//

Қызғылт қардың әлегі немесе экологиялық саясат оң болса

5352 рет қаралды
фото: pavlodarnews.kz

Қар  ақ түсті ғана емес, қызғылт түсті де болатынын білесіз бе? Әдетте мұндай қарды тек полярлы аймақтан, немесе биік тау бөктерлерінен кезіктіре аласыз. Тіпті болмаса, Павлодар қаласына келіңіз. Жергілікті тұрғындар үшін бұл таңсық дүние емес. Жыл сайын қыста шаһардың бір бөлігінде қардың қызғылт түске боялатын әдеті. Экологтар бұл қала іргесіндегі «Қазақстан алюминийі» зауытының мұржаларынан шығатын түтін мен шаң-тозаңның әсері екенін айтуда. Мұны өндіріс орынының өкілдері де мойындап отыр. Ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың көлемін мейлінше азайту бағытында барын салып жатқандарын да жеткізді. Алдағы он жылда зауыт қоршаған ортаны қорғау бағытындағы шараларға 66 млрд. теңге көлемінде қаражат жұмсамақ. Оның нәтижесі қандай болады?  

Әлқисса

Павлодар жұртшылығы «жаңа өндіріс орыны ашылады» деген жаңалықты үреймен қабылдайтындай деңгейге жетті. Елдегі энергетика, тау-кен, алюминий өндірісі саласындағы алпауыт кәсіпрындар шоғырланған өңірдің экологиялық ахуалы қандай деңгейде екені айтпаса да түсінікті. Қазақстанның Экология министрлігі таратқан ресми мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы еліміз бойынша өндіріс орындарынан ауаға тараған зиянды заттардың мөлшері 2,4 млн. тоннаға жеткен. Оның 717 мың тоннасы павлодарлық кәсіпорындардың үлесіне тиіп отыр. Соңғы үш жылда өңірдегі бұл көрсеткіш 14 пайызға, яғни 100 мың тоннаға артқан. Осы жайтты ескеріп, жергілікті экологтар дабыл қағуда.

– Біз үшін жаңа кәсіпорындардың құрылысында қандай технологиялар қолданылатыны маңызды. Инвесторлар үшін қаржылық тұрғыдан тиімді жобаның экологияға тигізетін кері әсері орасан болуы мүмкін. Мұны кальций содасын өндіретін зауыттың жобасынан айқын байқауға болады. Қоғам болып мұндай өндіріс орынының құрылысына рұқсат бермеуге тырысамыз, – дейді «Эком» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Светлана Могилюк. Сондай-ақ, эколог қоршаған ортаны қорғау саласында жаңа технологиялардың алар орны ерекше екенін баса айтты.

Еуропалық талапқа сай

Бұл тұрғыдан алғанда, табыстың жетегінде қоршаған ортаға қырын қарайтын жаңа кәсіпорындардан, экологиялық саясаты оң жолға қойылған алпауыт өндіріс орындары жақсы ма дерсіз. Мысалы, алюминий өндірісіне қажетті шикізат шығаратын бірден-бір зауыт – «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның экологиялық бастамалары талайға үлгі бола алады. Жылына шамамен 1,4 млн. тоннадан астам глинозем өндіретін кәсіпорын ауаға тарайтын зиянды заттардың көлемін азайтуда озық технологияларға иек артып отыр. Еуропалық стандарттарға сай болуға ұмтылуда. ERG-дің жаңа экологиялық саясаты осыған саяды.
Биыл зауытта №1 жентектеу пешінің екі электр сүзгісі қайта қалпына келтірілген. Заманауи,  гибридті сүзгілер орнатылған. Әзірге газ тазартудың мұндай технологиясы еліміз бойынша аталған кәсіпорында ғана пайдаланылуда. «Қазақстан алюминийі» АҚ президенті Роман Романовтың айтуынша, бұл жаңашылдық ауаға тарайтын өндірістік қалдықтардың жалпы көлемін жылына 2,5 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік береді.
– Бұл – ұзақ мерзімді жоба. 2022 жылы №2 пешті қайта қалпына келтіру жұмыстары басталады.  Алдағы он жылда барлық жентектеу пештерінің электр сүзгілерін кезең-кезеңімен ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Жобаның жалпы құны – 34 млрд. теңге. Тағы бір нәтижелі бастамаларымыздың қатарында күл жинайтын құрылғыларды қайта қалпына келтіру жұмыстарын атап өтер едім. Бұл бағыттағы жұмыстарға қосымша 26 млрд. теңге көлемінде инвестиция салынады, – дейді Роман Романов.

Тұрғындар онлайн режимінде бақылай алады

Павлодардың алюминий зауытында жекелей экологиялық бағдарламаларды цифрландыруға мән беруде. Биыл мұнда ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың көлемін қадағалайтын автоматты жүйе орнатылған. Ондағы деректерді құзырлы орган – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тікелей бақылап отырады.

Бұдан бөлек, зауытта екінші жыл қатарынан автоматтандырылған экологиялық станция жұмыс істеп тұр. Ол кәсіпорынның санитарлық-қорғау аумағының шекарасында атмосфералық ауаға мониторинг жүргізуде. Станция есепке алған деректер онлайн режимінде Еуразиялық топтың ішкі порталында және Павлодар қаласының бірнеше көшесінде орналасқан LED-экранда көрсетіледі. Осылайша, тұрғындар алюминий зауытынан ауаға қанша мөлшерде күкірт диоксиді, көміртегі, азот оксидінің тарап жатқанын көре алады.  Бұл деректерге сүйенсек, осы уақыт аралығында шамадан тыс зиянды қалдықтарды тарату көрсеткіші тіркелмеген.

Аққулы мекен

Қызғылт қарға оралайық. Алюминий зауытының санитарлық-қорғау аумағына жақын орналасқан Зеленстрой шағын ауданының тұрғындары тарапынан жыл сайын шағым айтылады. Олар кәсіпорыннан шығатын түтін, шаң-тозаңның салдарынан қардың беті қызғылт түске боялатынын айтады.

– Балаларымның, отбасымның денсаулығы үшін қорқамын. Жылдың өзге мезгілдерінде бұл құбылыс аса байқалмайды. Есесіне, қыста далаға шығуға қорқамыз. Қардың беті қызарып кетеді. Қандай ауамен тыныстап жатқанымыз белгісіз, – дейді қала тұрғыны Мейрам Смағұлов.

Мәселеге қатысты маман пікіріне жүгіндік. Жоғарыда аты аталған «Эком» қоғамдық бірлестігінің экологтары бұл Павлодардың алюминий зауытынан тарайтын шаң-тозаңның әсері екенін растап отыр.

– Зеленстрой шағын ауданының тұрғындары ауадағы жағымсыз иіске, қардың қызғылт түске боялатынына жиі шағымданатынын жақсы білеміз. Ол түсінікті де. Бұл алюминий зауытының жұмысының әсері. Оны өндіріс орынының өкілдері де жоққа шығармайды. Аталған кәсіпорын алюминий шикізаты өндірісіне қажетті бокситтерді пайдаланады. Қызғыл түс осы бокситтерден пайда болады. Ал боксит дегеніміз – құрамында алюминий гидроксиді бар кәдімгі саз балшық іспеттес шикізат. Одан аса қорқудың қажеті жоқ. Әрине, боксит адам денсаулығына мүлде қауіпсіз деп те айта алмаймын. Себебі, кәдімгі шаңның өзі көп жұтсаң өкпеге кері әсері бар. Дейтұрғанмен, тұрғындар айтқандай, барлық ауру-сырқауларға алюминий зауытын кінәлай беруге болмайды. Бұл бағытта әлі де толыққанды зерттеулер жүргізілмеген, – дейді эколог Марина Поух.
Павлодардың алюминий зауытына қатысты тағы бір қызықты дерек бар. Зауыт іргесінде орналасқан шағын көлге жыл сайын көктемде аққулар келіп қонады. Біраз уақыт осында мекен етіп, көбейіп, қайта ұшып кететін көрінеді. Кәсіпорын экологтары мұны жақсылыққа балап отыр.

Жоспар орындалуымен құнды

Аймақтағы салық төлеушілердің үздік үштігін қорытындылап тұған «Қазақстан алюминийі» АҚ (биыл қазынаға 7,3 млрд. теңгеден астам қаражат құйған) қоршаған ортаны қорғау бағытындағы шаралаға да қыруар қаржы жұмсап келеді. Зауыт алдағы он жылда экологиялық бағдарламаларға 66 млрд. теңге инвестициялауды жоспарлауда. Нәтижесінде, ауаға тарайтын зиянды өндірістік қалдықтардың көлемі 70 %-ға азаяды деп күтілуде. Бұл – Павлодар жұртшылығы үшін жағымды жаңалық. Жоспар сәтті жүзеге асырылып, күткендегідей нәтиже берер болса, облыс орталығының ауасы біршама тазарып қалары сөзсіз.

Сандар сөйлейді:

–         2019 жылы Павлодардың алюминий зауыты қоршаған ортаны қорғау шараларын іске асыруға 581 млн. теңгеден астам қаражат жұмсаған. Биыл бұл көрсеткіш 287 млн. теңгеге жетіп отыр;

–         2020 жылы «Қазақстан алюминийі» АҚ өкілдері Павлодар қаласында 1500 көшет отырғызды.

Данияр Жұмаділ,

Павлодар қаласы.

  • Бұл материал “Мінбер”  журналистерді қолдау орталығы ұйымдастырған “Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі” конкурсы аясында  дайындалды
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар