18 қарашада білікті медиа мамандардың қатысуымен «Қазақстан медиасының негізгі принциптері» атты құжат талқыланып, қабылдауға жіберілді. Ақпараттың тоқтаусыз нөпірі оның оңды-солды таралуына жол беріп қана қоймай, ешқандай принципке негізделмей жүгенсіз кетіп бара жатқанын анық көрсетіп тұр. Бұл жалпы журналистика саласы үшін ғана емес, қоғамдағы қарапайым этиканың сақталмауына ұрындыратын қауіпті құбылыс.
Осыны ескерген қазақстандық барқатар медиа мамандар осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстан медиасының негізгі принциптерін белгілеп, осы аттас құжатты қабылдауға бел буған. Қазақстандағы түрлі медиа өкілдерінің және журналист мамандарды даярлайтын оқу орындарының оқытушыларының қатысуымен бірнеше рет талқыланған құжат тоғыз тараудан тұрады. Ол әлемде қабылданған және Қазақстан Республикасының 2012 жылғы журналистік этика кодексінде бекітілген этикалық стандарттарға негізделіп әзірленген. Медианың, редакциялардың, журналистердің, блогерлердің және редакция ұжымдарының басқа да мүшелерінің ақпаратты іздеу, тарату және түсініктеме беру, оқиғаларды сипаттау және мәселелерді жариялау бойынша жұмыстары кезіндегі кәсіби мінез-құлқының негізгі принциптерін бекітетін құжат алдағы уақытта Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарына, журналистер дайындайтын оқу орындарына таратылып, таныстырылады.
Жоба модераторы Бақытгүл Бурбаеваның айтуынша Қырғызстан өзін-өзі реттеу қоғамдық органын осыдан он үш жыл бұрын құрып алған екен. Қазақстан медиасының негізгі принциптерін жазуда мамандар әлемдегі көп елдің медиа қағидаттарын зерттеген.
Ескере кететін жайт бұл құжат заң актісі емес, ол – Қазақстандық медианың өз жұмысын өзі реттеуге бағытталған принциптері. Ел ішіндегі БАҚ-ы бұл құжатты қабылдауға да қабылдамауға да хақы бар.Бұл құжатпен тереңірек танысу үшін мына жерден танысуға болады.
.
Парақшамызға жазылыңыз