//

Босқын мәртебесін алған қазақтардың этникалық қазақ екендігі ҚР азаматтығын алуда көмектеседі

5934 рет қаралды
1
фото: www.abai.kz

Қазақстан билігі Қытайдың Шыңжаң өлкесінен «саяси қуғын көрдік» деп қашып келген төрт этникалық қазаққа «босқын» мәртебесін берді. Бұл Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған тәжірибе. Соған сәйкес Қазақстан заңнамаларында да босқындарға азаматтық беру туралы арнайы бап жоқ.

Сонымен бұл қазақтардың азаматтық алу процесі қалай болуы тиіс. Біз жақында босқын мәртебесіне қол жеткізген Қайша Ақанқызы мен Мұрагер Әлімұлына хабарластық. Олар өздерін теңіз ортасында қалған ескексіз қайық сезінетіндігін айтады.

Қайша Ақанқызы
фото: Азаттық

– Босқын мәртебесін алғаннан кейін ешнәрсе өзгерген жоқ. Барлық дүние бұрынғы қалпында. Алдағы уақытта не істейтінімізді білмеймін. Барлығы бұлыңғыр. Азаматтық алу да оңай емес. Алайда уақыт өте келе азаматтық аламыз деп ойлаймын. Себебі, босқын мәртебесін де бірден алған жоқпыз ғой. Ұзақ уақыт жүріп әрең дегенде қолымыз жетті. Біздің жағдайымызда азаматтық алу мүлдем бөлек. Ол үшін Қытай бізді азаматтығынан босату қажет. Әйтпесе Қазақстан қос азаматтық бермейді. Менің ойымша, Қытай бізді азаматтығынан шығармайды. Бұл ұзақ процесс болатын сияқты, – дейді Қайша Ақанқызы.

Мұрагер Әлімұлы да дәл осындай күйде екенін айтады.

Қастер мен Мұрагер
Фото: заңгер Ләззат Ахатованың фейсбук парақшасынан

– Босқын мәртебесіне ие болғалы бір айға жетті. Куәлік алғаннан кейін ешқандай өзгеріс болмады. Үкімет тарапынан мүлдем көмек көре алмадық. Алда қандай жоспар барын өзіміз де білмей отырмыз, – дейді ол. Мұрагер қазір Алматыдағы жекжаттарын жағалап жүр.

Отбасы, бала-шағасы Қытайда.

Қазақстан заңнамаларында этникалық қазақтардың азаматтық мәселесі арнайы қарастырылған. Егер, шетелден оралған қазақтар «қазақ» екендігін дәлелдеп, тұрақты тіркеуге тұрса, «оралман» (қазір қандас ред.) мәртебесін рәсімдеп, «ықтияр хат», сосын бір жылдың ішінде азаматтық алу мүмкіндігіне ие. Бірақ, бұл қазақтар шекарадан заңды асып, арнайы визасын рәсімдеп оралған жағдайда. Ал шекараны заңсыз кескен, сотталған, «босқын» мәртебесін алған қазақтар үшін, заңның бұл баптары жүрмейді. Әрі олар шетел азаматы ретінде босқын мәртебесіне ие болып отырғандықтан, келген елінің азаматтығынан шығуы қажет екен. «Азаттық» радиосына сұхбат берген Алматыдағы адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның заңгері Гүлмира Қуатбекова:

Фото: Азаттық

– Қастер мен Мұрагер азаматтыққа тапсыру үшін алдымен Қытай азаматтығынан шығуыкерек. Өйткені оларға босқын мәртебесі шетел азаматы ретінде берілді. Азаматтыққа да осы есеппен қабылдайды. Ал Қытай билігі қашып кеткен адамдардың азаматтықтан шығуына ешқашан рұқсат бермейді, – деген.

Ал Қытайдан осыдан 20 жыл бұрын келген Базарбек Қытай азаматтығынан шығу өте қиын болады, бұл мәселені шешу үшін бұл кісілер «азаматтығы жоқ тұлға» куәлігін рәсімдеуі керек дейді «Мінберге» берген сұхбатында.

– Мен Қазақстанға келгенде туристік жолмен емес, іскери жолмен келген едім. Ал іскерлік паспорты барлар азаматтыққа тапсыра алмайтын, сол себепті мен «азаматтығы жоқ тұлға куәлігін» рәсімдедім. Ол үшін шетелдік паспортыңның уақыты аяқталуы тиіс екен. Оны рәсімдеуге бірнеше ай кетті, сосын бір жарым жыл осы куәлікпен жүрдім. Сөйтіп, Қазақстан Республикасы азаматы атандым. Бірақ одан бері жиырма жыл өтті ғой. Қазіргі заңнама қалай өзгергенін білмеймін – дейді ол.

Босқын мәртебесін алған қандастарымыздың азаматтықты рәсімдеуі үшін кедергі болатын тағы бір бап “Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы” заңның 17-бабының 9-тармағы екен. Онда “Қазақстан Республикасының аумағында немесе оның шегінен тыс жерлерде қасақана қылмыс жасағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасымен солай (қылмыскер – ред.) деп танылған, соттылығы алынбаған немесе өтелмеген болса… азаматтық беруден бас тартады” деп жазылған.

“Отандастар қоры” КеАҚ Қандастарды ақпараттық орталығының меңгерушісі Болат Заутұлы көп жыл көші-қон саласында қызмет істей жүріп, босқындар мәселесімен бірінші рет бетпе бет келіп отырғанын айтады.

Фото: Фейсбук парақшасынан

– Сол себепті де мен қолданыстағы заң аясында ғана жауап бере аламын.

Біріншіден, Қытайдан мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтіп келген азаматтарға сот шешімімен «Босқын» мәртебесі Қытай елінің азаматы ретінде берілгендіктен, олардың соттылық мерзімдері аяқталуы қажет.

Одан кейін ұлтын анықтайтын анықтаманы Қытай елінің Қазақстандағы елшілігінен алуы тиіс.

Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттар беру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығының талаптарына сәйкес тұрақты тіркеуге тұрып, ықтиярхат алу мүмкіндіктері  бар. Этникалық қазақ болғаннан кейін бұл процесс тез жүзеге асырылуы мүмкін.

Үшіншіден, олардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алуына– “Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы” заңның 17-бабының 9-тармағында  “Қазақстан Республикасының аумағында немесе оның шегінен тыс жерлерде қасақана қылмыс жасағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасымен солай деп танылған, соттылығы алынбаған немесе өтелмеген болса ҚР-ның азаматтығын беруден бас тартады” деп жазылған.

Алайда, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бас хатшысы Рахым Айып бұл адамдардың қай қайсысы да «этникалық қазақ» ретінде артықшылыққа ие деген пікірде:

Фото: Азаттық

– Егер босқын мәртебесін басқа ұлт өкілі ретінде алған болса, онда ол ҚР азаматтығын алу үшін бес жыл күтер еді. Ал этникалық қазақтардың қазақ болғаны үшін артықшылығы бар. Олар бірден ықтияр хат рәсімдеп, сосын азаматтыққа тапсыра алады. Ол үшін олардың тұрақты тіркеуі болуы тиіс.

– Соттылығы болса да ма?

– Олар шетелдерде сотталған жоқ қой. Және заңнамада аяқталмаған соттылығы деген ұғым бар. Егер ол біздің шекараны бұзғаны үшін сотталып, соттылығын немесе жазасын өтеген болса ол сіз бен біз сияқты тең құқылы адам саналады.

– Бірақ «Азаттық» радиосына сұхбат берген бұрынғы көші-қон маманы Төлеужан Жүндібаев “мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтті” деп, бір жылға бас бостандығынан айырылған Қастер мен Мұрагердің соттылығы үш жылға дейін алынбайды» депті.

– Қастер мен Мұрагерге байланысты сот үкімінің қандай екенін білмеймін. Мәселе соған байланысты. Оларға бір жылға босқын мәртебесін беріп, үш жыл бойы соттылығы алынбайды деу ақылға сыймайды, олар босқын ретінде үшінші бір елге қоныс аударуға құқылы ғой. Сонда олардың соттылығы алынбаған болса, біз тек олардың босқын мәртебесін ұзартуға немесе оларды келген еліне кері қайтаруға ғана мәжбүрміз. Соттылығына байланысты үшінші бір елге баруға оларға жол жабық. Сол себепті, үш жыл бойына алынбайтын соттылығына байланысты сот шешімі ( егер ол бар болса) қайта қаралуы керек.

Ал, ҚР Президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, көші-қон саясатымен айналысып жүрген қоғам қайраткері Ауыт Мұқибек

Фото: inform.kz

– Иә, Қытайдағы саяси қысымға байланысты қашып келген алты азаматқа Қазақстан «босқын» мәртебесін берді. Бірақ, қолданыстағы заңнамаларға сай олардың Қазақстан азаматтығын алуы кешеуілдеуі мүмкін. Нақты жағдайларды ескере отырып, «Қазақстан Республикасының азаматтығы» туралы Заңға өзгеріс енгізіп, аталған заңның 17-бабының 9-тармағындағы «Қазақстан Республикасының аумағында немесе оның шегінен тыс жерлерде қасақана қылмыс жасағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасымен солай деп танылған, соттылығы алынған немесе өтелмеген болса» деген норманың алдына «босқын мәртебесін алған этникалық қазақтарды қоспағанда» деген сөйлемді қосса, бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын дейді.

Бұл адамдардың азаматтық алу мүмкіндігі туралы сауалымызды Ішкі істер министрлігі Көші қон полициясына жолдадық. Сауалымызды жауапсыз қалдырмайды деген үміттеміз.

Есенгүл Кәпқызы,

Жадыра Жанарбек

* Бұл материал Еуропалық Одақ қаржылай қолдауымен әзірленген. Материалдың мазмұны www.minber.kz сайтының жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар