//

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі: Бастысы олар енді күнделікті жұмыста керекке жарата алатын ашық дерек көздерін тапты (тренинг қорытындысы)

2681 рет қаралды

Сонымен “Мінбер” журналистерді қолдау орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан “Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі” тренингтер сериясының алғашқысы, Павлодар облысының журналистеріне арналған сериясы аяқталды. 

“Мінбер” құрылған күннен бергі он жылдан астам уақытта қазақтілді журналистердің біліктілігін арттыру мақсатында екі жүзден астам семинар-тренинг ұйымдастырды. Әуелде журналистердің технологиялық сауатына көбірек мән берген қоғамдық қор, жылдар өте келе сапалы журналистиканың дамуына әжептәуір үлес қосып келеді. Тренингтердің негізгі бағыты: медиасауат, сыни ойлау негіздері; медиа этика, жаңа медиа құралдары, дата журналистика және іскерлік журналистика негіздері. Қазақ журналистерінің тісі батып бара бермейтін іскерлік сала, экономика проблемалары бүгінгі күннің күн тәртібінде тұрған басты тақырып. Дүниежүзілік пандемия оқырманның сұранысы мен талғамына әжептәуір өзгеріс енгізді. Бұрынғыдай шоу бизнес трендте болатын заман келмеске кетті. Қазіргі оқырман рецессия кезінде ел экономикасындағы трендтер, бюджет қаржысын бақылау, әлемдік қор биржаларындағы ахуалды білу, сондай-ақ ашық деректердегі сан цифрлардың сиқырын білуге ұмтылады. Оқырман сұранысына сай болу үшін қазақ журналистерінің осы саладағы біліктілігін талмай арттыру басты мақсат болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда “Мінбер” орталығы мақсатты түрде жұмыс істеп келеді.  Былтыр қазақ журналистері басшылыққа алатын “Іскерлік журналистика” нұсқаулығын дайындап ұсынса, биыл ERG Komek корпоративтік қорының қаржылай қолдауымен “Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі” тақырыбында Қазақстанның үш аймағына арналған тренингтер сериясын өткізуді қолға алды. Бес күндік тренингте павлодарлық журналистер жұрт көзінен тасада тұрған, алайда ашық деректер қорындағы деректерді қайдан, қалай іздеуге болатындығын, ірі корпорациялардын есебі негізінде материал дайындаудың амалдарын және датаны іздеп табу сұрыптау, оны визуализациялау жолдарын үйренді. Тың материалдардың қатысушыларға несімен қызық болғандығын төмендегі пікірлерден білуге болады:

Есенбек Санатұлы, “Атамекен бизнес” каналының Павлодар өңіріндегі меншікті тілшісі:

фото: Фейсбук парақшасынан алынды

– Павлодарлық БАҚ өкілдеріне арнап “Мінбер” журналистерді қолдау орталығының бес күн бойы өткізген онлайн тренингісі бизнес тақырыбында ақпарат қорытудың қыр-сырын үйретті. Семинар онлайн өткеніне қарамастан өте қызықты әрі тартымды болды. Әсіресе, бизнес телеарнаға бет бұрған мен үшін таптырмас тәлім болды

Экономика, қаржы тақырыптарына қалам терең тербейтін қазақ тілді журналистер бұған дейін жоқтың қасы еді. Кейінгі жылдары @Atameken Business телеарнасы, @inbusiness.kz сияқты ақпарат құралдары пайда болғалы экономика тақырыбын жазуға қазақ тілді тілшілер де бейімделе бастады.  Ал, ол тақырыпта қалам сілтеу анау айтқандай оңай емес.  ERG корпорациясының былтырдан бері өткізіп жатқан осындай пайдалы іс шаралары алпауыт кәсіпорынның бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне бей жай қарамайтынын көрсетеді. Алған тәжірибе көп. Дата журналистика, деректермен жұмыс жасау, визуализация секілді кейінгі кезде трендке айналып бара жатқан тәсілдерді үйрендік.

Құралай Рахимжанова, “Ertys Media” ЖШС-іне қарасты “Halyk radiosy” журналисі:

– Білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз. “Дәмді” ақпарат жазу үшін нақты цифр, нақты дәлел керек.  Мақаланы дата тілімен сөйлетудің әдіс-тәсілдерін “Мінбер” журналистерді қолдау орталығының білікті мамандары үйретіп жатыр. Сандарды «майдан қыл суырғандай» оқиғаға қатыстыра білу жолдарын Асхат Еркімбай қарапайым жолдармен түсіндіріп берді.

Әлбетте сіздің ақпаратыңыздың елден бұрын оқылғанын, көзге тартымды болғанын қалар едіңіз ғой. Мәселен, бұдан бір ғасыр бұрынғы қаланың келбеті мен қазіргі көрінісін, немесе саяси кандидаттардың сайлаудағы рейтингтерін визуализация жасау арқылы салыстырудың қабылдауға жеңіл екені анық. Бағандық диаграммаларды жұмыста қолдану үшін Flourish сервисін пайдалану жолдарын Баубек Сағындық үйретті.
Оқу – қызық, пайдалы. Оқытушыларымыз бесаспап.
Қарлығаш Қашқынбай:
– Алғашқы күні ZOOM платформасының қыр-сырымен танысып, “Мінбер” журналистерді қолдау орталығының жетекшісі, журналист, медиа тренер, Есенгүл Кәпқызының жетекшілігімен ғаламтордан мақалаға қажетті ірі компаниялар туралы деректерді қайдан алатынымыз жөнінде құнды ақпараттармен таныстық.
Тренингтің екінші күні “Ірі компаниялардың қаржылық есебі негізінде контент дайындау тақырыбында” “Kaspi.kz” АҚ БАҚ-пен байланыс басқармасының басшысы, PR маманы, медиа тренер Ербол Азанбек дәріс өткізді. Сулейман Демирел Университетінің оқытушысы және Internews Kazakhstan ұйымының аймақтық медиа сарапшысы, бір сөзбен “медиатренер” Асхат Еркімбайдың  сабағынан “Ашық дата” туралы түсінік алдық.
Ел мұңы мен қуанышын хабарлайтын павлодарлық әріптестер осылайша кәсібилігімізді шыңдап жатырмыз. Қашан көрсең қарбалас та қайнаған тіршіліктің бел ортасында жүретін журналистер қауымын бір сәтке болса өзара қауыштырып, тілдестіріп, тәжірибе алмастырған бұл тренингке алғысым зор.

Данияр Жұмаділов, “Айқын” газетінің Павлодар өңіріндегі тілшісі:

– Заманға сай журналистика да жаңарып келеді. Сәйкесінше, осы саланың мамандарына қойылатын талап та өзгеше. Жаңаша. Ал оған сай болу үшін үздіксіз білім алып, біліктілікті арттыру маңызды. Әсіресе, аймақтардағы журналист қауымы сусындап қалған. Бұл- бір.

Екіншіден, журналистикадағы көптің тісі бата бермейтін тақырыптардың бірі- экономика. Оны да жете түсінбесең, оқырманға қажетті,түсінікті ақпарат жеткізу қиын.

Міне, осы жолы “Мінбер” журналистерді қолдау орталығының ұйымдастырған тренингінен осы екі бағытта аса қажетті білім алып, жаңаша әдіс-тәсілдерді үйрендік. Ұйымдастырушылар мен тренингті жүргізген мамандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Сандуғаш Сәрсембаева, Павлодар аудандық “Заман тынысы” газетінің тілшісі: 
– Семинар-тренингтен ZOOM бейне байланысының қыр-сырын, дата журналистиканы, мақалада пайдаланатын ақпаратты визуализациялауды үйрендім. Бұрын қолжетімсіз болып келген деректерді сайт, порталдардан іздеп табу жолдарын білдім. Алған білімімді қорытып, іс жүзінде пайдалануға тырысамын. Ұйымдастырушыларға көп рақмет!
Жанболат Серікбай, ERG өкілі:
– Павлодардағы тренингтің бізді қуантқаны журналистер ерекше ынтамен қатысып, тіпті кейбір күрделі тапсырмаларды да барынша тиянақты орындауға талпынды. Бұл бір жағынан осы шараны ұйымдастырушы «Мінбер» журналистерді қолдау қоры іске жұмылдырған менторлардың шеберлігі, екінші жағынан әріптестеріміздің үйренуге, тың дүниені игеріп кетуге деген құлшынысынан деп білемін. Бастысы олар енді күнделікті жұмыста керекке жарата алатын ашық дерек көздерін тапты. Олардағы ауқымды ақпараттарды әдемілеп жіктеп, шебер пайдалана алуды үйренді. Біздің шараның да ең басты жетістігі осы деп білемін. Ұйымдастырушыларға, күн сайын өзінің негізі жұмысынан соң тапсырма орындап, тіпті жұмыстан үйге қайтпастан сол жерде онлайн оқып жатқан әріптестердің жауапкершілігі көз қуантты. Біз әрдайым журналистермен тығыз байланыста жұмыс істеуге дайынбыз. Биылғы шараға қатысқан әріптесіміздің бірі «мұндай шараларға былтыр, одан бұрын қатыспағаныма қынжылып отырмын. Енді қалай да қалмауға тырысамын» деді. Біздің ниетіміз де, ұйымдастырушылардың да есіл еңбегі де осы бір ауыз сөзбен ақталды деп білемін.
Ербол Азанбек, медиа тренер: Мемлекет деректер жинақталған реестрларды ашуы керек
– ERG-дің қолдауымен “Мінбер” қоры “Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жазудың ерекшеліктері: ERG мысалында” атты онлайн тренингтер топтамасын өткізіп жатыр.
 Қатысушылар алдында “Ірі корпорациялар туралы ақпаратты қайдан іздеуге болады” деген тақырыпта 1 сағат сөйледім. Компаниялардың сайттарынан бастап, мемлекеттік кірістер комитетінің сайтындағы қызметтер, KASE, AIX, қаржылық есептілік депозитарийдің сайтындағы ақпараттар, оның ең негізгісі қаржылық есепті оқу туралы айтып өттік. Біреуге жеңіл, ашық дереккөздері. Бірақ бұрын көрмеген адамдар үшін ауқымды, ауыр. Уақыт жетпеді.
Бірінші күні Есенгүл апай мемлекеттік сатып алу порталын пайдалану арқылы түрлі мәселелерді анықтау туралы айтқан.
Кешегі ақын кешіне бөлінген 28 млн теңге туралы әңгіме де сол ашық, бірақ көпшілігіміз мән бермейтін ресурстан табылған.
Мемлекеттік сатып алу порталы бұл жағынан қазына болып тұр. Журналистер ашық дереккөздеріне көбірек уақыт арнаса, зерттесе талай жемқорлықтың беті ашылады.
Бірақ, өкінішке қарай ашық дереккөздерді ұсынатын ресурстардың жұмысы баяу, машиналды оқуға лайықталмаған. Ашық мәліметтер базасы аз.
Былтыр Украинада болдық. Сонда 300-ге жуық, оның 100-ден астамы мемлекеттік ашық реестрлар барын білдік. Көбі машиналды оқуға лайықталған. Тек соларды зерттеумен айналысатын журналистер, сайттар қалыптасқан. Іскерлік журналистикаңыз, зерттеушілік журналистика дами бастаған.
Бізде әзірге бары осы data.egov.kz, мемлекеттік сатып алулар порталы, бизнес туралы жоғарыда мен айтып кеткен ресурстар. Соларды қазып отыруға тура келеді. Мұның ішінде бюджет ашықтығы тақырыбында Zertteu Research Institute жақсы жобалар жасап жатыр. Оның ішінде журналистерге арналған OpenBudget жобасы бар еді. Биыл болмайды деп естідім, жалғастыруды сұрайтын едім.
Жемқорлықпен шын күресу үшін мемлекет арнайы шешім шығарып, реестрларды ашық жасау керек. Сол кезде журналистер, жеке зерттеушілер қалыптасар еді, жемқорлықпен күресте көмектесе алар еді. Бастысы медиа саласы бір саты жоғарылайтын еді. Қазір қол байлаулы. Бірақ соның өзінде бар ресурстардан ақпарат алып, жақсы материалдар дайындауға болады.
P.S. Келесі тренинг Қостанай облысының журналистері үшін өткізілмек. Өткізілетін уақыты – 23-27 қараша. Онлайнда кездескенше, құрметті қостанайлық журналистер. 
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар