәтиже бермеді.

Жұмыс өтілім артқан сайын ісім ұнай бастаған сияқты, күнделікті өмірім тұрақтанып, басшыларыммен де, әріптестеріммен де жайлы орта қалыптасты. Лауазымым да өсті. Сонда жүріп, сырттай оқуымды жалғастырып, аналы болдым. Өмірім өте берді.

Жұмыста отырып, мағыналы не өзім қызығатын бір іс болса екен деп ойлана бастадым.

30 жасымда бар күш-жігерімді жинап, 4 жыл бұрын америкалық университеттен келген, елеусіз қалып кеткен әлгі хатты аштым. Оқуға тапсырып көреуге бекіндім. Өтінішті толтырып, 2-3 ай ағылшын тілінен емтиханға дайындалып, бүкіл құжатымды толтырып жібердім. Көктемде жауап келді. Түсе алмаппын.

Бірақ берілген жоқпын. Жыл бойы тағы дайындалдым.

Бұл мен – Ұлжан

Астана, 2018 жылдың маусымы. Поштама хат келген екен: «Құттықтаймыз, біз сізді Будапешттегі Орталық Еуропа университетіне қабылдадық!»

Жанымдағы әріптестерімнің не айтып жатқанына мән бермей, дәлізге жүгіріп, жылдар бойы ішімде жүрген арманым орындалғанынан сенер-cенбесімді білмедім. Қуанышымда шек болмады.

Телефонды алдым да, күйеуіме қоңырау шалып: «Будапештке баратын сияқтымыз» дедім. Кабинетке жүгіріп келіп, Будапешттің аудандарын, университеттің қандай көшеде орналасқанын тоқтаусыз шарлай бастадым.

17 жастан армандаған оқуыма ақыры 33 жасымда жеттім.

Құрметпен, Ұлжан Ройик. Тарих ғылымының магистрі. 

*Материал “Интерньюс-Қазақстан” қоғамы ұйымдастырған “Сторителлинг мектебі” аясында жазылды

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар