//

Досанова Фатима, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушы: 33 жылдан соң ақталдым

2533 рет қаралды

 1986 жылы мен 3-курс студенті едім. Қаскелең педагогикалық училищесінде оқып жүрген кезім. 1986 жылы 16 желтоқсан күні Дінмұхамет Ахметұлы Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығынан алынды. Орнына Колбин тағайындалды. Бұны ести сала барлығымыз жаппай көтерілдік.

  БІЗ АЛАҢҒА САНАЛЫ ТҮРДЕ ШЫҚТЫҚ

Досанова Фатима Исаевна желтоқсан көтерілісі кезінде небәрі 22 жаста болған. Ешнәрседен қорықпаған батыр жүрек иесі көтеріліске қалай қатысқанын баяндап берді.

Біз саналы түрде шықтық. Бәріміздің көзіміз ашық, көкірегіміз ояу. Жүрегімізде “неге қазақ елін орыс басқарады?” деген сұрақ тұрды. Владимир Ильич Лениннің “әр ұлт өзін-өзі басқаруы керек” деген сөзі бар. Сол сөзді баннерге жазып алдық. Бізде бір ғана мақсат болды. Қанша жыл орыстың қол астында келдік. Енді орыс басшы емес, қазақ басшы болсын. Біз осыны ғана түсіндіргіміз келді, жеткізгіміз келді.

Алаңға шығарда жастар мүлдем қорыққан жоқ. Бәріміз барып ұрандаттық. Полиция қызметкерлері бізді автобусқа жаппай лақтырды, сүйреді. Қаскелеңнің түрмесіне апарып жауып тастады. Осылайша түрмеден бірақ шықтық. Қамауда әрқайсымызды жекелеп тергеуге алды:

– Шындарыңды айтыңдар!
– Біз әр ұлт өзін-өзі басқарсын деген сөзді алып шықтық, себебі бізге қазақ басшы керек! Осы біздің шындық!
– Неге олай жазасыңдар?!

– Жазамыз, ұлтымыз үшін жазамыз! Неге бізді орыс басқаруы керек?  Ол қазақша мүлдем білмейді. Бізге қалай түсіндірме жасайды, не айта алады?
– Сендер оңбағансыңдар! Ұрыңдар!
Арқамызды таяқпен ұрды. Өте ауыр сөздер айтты. Барлығы жүрегімізде қалып қойды. Түрмеде қатты қиын болды. Қорлық көрдік, зомбылық көрдік. Жаздың ба дегенге жоқ деп жауап берсең, саған тиіспейді. Жаздым десең, ұрады, өлімші етіп сабайды. Кейбіріне қақаған қара суықта ыстық су шашты. Шаштарынан сүйреді. Адам емес, мал сияқты көрген ғой. Сенесіз бе? Түрмеде ине шаншыр жер жоқ. Камераның бәрі толы, сыртына дейін шығып кеткен. Шыңғырып жатқан қыздар, айғайлап жатқан жігіттер. Сол кезде мен бір нәрсе түсіндім. Адам аштан өлмейді екен. Су – біздің тамағымызға айналды. Барлығымызға бір ыдыстан сорпа берді. Сорпасында 1 ғана кеспе болады, одан әрқайсымыз 1-2 қасық ішеміз де келесі адамға береміз. Аштан өлмейік деп суға тойып алатынбыз. Су ішеміз, жылаймыз. Су ішеміз, жылаймыз… Барлығымыз бір сөзді ғана қайталаймыз: бізді не үшін қамайсыңдар, біздің кінәміз не? Бізге тек қазақ азаматы керек, болды, басқа ештеңе талап етпейміз дедік.

ЖАЗҒАНДАРЫМЫЗДЫ ДӘРЕТХАНАҒА ЖАСЫРДЫҚ

Біз өзіміз жазған плакаттарды жасырғымыз келді. Олай істемесек таяқтың астында қалар едік. Қағаздарды дәретханаға тығайық десек тығылмайды. Сыймайды екен. Қатты ұрғаннан қорқады екенсің. Менің әлі күнге дейін жауырыным қақсап ауырады. Суық өтіп кеткені сонша, қазір аяғымның сіңірі тартылады (судорога).

Желтоқсан оқиғасына топтағы барлық адам қатысқаннан кейін оқудан шығара алмады. Бізді шығарып жіберсе топ жабылып қалар еді. Алайда, директорымыз Гүлжамал Битанованы қызметінен алып тастады. Ол кісінің орнына Коробкин деген орысты қойды. Мен сол кезде “Қонаев кетіп, Колбин келді, Битанова кетіп, Коробкин келді” деген өлең шығарғаным есімде.

Бұл күн қаралы күн. Желтоқсан оқиғасы барлық жастың жүрегінен ешқашан өшпейді. Қанша жазықсыз жас қырылып кетті. Осы күнді “қаралы күн” деп белгілесе, қайтқан барлық жастың әруағы риза болар еді. Сол күнді, біздің қайсар жастарды еске алатын күн болса деп ойлаймын. Содан кейін 3-4 күннен соң тәуелсіздік мерекесін тойлатсақ дұрыс болар еді. Бұл менің көкейімдегі арманым ғана.

 Кейде 16 желтоқсанды ойласам қысымым көтеріліп, жатып қаламын. Айтар болсам бір кітапқа сыяр еді. Себебі барлық дүние көз алдымызда орын алды. Бізді комсомолдан шығарып тастады. Комсомол билетімізге жазбаша сөгіс жариялады. Шәкіртақымызды алып қойды. Бізге тағылған жала алдағы өміріміз үшін үлкен таңба болып қалды. Болашағымыз бұлыңғыр. Бірақ түптің түбінде шындық шығатынына сендім.

ОҚУҒА АВТОМАТПЕН БАРДЫҚ

Жастардың Алматыдағы Брежнев атындағы алаңға жиналып жатқанынан көп адам хабардар болып үлгерді. Қазақстанның түкпір- түкпіріндегі жастар келгісі келді. Бірақ барлығы келе алмады. Пойызды тоқтатып, жолды жапқан. Мүмкін бұл да дұрыс шығар. Олар да қырылып кетер ме еді. Олар да біз секілді түрмеде азапталар ма еді. Бізді түрмеден директорымыз шығарып алды. Енді біздің өмірімізге үлкен өзгеріс енді. Түрмеден кейінгі 3 ай оқуға автоматпен апаратын болды. Жатақханаға автоматпен әкеледі. Ары қарай өмір жоқ секілді көрінді. Бұл 3 ай 3 жылға тең көрінді. Күнде бізді мәжіліс залына шығарады. Оңбағандар деп сілкілеп ұрсады. Аузына келген сөзді айтады. Олар қазақтарды адам қатарына жатқызбады. Ол жердегі жағдайды үйге де айта алмаймыз. Себебі отбасымыз желтоқсанға қатысқанымыздан байхабар. Бізден шықтыңдар ма деп сұраса, жоқ деп жауап беретінбіз. Мен анамның жүрегі ауырмасын деп айтпаған едім.

Қатты қиналып кеттік. Сабаққа барамыз, жатақханаға келеміз, жылаймыз. Жылаған адам тамақ ішіп, сабақ оқи ала ма? Әрине, жоқ. Бір-бірімізге “осы біз не үшін оқып жүрміз?” деп сұраймыз. Бізді ешкім алмайды ғой, оқудың не қажеті бар деп ойладық. Бірақ жүректің терең бір түбінде күн бар еді. Үміт оты жанып тұрды. Жоқ, біз тәуекел етуіміз керек. Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің дедік. Солай бір-бірімізді қолдадық, демедік.

БІЗ АҚТАЛДЫҚ

 Бізде “Желтоқсан ақиқаты” деген тобымыз бар. Жыл сайын кездесеміз. Еске аламыз. Басымыздан өткенді айтамыз. Бірақ ауырып қалмас үшін көп айтпайықшы дейміз. Әр еске алған сайын қатты әсер етеді.

Біз бірге оқыған 5 қыз осы жылдың мамыр айында ақталдық. Құжатымызды, куәлігімізді өткізіп, барлық жағдайды баяндадық. Алты  айдың ішінде әрең ақталдық. Көбісінің құжаты жоғалып кеткен екен. Желтоқсан оқиғасына бір училищеден 87 қыз қатысқан екенбіз. Барлығымызға іс қозғалған. Ақталу оңай емесіне көзім жетті. Жақында куәлігімізді табыстайды.

Мен кейде өкінемін. Ол кезде жас болдым. Ақылымыз толық болған жоқ. Қазір аяғымның қатты ауырғаны соншалық тіпті бастырмай қалады. Сол кезде өкінемін. Не үшін шықтым, шықпағанда аяғым бұлай ауырмайтын еді деймін. Барлығы 40 жастан кейін шыға бастады. Бұны емдеуге болмайды екен, тек массаж алып тұрамын.Десе де осы күнге жеткенімізге қуанамын. Халқымның тәуелсіздігі үшін үлес қосқаныма қуанамын. Мен сол үшін де бақыттымын. Бізді қалай ұрғанын есіме алсам, көзіме еріксіз жас келеді. Сонда да бақыттымын. Әлі көрер күнім алда деп ойлаймын. Ақталғаныма Аллға шүкір деймін. Қазір ұлағатты ұстазбын. Қанша шәкірт тәрбиелеп жатырмын. Осы күніме шексіз ризамын.

Парақшамызға жазылыңыз

Жадыра Жанарбек

Minber.kz сайтының маусым айынан бастап авторы. Сулейман Демирел Университетінің 4-курс студенті. 2020 қаңтардан бастап “Halyqnews” сайтының Алматы қалалық тілшісі қызметін атқарған. Журналистерге арналған “Media CAMP Edyuton -2020” инновациялық курсының қатысушысы.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар