//

Айманның енді ықтияр хаты бар. Ықтияр хат рәсімдеу үшін не істеу керек?

8199 рет қаралды
фото: Қазақ үні

Айман Жанатқызы есімді оқырманымыз Қазақстанға оралғалы біраз уақыт болса да, ықтиярхатқа қол жеткізе алмай жүргенін айтып шағымданған еді. Оның осы уақытқа дейін ықтиярхат алуына 2 нәрсе кедергі болған. Біріншісі тіл білмеуі. Құжатқа өтініш жіберу, елшілікке бару және т.б кейбір жұмыстар орыс тілінде болғандықтан, Айман құжатын рәсімдей алмай қиналған. Екіншіден, құжат жинау оңай шаруа емес. Ұзақ уақытты қамтитын процесс. Өз жұмысын ысырып Айманға бар уақытын бөлетін жақын туысы болмаса керек. Мінбер.кз сайтының тілшісі Жадыра Жанарбек қандасымыздың құжаттарын рәсімдеуге көмектесу үшін Айманмен бірге біраз мекеменің есігін тоздырды. Төменде Айманның құжатын рәсімдеу процедурасы қалай жүзеге асқаны туралы баяндаймыз.

Әрине, ықтиярхатқа қол жеткізу оңай шаруа емес. Дегенмен Айманның қасына редакция қызметкерінің бірге жүруі шаруаны екі есе тездетті. Сайтымыздың авторы бұл жұмыстың тез бітуі үшін білікті маман іздестіріп, жылдам әрекетке барды. Бұл ауыр істі айтарлықтай жеңілдетті. Құзырлы мекеме өкілдерінің сұратқан құжаттары мен талабы әр кез заң немесе заңнамалық құжаттарға сай болады. Себебі олар заңсыз құжат сұрата алмайды. ​Ең алдымен тұрғылықты тұруға рұқсат ететін аймақ таптық. Алматы облысынан Айманның туысқандары үйге тіркелуге рұқсат берді. Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу үшін ҚР Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясы департаментіне бардық. Бұл мекеме бізге қандай құжаттар қажет екенін көрсетті. Барлық құжаттарды, өтініштерді, медициналық тексерістерді жинастырдық. Әрине, құжаттарды жинастыру оңайға соққан жоқ. Бұл біраз ұзақ процесс екеніне көзіміз жетті. Бізге бұл жұмыстар үшін екі аптадай уақыт қажет болды. Ережеге сәйкес құжаттарды жинақтап, өткіздік. Арада шамамен 1 ай өткеннен кейін, құжат үшін фотоға түсу қажет деді. Біз ХҚКО, полиция басқармасына барып фотосурет түсірдік. Он күннен кейін құжат дайын болады деді. Арада он күн өтті. Құжатымыз дайын екенін біліп, барып алып қайттық.

Қазір Айманда ықтиярхаты бар. Көп жағдайда біздің қандастарымыз тіл білмеуіне байланысты қиналып қалады. Мысалы, Қазақстандағы Моңғолия елшілігіне барғанымызда бізге орысша қызмет көрсетті. Ал сырттан келген қандастарымыз орыс тілін енді меңгеріп жүр немесе әлі бастамаған. Сол себепті әр қандасымызға көмек көрсетіп жіберсек халқымыз, еліміз үшін жасаған жақсылық болар еді. Бұл біздің соңғы екі айдағы жеткен жетістігіміздің бірі деп білеміз. Ең бастысы нәтиже, жақсылық. Айман біздің ұжымға алғысын білдірді.

Талапбек Тынысбекұлы, «Отандастар» қорының менеджері:

– «Ықтияр хатқа» құжат өткізу үшін талап етілетін құжаттың бірі – тұрақты тіркеу, барлық процедура осыдан басталады. Ең үлкен проблема тұрақты тіркелетін орын табу, өте жақын туысың болмаса, көп ел үйіне тұрақты тұруға рұқсат бере қоймайды. Ал Алматы мен Нұр-Сұлтан секілді ірі қалаларда тұрақты тіркеуге тұру қиямет қайымның бірі. Өйткені бұл қалаларда бір адамға 15 кв/м аумақта тіркелу талап етіледі. Көп адам алыстан келген ағайындарына көмектескісі келгенімен, заң талаптарына қайшы келе алмайды. Сол себепті де, шетелден келген қазақтар тұрақты тіркеле алмай біраз уақытын өткізіп алады. Оның үстіне әр елден келген азаматтарға әр қалай тәртіптері бар. Былайынша құзырлы органдар артық құжаттар сұратпайды. Құжаттары толық болса, ықтияр хатты уақытылы береді.

ҚР тұрақты тұру ықтиярхатын алу үшін төмендегі құжаттарды өткізу қажет:

1) Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсатты беру туралы өтініш-сауалнама;

2) көрсетілетін қызметті алушының ұлттық паспортының, азаматтығы жоқ адамның құжатының көшірмесі және түпнұсқасы (салыстыра тексеру үшін), олардың жарамдылық мерзімі өтініш берген күні күнтізбелік 180 күннен астам болуы тиіс;

бірлесіп өтініш берген кезде он алты жасқа толмаған баланың жеке басын растайтын туу туралы куәлігі немесе басқа құжаттың көшірмесі және түпнұсқасы (салыстыра тексеру үшін);

3) оның азаматтығы бар немесе тұрақты тұратын мемлекетінің жазбаша келісімі, ол кету парағы не шетелге тұрақты тұруға арналған рұқсатты растайтын басқа құжат ретінде жүруі мүмкін (босқындар деп танылған немесе Қазақстан Республикасында пана ұсынылған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды және егер халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, Қытай Халық Республикасынан келетін этникалық қазақтарды қоспағанда);

4) өтінішхат берушінің қолтаңбасымен қазақ немесе орыс тіліндегі өмірбаян;

5) этникалық қазақтарды, бұрынғы отандастарды, Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасында немесе Қазақстан Республикасында туған немесе бұрын оның азаматтығында болған адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар негізінде жеңілдетілген тәртіпте Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқығы бар адамдарды және олардың отбасы мүшелерiн қоспағанда, “Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсаттар алуға үміткер шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасында болу кезеңінде өздерінің төлем жасау қабілеттігін растау ережесін бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 26 қарашадағы № 1185 қаулысына сәйкес өзінің төлем қабілеттілігін растау туралы құжат;

6) азаматтығы тиесілілігі немесе тұрақты тұратын мемлекетте соттылығы (соттылығының болмауы) туралы тиісті мемлекеттің құзыретті органы берген құжат (Қытай Халық Республикасы азаматтарының этникалық қазақтарын қоспағанда, егер өзге халықаралық шарттарда көзделмесе);

7) Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға 14-тен 18 жасқа дейінгі баланың нотариалды куәландырылған келісімі;

8) өтініш берушіге тұруға тұрғын үй ұсыну және тұрақты тіркеу есебіне қою туралы жеке және заңды тұлғамен нотариалды куәландырылған шарт не нотариалды куәландырылған келісім;

9) “Шетелдіктерде және азаматтығы жоқ адамдарда болуы олардың Қазақстан Республикасына келуіне тыйым салатын аурулардың тізбесін бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 664 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2011 жылғы 24 қазанда № 7274 болып тіркелді) сәйкес шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға келуге тыйым салынатын сырқаттардың бар-жоғы туралы шетелдіктің медициналық куәландыру туралы анықтамасы;

10) мөлшері 35х45 мм бір фотосурет;

11) тиісті мемлекеттің құзыретті органы берген басқа мемлекеттің азаматтығының болмауы және тоқтатылуы туралы анықтама (туу фактісін анықтаған не басқа мемлекеттік аумағында оның тұруы анықталған жағдайда жеке басты куәлігі жоқ көрсетілетін қызметті алушы жүгінген кезде).

5), 6), 9) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың жарамдылық мерзімі күнтізбелік 180 күннен аспауы тиіс.

Оң қорытындысы шығарылған жағдайда  шетелдік тұрақты тіркеу есебіне алынып және шетелдіктің тұруға ықтиярхатымен құжаттандырылатын болады.

Дереккөз: egov мемлекеттік қызметтер және онлайн ақпарат порталы

* Бұл материал Еуропалық Одақ қаржылай қолдауымен әзірленген. Материалдың мазмұны www.minber.kz сайтының жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

Парақшамызға жазылыңыз

Жадыра Жанарбек

Minber.kz сайтының маусым айынан бастап авторы. Сулейман Демирел Университетінің 4-курс студенті. 2020 қаңтардан бастап “Halyqnews” сайтының Алматы қалалық тілшісі қызметін атқарған. Журналистерге арналған “Media CAMP Edyuton -2020” инновациялық курсының қатысушысы.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар