///

Ресей тарих профессоры: Қазақ хандығы Ресей мемлекетінен 15 жыл бұрын құрылған

3642 рет қаралды

Тарих ғылымдарының докторы, ресейлік  профессор Виктор Козодой Ресей РФ Мемлекеттік Думасының депутаттарының Қазақстан территориясы туралы пікірлерін жаңсақтық деп бағалайды.

Сурет Козодойдың әлеуметтік парақшасынан алынды

«Жақындағы пікірталастарды сараптай отырып, біздің кейбір азаматымыз, соның ішінде коммуналдық депутаттарымыз тарих жайлы білімдерін «Иван Васильевич меняют профессию» секілді советтік кинокомедиялардан алатын секілді деген тұжырым жасауға болатындай. Естеріңізде болса, ол фильмде Иван Грозныйдың (Ю.Яковлев ойнайды) “Қазанды алдым, Астраханьды алдым, Шпакты ала алмадым”  дейтіні бар. Осы бір керемет “әдіснаманы” негізге ала отырып, біздің байғұс ұлт патриоттары Казан және Астрахань хандықтарының өмірде болғанын мойындайды, ал қалғандары жайлы мағлұмат мұнда болмағандықтан, олар да өмірде болмады деген аңқау қорытынды шығарады. Сөйтіп, ауыздарынан ақкөбік аққанша совет билігіне дейін қазақ мемлекеттігі болмағандығын “дәлелдеп” бағады, деп жазады Козодой өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында.

Сонымен қатар, ол “бұндай “қайраткерлер” совет кезеңіне сілтеме жасауды жақсы көреді” дейді.

“Жақсы, советтік дәуір ме, советтік делік. Әдебиеттерді қолға алайық. 1943 жылы М.Абдыкалыков пен   А. Панкратованың (СССР ҒА академигі,  ешкім күмән келтіре алмайтын беделді ғалым) басшылығымен «Истории Казахской ССР» кітабының бірінші басылымы жарық көрді. Қаралық, §9, 94 бетте “Қазақ хандығының қалыптасуы мен дамуы” деген тарауда: “Қазақ хандығының негізі болған жаңа мемлекет пайда болды” деп жазылады. 95 бет: “Жас мемлекеттің тұрғындарының саны өсті. XV ғасырдың 60-шы жылдарында оның саны 200 мың адамға жетті. Қазақ хандығының билеушісі Жәнібек хан болды” деп жазылған” дейді.

Оның айтуынша, 1949 жылы оқулықтың екінші басылымы жарық көреді. Оның редакциясын басқарған  И. Омаров және А. Панкратовалар.

«Міне, сізге “советтік историография” керек болса. Қазақ хандығының пайда болған жылы – 1465 жыл (“Орыс мемлекеті” – 1480 жылы Угра өзенінің бойындағы ірі шайқастан кейін тәуелсіздікке қол жеткізгендігін естеріңізге саламын, яғни “Қазақ хандығынан” 15  жыл кейін.  Бұл жақсы ма, жаман ба, білмеймін, бірақ шындық осы, Новосібірде қыс болып, қар жауатыны секілді бұрмалауға келмейтін шындық.

Яғни, тарихты кинокомедиялардан емес, тарихи зерттеулерден үйрену керек. Әсіресе, совет дәуірінде дәлелденіп, жоққа шығарылмаған фактіні бір қарап қойған дұрыс болар” деген ол.

Таяуда Ресей Мемлекеттік Думасының депутаттары Вячеслав Никонов пен Евгений Федоров Қазақстанның территориялық тұтастығына күмән келтіріп, бірі “Солтүстік Қазақстан – Ресейдің сыйы” десе, екіншісі – сыйлық екенін мойындамаса, Ресейге сыйға алған территорияларын қайтарсын деген болатын. Ал Қазақстанның Сыртқы Істер министрлігі РФ ресми нота жариялағанымен, әзірге бұған жауап болмады.

Қазақстанның Мәскеудегі елшілігіне “Солтүстік Қазақстан – орыстың жері” деген баннер ілінгендігі белгілі болған. Бұл баннер ілуші адам ұсталған, дегенмен бір күннен кейін босатып жіберген.

Ресей Думасының ТМД, Еуразия интеграциясы мен отандастармен байланыс жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Виктор Водолацкий “Ресей Мемлекеттік Думасының атынан Ресей Қазақстан тәуелсіздігін толықтай мойындайды, екі ел арасында әртүрлі саладағы достық пен әріптестік байланыстар берік орныққан, сондықтан Мемлекеттік Дума депутаты Вячеслав Никоновтың мәлімдемесіне қатысты инцидент реттеледі деп ойлаймын” деген.

13 желтоқсанда Алматыдағы Ресей консулдығының алдына “Солтүстік Қазақстан – Қазақ жері” деген плакат ілінгені белгілі болды. Бұл плакатты ілушілердің де ұсталғаны айқындалды.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар