ҚАЙ ЖОЛДЫ ТАҢДАЙМЫЗ: МАРАПАТ ПА, МӘЖБҮРЛЕУ МЕ?

663 рет қаралды
1

IMG_23222011-2020 жылдарға арналған Тiлдердi дамыту бағдарламасының жобасы терең ойларға жетелейдi

Қазiр Қазақстан қоғамы Тiлдердi дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының жобасын талқылап жатыр. Бұл жобаны шiлденiң аяғында Мәдениет министрлiгi көпшiлiкке жария еткен едi. Министрлер Кабинетi оны талқылауға тура бiр ай уақыт бердi. Премьер-министр Бағдарлама көпшiлiкке ұсынылған кезде, қоғам қайраткерлерi, тiл жанашырлары бұл мәселе төңiрегiнде өз ойларын ортаға салып, бiраз талқылағаны мәлiм. Мәдениет министрлiгi бұл пiкiрлердiң қайсысына құлақ асқандығын, қайсысын қажет деп таппағандығын әзiрге мәлiм ете қойған жоқ. Осыны ескере отырып, бiз де өз ойымызды ортаға салуды жөн көрiп отырмыз.

МӘЖБҮРЛЕУ ДЕ, ҚАЖЕТТIЛIК ТЕ ЕСКЕРIЛМЕГЕН

IMG_8545><Қазақстан тәуелсiздiгiн алғалы жиырма жылға жуық уақыт аралығында тiлдердi дамытудың ең либералды бағытын таңдап алғаны белгiлi. "Өгiздi де өлтiрмей, арбаны да сындырмай" мемлекеттiк тiлдi төрге оздыруда нақты қадамдарға бармады. Бұл жолғы бағдарлама жобасы да, оның алдындағы "Тiлдердi дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасынан" асып кете қоймаған сияқты. Олай дейтiнiмiз, бағдарлама жобасында нақты iс-шаралар айқындалмаған. Тiлдi үйретудi мәжбүрлеу немесе қажеттiлiк тудыру мәселесi ескерiлмеген. Айталық, бүгiнгiдей нарықтық қоғамда тiлдi бiлу – нан тауып жеудiң кепiлi болуы қажет қой. Бүгiнде орыс тiлi мен ағылшын тiлiн қолға алған адам неге екi-үш жылдың iшiнде үйренiп шығады? Әрине, қажеттiлiк туындаған соң. Бұл тiлдердi үйренудi, оқытуды ешкiм мәжбүрлеп жатқан жоқ. Ал, қазақ тiлiне деген сұраныстың болмау себебi неде? Оған неге терең талдау мен зерттеу жасалмаған? Соңғы жиырма жыл iшiнде қазақ тiлiнiң қолданылу аясы кеңейгендiгiн, бiлiм ошақтарының санының артқандығын, осы тiлде бiлiм алатын балалардың молайғандығы жайында статистиканы жиi көлденең тартамыз. Бiрақ, қазақ тiлiнде бiлiм алған адамдардың билiк баспалдағында өсу мүмкiндiгiнiң аясы әлi күнге шектеулi екендiгiн ескерiп жатқан жан бар ма? "Мемлекеттiк қызметтен үмiткерлердiң мемлекеттiк тiлдi бiлуi шарт" деген жалғыз сөйлем арқылы бiз қазақ тiлiнiң мәртебесiн қаншама алға сүйрейтiнiмiздi ескермеген екенбiз. Егер, қазақ тiлiне деген қажеттiлiк туындамаса, тiлдi үйренудi мәжбүрлеу ескерiлмесе, ол тiлдiң мәртебесi қалай өспек? Министр Мұхтар Құл-Мұхаммед "ендi он жылдан кейiн қазақша сөйлеу сәнге айналып, престижге ие болады" дейдi. Егер, оның алғышарттары қаланбаса, қалай мән мен сәнге ие болмақ, осы жағы ескерiлмеген. Бiз үнемi мемлекеттiк тiлдегi мектептердiң санының молайғандығын және қазақ мектебiн бiтiрушi түлектердiң жыл санап өсiп келе жатқандығын жиi тiлге тиек етемiз. Алайда, мемлекеттiк бiлiм грантын молайту жайында жұмған аузымызды ашпаймыз. Қазiр мемлекеттiк тiлде бiлiм беретiн мектептерде барлық оқушының 70 пайызы бiлiм алады. Бiрақ, мемлекеттiк бiлiм гранты қазақ тiлiнде бiтiрген түлектерге 60 пайыз деңгейiнде бөлiнедi. Бұл нәтижеге қол жеткiзудiң өзi оңай болған жоқ. Содан берi де онға жуық жыл өттi. Қазiргi ҰБТ нәтижесiн қарап отырсақ, қазақ мектебiнiң түлектерi 80-90 ұпаймен бiлiм грантына ие бола алмай жатса, орыс мектебiнiң түлектерi 60-70 ұпаймен оқуға қабылданып жатқанын байқаймыз. Бағдарламада мемлекеттiк тiлде бiлiм алушылардың санын көбейту көзделетiнi айтылады, бiрақ, оларды қандай жолмен ынталандыру мәселесi ескерiлмеген. Мемлекеттiк тiлдi төрге оздырудағы өзге посткеңестiк елдердiң тәжiрибесiн жиi көлденең тартамыз. Соның iшiнде азғана жылда ұлттық тiлiн төрге оздырған Балтық жағалауы елдерiнiң тәжiрибесiн аса радикалды деп бағалаймыз. Ол мемлекеттерде Тiл полициясы жұмыс iстейтiндiгi мәлiм. Тiл туралы заңды орындамағандарды жазалайды. Ал, бiздiң бүгiнгi көпшiлiкке ұсынып отырған бағдарламамызда мемлекеттiк тiлде сөйлейтiн өзге ұлт өкiлдерiн марапаттау, олардың еңбекақысына мемлекеттiк тiлдi бiлгенi үшiн қосымша жалақы қосу мәселесi айтылады. Менiңше, бұл да тiлдi үйренуге мұрындық бола алмайды. Әрине, ынталандырудың бiр шарасы шығар. Бiрақ, бұл тиiмдi әрекет емес. Керiсiнше, тiлдi бiлмегенi үшiн жалақысынан жарна төлеп отыратын болса, үйренуге деген ынта еселеп артар ма едi-ау... ОРАЛМАНДАРҒА ОРЫС ТIЛIН ҮЙРЕТУ ҚАЖЕТ ПЕ?

Бағдарламада көңiл көншiтпейтiн бiр мәселе – орыс тiлiнiң дәрежесiне аса ерекше көңiл бөлiнгенi. Бiрiншiден – бағдарламаның мақсатының өзi орыс тiлiнiң дәрежесiн сақтау секiлдi. Бағдарламаның өн бойында “орыс тiлiнiң дәрежесiн сақтау” деген сөйлем бiрнеше жерде кездеседi. Сонымен қатар, алыс-жақын шетелдерден келген оралмандарға орыс тiлiн үйрету қарастырылған.
Өздерiңiзге мәлiм, көптеген посткеңестiк мемлекеттерде орыс тiлiнiң дәрежесi заңмен бекiтiлмейтiн болды. Айталық, Балтық жағалауы елдерi, Украина, Грузия, Тәжiкстан, Армения, Молдавия, Азербайжан, Өзбекстан, т.б. Орыс тiлi Конституциясында ерекше статусқа ие үш мемлекет бар. Олар – Беларусь, Қырғызстан және Қазақстан. Беларусь пен Қырғызстан орыс тiлiн ресми түрде екiншi мемлекеттiк тiл ретiнде таниды. Ал, бiздiң Конституциямызда ашық айтылмаса да, орыс тiлiнiң ресми статусы бекiтiлген. “Орыс тiлi қазақ тiлiмен бiрге мемлекеттiк органдарда, басқа да мекемелерде ресми тұрғыда қолданылады” делiнген. Осы бiр сөйлем “Қазақ тiлi – Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi” деген алдыңғы сөйлемнен пәрмендi болып тұр. Биiк мiнбердiң әлi күнге дейiн 90 пайыз мемлекеттiк тiлдi бiлмеуiне жағдай жасап келедi. Орыс тiлiн бiлсең болды, мемлекеттiк тiлдi бiлмей-ақ аса биiк мәртебеге ие болуыңа мүмкiндiк бар. Мемлекеттiк тiлдi бiлу – тек қана ел президентiнен талап етiледi. Ендеше, орыс тiлi әзiрге қорғауға зәру емес. Оның функциясы мемлекеттiк тiлден басым екенi аян. Бiзге ең әуелi қазақ тiлiн мемлекеттiк тiл ретiнде дамыту көзделуi керек емес пе?!
“Мегаполис” газетiнiң 30-тамыздағы санында Тамара Алинаның “Не нужен мне берег турецкий” атты мақаласы жарық көрiптi. Автор оншақты адамға сауалнама жүргiзiп, Қазақстанда қалғысы келе ме, келмей ме, осы жағын анықтауға тырысқан. Егер, кеткiсi келсе қандай себептермен кетпекшi дей келе, Тамара Алина жұрттың көбi қазақ тiлiн бiлмегендiктен кетуге құлықты деген қорытындыға келедi. Бұған күмән келтiруге қақылымыз. Әзiрге Қазақстанда мемлекеттiк тiлдi бiлмегендердiң асығы алшысынан түсiп тұр. Жаңа бағдарлама жобасына сенсек, әлi он жылдан кейiн де орыс тiлiнiң бүгiнгi дәрежесi сақтала беретiн болады. Ал, Қазақстаннан тiрек таппай өзге елге ауған адамдардың сол елдiң мемлекеттiк тiлiн бiлуi мiндеттелетiнiн автор да, авторға жауап берген адам да ескермей отыр. Демек, бұл бiздегi жиырма жылдық тiл саясатының жемiсi. Ал, жаңа бағдарлама осы күйiнде қабылданып кететiн болса, әлi 10 жылға дейiн бұл саясат жалғаса беретiн сияқты.

Есенгүл Кәпқызы, “Түркістан” газеті

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Біз қазақтар тек 63 пайызға енді жеттік болашақ қазақ тілінің төңірегінде мәселе күшейе түседі билік оны қалайма қаламайма бәрібір олар қазақтардың дегенін жасауға мәжбүр болады онсыз олардың болашақ билікте қалуы екі талай

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар