/

Алаш идеясы керексіз болып қалды ма? Байбек қайда барады? Мәжілістің жаңа құрамы туралы не айтуға болады?

1936 рет қаралды
фото: ic24.kz

Жаңа сайланған Мәжіліс депутаттарының құрамы анықталып келе жатыр. 12-ші қаңтар күні «Ақжол»  демократиялық партиясы мен Nur Otan партиялық тізім бойынша Мәжіліс депутаттығына өткен партия мүшелерінің тізімін жариялады.

Оларға қарап, Мәжіліс құрамы 100 пайыз жаңарады деп айта алмаймыз, дегенмен жаңа есімдер баршылық, Nur Otan тізіміндегі 25 жасар Мәди Ахметтің депутат болуы көпшілік арасында кеңінен талқыланып жатыр. Ал, парламенттік  оппозиция болудан үмітті, сайлау алды бағдарламасында «Алаш» идеясына жүгінген «Ақ жол» партиясының фракциясында алашшыл азаматтар жоқтың қасы. Бұл сайлаушылардың алдында көзбояушылыққа көбірек ұқсайтындай көрінді.

Бұл туралы, Геосаясат институтының директоры, саясаттанушы Асылбек Ізбаировтың пікірін білген едік.

фото: Cabar.asia

Асылбек Ізбаиров: – Nur Otan өздерінің Мәжілістегі фракциясының құрамы жетпіс пайызға жаңарды деп мәлімдеп отыр. Дегенмен, арасында Нұрлан Нығматуллин секілді бұрыннан келе жатқан депутаттар да бар. Алайда, Ерлан Саиров, Берік Әбдіғани, Айдос Сарым секілді сарапшыларды және «Ана тілі» газетінің бас редакторы, журналист Жанарбек Әшімжанды тізімге қосқан екен, мұнысы енді құптарлық мәселе. Неге, өйткені бұрынғы сайлауларда Nur Otan құрамынан спортшыларды, әртістерді көретін едік. Осы жолғы тізімнен өз еңбегімен танылған тұлғаларды, мамандарды көріп отырмыз. Ерлан Саиров болсын, Берік Әбдіғани болсын өздерінің жеке айтары бар, өзіндік көзқарасы бар жандар. Сондықтан, бұл жағы әрине қуантарлық.  Әрине, Nur Otan құрамынан билікке оппозициялық көзқарастағы жандарды көре алмайтынымыз түсінікті нәрсе.

– Тізімде көпшілік саясаттан алшақтады деп санап жүрген Дариға Назарбаева да бар екен, оған не айтар едіңіз?

Асылбек Ізбаиров: – Дариға Назарбаеваның партия тізімінде болуы күтілген, болжалды жағдай деп ойлаймын, яғни солай болатыны анық еді. Осы уақытқа дейін ол кісінің саясаттағы болашағы жайлы түрлі болжамдар айтылып келді. Алматы облысын басқарады екен деген де сыбыстар тарады. Сондықтан, ол кісінің саясатқа қайта оралуы белгілі болды.

– Тізімнен Арман Қырықбаев секілді партия идеологын көрмедік. Бауыржан Байбектің өзі де депутат болмайтынын аңғардық, тізімде жоқ. Мұның себебі не, қалай ойлайсыз?

Асылбек Ізбаиров: – Иә, олар тізімде жоқ болғанымен саясат сахнасынан кетпейді және жақын күндері оларды басқа қызметтен көруіміз мүмкін деп ойлаймын. Өйткені, 15 қаңтарда Үкімет отставкаға кетсе, жаңа Үкімет құрамы бекітіледі. Сол кезде Бауыржан Байбекті Үкімет басшысы немесе бірінші вице-премьер ретінде көріп қалуымыз мүмкін. Ал, Арман Қырықбаевты сарапшы ретінде танылған, партия идеологтарының бірі ретінде Президент әкімшілігінен көруіміз де ғажап емес.

– Ақ жол» демократиялық партиясы жариялаған партиялық тізім туралы не айтасыз?

Асылбек Ізбаиров: – «Ақ жол» партиясының тізімінде ақын Қазыбек Иса бар екен. Мен соған қуандым. Өзіндік айтар ойы бар азамат. Ал, жалпы партия тізіміне келетін болсақ, ондағы тұлғалардың үштен бірі Мәжілістің бұрынғы құрамында болған. «Ақ жол» құрамында өзгеріс бар. Дегенмен, бұл өзгерістің қаншалықты сапалы болатынын уақыт көрсетеді.        Уақыт көрсетеді дейтінім, әзірге екі партияның тізімінен де елге өзгеріс әкеледі-ау деген тұлғаларды көріп отырған жоқпыз. Айдос Сарым бір жылдары белсенділік танытып, ел алдында жүретін тұлға еді. Кейінгі кезде бұрынғы белсенділікті байқай алмай жүрміз.

– «Ақ жол» партиясы бұған дейін өзін парламенттік оппозиция ретінде көрсетуге талпынып келгенін білесіз. Қалай ойлайсыз осы құраммен парламенттік оппозиция бола ала ма?

Асылбек Ізбаиров: – Он адамның 70-тен аса адамға парламенттік оппозиция болуы екіталай, біріншіден. Екіншіден, оппозиция болу үшін мемлекеттік құрылым турасында, экономика және басқа да салаларда олардың танылған, жеке позициясы болуы керек.  Мысалы АҚШ-тағы демократтар мен республикандар, Британиядағы консерваторлар мен либералдар, міне оларда парламенттік оппозиция бар.

– «Ақ жол» партиясы сайлау алды бағдарламасында «Алаш» идеясын көтеріп, Сұлтанхан Аққұлұлы секілді алаштанушы ғалымы қатарына қосқан еді. Ал, партия тізімінде алаштанушы жоқ. Бұл сайлау алдындағы көзбояушылық емес пе?

Асылбек Ізбаиров: – «Алаш» бұл үлкен идея. Оны сайлау алдындағы үгіт-насихатқа пайдалану – бұл күтілетін нәрсе. Алайда, ақжолдықтар сол Алашордашылардың ізбасары бола ала ма? “Алаш” идеясын қандай негізде пайдаланып тұр? Мәселе сонда! Ал, «Алаш» идеясына жүгінген екен, онда Сұлтанхан Аққұлұлы секілді ғалымды Мәжілістегі фракция тізіміне қосуы тиіс еді. Сонда сайлаушылар алдында адалдық болар еді.
Жалпы, қай партияның тізімінде болсын, өзіндік конструктивті, жеке пікірі бар тұлғалардың болғаны дұрыс еді. Оппозиция болуы міндетті емес, ерекше ойлай білетін адамдардың болғаны жақсы. Мысалы, мен Амангелді Айталы ағамызды «Ақ жол» тізіміне қоса ма деп ойлап едім. Ол кісі жоқ. Жалпы, кезіндегі Шерхан Мұртаза секілді, ақсақал болатын, жөн білетін дейді ғой қазақша, сондай ел алдында беделі зор тұлғалар жоқтың қасы екен, партия тізімдерінде.

– Есесіне, Nur Otan тізімінде 25 жасар Мәди Ахмет бар…

Асылбек Ізбаиров: – Менің ойымша, Парламентке жасы қырықтан асқан, өмірден алған тәжірибесі бар адамдар келуі керек. 25 жасар жігіт…, көпшілік те біліп тұр ғой, оны сынаудың да қажеті жоқ. Барлық мәселе жастар мен әйелдерге берілген 30 пайыздық квотада болып тұр ғой. Дегенмен, Парламентке  өзіндік айтар ойы бар, өмірден алған тәжірибесі бар адам келуі керек деп ойлаймын.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар