/

Орыс тілін білмегені үшін жұмыстан шығару керек пе? Бұл қаншалықты заңды?

5971 рет қаралды
фото: www.malim.kz

“Көбіне орыс тілінен қиналамыз. Біз миллиард Қытайдың арасында жүрдік. Бірақ, қазақ тілінде жақсы сөйледік. Қазақстанға елім, жерім деп келген едім. Білмеймін… Негізі Алматыда қазақша сөйлейтін адам аз” дейді Қастер.

Қастер Серікұлы 2019 жылы Қытайдан көшіп келген. Қазақстан азаматы. Былтырдан бері қоғамдық көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Жұмыс барасында Қастерге “орысша сөйлеуді” талап еткен. Бұл туралы Қастер “Minber.kz” сайтына айтып берді.

– Күнделікті күйбең тіршілік. Саяхаттан көтерілдім. Магнумның қасына келгенде көп адам мінді. Салтанат есімді әйел отырыпты. Қайдан мінгенін білмеймін. Ол маған орысша сөйледі. Мен “русский не понимаю, қазақша айтыңыз” дедім. Ол кісі орысшалап бірдеңе айтты. Мені видеоға түсірді. Көліктегі қазақ тәтелер “ол не үшін орысша сөйлеуі керек” деді. Ұрыс болып кетті. Сөйтсем сол әйел маған орысша сөйлеуді талап еткен сияқты. Бірақ мен оны түсінбедім. Содан ол әйел менің үстімнен арыз жазған. Орысша жауап бермеді дегенді алға тартқан. Учаскелік полиция басқармасына барып түсініктеме жазып кеттім. Орысша білмеймін, қазақша сөйле дегенім рас. Ана әйел “орысша білмесе неге жұмысқа аласыңдар, жұмыстан шығару керек” деген. Мен: “қазақша сөйлеп тұрмын, орысша сөйлемегенім үшін неге жұмыстан шығуым керек?” дедім. Кейін сотта мәселелерің шешіледі деп жіберді.

Қастер Серікұлы бұндай мәселе көп кездесетінін айтты. Алайда соңы  бұлай дауға айналмайтын еді дейді:

– Бұндай мәселе негізі жиі орын алады. Орыстарға орысша түсінбеймін десем, ол әйел секілді ештеңе айтпайды. Білген қазақшасын сөйлейді. Қазақ тілін 80-90% білеміз. Көбіне орыс тілінен қиналамыз. Бізде миллиард Қытайдың арасында жүрсек те қазақша жақсы сөйлейміз. Қазақстанға елім, жерім деп келгенде білмеймін. Негізі Алматыда қазақ тілінде сөйлейтін адам аз. Көп адам маған орысша айтқанда бірден түсінбеймін деп айтамын. Кейбірі түсінеді, кейбірі түсінбейді.

Біз оқиғаның мән-жайын нақтылау мақсатында оқиғаға қатысы бар Салтанат Ташимовамен сөйлестік. Салтанат Ташимова Қастер Серікұлының айтқанымен келіспейді. Айтуынша, көлік жүргізушісінен орысша сөйлеуді талап етпеген:

– Бұл жерде ешқандай тілдік мәселе жоқ. Мен өзім қазақпын. Қазақ тілінің дамығанын қалаймын. Болған жағдайды бұрмалау бар. Заң бойынша жұмыскер тұтынушы қалаған тілде жауап беруі керек. Бұнда осы заңның бұзылғанын көре аламыз. Алғашында жүргізуші әдейі менің сұрағыма жауап бермеді. Кейін агрессия танытты. Сол себепті мен видеоға түсірдім. Жүргізушіден “орысша жауап беріңіз” деп талап еткен жоқпын. Байыппен ғана сұрақ қойдым, – дейді өзін қоғам белсендісі деп таныстырған Салтанат Ташимова.

“Жұмыскер мен тұтынушы арасындағы тіл” заңы жайлы нақты мәлімет алу мақсатында заңгер Мейірман Шакиевпен байланыстық:

– Қазақстан заңы бойынша тұтынушы тек қана мемлекеттік органнан қазақ не орыс тілінде жауап алуды талап ете алады. Ал бұл автопарк жекеменшік болғандықтан, ол жерде қалаған тілде қызмет көрсетіледі, – деді адвокат.

Қазақстан Республикасының тіл туралы заңының 2 тарау, 8 бабына сәйкес Мемлекеттiк емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттiк тiл және қажет болған жағдайда басқа тiлдер қолданылады.

“ДуманТрансКz” автопаркінің басшысы Тәуекелов Жеңіс Жанбосынұлымен байланыстық. Оның айтуынша, жүргізушінің қай тілде сөйлейтіні маңызды емес:
– Орысша білмейтін адамды қалай жұмысқа аласың дейді. Қалай алмаймыз? Көлік жүргізуге рұқсат құжаттары бәрі бар. Тіл білмегені үшін жұмысқа қабылдамай қоймаймыз ғой. Бізге машинаның тілін білсе болды.

Талғар учаскелік полиция басқармасы Думан мырзаның айтуынша бұл жерде тілге қатысты арыз түспеген. Қоғамдық көлік тұтынушылары сөзге келіп, бір-біріне зақым келтірген. Осы мәселе бойынша жарақат алған екі адамның арызы қаралып жатыр.

* Бұл материал Еуропалық Одақ қаржылай қолдауымен әзірленген. Материалдың мазмұны www.minber.kz сайтының жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

Парақшамызға жазылыңыз

Жадыра Жанарбек

Minber.kz сайтының маусым айынан бастап авторы. Сулейман Демирел Университетінің 4-курс студенті. 2020 қаңтардан бастап “Halyqnews” сайтының Алматы қалалық тілшісі қызметін атқарған. Журналистерге арналған “Media CAMP Edyuton -2020” инновациялық курсының қатысушысы.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар