Сонымен “Мінбер” журналистерді қолдау орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан “Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі” тренингтер сериясының екіншісі, Қостанай облысының журналистеріне арналған сериясы аяқталды.
“Мінбер” қоры биыл ERG Komek корпоративтік қорының қаржылай қолдауымен “Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі” тақырыбында Қазақстанның үш аймағына арналған тренингтер сериясын өткізуді қолға алды. Бес күндік тренингте қостанайлық журналистер жұрт көзінен тасада тұрған, алайда ашық деректер қорындағы деректерді қайдан, қалай іздеуге болатындығын, ірі корпорациялардын есебі негізінде материал дайындаудың амалдарын және датаны іздеп табу сұрыптау, оны визуализациялау жолдарын үйренді. Тың материалдардың қатысушыларға несімен қызық болғандығын төмендегі пікірлерден білуге болады:
Амангелді Шурентаев, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының меңгерушісі:
– Өткен апта түрлі оқиғаларға толы болды. Солардың ішіндегі ерекше әсер қалдырған «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жайында жазудың ерекшеліктері: (ERG мысалында)» атты онлайн тренинг болды. Апта барысында қостанайлық қазақ тілді журналистер қауымы, оқытушылар мен студенттер еліміздің белгілі мамандарынан ашық деректермен жұмыс жасау; бизнес, қаржыға қатысты ақпаратты іздеу және экономика тақырыбында мақала жазу жолдары; дата журналистика және датамен сараптама жасау технологиясы; ақпаратты визуализациялау құралдары бойынша тың жаңалықтарға ие болдық. Classroom-да жүктелген тәжірибелік тапсырмаларды орындау арқылы, ақпаратпен жұмыс жасаудың түрлі әдіс-тәсілдерін меңгердік.
Енді осы тренинг барысында алған тәжірибені жұмыс барысында тиімді қолдана білуіміз қажет.
Сондықтан осындай мүмкіндік сыйлаған ERG компаниясына, ұйымдастырушы «Мінбер» журналистерді қолдау қоры мен барлық тренерлерге алғыс білдіремін!
Жанар Қашқынбаева, Лисаков қаласы, “Акцент” телеарнасы:
– Бес күн өте қызықты болды. Қалай тез өте шыққанын байқамай да қалдық. Бұған дейін біз экономикалық тақырыптарды қозғаудан қорқатынбыз.Енді оны қозғау біздің де қолымыздан келетінін біліп жатырмыз. Әсіресе, маған ашық дереккөздерінен ақпарат алу жаңалық болды. Журналистерге дайын ақпараттардың бар екендігін біліп, аузымыз ашылып отыр. Ірі корпорациялардың ақпараттарын қайдан табуға болатынын, оны визуализациялау жолдары, дата журналистиканың қыр-сырын түсіндік. Әрине оны күнделікті қолдану үшін тәжірибе керек екенін білемін. Дегенмен, бастысы үйрендік қой. Ары қарай алып кетуге тырысамыз. Тренерлерге көп көп рахмет.
Әсел Мутылапова
Рудный қаласы. Рудный дауысы радиосының тілшісі:
– Дүйсенбі күні басталған Қостанай өңірінің журналистеріне арналған тренинг күннен күнге қызықты өтуде. Ұйымдастырушылар әр күнді бір тақырыпқа арнап, оны егжей-тегжейлі түсіндіріп, біз үшін керемет құнды материалдармен бөлісті. Ғаламтор арқылы мақалаға қажетті ірі компаниялар туралы деректер алу, қаржылық есеп негізінде контент дайындау, ашық дата табудың амалдары, Flourish сервисін пайдалану жолдары сынды тың дүниелермен таныстық. “Мінбер” журналистерді қолдау орталығының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы бастаған медиа тренерлер – Ербол Азанбек, Асхат Еркімбай, Баубек Сағындық сынды тәжірибелі тренерлерге алғысым шексіз. Сондай-ақ, техникалық ақаулықтарға жол бермей өз ісін шебер басқара білген Нұрсұлтан Әубәкіровке де алғыс айтам. Тренинг барысында үйренгенімізді алдағы уақытта өз жұмыстарымызға пайдаланатын боламыз.
Қасқырбай Қойшыманов, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінің тілшісі:
– «Мінбермен» өткен бес күн қостанайлық журналистерге үлкен тәжірибе, тұщымды пікір алмасу, ұмытылмас әсер берді деп сенімді айта аламыз. Кез келген тілшіге мынадай алмағайып уақытта ізденіс керек. Оны әлемге жайылған пандемия да бір көрсетіп берді. Халық жақсы, сапалы контентті көргісі келеді. Сонда жақсы материалдарды қалай дайындау қажет? Осы сұраққа «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының бес бапкері барынша жауап беруге тырысты. Белгілі көсемсөз шебері Есенгүл Кәпқызы бастаған топқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ. «Мінбер» бұған дейін де Қостанайда бірнеше жобаның өтуіне арқау болған. Бұл жолы өткен тренинг елдегі ірі компаниялардың бірі – ERG-дің қолдауымен өтті.
Бапкерлер бес күн бойы журналистерге сапалы контент жасаудың қыр-сырын үйретті. Асхат Еркімбайдың дата журналистикасының өзі бірнеше бағытта жіктелетінін білдік. Деректерді пайдалану, олармен дұрыс жұмыс істеуді екінің бірі біле бермейтіні рас. Осы тренингтен соң Қостанай ғана емес, күллі қазақ журналистерінің тісі бата бермейтін іскерлік журналистика, экономика тақырыптарының шетін «мүжіп» көруге тәуекел етуге болатындай.
Өз басым Баубек Сағындықтан көп нәрсені үйрендім. Отандық журналистикада визуализациялау жақсы қарқын алып келеді. Ары қарай да Баубек мырзамен әріптестік байланыс жалғаса береді деп үміттенемін.
Қысқасы, бес күндік тренингте қостанайлық журналистер ашық үкіметтегі деректерді дұрыс іздеп табуды, ірі компаниялардың есебі негізінде материал дайындаудың әдісін, дата сториды іздеу, ақпаратты визуализациялау жолдарын үйренді.
Шараны ұйымдастырған ERG компаниясына, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығына рақмет айтамыз!
Асхат Еркімбай, медиа тренер:
– Ашық датамен жұмыс істеу әзірге қазақ журналистері арасында сәнге айнала қоймады. Қостанай журналистеріне арнап өткізген тренингте data.egov.kz сайтындағы Қостанай өңіріне қатысты датаға анализ жасауды үйреттік. Қатысушылар өз өңірлеріне қатысты датаға анализ жасау арқылы қызықты тақырыптар тапты. Мәселен, бір жасқа дейінгі балалардың өліміне не себеп екенін статистика деректері нақты жауап берді. Немесе Қостанайдың қай өңірінде қанша балабақша бар екенін және жан басына шаққанда қай өңір арта екенін көре алдық. Осындай тренингтердің нәтижесінде аймақтағы журналистер датаға негіздеп, терең талдаулар жасай алады деп ойлаймын.
Парақшамызға жазылыңыз