/

Бикен Римова атындағы Талдықорған театрында”Орақты батыр” тарихи драмасы қойылды

2081 рет қаралды
Бикен Римова атындағы Талдықорған театрында белгілі журналист Серік Әбікенұлының “Орақты батыр” тарихи драмасының тұсауы кесілді.
Спектакльдің қоюшы-режиссері Ғ. Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының актері Ерлан Кәрібаев, қоюшы суретші Мәдениет саласының үздігі Қарлығаш Шалабева.
Әдеттегі тарихи қойылымдардан әлдеқайда ширақ драмадағы ұрыс даласы мен бәйгені көрсетуде режиссер соны шешімдерге барыпты. Мұны қазіргі көрерменнің көп сөзден гөрі мазмұнды динамикаға деген сұранысын ескергендік деп ұқтық. Қоғамның басқа саласы секілді театрда да жаңару, жаңғыру басталды десек, “Орақты батыр” драмасы Талдықорған театрына жаңа леп әкелді деуге болады. Тәкаппарлығының құрбаны болып, қарындасын ажалға қиған хан шешімін, оны Орақты батырдың көргенін режиссер көрерменге еш сөзсіз тек көріністер арқылы жеткізеді. Сөзі аз қимылы көп спектаклдегі диалогтар да аз сөзбен көп ой айтады. Автордың Ойратты жеңген Орақты батырдың аузына “Әбілхайыр тамыры шіріген бәйтерек секілді. Қатты дауыл соққан күні құлайды” деген сөзді салғаны хан билігінің әлсірегенін анық айтып тұр. Жалпы қойылымдағы кейіпкердердің бәрі ойын әріден қозғағанымен дөп айтады. Мұны Алшағыр батырдың Әбілхайыр ханға айтқан “Хан тағына отыру халықтың ниетінен. Халқыңның ниеті айныса тақта отырдың не, таста отырдың не бәрібір!”, – деген сөзінен де аңғаруға болады. Сахна иесі актер десек осы жолғы қойылымнан Бикен апа театры актерлерінің бұрынғыдан ерекше серпілгенін аңғардық. Сахна сәні мен режиссерлік шешімнің үйлесіміне қарап  қоюшы- режиссер мен қоюшы-суретшінің бірін бірі айтқызбай түсінгенін сезіну қиын емес. Орақты батыр баптаған тұлпардың қоюдан қара үзіп алға шығуы да нанымды. Көрген жанды ширықтырады.
Хан ордасы мен дала көрінісін бір матаның бойына сыйдырған режиссер елдің іргесі сөгіліп, тайпалардың жан -жаққа ыдырауын сол матаны паршалау арқылы ұтымды жеткізді.
 Жалпы қай қоғамда да хан билігінің обсолютті емес екені анық. Халық ойымен санасуды ұмытқан қай ханның өктемдікке ұрынып, адасары хақ. Мұны есі кеткен ханына қарсы шықпай іргесін аулақ салып Керей мен Жәнібекке келіп қосылған Орақты батырдың әрекеті арқылы шығармашылық ұжым бізге тағы бір дәлелдеді. Өнердің құдіреті де осы – кешегінің ойымен бүгінгінің сөзін, бүгінгі шеберлікпен кешегінің тарихын айта алатындығында!
Біздіңше шығармашылық ұжым бұл үдеден шыға білді. Әрі онысы бүгінгі заманға сай ширақ әрі көркем.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар