/

Сырттай оқып бітіргендерден дұрыс педагог шықпайды дейді. Рас па?

4027 рет қаралды
1

Бүгінгі таңда мұғалім мамандығын сырттай оқып бітіріп, ұстаздық етіп жүрген жандар көп. Сырттай оқитын студенттер Білім және ғылым минстрлігінің мәліметінше, күндізгі бөлімде оқитын студенттердің білімінің 65%-н ғана игерген. Соған қарамастан бірдей диплом алып келген. Қоғамымызда осы тақырып төңірегінде даулы мәселелер көтеріліп,ата-аналар тарапынан сырттай білім беру бөлімдерін жабу керек, сырттай білім алған мұғалімдерді мектепке жұмысқа алмау қажет деген ұсыныстар да болды. Ал бұл ұсынысқа сырттай оқып бітірген мұғалімдердің көз қарасы мен пікірі қандай?

Нұржан КӘПҚЫЗЫ, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің ұстазы:

1997 жылы Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогика Институтында қазақ тілі және әдебиеті пәнін сырттай бөлім бойынша бітірдім. Еңбек өтілім 24 жыл. Сырттай оқығандарды жұмысқа алу керек деп санаймын, себебі жастар теория мен практиканы ұштастыра отырып үйренеді. Оларды жұмысқа алмай қойсақ, қайдан үйренеді? Барлық мұғалімдер туғанда мұғалім болып туған жоқпыз, оқыдық, үйрендік, қателестік, сүріндік, бірақ сол қателіктерімізден сабақ алдық. Қоғамды дамытқымыз келсе, сырттай білім алған және күндізгі оқыған деп бөліп қараудың қажеті жоқ, себебі жастарды сыртқа теппей бар мейірімімізді төге білуіміз керек. Өйткені “Өлі арыстаннан,тірі тышқан артық”,- дейді. “Мың рет ұрысқаннан да бір рет мейірімді сөз айтсаң, сол жүректе қалады”. Болашағымыздың тұтқасын ұстайтын  жастарды үйретейік, тәжірибемізбен бөлісейік, жұмыс істеген адамда ғана қателік болады, істемеген адамда қателік қайдан болсын?

Сырттай оқуды жауып тастауға болмайды, жастар мүмкіндігінше оқысын, қазіргі таңда қосымша білім жетілдіру курстары беріліп, жас педагог мамандарды және басқа сала мамандарын дайындауда қоғам үлкен мүмкіншілік жасап отыр. Осының барлығы болашақ жастарға деген сенім мен қайырымдылықтың куәсі деп ойлаймын.    Бәрі әр мұғалімнің ізденгеніне байланысты. Өйткені мұғалім өзі ізденіс үстінде болса бәрін меңгере алады, ал ізденісін тоқтатса өз мамандығына деген құрметтің жоқтығы.                                 Әрине, сырттай және күндізгі бөлімде оқыған мұғалімдердің айырмашылығы бар. Себебі күндізгі бөлімде теория және практиканы үйренеді, сырттай бөлімінде ондай мүмкіндіктер жоқ, бірақ ол мұғалімнің кәсіби біліктілігі мен педагогикалық шеберлігіне де байланысты. Мысалы мен сырттай оқып бітіріп, 24 жылдан бері білім беріп келемін. Оқушының жеңісі, ұстаздың жемісі.  Оқушыларым республикалық,  облыстық, аудандық сайыстарда жоғары нәтиже көрсетумен қатар шығармашылық табыстарға да жетті. 2008 жылы Республикалық жастар арасында өткен Тұңғыш азамат форумы, Республикалық Ақ желкен журналы, Мөлдір бұлақ журналы, Ұлан газеттерінің ұйымдастырған тұңғыш форумына 8 сыныптағы оқушым Жекенова Жұлдыз делегат ретінде қатысты. Бұл форум Алматы және Астана қалаларында өтті. 2006 жылы және 2010 жылы Республикалық Айгөлек журналының Жас тілшілер форумына 6 сынып оқушысы Баярхан Ертуған екі рет делегат болып қатысып, «Жас тілші» куәлігіне ие болды, сонымен қатар Ақбота облыстық интеллектуалдық форумына 20–30-дай оқушым қатысып, Дарын РҒПО директорының дипломымен марапатталды. 8 сынып оқушысы Рашитал Исатай “Жас журналист” республикалық шығармашылық конкурсының 3 дәрежелі дипломымен марапатталды. «Асыл тас» облыстық интеллектуалдық конкурсына оқушыларым қатысып, ШҚ ӨҒПО «Дарын» мадақтау қағаздарымен марапатталды. 10 оқушым республикалық  «Мөлдір бұлақ» журналының дипломымен марапатталды. Абайдың 150 жылдығы және 175 жылдығына орай ұйымдастырылған аудандық Абай оқулары байқауына және Тәуелсіздік мерекелеріне басқа да түрлі іс шараларға оқушыларым қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Алты оқушым алтын белгіге бітірді. Сырттай бөлімде оқыса  да, күндізгі бөлімде оқыса да қоғамның дамуы үшін ұстаздар қауымы жастарды білім деңгейі мен еліне, жеріне деген шынайы сүйіспеншілікпен тәрбиелеуі қажет.

Нұржан ханым  сырттай оқып бітірсе де шәкірт тәрбиелеу жағынан да, мамандығын жақсы көріп жетістікке жету шыңын да бағындырған белесі көп ұстаз.  24 жыл ұстаздық еткен уақытында көптеген марапаттарға ие болған білікті маман. Нұржан Кәпқызының марапаттары ұстаздық қызметі жолында қол жеткізген жетістіктерін санамалап сан жеткізе алмадық. Ең бастысы шәкірттерінің алғысына бөленген мерейлі ұстаз.
Оның 2018 жылы Алматы қаласы “Тарих” баспасынан шыққан “Ұстаздардан ұтқыр ой” кітапшасына балаларға арналған өлеңдері және 2019-2020 оқу жылдары балаларға арналған “Тапқыр болсаң тауып көр” кітабы ата-аналарға және ұстаздарға көмекші құрал ретінде жарық көрсе, 2020 жылы “Ата ақылын тыңдап өс” кітабы жарыққа шықты. Қазіргі таңда балаларға арналған 3-інші кітабын дайындау үстінде.       

Олжас ӘБДӘЛІМОВ, математика пәнінің мұғалімі:

Менің негізгі бітірген мамандығым «Қоғаммен байланыс» мамандығы. Бірақ бұл менің жаным сүйетін сала емес еді. Алайда отбасымның шешіміне қарсы келе алмағандықтан осы мамандықты оқып бітіруге тура келді. Ал қазір Алматы Университетінде математика пәні бойынша  сырттай бөлімнің 2 курсын оқып жатырмын. Математика пәнінде сабақ беру, балалармен жұмыс жасау өзіме ұнайтын іс. Алдағы үш жылда осы мамандығымның қыр –сырын меңгеріп аламын деп сенемін. Себебі бұл менің жаным қалаған мамандық.

Жалпы мұғалім мамандығының түрлі пәндерін сырттай оқып бітіретін ұстаздардың көбі алғашында мамандықты дұрыс таңдамағандар деп ойлаймын. Өздері қаламаған оқуды оқып, кейіннен жаны қалаған мамандықты сырттай оқып бітіретіндер жетерлік. Сырттай бөлімді бітірген мұғалімдерді қандай жағдайда жұмысқа алу керек және алмау керек деген сауалға жауап берсем. Жалпы күндізгі бөлімді оқып бітірсе де мұғалім бола алмайтындар бар. Сол секілді сырттай оқыса да жақсы ұстаз бола алатындар бар. Оның барлығы адамның қабілеті мен  таңдаған мамандығын қаншалықты сүйетіндігіне байланысты. Мысалы мен сырттай оқып келіп алғашында сабақты дұрыс бере алмайтын, баламен қалай жұмыс жасауды білмейтін ұстаздарды көргенмін. Алайда үш жылдан кейін сол мұғалімнің сабағына қайта кіргенімде, ол мұғалім керісінше тақылдап тұрды. Бәрін жоғары деңгейде меңгеріп алған.  Және тағы бір сырттай оқыған мұғалім болды. Алғашында ол кісі де сабақты дұрыс түсіндіре алмайтын, араға бес жыл салып қайта көргенімде баяғы жартас сол жартас. Мұнымен не айтқым келеді? Бәрі адамның өзіне байланысты. Сырттай бөлімде оқып келсе де оған ұстаз болуға мүмкіндік беру керек. Егер ол мұғалім кемі үш жылда өз пәнінің жақсы маманы бола алса, баланың тағдырын сеніп тапсыруға болады деген сенімге ие бола алса ғана ол адамда нәтиже бар деген сөз. Ал ол дәрежеге жете алмаса мұғалім мамандығы оның саласы емес.

2019 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап сырттай оқытуды алып тастаған. Алайда елімізде 71 ЖОО сырттай оқыту бойынша мамандарды дайындайды.  Статистикаға сүйенсек сырттай бөлімде оқитындардың оқу ақшасы 250-650 мыңның аралығында. Осыдан кейін көбі сырттай оқитындарды «Дипломды сатып алған» деген бір-ақ ауыз сөзбен сипаттап береді. Осы ойды құптайтын ата-ананың пікірімен бөліссек.

Анар ҒАБИДЕНОВА, ата-ана, Қарасай ауданының тұрғыны:

– Сырттай оқып бітіріп мектепке жұмысқа тұратындарды құптамаймын. Өзі бірде-бір рет университетке барып, оқып жатқан мамандығы бойынша тәжірибе жасап көрмеген адам қалай ұстаз болады? Өзі оқымаған нәрсені балаларға не деп үйретеді? Сырттай оқып келіп, қызыл дипломды ақшаға сатып алып мектепке шіреніп кіретіндердің кесірінен балалар дұрыс білім ала алмайды. Ештеңе үйренбей шығады ондай сауатсыз мұғалімнен. Менің үш балам да мектепке барады. Біреуі 11 сынып, екіншісі 9 сынып, үшіншісі 5 сынып. Үшеуіне де қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен бір ұстаз береді. Сырттай оқып бітірген. Дым білмейді. Еңбек өтілі 15 жыл екен. Егер жаңадан бітіріп келіп жатса түсінер едім. 15 жыл деген оңай жыл емес қой. Сырттай оқыса да 15 жылдан бері балаларға білім беру арқылы тәжірибе жинаумен ақ үйреніп алар еді ғой. Соның бәрі кезінде білім алатын шағында жетістіріп оқымағанынан. Енді міне қаншама баланың білім сапасын төмендетіп, болашағына әсер етіп жүр сондай мұғалімдер. Сырттай оқу дегенге де, оны бітіріп алып жұмысқа орналасу дегенге де  сол үшін қарсымын.

 

Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

1 Comment

  1. Кәпқызының пікіріне қосыламын. Педагогика теория мен практиканы ұштастыра отырып, жылдар бойы жетілетін мамандық. Сондықтан, дипломның сырттай немесе кұндізгі екені маңызды емес. Бастысы жалған диплом болмасын)))

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар