////

Бауыржан Омарұлы: Жұрт жадындағы Жолдасбек

1928 рет қаралды
(Осы күндері оны дос-жарандары туған күнімен құттықтап жатар еді…)
ПАПКАСЫ ЖАЛПАҚ ТАРЛАНБОЗ
Жалпақ еді папкасы,
Жастар еді жақтасы.
Жабық емес еді оның,
Жүрегінің қақпасы…
(Тақырыптың тұздығы)
Журфактың өзінің жазылмаған заңдары бар. Мәселен, төменгі курс студенттері жоғарғы курстағыларды сөзсіз үлгі тұтады. Сыйлауға міндетті және өнеге алуға құқылы. Онда тұрған не бар, барлық оқу орнында солай емес пе дерсіз. Солайы солай. Бірақ мәселе сәл басқаша. Журфактың қолына қалам ұстап туған балаларының курсы ілгерілеген сайын танымалдығы арта түседі. Оқу бітірмей жатып бұқаралық ақпарат құралдарына жұмысқа тұрып алатындары да жеткілікті. Сондықтан бұл құрметтің жөні бөлек.
Алайда журфактың студенттері алдыңғы буынның бәріне бірдей табына бермейді. Тек солардың ішіндегі алабөтен жазғыштарды ғана қадірлейді. Ал енді… олардың төменгі курстағыларға кейде шекесінен қарайтыны рас. Тек ара-тұра «Майда курс – пайда курс» деп маңдайларынан сипап қоятыны болмаса. Дегенмен, солардың ішінде іліп алар дүниелер жазып, көпшіліктің назарын аударған қабілетті ұл-қыздар кездесе қалса, аса елп ете қалмай, салқындылық таныта отырып, жоғарғы курс екеніңе қарамастан ептеп қана көңіл бөліп қойғаның артықтық етпейді.
Біз журфакта оқыған тұста да кейінгі курста елді елең еткізген қаламы жүйрік жастар баршылық еді. Әсіресе, ерекше көзге түскен екі студентті бөле-жара атар едім. Біріншісі – мектеп оқушысының төрт дәптеріне дәптеріне сала құлаш повесть жазып, сол шығармасы арқылы «Жалынның» жабық бәйгесіне қатысып, екінші орынды жеңіп алып, айды аспанға бір-ақ шығарған Айгүл Кемелбаева. Бірінші орынды ерен жүйрік Есенғалидың атақты «Бердәулет пен Жоламаны» алса, біздің қыздан кейінгі үшінші орын мен ынталандыру сыйлықтарын қазақтың қабырғалы қаламгерлері иеленсе, айды аспанға шығарғаны емей немене?! Екіншісі, журфакқа түсерде университеттегі қабылдау комиссиясына жап-жалпақ папкасын қолтықтап келген жұдырықтай ғана жігіт – Жолдасбек Дуанабаев еді.
Папкасы жалпақ дегенге, оқуға аттанғанға дейін бір мекеменің бас бухгалтері болып қызмет істеген екен деп қалмаңыз. Оның папкасының ішін толған маңызды мақалалар мен құнды қолжазбалар-дүр. Түрлі топшылаудан тобықтан түйін түйген шағын заметка да, сезімді қозғайтын сырлы суреттеме де, оқиғаның сипатын дәл танытатын жедел репортаж да, азаматтың ажарын ашатын ойлы очерк те осы жалпақ папканың жемсауынан табылады.
Жолдасбектің сол папкасының ішінде қанша мақала болғаны жөнінде өмірі бітпейтін қызу пікірталас үнемі жүріп жататын. Біреулер жүз, екіншілер үш жүз, үшіншілер мың деседі. Әйтеуір әрі қарай кетпесе, ешкім де жүзден төмен түспейді. Себебі, ол газет ісіне тым ерте араласып, өте көп еңбектенген жігіт еді. Әуелі «Қазақстан пионеріне», кейіннен «Лениншіл жасқа», Жамбылдың облыстық газетіне, Меркенің аудандық басылымына үзбей мақала жазып тұрған. Сондықтан папкасы жалпақ тарланбоздың бедерлі бейнесі журфак студенттерінің мифтік болжамдарына арқау болуы заңды еді. Нақты санын өзінен сұрасаң, баласының санын айтпайтын ілгерідегі ырымшыл һәм дәстүршіл қазақтар секілді жымиып күледі де қояды.
Біреулер оны мерейлі Меркенің перзенті болған соң сол өңірден шыққан темірдей қатты деканымыз Темірбек Қожакеевпен тікелей байланыстыратын. Бірақ Темкеңнің қолтығына тығылып жүрген босбелбеу баланы көрмедік. Шынында да, ол мына тұрған Меркеден емес, Шығыстағы Зайсаннан немесе Арқадағы Зерендіден, тіпті мұнаралы Маңғыстаудан келсе де, соншама мақаласы кез-келген адамның жүрегін жібітер еді.
Сөйтіп, Жолдасбектің есепсіз көп мақаласы журфактың қастерлі қабырғасындағы талай ауызекі әңгіменің өзегіне айналды. Оқуға өйтіп-бүйтіп түскенімен, бес жылда бір дүние жазбай амалдап келе жатқан сары жамбас сабаздар оны қиял-ғажайып ертегілерінің кейіпкеріндей немесе күн ұзаққа мақала жонатын су жаңа станоктай көретін болуы керек. Әйтеуір ертелі-кеш таң қалысады да жүреді. Ал шындығында оны көп жазды дегенген гөрі, журфактың әрбір студентінің күнделікті шығармашылығының өлшем бірлігін танытты деген дұрысырақ шығар. Қолына қалам ұстаған ұл-қыздың қай-қайсысы да осындай болу керек деген үлгіні ғана алға тартты ол.
Еш нәрсені елең қылған жоқ. Мыңғырған мал айдаған маңғаз малшы секілді мақалаларының санын көбейткен үстіне көбейте түсті. Жазғанда да жақсының жақсысын асырып, жаманның құтын қашырып жазды. Әр сөзін кестелеп түсірді. Төңірегінде жазуға құмар жас ұландар өріп жүрді.
Студенттік ортада ұйымдастырылатын ақындар айтысында Жолдасбектің курсының мерейі әрдайым үстем тұратын. Өңкей оқу өтіп кеткен көзілдірікті-көзілдіріксіз қыз-жігіттердің арасында шығармашылық жетістіктері жеткілікті Жолдасбектің есімі де ерекше аталатын. Бірде Табылды Досымовпен айтысып отырған Қуат Қайранбаевтың «Курсыңның бір ай бойы жазғандарын, Бір түнде жазар Жолдас ағаларың» дегені бар. Қуаттың осы қуатты әзіліне залдағылардың біразға дейін ду қол шапалақтап тұрып алғаны есімізде.
Төменгі курстың студенті болғанымен, оның жасы бізден едәуір үлкен еді. Сондықтан, қалжың айтсақ, тізгінді тарта айттық. Қай кезде де оның қас-қабағына қарай жүрдік. Себебі, ол ешкімге сырын шашпайтын, орынсыз асып-таспайтын. Сол мінезімен-ақ өзін жұртқа сыйлата алатын.
Сондықтан, әдетте басқаларға қырғидай тиетін журфактың небір «жындылары» мен жырындылары Жолдасбектің жеке басын бағалай білді.
«ЖАС АЛАШТЫҢ» ЖАМПОЗЫ 
Бар пейілі ақ еді,
Бәрімізден сақ еді…
Біз өзі – бір басылым,
Бір өзі – бір БАҚ еді.
(Тақырыптың тұздығы)
Студент кезімізде аздап араласқанымызбен оқу бітірген соң жөнімізге кеттік. Олар бізден соң да журфакта екі-үш жыл оқыды. Содан соң «Жас алаштың» қабырғасында кездестік. Мұның алдында «Қазақстан пионерінің» сайыпқыран сарбазы болған ол әйгілі жетінші қабаттың жампоздарының қатарына қосылды. Содан соң көсіліп бір жазды. Жұмысына өте ұқыпты еді. Тапсырманы тез орындайды. Мақаласын тартымды әрі оқылымды етіп жазады. Үнемі жайдары кейіпте жүреді. Аралас-құраластыққа аса жайлы.
Біздің тұсымызда бөлімдер ірілендірілді де, Жолдасбек екеуміз біраз уақыт Ақпарат бөлімінде қызмет істедік. Бұл бөлімде Жолдасбектен басқа Сейітхан Зеберханұлы, Төлеухан Бідірәлі, Талғат Ілімжан секілді өңкей алғыр репортерлер бар еді. Олар журналистикадағы жеделдіктің озық үлгісін көрсетті. Ақпарат бөлімі материалдарының тақырыптары түрленіп сала беретін кезі осы тұс. «Әулие ұрыны біліп отыр», «Тамақ беретін трамвай», «Адамсон Сарыкемерде қыстап жатыр» деген секілді елең еткізерлік тақырыптар бертінге дейін елдің аузында болды. Осы шағын хабарлардың біразы Жолдасбектің қаламынан шықты. Мен осы бөлімнің меңгерушісі ретінде оған көбірек үміт артатын едім.
Жолдасбек көпке дейін үйленбей, бойдақ болып біраз жүрді. Сірә, ол өзінің шаңырағына лайық бойжеткенді ұзақ іздеген сыңайлы. Жалғыз Жолдасбек емес, сол кезде редакцияның жасы отыздан асқан сыралғы сүрбойдақтары жеткілікті еді. Соның бәрі «Жас алаштың» тікен тілді жігіттерінің әдемі әзіл-қалжыңына арқау болды. Біздің басылымда біреу балалы болса, соның құрметіне қабырғаға құттықтау жазып ілетін дәстүр бар еді. Мұны жай құттықтау емес, қабырға газеті десе де болғандай. Себебі, белгілі бір тақырыпқа арналады. Содан соң сурет салынады. Сол суретке сай не өлеңмен не қарасөзбен майын тамызып мәтін жазасың. Сонда қабырға газеті болмаған несі қалды?!
Перзентті болғандарды құттықтаған кезде де әлі үйленбей жүргендер тіл ұшына іліне кетеді. Бұған ешкім ренжімейді. Мәселен, жауапты хатшының орынбасары Әділ Қойтановтың екінші ұлы туғанда жігіттер қабырғаға мынадай құттықтау-өлең жазып ілгені бар:
Бойдақтықтың жанды жеген жарасы,
Құлтастардың кескініне қарашы.
Жолдасбектер әрі үйленбей жүргенде,
Қойтановтың туды екінші баласы.
Міне, осылай… Сол баяғы сүрбойдақ Құлтас… Мойнына құрық түспеген Жолдасбек… Әзілмен әрлеу, қалжыңмен қажау. Алымды ақпаратшылар Төлеухан Бідірәлі, Сейітхан Зеберханұлы, Жолдасбек Дуанабай үшеуінің жасы бұл кезде отыз үшке жеткен-ді. Енді оларға «Отыз үште отау иесі» деген, үйленсеңдерші», – дейтін болды әріптестері. Бірі шамданады, екіншісі ашу шақырады. Ал Жөкең жымияды да қояды. Кейін бәрі де бас құрады. Сөйтіп, олардың ұзаққа созылған бойдақтығы туралы тақырып актуальді болмай қалды. Жолдасбек те теңін тапты. Өмірге Дина қыз келді.
Жолдасбекпен бірге «Жас алашта» екі-үш жыл қызмет істеген соң біз басқа жұмысқа ауыстық. Ол сол басылымда қалып, оншақты жыл тер төкті. Газеттің жыртығын жамады. Күнделікті ақпаратты аждаһадай жұтып жататын басылымның өмірі тығындалмайтын өңешін толтырумен айналысты. Ол барлық дерлік жанрды игерді. Хабар-ошар әзірлейтін бөлімде машықтанып, қаламынан түрлі заметка туындатты. Оқиғаның ортасына жедел жетіп, оқырманға репортаж ұсынды. Табиғат аясына шықса, одан да құр қайтпай, мөлдіретіп суреттеме дайындап әкелді. Тұғырлы тұлғалармен тілдесіп, сыр суыртпақтап, сұхбат алды. Қатарынан озған замандас келбетін айшықтап, портреттік очерк жазды.
Қай басылымда қызмет істесе де, ол асқан ұқыптылығымен көзге түсті. Фактілерді мұқият тексереді. Кейіпкерлерімен қайта-қайта тілдеседі. Тиісті мекемелерге әлденеше рет қоңырау шалады. Ешнәрсені назардан тыс қалдырмайды. Көңілі тынышталған соң ғана жазғанын басуға ұсынады. Ал ол кезекші болған күні газет басшылары тыныш ұйықтайды. Әйтеуір, Жолдасбектің кінәсінен бұқаралық ақпарат құралы зардап шегіпті дегенді осы уақытқа дейін естіген емеспіз.
Журналистік кәсіпке адалдықтың эталоны деуге болар оны…
 «АЙҚЫННЫҢ» АҚТАҢГЕРІ
Тайталаса алады ол,
Тұлғалыққа жарады ол.
Тарихында «Айқынның»,
Таңбаланып қалады ол!
(Тақырыптың тұздығы)
Ең ұзақ уақыт қызмет істеген басылымы – «Айқын» газеті. «Литер media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты қос басылым – «Айқын» мен «Литер» ақпарат кеңістігіне ерекше екпінмен, өзгеше үрдіспен келді. Бұл теңдессіз жобаны танымал журналист Ерлан Бекхожин басқарды. Шынында да, ұзақ жыл жалғыз шапқан «Егемен Қазақстанның» қатарына күн сайын шығатын «Айқынның» қосылуы елді елеңдеткен жаңалық болды. Сол кездің өлшемі бойынша басқа әрістестеріне қарағанда жалақыны көбірек алатын айқындықтар құлшына жұмыс істеді. Ой еркіндігі бар еді бұл басылымда. Газеттің алғашқы бас редакторы Серік Жанболаттың іріктеп алған сайдың тасындай қыз-жігіттерден құралған әлеуеті мол шығармашылық тобында Жолдасбек те бар еді. Содан бері он төрт жыл бойы осы шаңырақтың отымен кіріп, күлімен шықты. Тек осыдан екі жыл бұрын «Айқын» көрпе-төсегін арқалап, Астанаға аттанған кезде ғана көшелі көшке ілеспей, Алатаудың етегінде қалып қойды.
2007 жылы Серік Жанболат басқа қызметке ауысты да, орнына бас редактор болып мен келдім. Бәрі де көз көрген жігіттер… Әділбек Қаба, Берік Бейсенұлы, Ермахан Әбдіраман, Төреғали Тәшенов… Әсіресе Жолдасбектің жөні бөлек-ті. «Жас алаштан» кейін он үш жылдан соң қайта қызметтес болдық. Бұл кезде ол баяғы желмен жарысып жүретін жүретін Жолдасбек емес еді. Сабырлы, салмақты, салиқалы. Әзіліне дейін әдемі. Бірқақпайларына дейін берекелі. Қалжыңы мен қағытпасына дейін қазақы. Ертерек есейген, елуге жақындаған елеулі жігіт ағасы. Бұрынғыдай жүдеулеу һәм жұқалтаңтау емес. Сәл толысқан. Онысы өзіне керемет жарасады. «Айқынның» редакциясында менен жасы үлкен журналистер баршылық еді. Солардың бірі ретінде мен оны аға тұттым, ақылшы санадым. Оған көбірек сендім, кәдімгідей арқа сүйедім. Өйткені ол барша жұртқа адалдығын баяғыда-ақ дәлелдеп, азаматтық биікке әлдеқашан көтерілген-ді.
Ол ел-жұрттан ерекшеленіп, жарқырап жүрген жоқ. Бірақ қарапайым құндылықтар көп еді оның бойында. Не ғылған құндылықтар дейсіз бе? Біріншіден, Жолдасбектің біреуді жамандағанын не сыпсың сөзге құлақ асқанын естімедік те, көрмедік те. Жігерлі жігіттер жеңгейлерден бетер желдей есіп тұрғанда, Жолағаң жымиып қана отырар еді. Сол жымиысы арқылы бөріктілердің көріктілерден айырмасы болмай бара жатқанына деген қыжылы мен қынжылысын аңғартқандай болатын. Екіншіден, ол өтірік айтумен әуестенбеді. Ешкімді алдап-соққан емес. Үшіншіден, жұрттың көңіліне келетін әңгімені ешқашан айтпайтын. Жібектей мінезі жүрегінен жібектей сөзді ғана түрткілеп шығаратын. Орынсыз оспадарсыздықтан аулақ болды. «Айқынның» ауласында Төреғали Тәшенов екеуі ара-тұра жеңіл қалжыңмен қайымдасып тұратын. Алайда, соның өзі жоғары мәдениеттің, үйлесімді этикеттің деңгейінде жүзеге асатын. Төртіншіден, уәдеге өте берік еді. Берген сертіне тастай қатып қалатын. Оның тым болмаса, бір рет уәдесін аяқ асты еткені есімізде жоқ. Жоспар күнде сызылатын, уәде күнде бұзылатын заманда Жолдасбектің жарқын бейнесі жоғарылаған үстіне жоғарылай түспек. Бесіншіден, дос-жаранға, ағайын-туысқа адал еді. Әсіресе адаммен қарым-қатынасқа сызат түсірмейтін. Сенімді серіктес болатын. Сондықтан, «Жортқанда жолың болсын, Жолдасың Жолдасбек болсын!» деген мәні өзгерген мәтелді жиі айтатынбыз.
Жанынан жалғыз қызы Динаны бір елі тастамайтын. Жолдасбектің жолдас-жораларының арасында жүріп бой жеткен көркем қыз өте бауырмал болды. Әкесін шексіз жақсы көрді. Онымен бірге жүрген әр күнін бақытқа балады. Сонау студент кезінде футболға бір барғанда ойнатылған лотереядан «Москвич» көлігін ұтқан, тағы бірде өзге бір сайыста етек-жеңі мол пішілген спорт киімін олжалаған бақытты билеттің иесі сүйікті перзентіне өлшеусіз бақыт тілеуден өмірі жалықпайтын.
Осы тұста Жолдасбекке «Жас алашта» да, «Айқында» да басшы болып, қамқорлығын аямаған, ағасындай аялаған сөз өнерінің сардары Нұртөре Жүсіпті айрықша атар едік. Жолдасбектің жолын ашып, тынысын кеңейтті ол…
Тілі ащы, діні қатты деканымыз Темірбек Қожакеев кейінірек Жолдасбектің баяғыда журфакқа ала келген жалпақ папкасы туралы сөз болғанда, «Слушай, мұндай көп мақаланы мен осы кезге дейін жазған емеспін», – деп сүйсінгені бар.
Сөйтіп, осыдан қырық жылға таяу уақыт бұрын журфакқа «Папкасы жалпақ тарланбоз» болып келген жұқалтаң жігіт журналистиканың жорғасына мініп, жыраулар жырлаған нағыз «Табаны жалпақ тарланбозға» айналып еді. Ілбісіндей боп ілбіп келіп, іргеден енген індет Жолдасбекті жетелей кетеді деп кім ойлапты?!
Талайдың тынысын ашып, деміккенге демеу болған жүйрік журналистің бір-ақ сәтте өзінің де тынысы тарылып, дем жетпей қиналатынын кім білген?!
Міне, енді… Жолдасбексіз жарты жыл өтті…
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар