/

Оңтүстіктен Солтүстікке жол тартқан көш-керуеннің халі қалай?

4998 рет қаралды
1
Аққулы ауданының ауылдық округтерінде осы мәселеге орай өткізілген жиыннан көрініс. (Фото аудан әкімшілігінің мұрағатынан алынды. 2020 жыл, қаңтар)

Үкімет 2013 жылы  «Еңбек» атты жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы қабылданған болатын. Бұл бағдарламада “жұмыс күшіне тапшы” солтүстіктегі аймақтарға адам тығыз орналасқан оңтүстік облыстардан мамандарды шақыру көзделген. Және оған шетелден келетін қандастарды да қосып, солтүстікке қоныстандыра бастады. Арада 7 жыл уақыт өтті. Бұл бағдарлама қаншалықты іске асты? Осы уақыт аралығында қанша адам солтүстіктің тұрғыны атанды? Оларға берілген уәделер орындалды ма? Дәл қазір осы сұрақтар төңірегінде әңгімемізді өрбітсек. Алдымен солтүстік өңірге яғни Павлодар облысы, Аққулы ауданы, Бесқарағай ауылына көшіп барған қандастың сөзімен бөліссек

Ақмарал Қалибек, қандас:       

  – Біз отбасымызбен 2018 жылы Бесқарағай ауылына Жаркенттен көшіп келдік. Келуімізге себеп 2017 жылдан бастап Павлодарға көші-қон ұйымдастырылып, осы жаққа көшуге  ұсыныстар келіп түсті. Ең алғаш бізге көші-қонды ұйымдастырушы солтүстік өңірден екі – үш рет жиналыс өткізіп адамдар келіп бағдарламамен таныстырды. Ол бағдарламаның аты «2017-2021 жылдарға арналған Оңтүстіктегі жұмыс күштері мен мамандық иелерін Солтүстікте жұмыспен қамту» деп аталатын. Осы бағдарламада: егер сіздер солтүстікке көшіп келсеңіздер мал беріледі, үй беріледі, ақша беріледі және жұмыспен қамтимыз. Одан бөлек қолыңыздан іс келсе жеке кәсіп ашуға да болады делінген. Сөйтіп 2018 де Павлодарға келгенімізде бізде құжат жағынан көп қиындықтар болды. Негізі  оңтүстіктің жергілікті халқы келетін болса құжаттары тез дайындалады. Ал дәл оралмандардың құжатын дайындауда қиындықтар туады. Мейлі ол 10 жылдан бері немесе 1 жылдан бері Қазақстанның азаматтығын алса да бәрібір проблема шығып тұрады. Ықтияр хатпен келгендердің құжаттары да 5-6 айға созылып жасалынады. Өздері шақырарларын шақырып алып бір құжатты мың құбылтып түрлендірді. Солтүстікке келгенімізде балалардың туу туралы куәлігіне дейін Қытайдан растау қағазын әкелуге жіберді. Дәл сол 2018 жылдары Қытай мен Қазақстан арасында проблеманың шиеленіскен кезі еді. Ол растау қағазын да араға 6 ай салып әкеліп бердік. Біз келгенде жалдамалы пәтердің 1 жылдық ақысы деп 1 миллион теңге берді. Ал бағдарламада айтылған үй, мал, жұмыс, кәсіп дегендерді көргеміз жоқ. Мінекей келгенімізге екі жыл болды. Келе салған жылы берген 1 миллионнан өзге ештеңе берген жоқ. Үйіміздің өзі жалдамалы…

Өзім тігіншілік пен қолөнермен айналысамын. Ауылда осы кәсіпке икемі бар қыз-келіншектер жетерлік. Егер кәсіпке қатысты кішігірім ақша бөлсе дөңгелетіп алып кетер едік. Бірақ жоғарғы жақ мақұлдамай отыр. Сонда бағдарлама ішінде кәсіп ашуға болады деп көрсеткендерінде қандай кәсіпті  меңзеген?

Аққулы ауданының ауылдық округтерінде осы мәселеге орай өткізілген жиыннан көрініс. (Фото аудан әкімшілігінің мұрағатынан алынды. 2020 жыл, қаңтар)

Осында тікелей Қытайдан қоныс аударғандар қолындағы ақшаға өздері мал сатып алған. Мал бағу жағында да проблемалар бар. Алты ай қыс болатын бұл Павлодарда өріске малды шығару қиын, ал қорада бағу үшін жем-шөбі керек. Ал оған қолындағы қаражаты жеткіліксіз. Көп кісілер  қарапайым мал шаруашылығымен келеді ғой. Отын, су, көмір жағынан да қиналамыз. Жаздай жұмыс жоқ, аудан орталығында да жұмыс тапшы. Жұмыс болмаған соң әрине қаражат жағынан қиыншылық болады. Ауылда сырттан көшіп келген 10 шақты шаңырақ бар. Біздің отбасы ғана емес біз сияқты жұмыссыз отбасылар көп. Қазір тек балаларға алатын жәрдемақымен жан бағып отырмыз. Бағдарламада айтылған уәделерінің бірі де орындалмады. Ал көшіп кетейік десек арнайы  осы бағдарламамен келгендіктен көшуге болмайды екен. Тек басқа қалаларға қыдырып барып қайтуға болады.  Сонда бағдарламаның мақсаты солтүстікке қандастарды әкеліп қыру ма?

Бұл бір қандасымыздың ғана сөзі. Айтуынша бағдарламамен келген қандастар көп. Осы бағдарлама аясында 2018 жылдан 2019 жылға дейін Павлодар қаласына көші-қонды ұйымдастырған Сәулетбай Сарқытұлының берген дерегіне сүйенсек үш жылдан бері ҚХР-нан көшіп келіп, Алматы облысында қоныстанып,  одан Павлодарға немесе Қытайдан тура осында 2017 жылы 70 отбасы келген. 2018 жылы 130-дан астам отбасы қоныс аударды. Қазір көшіп келген қандастардың жалпы саны 400.

Павлодар облысының ресми сайты https://pavon.kz/post/view/66304 мәліметі бойынша, 2020 жылдың алғашқы 8 айында Қазақстанның өзге өңірлерінен солтүстік өңірлерге 1 273  отбасы, 4 386  адам қоныс аударған. Олардың ішінде 2 303  адам еңбекке жарамды. Негізінен қоныс аударушылар Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстарынан, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан. 2020 жылы солтүстік аймақ  5 825 адам немесе 1 631 отбасын қабылдауды жоспарлап отыр. Арнайы бағдарламамен көшіп келгендерге әр отбасы мүшесіне   35 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) бір жолғы жәрдемақы, үй жалдауға және коммуналдық төлемдерді төлеуге ай сайын 15-тен 30 АЕК беріледі. Жәрдемақының көлемі отбасы мүшелерінің санына байланысты. 

Ал Павлодар облысы 578 отбасын қабылдауға дайын екендіктерін мәлімдеген. 2019 жылы 540 отбасын қабылдаған. Сондай-ақ, Павлодар облысы қоныс аударушыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін 441 пәтер сатып алуды жоспарлап отыр.

Сәулетбай САРҚЫТҰЛЫ, көші-қонды ұйымдастырушы:             

Сәулетбай САРҚЫТҰЛЫ

         

  – «2017-2021 жылдарға арналған Оңтүстіктегі жұмыс күштері мен мамандық иелерін Солтүстікте жұмыспен қамту» бағдарламасы төңірегінде Павлодар облысында көші-қонды ұйымдастырғанмын. Жалпы үй, мал, ақша және жұмыс беріледі дегеннің де өзіндік шарты болды. Мысалы көпбалалы отбасы болу керек және мал дәрігері саласында, білім саласында музыка, дене тәрбиесі мамандығы болуы керек. Яғни осындай жағдайдағы азаматтар ғана үй ала алады. Баянауыл ауылында музыка мұғалімі ретінде, Май ауданында көпбалалы отбасы ретінде  Шымкенттен көшіп келген екі шаңырақ үйлі болды. Үйлі болғанда да ол үйді бірден атына жазып бермейді. Үйлі болған отбасылар сол үйде жеті жыл тұруы тиіс. Содан кейін ғана үйді өз атына аудара алады.

Көші – қон мәселесіне қатысты 2017 жылы Павлодар облысындағы аудан әкімдерін оңтүстіктегі ауылдардан мамандарды тартуға жіберген екен. Өкінішке орай,  аудан әкімдері ешқандай адам әкеле алмапты. Сосын 2018 жылы тамыз айында мені Павлодар облысының әкімі Болат БАҚАУОВ  оңтүстіктен 50 отбасы көшіріп әкелесің деп жұмысқа арнайы шақырған болатын. (Еске салайық, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Болат Бақауовқа қатысты лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша 2020 жылдың 21 қаңтарында үстінен қылмыстық іс қозғалған болатын.  Павлодардың қазіргі әкімі Әбілқайыр Сқақов)  Сол кезде мен өз талабымды қойған едім. Менің талабым бойынша: мен облысқа оңтүстіктегі жергілікті халықты емес қандастарды шақыруға атсалысамын. Себебі жергілікті халықты көндіре алмайтынымды білдім. Өзім Қытайдан келгендіктен ол жақтағылардың тілін түсінетіндігімді айтып жеткіздім. Және олар келген соң әр отбасыға 100 бастан қой берілуі тиіс. 3 жыл оны төлдетіп алса, сосын оны қайтадан 100 бас қылып үкіметке қайтарып берсе дегем.   Облыс әкімі бұл ойымды құптады. Сөйтіп мен оңтүстікте қандастарымыз көп шоғырланған аудан, ауылдарға барып жиналыс өткізе бастадым. Кейін келіп облыс әкімімен кездескенімде 100 бас емес 50 бас қой беруге ғана шамалары келетінін айтты. Одан кейін тағы бір кездесуде берілетін қой саны 30-ға түсіп қалды. Мен қарсы болдым. Сөйтіп едім әкім мырза: егер біз көшіп келіп жатқан адамдарға мал беретін болсақ, жергілікті халыққа да беруге тура келеді. Бермесек бұның арты дауға айналып жергілікті халық, сендер сырттан келгендерді жарылқап жатсыңдар ,-деп шу шығаруы мүмкін. Сондықтан мал мәселесін қозғамайық. Қозғайтын болсақ осыған орай бір бағдарлама ойлап табайық-, деген еді. Алайда сол күйі бағдарлама да, берілетін мал да жоқ болды. Ал мен көшіп келуге ниет еткен қандастарымызға бағдарлама бойынша мал беріледі деп айтып, шақырған едім. 2019 жылдан бастап көші-қон мәселесіне араласпаймын. Қазіргі таңда да адамдарды мал береміз   деп шақырып жатқан көрінеді. Биыл 2020 жылы жаңа әкім келгендіктен кім білсін  малды берсе, беріп те жатқан болар.

Мал мәселесінің мәні мен дауы енді түсінікті болғандай. Мал беріледі деп айтылған бағдарламаларының аты дардай болғанымен  басы таудай, аяғы қылдай болғаны көріне бастады. Енді жұмыс мәселесін  талқылайық.  

Аққулы ауданының әкімі Абзал Балғабаевтың осы мәселеге орай өткізілген жиынға қатысу сәтінен. (Фото аудан әкімшілігінің мұрағатынан алынды. 2020 жыл, қаңтар)

Әскербек, қандас:    

– Павлодар облысы, Аққулы ауданы, Бесқарағай ауылына 2018 жылы Қытайдан қоныс аудардым. Көшіп келуімнің себебі Қазақстанда тұратын  ағайын-туысым, солтүстік өңірде бір бағдарлама құрастырылып  қандастарға жағдай жасалынып жатыр деген соң келдім. Ештеңеңнің керегі жоқ, бәрін өкімет өзі қамтамасыз етеді. Жерді де, жұмысты да, малды да, көлікті де береді деді. Сосын Қытайдағы 10 сиырым мен 30 ешкімді және үйімді сатып дереу елге оралдым. Отбасымызда 6 адамбыз. Анам, жұбайым және үш балам бар. Үш баламның үшеуі де мектепке барады. Елге келе салысымен бірден Павлодарға жол тарттым. Әкімшілігіне кіріп едім, қуана-қуана қарсы алды. Бірақ құжат жағынан көп сенделтті. Бір құжатты Қытайдан сұратты, біреуін ағайыннан сұратты, енді біреуін балаларға деп сұратты. Бір қызығы үшеуі де бір мәтіндегі құжат. Қазақстанымызда қағаз жұмыстары қиын екен. Облыс орталығындағы әкімшілікте бір құжаттарға қол қойдырды. Әріп түсінбегендіктен, түсіндіріп берулерін өтінгенімде ол қағазда «келген қандастарды жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша қабылдап жатырмыз. Сізге 50 бас қой, үй және жұмыс беріледі. Сол себепті сізді осы бағдарлама арқылы  Павлодар облысы, Аққулы ауданы, Бесқарағай ауылына жібереміз»-, деп тұр, деп түсіндірді. Қатты қуандым.  Содан әкімдік қазіргі тұрып жатқан ауылымның әкімшілігіне жіберді. Келдім. Жалдамалы пәтер берді. Оның ақысы ретінде 1миллион теңге берді. Қыста көмір, су, отын мәселесіне көмектесіп тұрды. Ал 2019 жылдан бастап жалдамалы пәтердің ақшасын өзіміз төледік. Айтылған жұмыс берілген жоқ. Менің негізі арнайы мамандығым жоқ. Қытайда мал бағумен айналысқанмын. Елге оралғанда да осы мал кәсібімен айналыссам деп ойлап келгем. Бірақ іске аспады. Әкімдікке  мал шаруашылығы жайлы жоспарымды таныстырып кәсіп ашсам деп едім «көреміз» дегендей сыңай танытты. Әлі сөйтіп келеді.  Жалданып бір жерге күзетші болып жұмысқа кірейін десем «оралмансың» деп жұмысқа алмай қойды. Өз елімде өгейсінгендері жаныма батады. Негізі арнайы мамандықтары бар азаматтарды жұмыспен қамтып жатыр екен. 2019 жылы көрші ауылға бір ағайыным көшіп келген. Мамандығы мұғалім. Оған жұмыс берді. Өзім Қытайдағы мал мен үйді сатқан ақшаға көлік алған болатынмын. Дұрыс істеппін. Қазір енді өлместің күнін көрейін деп  сол көлікпен ауыл мен аудан арасында шопыр болып жүрген жайым бар. Осыған да шүкір. 2019 жылы облыс әкімі есеп беру жиналысында 2020 жылы бәрі жақсы болады. Жұмыссыз жүрген мамандығы жоқ азаматтарға жұмыс беріледі деген. Қайдан, 2020 жылда аяқталуға жақын қалды.

 Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін Павлодар облысы Аққулы ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Зәуреш Ғаниқызының жауабымен аяқтайық.

Зәуреш Ғаниқызы, Аққулы ауданы әкімінің баспасөз хатшысы:

«2017-2021 жылдарға арналған Оңтүстіктегі жұмыс күштері мен мамандық иелерін Солтүстікте жұмыспен қамту» бағдарламасы  оңтүстіктен және шетелдегі қандастарды шақыруға арналған бағдарлама. Бағдарламада тек мамандығы бар азаматтар ғана жұмысқа орналаса алады, сонымен қатар 7 жылға дейін жалдамалы пәтер беріліп, одан соң тұрғынның өзіне аударылады делінген. Ал нақты мамандығы жоқ кәсіпке икемі бар азаматтарға жеке кәсіп ашуға мүмкіндіктер қарастырылған. Кәсіп ашу жағы азаматтардың ұсынған жобаларына қатысты бірте-бірте шешімін тауып келеді. Алдағы 2021 жылы бұл бағдарлама аяқталады. Одан кейін біз қайта жаңғыртып, басқа да проблемалық жағдайларды шешуге тырысамыз. Себебі Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: “Ел ішіндегі миграциялық үдерістерді реттеу ісінің тиімділігін арттыра түсу қажет. Бұл ең алдымен азаматтарымызды еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне көшіруге қатысты. Осы мәселеге Ұлттық кеңесте бірнеше рет көтерілді.  Мигранттарды ынталандыратын қосымша шара ретінде оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін екі есеге, яғни 35 АЕК-тен 70-ке дейін көбейткен жөн деп санаймын. Үкіметке бір айдың ішінде осы мәселені зерттеп, тиісті шешім қабылдауды тапсырамын”-, деген болатын. Сол үшінде солтүстікке қоныс аударушыларға бар жағдайды жасаймыз.

* Бұл материал Еуропалық Одақ қаржылай қолдауымен әзірленген. Материалдың мазмұны www.minber.kz сайтының жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

                                                                  

 

 

Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар