/

Жолдас Өрісбай: Шыңжаң мәселесі АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық гегемонияда құрал ретінде пайдаланылмақ

2010 рет қаралды
Кеше АҚШ Сенатында Қытайдағы Ұйғыр және өзге де түркі текті мұсылмандардың құқығы тапталуын геноцид деп мойындау мәселесі бойынша резолюция қарауға ұсынылды. Құжатты Техас штатынан сайланған республикалық Джон Корнин және Нью-Джерси штатынан демократ Роберт Менендез ұсынған.
Әдетте, екі партия мүшелері де қолдайтын, яғни бипартизан құжат екі апта ішінде Сенат тарапынан мақұлданады. Егер солай болса, резолюция Қытай үкіметін 1948 жылы Біріккен Ұлттар ұйымында бекітілген геноцид үшін жазалау конвенциясы бойынша жауапты етеді. Бұл өз кезегінде бүкіл әлемнің Қытайдың Шыңжаңдағы әрекетіне жауап беруін міндеттейді. Бірақ дәл осы резолюция осыған дейін де Біріккен Ұлттар Ұйымында көтерілді. Дегенмен, ол кезде резолюцияны қолдаушылардан Қытай үкіметін жақтаушы елдер саны көп болды. Қытайға экономикалық тұрғыдан тәуелді, одан инвестиция немесе кредит алып отырған дамушы елдер «бұл Қытайдың ішкі саясаты. Оған ешкімнің араласуға құқығы жоқ» деп мәлімдеді.
АҚШ Конгресінде немесе атқарушы билігінде Қытайдағы мұсылмандар мәселесі соңғы бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Бірқатар Қытай шенеуніктеріне санкциялар да жарияланды. Одан айтарлықтай Қытай зәбір көрген жоқ. Себебі Қытай сыртқы экономикаға бұрынғыдай тәуелді емес. Керісінше, көптеген елдер Қытайдың тауарына тәуелді. Әсіресе, бүгінгі экономикалық рецессия қарсаңында Қытайға тәуелді елдердің қатары тағы да артқан.
Қазір АҚШ-та жұмыссыздар саны көп, пандемия экономиканың қайта қалпына келу барысына кедергі келтіріп отыр. Рецессия келе жатыр. Конгресс халыққа көмек ретінде тағы да ақша бөлуді қарастырып жатқанда, бүкіл америкалықтарға маңызды президент сайлауы жақындағанда осы резолюцияның ұсынылуы қисынсыз. Оған бір ғана себеп болуы мүмкін. Өткен аптада Қытай экономикасының үшінші тоқсандағы (шілде-қыркүйек) көрсеткіштері жарияланды. Дерекке орай, Қытай экономикасы 5 пайыздық жылдамдықпен қарқын алған. Ішкі нарық та қуатталған. Мұндай қарқынмен Қытай экономикасы 2020 жылдағы әлемдік экономикалық өсімнің 30 пайызын құрайтыны анық. Дәл осындай экономикалық доминанттылықты тек екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылы АҚШ көрсете алған. Сонымен қатар, Қытай экспортты көбейтіп, импортты пандемияға дейінгі кезеңдегі деңгейден асырмай отыр. Бұл да өзге елдер экономикасының жылдам өспеуіне алып келеді. Дәл осы Қытай экономикасының қарқынды өсімі АҚШ Конгресінің жоғарыда айтылған құжатты қарауына түрткі болып отыр. Әрине, Шыңжаңдағы ұйғыр және өзге де түркі тектес мұсылмандар құқықтарының тапталуының тоқтатуға бағытталған әрекеттердің көп болғаны жақсы. Себебі XXI ғасырдағы дамыған өркениет заманында мұндай геноцидке жол берілмеуі тиіс. Десе де, дәл осы резолюция АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық гегемонияда құрал ретінде пайдаланылмақ.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар