/

Қазақ интернет қолданушысы және mail.ru

1484 рет қаралды
2

Қазақстандағы интернет қолданушылардың ресейлік mail.ru компаниясының тегін пошталық қызметіне жүгіну қарқыны бәсеңдеген жоқ. Alexa интернет стастиканы жинақтайтын ресурстың мәліметінше Қазақстандағы ең жиі қолданатын ресурс осы пошталық қызмет болып отыр.

Alexa мәліметінше mail.ru Қазақстанда бірінші орында
Alexa мәліметінше mail.ru Қазақстанда бірінші орында

Ғаламтормен жұмысы тығыз байланыста өрілетін қарапайым азаматтарды бұл поштаны таңдауына орыс тілінде болуы, жылдам хабар алмасуы, әрі әлеуметтік желі арқылы дос-жарандарымен байланысы арта түсуі түрткі болуда.

Қазақ интернетінің тынысы енді ашылып, ғаламтордың бір бөлшегіне айналған тұста, қазақ қоғамында ұлттық мәселелерді тек тіл мен діл тұрғысынан қарастыруы технологияда ұлттық бояудың қанық болмауына ұласты. Нәтижесінде ғаламторға шыққан адам қазақи өрнектегі ресурсты таппай орыс тіліндегі ақпарат айдынына шомылды. Кез келген мемлекеттің интернет әлеуеті пошталық қызметі, жеке іздеу торабының болуымен өлшенеді десек, Қазақстанда әзірге екі қызмет түрі де бұқаралық сипатқа ие болған жоқ. Өйткені виртуалды пошта қызметінің алдын ресейлік mail.ru компаниясы орап алды. Ал іздеу торабы американың Google корпорациясына тиесілі.

Mail.ru-дың орыс тілінде болуы, әрі Қазақстан азаматтарының жартысынан астамы пушкин тілін еркін меңгергендіктен амалсыз интернет сауаттылықтары осы ресурспен ашылуда.

Әу баста жай ғана қызмет ұсынған Ресейлік компания қазір қазақ интернет тұтынушыларының саны артқан сайын оны нарық тұрғысынан қарастыруға көшті.

Соңғы бір жыл көлемінде mail.ru сайтында Қазақстан жаңалықтары пайда болып, m-agent үстеме бағдарламасының қазақ тіліндегі аудармасы пайда болды. Биылдан бастап еліміздегі мобильді байланыс операторлары қалтафон иелеріне m-agent-тің мобильді нұсқасын тегін ұсынуда. Нәтижесінде ресейдің интернет компаниясы қазақтың виртуалды кеңісітігіне мықтап тұрып өзінің бизнес қазығын қағып қойды. Xat.kz, namba.kz, mail.kz, ok.kz тәрізді ұлттық жобалар mail.ru-ға қарағанда қазақша, әрі қазақ қаріптерінде болғанымен жиырма жылдан аса техникалық тәжірибесі бар ресейлік алыптың жетістіктерін қайталай алмай жатыр. Себебі техниканың идеологиясында тіл шешуші фактор бола алмайды. Қазір қазақстандық қолданушыға поштаның қазақ әріптерін қолдауы жеткіліксіз, Мой мир, m-agent тәрізді үстемелер болуы тиіс.

Жыл өткен сайын Қазақстанда интернет қолданушылар саны артып келеді. Тиісінше, mail.ru тенденциясы «казах тили синдромын» тудырды. Бірақ техногенді ұрпақ үшін бұл қауіп емес. Себебі технология заманында тіл емес, мазмұн маңызды.

Асылында, m-agent тәрізді лездік хабар алмасу бағдарламалары ағылшын тілінде пайда болып, ресейде оның isq, ал ағылшынтілді ортада skype тәрізді баламалары жетерлік. Бірақ поштаға кіріктірілген нұсқасы қолданушыларға тиімді көрінді. Сөйтіп, mail.ru поштасы өзінің құнын арттырды. Ғаламдық деңгейде twitter микроблогы интернеттегі ең жиі қолданатын құрал болғанымен, пост Кеңестік елдерде ресей ресурсы дес бермей тұр. Алматы қаласында 2009 жылы интернетті дамытуға ынталы топтың отырысында қолданушыларды отандық жобаларға қызықтыру мәселесі сөз болған. Мамандар қолданушы назарын ресейлік ресурстан басқа арнаға қарай тартып алу үшін шектеу шараларын қолдануды ұсынды. Бірақ бір есептен бұл адамның құқығуына қол сұғу болып табылады. Қолданысқа енгізілген заң нормалары m-agent тәрізді бағдарламаны БАҚ-қа жатқызып, ондағы айтылған пікірлер үшін адамдар жауапкершілік жүктейтіні де mail.ru қолданушыларына тосқауыл бола алмады. Соңғы уақытта ірі қалаларда m-agent-ті телефон арқылы қолданатындар саны күрт өсіп отыр. Жасөспірімдерді mail.ru-дың лездік хабар қызметі жылдам, арзан әрі заманауи жолмен байланысқа шығуы елітуде. Жаңа медиа мамандары қандай да бір құралды интернет нарыққа енгізбес бұрын оны жасөспірімдер арасында сынайды. Себебі ғаламторда көп уақытын өткізетін, әрі жаңа нәрсеге үнемі сергек қарайтын топ осылар.

.kz доменінде 601 сайт тіркелген (маусым, 2010)
.kz доменінде 601 сайт тіркелген/kazakh.ru (20.07.2010)

«Мой мир» әлеуметтік желісі интернеттің web 2.0 нұсқасының элементтерін өзіне тиімді жинақтай алды. Мәселен, поштаның ішінен қолданушы өз досына, әрі досының досымен сурет, аудио, видео файлдармен бөліседі. Өзара бәсеке психологиясына, әрі «менікі сенікінен жақсы» деген қызғаныш сезіміне құрылған «Мой мир»-дің ортақ, мүдделес жандардың бірігуіне кең жол ашты. Әсіресе, жеті атасын түгендейтін қазақтар үшін әрбір рудың өз «мирі», әр ақынның өз фанаттары болуы бұл байланыс түрінің маңызын арттырды. Қазір «Мой мир» желісінде қала, ру, ортақ мамандық бойынша топтасу үдерісі жүруде. Жаңа медиа мамандары келесі кезеңде белгілі бір мақсат бойынша ортақтасқан жандар нақтылы әрекеттерге көше бастайтынын болжайды. Яғни, виртуалды бірігудің соңы шынайы өмірде ұжымдық акцияларды орындауға ұласады. Саясаткерлер жаңа медианың осы элементін құрал ретінде пайдалануға тырысады. Жалпы ғаламторда «Мой мир» тәрізді Facebook, Youtube, flickr, msn т.б. әлеуемттік желілер болғанымен қазақ интернетінің төл әлеуметтік желісі болмай тұр. Бар болғаны өзге тілдегіні қазақша аударумен шектелуде. Мәселен, wordpress желісінің 30%-ы қазақшаланса, facebook 1%-ға аударылды. Шетелде әлеуметтік желілер қазір жарнамалық және қолданушыларға қосымша қызмет көрсету арқылы ақша табуға көшті. Көп кешікпей mail.ru-дың да қызметі ақылы болып, қазақ қолданушылары ресей экономикасына секунд сайын инвестиция құя бастайды деп болжауға болады.

Бір ұлттың әлдебір елдің интернет технологиясына тәуелді болуы тек қана эконмикалық емес, идеологиялық тұрғыдан да қауіпті екені рас. Ақпарат, пікір алмасумен құрылған мұндай құралдарды адамдардың санасынан жұлып алып тастау мүмкін емес. Өз елінің интернет жобаларын дамытып, өзге елден қорғанып жатқан Қытай, Жапония, Корея тәрізді елдер мәселенің алдын алу үшін бірінші кезекте бағдарлама жасаушыларға көп көңіл бөлген болатын. Қазақстанда әзірге тек шетелдік порталдарды шектеп, мемлекет ақшасына балама жобалар жасалып жатқаны байқалуда. Биылғы жылы билікте өз алдына Ақпарат және технология министрінің құрылуы интернет жобаларды идеологиялық ғана емес, экономикалық тұрғыдан да тиімді бағалауға сеп болады деген үміт бар.

Асхат Еркімбай
“Қазақстан Іскері” басылымынан

Сурет СС рұқсаты негізінде foxypar4 есімді flickr қолданушысының мұрағатынан алынды

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Көкейде жүрген көп түйткілді қозғаған екенсіз. Үнемі ойлап, әрдайым алаңдап жүретін ұлт пен тіл, діл мәселелерінің ең біріншісі болып сіз айтып отырған осы жағдай тұр. Ең олқы тұсымыздан қадалған бұл жебе қансыратып кете ме деп жүрекім дүрсілдей жөнеледі кейде. Біз мән бермейміз бе, жоқ әлде, мән берген күннің өзінде осындай программаларды жасайтын адам бізде жоқ па? Таң қаламын.

  2. Адамдар баршылық. Олардың жұмысын дұрыс жүйелейуіне түрткі болатын арнайы орта қалыптастыру керек.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар