//

Елжан Біртанов несімен есте қалды?

1585 рет қаралды
экс министрдің әлеуметтік желідегі аккаунтынан алынды

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қамалғаны туралы ақпарат құралдары жарыса ақпарат таратқалы біраз уақыт.   Бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген бұрынғы министр қазір Нұр Сұлтандағы полиция департаментінің тергеу изоляторында.   Министрдің жымқырған қаржысының көлемі де аталды. 526 миллион теңге. Бұл хабар бүкіл елдің назарын Біртановқа аударғаны рас.  “Мінбер” сайты пандемия кезінде Денсаулық сақтау басқармаларындағы сатып алуларға біршама мониторинг жүргізіп, сатылып алып жатқан медициналық құрылғылардың қаншалықты қымбатқа алынып жатқаны туралы жазған еді. Бұрынғы министр біздің есімізде несімен қалды? Ендеше,  Біртановтың сіңірген «еңбектерінің» тізімін бірге жасайық.

Статистикадағы сандар ойыны

 Коронавирус пандемиясы басталған сәтте Денсаулық сақтау министрлігін Елжан Біртанов басқарды. Карантин шаралары енгізілген кезде және ауру асқынған тұста Е. Біртанов осының басы қасында еді. Екі апта ішінде Астана мен Алматыда екі инфекциялық госпиталь тұрғызылды.

Біртановтың кезіндегі коронавирус статистикасы мен  судоку ойыны арасында айырмашылық аз. Сандардың мағынасы мен орынын, қайдан шыққанын түсіну қиын. Түсініктісі жалғыз нәрсе:  ештеңе түсініксіз. Біртанов ауырғандар саны 3,5 мыңнан аспауы  керек деген болжам айтқан болатын. Алайда,  11 мамырға дейін созылған карантин ашылған соң судоку картасының  жаңа сандары белгілі болды.  Елде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны күрт өсіп, маусымның ортасы  20 мың, шілденің соңы 89 мыңнан асып жығылды. Неге екені белгісіз, бұл статистикаға симптомсыз ауырғандар кіргізілмеді.

Маусым айында ойын алаңына  жаңа сандар қосылды. Оған себеп, елде пневмонияның  күрт ушығып кетуі. Былтырғы жылғы статистикамен салыстырғанда 4 есе жиі өлімге алып келген пневмония да Біртановтың «статистикасына» кірмей шет қалды. Неге екені тағы түсініксіз.

Министрлік «статистика судокуін» ойнап жүргенде Қазақстандағы Қытай елшілігі дабыл қаққан болатын. Қазақстандағы азаматтарына коронавирустан да қауіпті пневмония туралы хабарлама тарады. Бұл уақытта ауырғандар саны Біртановтың болжаған 3,5 мың межесінен асып кеткен еді. Қайтыс болғандарда екі-ақ диагноз: пневмония мен пандемия.

Осылайша, статистиканың дұрыс жүргізілмеуінен елдегі коронавируспен ауырғандардың нақты санын бақылау мүмкін емес еді. Біртановтың статистикасы елдегі пандемия жағдайының нақты көрінісін қалыптастыруға қауқарсыз болып шықты. Статистика сыртында қалғандар мен абайсызда кіріп кеткендер бір бөлек мақаланың жүгі.

Міндетті вакцинация мәселесі

Биыл жазда денсаулық сақтау жүйесі мен халық денсаулығы туралы Кодекс қабылданған еді. Ондағы міндетті вакцинация мәселесі тұрғындардың наразылығын тудырды. Вакцинацияға қарсы болған ата-аналардың негізгі уәжі вакцинаның сапасыздығы еді. Алаңдауға себеп жоқ емес. Осыған дейін вакцинация нәтижесінде орын алған қайғылы жағдайлар барын білеміз.

Жұртшылық наразылығын Біртанов «қоғамдық сананы басқару» әрекеті деп айыптап, вакцинаның зиянсыз екенін дәлелдеп бақты.  Бұрынғы министрдің сөзіне сенсек 2019 жылы  4 841 334 адам вакцина салдырған, ал 6003-і ғана (.0.12%) вакцинадан бас тартқан, ал 0.003%-інің (143 адам) ғана дене қызуы көтеріліп, терісі қызарған.

Вакцинаға қарсы болғандар вакцина сапасына, вакцинаны сатып алу мен тасымалдауға жұмсалатын қаражат ашықтығына күмән келтірген еді.

Министр отставкасы

Маусым айында елдегі коронавирус жағдайы ушығып, екінші толқын басталды. Дәл осы сәтте Елжан Біртанов коронавирус жұқтырып, денсаулығы нашарлаған болатын.  Ақыры «амалсыздан»  отставкаға кетуге «мәжбүр болды». Президент жарлығымен 25 маусым күні лауазымынан босатылып, орынына Алексей Цой тағайындалды…Ал бұл, жаңа бір ертегінің бастауы.

Біртановтың отставкаға кетуіне коронавирус әсер етті ме? Әлде…беліне байлаған шоқпардың салмағынан жығылды ма? Жақында белгілі болғандай қазына қаржысын көтере алмады ма? Бұл сұрақтар әзірге жауапсыз, бірақ, қалтасынан қазына қаражатының ұшығы шығар болса, сіз бен біз, қаншаға «қораға кіргенімізді» білетін шығармыз…Комитеттің құпиясы деп, оны да білмей кетпесек…

Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар