//

Бастауыш оқушысы: “WhatsApp арқылы жаңа тақырыптың бірін түсінсем, бірін түсінбеймін”

2461 рет қаралды
фото: Азаттық рухы

Жаңа оқу жылының алғашқы тоқсаны аяқталды. Адаптация, онлайн білім, қашықтан оқумен бірінші тоқсан қалай тәмамдалды?

Бастауыш сынып оқушысы Аянқызы Айасыл бірінші тоқсанды WhatsApp-пен оқыған. Айасылдың айтуынша алғашқы тоқсан қиын деңгейде өткен:

– Мен қазір 4 “ә” сыныбында оқып жатырмын.  Алғашқы тоқсан жақсы өтті, бірақ маған қатты ұнады деп айта алмаймын. Себебі сабақты WhatsApp желісі арқылы және онлайн мектеп сайты арқылы өттік. Оқу жағы қиын болды. Тест, диктант жазу оңай болмады. Жаңа тақырыптарды WhatsApp арқылы түсіну қиын. Бірін түсінсем, бірін түсінбеймін. Қиындықтар болса да өте жақсы оқыдым деп айта аламын. Барлық сабақтан 5-ке шықтым. Менің ойымша, мектепке барып оқыған дұрыс. Жаңа тақырыптарды сыныппен, апайыммен түсініп оқыған әлдеқайда жақсы, – дейді 39 гимназия оқушысы Айасыл.

Айасыл бастауыштың соңғы сыныбында оқиды. Ал бірінші, екінші сынып оқушыларының білім алу процессі қалай болды? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін Алматы қаласы, “Амир” жекеменшік мектебінің директоры Молдахметов Ердос Рыскелдіұлына бірнеше сауал жолдадық.

– Бірінші тоқсан. Оқу процесі қалай болды?

– Барлық білім беру орнында алғашқы тоқсандық жүйені қалыптастыру ауыр болады. Адаптация жүреді. Мектепке, ортаға үйрену, ұжымның бір-біріне үйренуі орын алады. Ыңғайлану, танысу, білісу тағы бар. Мықты білімді қалыптастыру өте күрделі. Себебі ішкі мәселелер көп кездеседі. Соның бәрі реттеліп, тәртіп орнағанша білім де дұрыс берілмейді. Тәртіп жоқ жерде білім болмайды. Бірінші тоқсан тәртіпті, тәрбиені қалыптастырумен өтеді.

– Ата-аналар балалардың сабағына көмектесе ала ма?

– Баланың білімін көтеру үшін мұғалім де, ата-ана да жұмыс жасау қажет. Ата-ана көңіл бөліп, қолдау білдіріп, үйде жұмыс жасағаны дұрыс. Себебі мұғалімнің бір өзіне баланың білім деңгейін көтеру өте қиын. Сол үшін кешке дейін мектепте алып қалып жұмыс жасайды. Баланы қадағалап, бақылауда ұстап білім береді. Осылайша білім деңгейін көтеруге болады. Түске дейін оқытып, түсте қайтара алмаймыз. Себебі арықарай ата-анасы көбіне көңіл бөлмейді. Бұл баланың біліміне кері әсер етеді. Ата-анасы уақыт бөлетін білімді кісі болса бала арықарай дамиды. Ата-анасы жұмыс басты болса, баланы оқытуға қабілеті болмаса бала төмендеп кетеді. Сол үшін ата-ананың рөлі өте үлкен. Баланы тек қалам, дәптермен қамтамасыз ету керек емес. Оның біліміне көңіл бөліп, мұғаліммен бірге жұмыс жасаса ғана нәтиже шығады.

– Балалар қалай оқып жатыр? Қандай қиындықтар болып жатыр?

– Жеке біздің мектепке тоқтайын. Бізге оқулық жағынан қиындық туындады. Алғаш келіп жатқан соң кімге қалай сөйлеу керегін білмедік. Біреу ерке, біреу ұрысса оқымайды, басқасы жұмсақ болсаң оқымайды. Жас мұғалімдердің тәжірибелері аз болғаны кедергі болды. Біздің мектепке карантинге байланысты оқушылар өте төмен деңгейде келді. Олармен жұмыс істеу қиын болды. Мысалы, 3-сынып оқушысы 3 – сыныптың деңгейінде білу керек нәрсені білмейді. Бірінші, екінші сыныптың деңгейіне түсіп кеткен. Сол оқушыларды көтеру өте қиын болды. Екіншіден орысша өскен балалар. Бағдарламаның бәрін орысша көріп өскен балалар қазақ тілінде диктант жазуы, қазақ тілінде сөйлеуі, ойын жеткізе білуі, түсінуі қиын болды. Балаға қазақ тілін де, орыс тілін де үйрету қажет. Олай болмаса балаға қазақ тілінде білім алу қиын болады. Ойланатын, қабылдайтын тілі орыс тілі делік. Ол балаға қазақ тілінде оқу үлкен соққы болады.

– Жеке мектептің онлайн оқып жатқан өзге мектептерден қандай айырмашылығы бар?

– Бастауыштағы балалар мұғалімнің қасында отырып оқуы қажет. Мұғалім тіпті қаламның қалай ұсталу керегіне дейін көрсетеді. Ата-аналардың ең көп айтқаны “онлайн құрсын, білім болмайды, баламыздың оқуы нашарлап кетті, қызығушылығы мүлдем жоқ” дейді. Мектепке келіп оқыса бала қызығып оқиды. Мектепті, мектептің атмосферасын сезінеді. Мұғалімді көзбе-көз көргеннен кейін тәрбиесін, білімін алады. Жанында балалар болады. Оларға түсіндіріп жатқан кезде басқалар да соған қарап үйренеді. Бұл тәрбиеге де, білімге де қатысты нәрсе. Бірінші, екінші сыныпқа онлайн оқу өте тиімсіз. Үшінші, төртінші сыныптағыларды бір амалын тауып оқытуға болады.

– Ата-аналар балаларын жеке мектепке қандай себеппен әкеледі?

– Мемлекеттік мектептің көбінде бір сыныпта 25, 35, 40, 44 балаға дейін отырады. Себебі қазір бала саны көп, ал мектеп тапшы.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ақпараттық-талдамалық жүйесі бойынша 2019 жылы Қазақстанда 7 329 күндізгі жалпы білім беретін мектеп тіркелген. 

Осы жылы күндізгі жалпы білім беретін мектептердегі оқушылар саны 3 242 280.

Директордың айтуынша, жеке мектептер бір сыныпқа аз оқушы қабылдайды:

– Бір сыныпта 8, 12, 15 оқушы білім алады. Бала саны көбейген сайын білім сапасы азаяды. Балаларға білім беру, бақылауда ұстау, әрқайсына жеке көңіл бөлу көбірек мүмкін болғандықтан ата-аналар балаларын жеке мектепке береді. Екіншіден, көп ата-ана таңертеңнен кешке дейін жұмыста болады. Баласының кешке дейін мектепте болғанын қалайды. Мемлекеттік мектептер оны қамтамасыз ете алмайды. Таңертең алып келеді, кешке алып кетеді. Түрлі қосымша үйірмелер, үй тапсырмасын орындауға көмектесетін қосымша сағаттар жеке меншік мектептерде ғана бөлінеді. Сол үшін де жеке меншік мектепке береді, – дейді Ердос мырза.

Бірінші тоқсанның қорытындысын, оқушы ынтасын, қиындығын білу үшін мұғалімнің пікірі аса маңызды. Ағылшын тілі пәні мұғалімі Зарина Талғатқызы үйде жалқаулық тыйылмайды дейді:

– Үйде оқушылардың жалқаулығы басым болады. Ол өздеріне үлкен зардап. Озат оқушылар озатпын деп сабақ оқымай жүрген кездер де болды. Кейде сеть ұстамай балалар қиналып қалды. Телефон жетіспеушілігі орын алды.

Жаңа тоқсан. Жаңа мектеп. Адаптация

Жаңа оқу жылын жаңа мектепте онлайн түрде бастаған Мұстафа бұл процесстің қиындығымен, жаңашылдығымен бөлісті

– Назарбаев интеллектуалды мектебіндегі  алғашқы тоқсан сәтті өтті. Барлығы түсінікті болды. Жаңа тақырыптарды жақсы үйреніп кетуге ұстаздар көмектесті. Офлайн оқу мен қазіргі оқудың айырмашылығы өте көп. Мектепте адам көбірек нәрсе түсінеді. Көп тәжірибе болады. Бірінші тоқсанда сабақты Microsoft teams-та өттік. Өте ыңғайлы платформа. Бізде көп қиындық туындамады. Онлайн оқыған жеке өзім үшін ұнайды. Өмірде көрмегеннен кейін аз ұяласың. Үйде отырған комфорт, жақындарыңның қасында оқыған ғанибет. Алайда білім беру сапасы төмендеді.

Парақшамызға жазылыңыз

Жадыра Жанарбек

Minber.kz сайтының маусым айынан бастап авторы. Сулейман Демирел Университетінің 4-курс студенті. 2020 қаңтардан бастап “Halyqnews” сайтының Алматы қалалық тілшісі қызметін атқарған. Журналистерге арналған “Media CAMP Edyuton -2020” инновациялық курсының қатысушысы.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар