//

Көкейде мың сауал, жауабын Қазақстан ұлттық арнасы бере ме екен?

1931 рет қаралды

Мемлекеттік сатып алулар порталын ашқан сайын, мемлекеттік сауда-саттық атты әлемнің кереметтеріне «тамсану» қалыпты дүниеге айналғандай. Портал да «таңқалдырудан» айныған емес. Бұл жолы «Қазақстан Республикалық Телерадиокорпорациясы» Акционерлік қоғамының мемлекеттік сатып алулар порталында жасасқан келісім шарттарына тап болдық .

Корпорацияның тек 2020 жылы жасасқан келісім шарты 450-ге жуық екен. Бағалары да сан қилы. 70 мың теңгеден бастап, 200 миллион теңгеден асып жығылатын сомаға дейін жасалған келісім шарттар бар.

Тапсырыс беруші негізінен жергілікті мемлекеттік органдар, аудандық, облыстық басқармалар,  мемлекеттік қазыналық кәсіпорындар.

450-ге жуық келісім шарттың әрқайсысысын ашып, ондағы қаражаттың сомасын есептеп шығу арқылы «Қазақстан Республикалық Телерадиокорпорациясының» бір жылдық бюджетін табуға болар ма еді, алайда, корпорацияға бюджет тарапынан қаражат  бөлудің нақты шарттарын білмейтін болғандықтан, халықты шатастыруға жүрексіндік…

Сонымен, 2020 жылы Мемлекеттік сатып алулар порталында «Қазақстан Республикалық Телерадиокорпорациясымен» жасалған сауда-саттық туралы мәліметтердің арасында «Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын және облыс әкімдігі мен оған қарасты басқармалар қызметін облыстық телеарна арқылы мемлекеттік және орыс тілдерінде ақпараттандыру» мақсатында бөлінген қаржыға ерекше назар аудардық. Өйткені келісім-шарт сомасы 182 миллион 142 мың  857 теңге екен. Келісім-шарт 2020 жылдың 20 ақпанында жасалыпты және осы жылдың соңына дейін әрекет етеді. Тапсырыс   беруші  “Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасы” коммуналдық мемлекеттік мекемесі, орындаушы «Қазақстан Республикалық Телерадиокорпорациясы». Бұл келісім-шарт бойынша наурыздың 27-нен бастап, қарашаның 13-іне дейін 204 миллион теңге төленді деген есеп бар.

Жақсы, бәлкім «Қазақстан Республикалық Телерадиокорпорациясына» қарасты облыстық телеарналарды қаржыландыруды әр облыс әкімшілігі өз мойнына алған болар деген болжам жасадық.

Тек, «Арал аудандық ішкі саясат бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі- ауданның әлеуметтік-экономикалық, индустриалдық-инновациялық дамуы және өткізілетін іс-шараларды ақпараттандыру мақсатында аталған корпорациямен 12 миллион 678 мың 571 теңгеге наурыз айының 11-інде келісім-шарт жасасыпты, Бұл қызмет те осы жылдың соңына дейін көрсетіледі екен….

«Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесі «Қазақстан” Республикалық Телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамымен 2020 жылдың 5-ақпанында  «Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы (телеарналар) 2020 жылға арналған мемлекеттің ақпараттық саясатын жүргізу» бойынша келісім-шартқа отырады. Келісім-шарттың жалпы жоспарланған сомасы 71 миллион 188 мың теңге. Бұл қызмет түрі бойынша наурыздың 20-сынан бастап, қарашаның 11-іне дейін тапсырыс беруші тарапынан 75 миллионнан астам теңге төленді деген ақпарат тұр.

«Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасы» мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикалық Телерадиокорпорациясына «Бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық материалдарды жариялауға» тапсырыс беріпті. Маусым айының төртінде қол қойылған келісім шарттың құны 68 миллион 455 мың теңге.

«Ақтөбе облысында мемлекеттік ақпараттық саясатты өңірлік телевидение арқылы мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізу» туралы қазан айының 12-сінде қол қойылған келісім-шарт бойынша 44 миллион 642 мың 857  теңге жоспарланған. Оның  42 миллион 970 мың теңгесі төленген.

«Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан берілген тағы бір тапсырыс назарымызды аударды. Келісім-шарттың мазмұны – «Жергілікті телеарнада жаңалық телехабарларын сурдоаудармамен трансляциялауды сүйемелдеу». Бұл мақсатта 43 миллион 335 мыңға жуық  теңге жұмсау жоспарланған. Келісім-шартқа ақпанның 21-інде қол қойылыпты. Келісім-шарт осы жылдың соңына дейін әрекет етеді.

Дәл осындай келісім-шарт «Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен де жасалыпты. «Жаңалықтар телехабарламаларды сурдоаудармамен сүйемелдеу» келісім-шартына 43 миллион 335 мыңға жуық теңгеге мамыр айының 25-інде қол қойылған. Бұл келісім шарт бойынша республикалық бюджеттен 9 миллион 707 мың   теңгеге трансферт жасалған, 39 миллион жергілікті бюджеттен төленіпті.

Ақпан айының 21-інде «Қазақстан Республикалық Телерадиокорпорациясы» мен «Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесінің арасында осыған ұқсас келісім-шартқа қол қойылған. Мазмұны –  «Атырау облысы бойынша таратылатын жаңалықтар телебағдарламаларын сурдоаудармамен қамтамасыз ету». Алайда, бұл келісім-шартқа жоспарланған қаражат 26 миллионнан астам теңге екен. Осы келісім шарт аясында наурыз айының 12-сінен бастап, тамыз айының 11-іне дейін 29 миллионнан астам теңге төленіпті. Мемлекеттік сатып алулар порталында келтірілген мәлімет, бұл. Дәл осындай тағы бір келісім-шартқа шілде айының 10-ында қол қойылыпты «Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесі бір қызмет бойынша екі рет келісім жасасқан екен. Бұл мәміленің құны 17 миллион 193 мың теңге.

Батыс Қазақстан облысы аумағында жаңалықтар бағдарламасын сурдоаудару мәмілесі бойынша келісім-шартқа қазан айының 2-сінде қол қойылған, жоспарланған сома  35 миллионға жуық теңге. Оның 26 миллионнан астам  теңгесі төленіпті.

«Тұңғыш президент, елбасы Н.Назарбаев туралы «Біз біргеміз» атты деректі фильм дайындау (мемлекеттік және орыс тілдерінде)» туралы тапсырысты “Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы” мемлекеттік мекемесі 8 928 571.43 теңгеге ұсыныпты. Келісім шартқа 17-қыркүйекте қол қойылған.

«Проспект туралы деректі фильм дайындау Қостанай облысының танымал адамдары: Отанның лайықты азаматы» келісім-шарт мазмұны осылай. Қостанай облысы әкімдігі ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының “Қостанай облысының мемлекеттік архиві” коммуналдық мемлекеттік мекемесі тапсырыс берген бұл жобаның құны 71 428.58 теңге екен.

«Құттықтау бейнероликтерді дайындау және орналастыру/бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру бойынша қызмет көрсетулер» деген де мәміле бар екен. «Орал қалалық ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен “Қазақстан” Республикалық Телерадиокорпорациясы” акционерлік қоғамы 10 қарашада қол қойған келісім-шарттың құны 3 214 285.71 теңге

«Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесі тарапынан Қазақстан Ресупбликалық телерадиокорпорациясына берілген тағы бір тапсырыстың құны 27 миллиондай теңге. Ал, келісім шарттың мазмұны мынадай: Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және Ұлы даланың жеті қыры атты мақаласын түсіндіру бағытында, 2020 жылы Шымкент қаласының ТМД елдерінің мәдени астанасы болып белгіленуі, Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық атқарылып жатқан жұмыстарды кең көлемде насихаттау, сондай-ақ жасөспірімдер мен жастар арасындағы қылмыстың алдын алу және Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан атқарылып жатқан іс-шаралар бойынша оң имидждік сюжеттер дайындау, арнайы репортаждарды мемлекеттік тілде жүргізу. Шымкент қаласында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпарациясы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарын насихаттау, Шымкент қаласы үшінші мегаполиске айналуына орай кең көлемдер материалдар дайындау.

450 келісім-шарттың барлығын көріп шығу аса көп уақытты талап етеді. Сондықтан барлығының мазмұнына үңіле алмадық.  Дегенмен, көкейде көп сауал қалды. «Қазақстан Республикалық телерадиокорпорациясы» толықтай мемлекеттен қаржыландырылатын кәсіпорын болса, мемлекеттің ақпараттық саясатын насихаттау оның ең бірінші міндеті емес пе? Егер осылай болса, жергілікті әкімдіктер, мемлекеттік органдар өз қызметтерін насихаттауы үшін неге корпорациямен жеке келісім-шартқа отыруы тиіс, бұл онсыз да корпорацияның міндетіне кірмей ме? Әлде бюджеттен қаражат бөлудің механизмі осындай сауда-саттықты талап ете ме? Айтпақшы, сауда саттықтың барлығы да «бір көзден» жасалған.

Т

* Мемлекеттік сатып алулар порталындағы ақпараттар негізінде әзірленді

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар