Бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев алдағы сайлаудың дәстүрлі дауыс беру тәсілімен өтетіндігін мәлімдеді.
“Электронды дауыс беру мәселесі қайдан шыққанын білмеймін. Сайлау процесі “Сайлау туралы” заң жобасы арқылы реттеледі. Ол заңда онлайн дауыс беру туралы ештеңе айтылмаған. Біз де сайлауды электронды дауыс беру арқылы өткізуді жоспарлап отырған жоқпыз” деді ол.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі съезд. сайлау, үгіт насихат жұмыстарын өткізу барысында санитарлық нормалардың қатаң қадағаланатындығын жеткізді.
“Біздің елде Конституция бойынша да, заң бойынша да карантин кезінде сайлауды өткізбеу немесе басқа датаға ауыстыру туралы ештеңе айтылмаған. Сондықтан сайлау өз уақытында өтеді”, – дейді ОСК мүшесі Серік Сыдықов.
Соған қарамастан, сарапшылар сайлаудың электронды дауыс беру мүмкіндігін жоққа шығармайды. Партияішілік іріктеу өткізген “Nur Otan” партиясы Қазақстанда электронды дауыс беру мүмкіндігін жалпы ұлттық деңгейге қайта көтерді. “Nur Otan” партиясының келтірген мәліметтеріне сүйенсек, праймериз кезінде партия мүшелерінің 84%-ы, яғни 662 мың адам дауыс берген. Осы процестің басым бөлігі электронды түрде өткен екен. Партияның баспасөз мәліметтері тек интернетке қол жеткізу мүмкін болмаған ауылды жердегі 80 мың адам өз таңдауын дәстүрлі дауыс беру тәсілімен, яғни қағаз бюллетеньдерді пайдалану арқылы жүзеге асырған. Алайда, праймеризге қатысқан кейбір нұротандықтар осы электронды дауыс берудің күмәндануға негіз болғанын айтады.
Қалай дегенмен де, электронды дауыс берудің әзірге құқықтық негізі жасалмаған, пандемия кезінде тиімді тәсіл десек те, көптеген сайлаушы бұған сене бермейді. Сонымен сайлауда электронды дауыс беру әдісі пайдаланыла ма, жоқ па, әзірге айқын емес. Әзірге ОСК басшысы бұл әдістің пайдаланылмайтынын кесіп айтты.