///

Дос Көшім, саясаттанушы: Бұл сайлау халыққа емес, билікке керек

4265 рет қаралды
фото: www.dalanews.kz

Бүгін  Мәжіліс пен Мәслихаттар сайлауына партиялық тізіммен үміткерлерді ұсыну басталады. Алайда, сайлауға бұған дейін Мәжілісте депутаттық мандат алған және өкілеттік берілген бес жыл ішінде бірен-сараны болмаса, шешіліп белсенділік көрсетпеген 6 партия ғана қатысады. Осыған байланысты «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы, еліміздегі бақылаушылар институтының негізін қалаушы Дос Көшім мырзаның пікірін сұраған едік

ПАРЛАМЕНТТІК ОППОЗИЦИЯ ҚОЛДАН ЖАСАЛМАҚ

– Мәжіліс пен Маслихат сайлауына тек 6 партия қатысатынын Орталық сайлау комиссиясы мәлімдеді. Дәл қазіргі Қазақстан қоғамы үшін,  бұл әділетсіз секілді, қалай ойлайсыз? Өйткені, елімізде партиялық институт қоғамның қолдауымен қалыптасты деп айта алмаймыз ғой…

– Иә, сайлауға алты партия қатысады. Басқа партияларды, құрылатын партияларды тіркемейтін жағдай жасап қойды. Сіздің пікіріңіз де дұрыс. Саяси партия құруға қоғам қатыспай отыр. Негізінен саяси партия азаматтық қоғамның негізінен қалыптасады. Төменнен. Азаматтар жиналады, өздері партия құрады, қоғамдық ұйым құрады. Алдарына белгілі бір мақсат қояды.

Бізде олай емес. Бізде бәрін жоғарыдан бақылайды. Билікке қарсы пікірі бар, әйтпесе билікке сыни көзқарасы бар партияларды тіркемейді. Қысқасы осы алты партияның бәрі, шындығында да биліктің «батасын алған» партиялар деп айтайықшы, қысқаша.

– «Парламенттік  оппозиция» деген ұғымды қалыптастырып, елімізде демократия бар деген сыңайда түсінікті таңу жүріп жатқан секілді, оған көзқарасыңыз қалай?

– Парламенттік оппозицияның заңын қабылдағанын мен қолдаймын. Себебі, ертең Парламентке оппозициялық бағыттағы партиялар келе қалса, оларға жұмыс істеудің бір ережесі бар. Ережесін жасап қойды, онысы дұрыс. Мен жалпы әруақытта айтам, сол ережені жасап қойып, өздері кетсе екен , деп. Бірақ, бұлар өздері кетпейді, сол ережені өздеріне жасайды…

Ертең сайлау да үш пе, төрт пе партия жеңіске жетеді. Солардың арасында бір-екеуі оппозициялық рөлді орындайды.  Бірақ, егер осы Парламенттік сайлауда өткен, бірақ бұрын Парламентте болып, Парламентте оппозициялық рөл атқармаған, оппозиция болмаған партия енді «енді осы заңға байланысты оппозицияның рөлін атқаруым керек екен ғой» десе – бұл баланың ойыны. Мұны бәріміз күле қабылдайтын шығармыз. Бірақ, өкінішке орай, жылауымыз да керек. Себебі, қолдан жасалған Парламенттік  оппозицияға куә болайын деп отырмыз.

Сондықтан бұл жерде екі мәселе бар: иә, Парламенттік оппозиция туралы заңның қабылданғанын қолдаймын. Бірақ, қазіргі жағдайда, жаңағы алты партияның бірі «Мен оппозицияның рөлін орындаймын, енді оппозициялық партия боламын»  десе, ол – ешкім сенбейтін, ешкім қабылдамайтын мәселе.

ӘРБІР АДАМНЫҢ САЙЛАУҒА/САЙЛАНУҒА ҚҰҚЫ БАР. БІЗ ОСЫДАН АЙЫРЫЛЫП ОТЫРМЫЗ

– Партиялардың  халық сеніміне кіруіне мүмкіндігі бар ма?

– Иә, әрине! Партиялардың өздері халықтың сенімінен пайда болады. Экологиялық мақсат қоя ма, саяси мақсат қоя ма, ұлттық мақсат қоя ма – сондай бір топ адам партия құрады. Тіркеледі. Осы мақсатын халыққа жария етеді. Осыдан кейін ол партия қоғамның белгілі бір сеніміне ие болады. Белгілі бір дегенім, 99 пайыз оны қолдай қояды деп ойламаймын, 70-80%, 30-40%  қолдауға ие болуы  әбден мүмкін. Сол арқылы олар парламентке барады да, өздерінің көзқарастарын тағы да жеткізуге мүмкіндік алады. Сондықтан, партиялар қоғамның қолдауы арқылы өмірге келеді. Бірақ, бізде Президенттік аппараттың қолдауы арқылы партияларды тіркейді.

– Ертең, тіпті «Нұр Отан» болсын, басқа партия болсын, өз тізімі бойынша Мәжіліске депутаттарды отырғызады, ал ол кандидатураға сайлаушылар қарсы болса, олар Партиядан  кандидатураны ауыстыруын талап ете ала ма?

– Ертең «Нұр-Отан» сайланады. Өздерінің дайындаған тізімдерін береді. Егер олар (партия тізімімен сайланған депутаттар) Парламентте халықтың сөзін сөйлемесе, нағыз депутат есебінде өзін көрсете білмесе, оны халық алып тастай алмайды. Себебі, ол партияның қарауындағы, партияның құзыретіндегі мәселе.  Қазіргі пропорциялық сайлау жүйесіндегі  үлкен кемшілік – осы. Сондықтан қазір көтеріліп жатқан көп мәселе – бір мандатты яғни мажоритарлы жүйені де енгізу керек, немесе аралас жүйені  енгізу керек – әрбір  округтан, сол жердегі халықтың арасынан партияда болмаған адам шыға алады, деген. Алайда бізде «сен партияда болмасаң – сайлауға түсе алмайсың» деген заң қабылданып қойды. Сондықтан, оны қайта алып та тастай алмаймыз. Бұл әрине әділетсіздік. Бірақ, заңдастырып қойды, осыны. Бұл әділетсіздіктің шыңы! Себебі, әрбір адамның сайлауға/сайлануға құқы бар. Біз осыдан айырылып отырмыз. Көппартиялы жүйені енгізіп, тек қана пропорциялы дейміз – тек қана саяси партиялардың тізімімен өтеді. Оны қайталап алып тастай алмаймыз.

БАҚЫЛАУШЫЛАР АРҚЫЛЫ САЙЛАУДЫ ӨЗГЕРТУГЕ БОЛАТЫН СИЯҚТЫ

– Сайлауды бақылаушы болудың өзектілігі туралы осы уақытқа дейін өзіңіз де айтып, насихаттап келдіңіз. Бұл сайлау кезекті ойын және оны билік өзі қалағандай етіп өкізетін болса, бақылаушылар институтының қажеті қанша?

– Өте қызық сұрақ: егер сайлау осындай болса, бақылаушының қажеті не? Иә, мен 1999 жылы Қазақстандағы бақылаушылар институтын құрған, бақылаушылар институтын енгізген адамның біреуімін.  Алты жыл бойы Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесінің президенті болдым, соны басқардым. Бақылаушы тек қана сайлауда бақылау жасап қоймайды, бақылаушылар үлкен азаматтық қоғамның бір бөлшегі, бір қоғамдық күш. Олар сайлау заңын өзгертуге күш салады.  Сайлау күні ғана келіп, сайлау учаскесінде бақылау жасап, мына жері дұрыс, жына жері дұрыс емес болды деп, акт жасап қоюмен ғана – бақылаушының жұмысы аяқталмайды. Бақылаушылар сайлау жүйесін өзгерткісі келеді. Қысқасы, бақылаушылар институтының Қазақстанда болғаны дұрыс.

Мәдениетті, сауатты, саналы бақылаушылар жүйесі – Қазақстандағы демократиялық құрылымның бір бөлігі. Алайда, Қазақстанда демократиялық  институттар онсыз да саусақпен санарлық дегенге де келмейді. Сондықтан бақылаушылар – үлкен институт, оның болғаны дұрыс. Сол арқылы халық сайлаудың не екенін біледі. Өткен сайлауда біздің жеткен жетістігіміз – бақылаушылардың кім екенін халық түсіне бастады. Бақылаушылар арқылы сайлауды өзгертуге болатын сияқты. Егер бақылаушылар – ашу-ызасына мінсе, талап қоя алатын болса.

Сондықтан бақылаушылар институты міндетті түрде керек, сайлауды бақылау керек. Бірақ, осы сайлауға «Ұлт тағдыры» қозғалысынан да кейбір азаматтар сайлауды бақылайық деген мәселені айтып жатыр. Мен оларға екі-ақ  ұсыныс беріп отырмын: «Ұлт тағдыры» қозғалысы сайлауды бақылауға араласуы мүмкін. Әр облыстағы ұйымның бөлімшесі өзі шешеді, орталыққа қарамаймыз ол жөнінен. Бірақ, қалай сайлауды бақылау керек деген сабақ ретінде,  тәжірибе есебінде ғана қатысады. Оған баға бермейді.

Неге дейсіздер ғой. Егер оған баға берсек, бұл жерде ешқандай талас жоқ, екі түрлі пікір – екі түрлі көзқарас жоқ, Тоқаев пен Қосанов секілді, сондықтан бұл жерде ештеңе болмайды, сондықтан  біз «сайлау әділ өтті» деп баға береміз. Сосын жұрт қол шапалақтайды: «Ұлт тағдыры» да әділетті деген баға берді ғой, деп….

Мен ондайға барғым келмейді. Сондықтан барлығымыз сайлауға қатысуымыз мүмкін, немесе әрбір облыста қатыспауымыз да мүмкін. Бірақ, сайлауға баға бермейміз. Сайлауды тек қалай бақылау керек екенін үйрету үшін ғана қолданамыз.

ҚОҒАМ АРАЛАСПАСА – ҚОҒАМ ӨЗГЕРМЕЙДІ. БИЛІК ӨЗГЕРТПЕЙДІ

– Жалпы, қоғамды демократиялардыру үшін әр азамат не істей алады?

– Әр азамат егер ештеңе істей алмайтын болса, қоғамда демократия болмайды.  Қоғамда ешқашан демократия жоғарыдан болмайды. Демократияның өзі халық билігі деген сөз ғой. Бұл төменнен болады, әр уақытта. Сондықтан, әр азамат осыған күш салуы керек. Осыған араласуы керек. Осы әділетсіз қоғамды өзгертуге тырысуы керек. Қай жағынан болсын: мейлі қазақ тілі жағынан болсын, қазіргі өзектілігі артып бара жатқан жағдай, мейлі  демократиялық, саяси реформалар жөнінен болсын, өздерінің үндерін қосуы керек. Өздері араласуы керек – міндетті түрде қоғам араласпаса – қоғам өзгермейді. Билік өзгертпейді. Себебі, билік өз отырған орнында отыра бергісі келеді, билікке өзгерістің қажеті жоқ.

– Сайлау секілді саяси ойынның астарында не тұр?

– Біріншіден сайлау Конституция бойынша белгілі бір уақытта болып тұруы керек, сондықтан бұл ойын міндетті түрде болады. Биліктің сайлауды өткізуде бір-ақ мақсаты бар, өздерінің биліктерін легитимді ету.  «Міне біз халықтың сеніміне ие болдық, Парламентте халықтың дауысын алған осыншама адам бар, мұның бәрі заңды» деуі үшін ғана сайлау керек. Сайлау – халықаралық ұйымдар үшін, шетелдер үшін өте қажет. Қазақстанда хандық дәуір емес, немесе Коммунистік номенклатураның адамдары билікті басып алған жоқ – бізде бәрі заңды деген сияқты, сайлау арқылы билік өздерін ақтап алады. Сондықтан, сайлау керек. Сайлауға бақылаушылар шақырады. Менің ойымша осы сайлауда ашық болуға тырысады, себебі, сайлауда бұл жерде өтірік, анау-мынау нәрсе аз. Оның қажеті жоқ. себебі, сайлауға түсіп отырғандардың барлығы сол Президент аппараты қолдаған, жасыл дәлізін берген саяси партиялар. Сондықтан, менің ойымша сайлау жақсы өтетін сияқты. Бірақ, мұның ойын екені айдан анық. Себебі, бірде бір төменнен құрылған, халықтың арасынан құрылған партия тіркеле алмайды, оған жақсы бөгет жасап қойды. Сайлау туралы заңда «мың адам шақыру керек, тексерілу керек» деген секілді ешбір елде жоқ бөгеттерді бекітті. Сондықтан, өкінішке орай, халықтың арасынан шыққан жаңа партия тіркеле алмайды, қолдан жасалған, жоғарыдан рұқсат берілген партиялар сайлауға қатысады. Сондықтан бұл сайлау менің ойымша «жаман болып өтпеуі керек». Иә, сайлау халыққа емес, билікке керек. Биліктің «міне бізде демократия бар, демократияның ішіндегі комппартиялық институт бар» деп көрсетіп, өзін ақтап алуы үшін ғана сайлау

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар