«5 балам бар. Жолдасым осыдан екі жыл бұрын жүрек ауруынан қайтыс болды. Өзім Алтын Орда базарында саудагермін. Карантин кезінде базар жабылып, ақшадан таршылық көрдім. Тіпті жалдамалы пәтерімнен қуыла жаздадым…»
Бұл 32 жастағы жалғызбасты ана Күлән Кәдірқызының жанайқайы. Алтын Орда базарында мата сатумен айналысатын келіншектің карантин уақытында отбасын асырауға шамасы әрең жеткен. Уақытша жұмысынан айырылғандарға берілетін 42 500 теңге мен 5 балаға алатын 60 286 теңге де жыртығын жамай алмаған. Жоқтан бар жасаған анамен дәл Алтын Орда базарында сауда жасау барысында сұхбаттастық.
Күлән ханымның айтуынша карантин режимі және оның созылуы отбасына қиындық тудырған. «Карантин болады. Қалалар жабылады. Базардағы сауда тоқтайды дегеннен бері тынышым кетті. Отбасымды сауда жасаумен айналысып асырап отырған соң ертеңгі күнім не болар екен деп уайымдадым. Бес баламның үшеуі мектепте оқиды. Оқу жүйесі онлайн түрде болады деген соң, үшеуіне үш телефон қажет болды. Алайда ұстаздар тапсырма орындау уақытын тежемегендіктен бір телефонмен оқып шықты. Үйден оқыту кезінде тапсырма орындаудың өзі қиынға соқты. Бастауыш сынып оқулықтарының кей тапсырмаларын түсінбей, біресе баламен, біресе ұстазбен жанжалдасқан сәттер болды. Сөйтіп жүріп наурыз айының 23-інен мамыр айының 20-сына дейін оқып, оқуларын үздік аяқтады. Дәл осы уақыт аралағында уақытша жұмысынан айырылғандарға берілетін 42 500 теңгені сәуір айында бір рет қана алдым. Оның өзінде бірнеше мәрте өтінішімді қабылдамай, әкімшіліктің есігін тоздырып жүріп ақшаны алдым. Ал бес балаға берілетін 60 мың теңге тек пәтердің ақшасын төлеуге ғана жетті.»
– Сонда жеке баспанаңыз жоқ па?
– Жеке баспанамыз болған. Жолдасым жүрек ауруымен ауырған кезде еміне қаржы керек болып, үйімізді сатқан едік. Биыл төртінші жыл пәтер жалдап тұрамыз. Карантин кезінде пәтердің ақшасын уақытымен төлей алмағандықтан, пәтер иесі қуып шықпақ болды. Кешіктірмей төлеуіме болатын еді, бірақ бес балаға алатын жәрдемақы 60 мың теңгені түгел пәтер иесіне берсем, балаларым аш қалады ғой. Өзім де, жолдасым да балалар үйінде тәрбиеленген едік. Туған-туыс деген атымен жоқ. Содан әупірімдеп жүріп, елден қарызға ақша алдым. Мынадай қиын заманда кімде ақша болсын? Бәрі үйлерінде отыр. Бірақ мейірімді жандар қашан да табылады ғой. Көрші-қолаңның арқасында пәтердің ақшасын төлеп үйді алып қалдық. Карантинді айтқан мерзімдерінен қайта-қайта соза берген соң қашанғы елге қол жаясың? Сәуір айында амал жоқ тығылып жүріп саудама қайта кірістім.
– Жалғызбасты ана, көпбалалы отбасы ретінде тұрғын үй кезегіне тұрдыңыз ба?
– Иә, 2019 жылдың мамыр айында өтініш берген едім, алайда құжаттарым дұрыс болмай, қабылдамай қойды. Одан соң 2019 жылдың қараша айында қайта өтініш білдірдім, қабылдады. Оны күту мерзімі орта есеппен 10 жыл екен. Ел аман, жұрт тыныш болып, карантин бітіп жатса ,азын-аулақ болса да үлкен баламның атынан шот ашып ақша жинасам ба деп отырмын. Қанша дегенмен мына заманда ақша бәріне керек-ақ…
– Қатаң карантин режимі кезінде жұмыс жасағаныңызды біліп, айыппұл салған жоқ па? Жалпы вирус жүріп жатқан кезде базарда жұмыс істеу, адамдармен жақын қарым-қатынаста болу денсаулыққа зиян екенін білетін боларсыз?
– Басқа амалым болды ма менің? Үйде отырсам маған біреу ақша әкеліп бере ме, балаларыма тамақ тауып бере ме? Қатаң карантин режимі болса да базарда ара – тұра жұмыс жүріп тұрды. Оның үстіне жалғыз мен ғана сауда жасаған жоқпын. Жалпы жоғарыдағылар да білген жоқ. Білмеулерінің себебі базардың негізгі есіктері жабық болды. Оның үстіне бізде саудамызды базардың ішкі жағында жасадық. Аптасына үш рет төрт – бес сағаттан сауда жасап жүрдім. Қарапайым халықта тығылып келіп керектерін алып кетіп жүрді.
– Ақша табамын деп жүріп, вирус жұқтырып, балаларыңыздың өміріне қауіп төндіремін деп ойламадыңыз ба?
– Шынымды айтсам басында вирустың барына сенген жоқпын. Жәй халықты алдау деп түсіндім. Вирус жұқтырып балаларыма зияным тиеді деп емес, қайтсем де осыларды асыраймын деген ғана ой болды. Ал кейіннен көршілердің арасынан осы вируспен ауырыпты дегенді естіп, барына сеніп, сақтықпен қарайтын болдым. Қазір балаларды үйден шығармаймын. Өзім де жұмыс барысында сақтық шараларына баса назар аударатын болдым.
– Карантин отбасыңызға тек теріс жағынан ғана әсер еткеніне сенімдісіз бе?
– Материалдық тұрғыда тек теріс жағынан ғана әсер еткені рас. Карантинге дейін осы балаларым жақсы өмір сүрсе екен деп жүріп, үй көрмей, таңның атысы кештің батысы базарда жүрдім. Жолдасым қайтқалы бері үйдің еркегі де, әйелі де өзім болған соң балаларға да дұрыс көңіл бөле алмай қалған кездерім де көп. Карантиннің тигізген оң әсері балаларымның жанында көбірек болып, аналары ретінде көңіл бөле алғандығым.
Алмағайып заманда дәл осындай жағдайда жүрген тек Күлән Кәдірқызы ғана еместігі бәрімізге аян. Біріміздің туысымыз, біріміздің көршіміз, тіпті әріден ойламасақ та, өзіміздің осындай қиындықта отырғандарымыз да бар шығар. Ал жығылғанға жұдырық болған қолдан жасалған сынақтар қашан да бітпейтіні анық. Карантин режимінің ұзаруы, вирустың көптеп таралуы да осындай «амалдың жоқтығынан жасалған әрекеттердің» салдарынан өрши түскендей. Әрине, әркім әртүрлі ойлауы мүмкін. Карантин қай отбасыға қалай әсер етсе де жақынымызға қамқор болу бәріміздің міндетіміз.
Айғаным АЙТАҚЫН
Парақшамызға жазылыңыз