Қазақстан тарихының кейінгі отыз жылында атажұртқа оралған ағайынның әр қайсысы әр салада қызмет етіп елдің дамуына үлкен үлес қосып жүр. Мінбер.кз-тің бүгінгі кейіпкері Қазақстанның мәдениетін дамытуға атсалысып, қазақ халық биінің өрісін кеңейтіп, би арқылы қазақ халқының өзіне ғана тән әдет-ғұрпын көркемдеп жеткізіп жүрген хореограф, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы Мемлекеттік «Алтынай» халық биі ансамблінің бишісі – Бегзат Ағиярұлы.
Бегзат Ағиярұлы 2005 жылы Алматы облыстық филармониясының арнайы шақыруымен елге келген, содан бері осы өнер мекемесінде қызмет етіп, түрлі байқауларға қатысып, көптеген сюжетті билерді қойып, Талдықорған қаласындағы жеткіншектерді қазақ халық биін билеуге үйретіп жүр. Біз Бегзат Ағиярды оқырманға таныстыру мақсатымен шағын сұхбатқа шақырдық.
– Би өнерін қай елде, қай мектепте, қандай ұстаздан үйрендіңіз?
– Мен ата-әжемнің қолында атамның күмбірлетіп тартқан күйін тыңдап, әжемнің бесік жырын тыңдап өстім. Қытайдың Алтай аймағы қазақы қалпы бұзылмаған, ұлттың барлық салт-дәстүрі сақталған аймақ. Бала кезімде жайлауда қазақтың ұлттық ойындары түгел ойналатын той-думан жиі өтетін. Ат спортының алуан түрін көріп өстім, атам мен әжем мені жиын-тойдан ешқашан тастаған емес, сондай жиындарда сахнада мың бұралып билеген өнерпаздардың өнеріне қатты қызығатынмын. Би өнеріне қызығушылығым сол кезден басталды. 1991 жылы алты жасымда мектепке бардым. Мектепте би үйірмесіне қатысып Қытай жеріндегі би өнерінінің білікті маманы Гүлжекен Кәбиқызынан халық биінің әліппесін үйрендім. Сабақ ала жүріп аудандық, облыстық байқауларда жүлдегер болдым. Кейін өсе келе ата-анам менің биші емес, мұғалім немесе дәрігер болғанымды қалады. Дегенмен өнерге деген ынтызарлық күшті болып 2001 жылы Алтай аймағындағы Көркем өнер колледжінің хореография бөліміне оқуға түсіп, ата-анамның рұхсатымен би саласына түбегейлі бет бұрдым. Колледжде Қытай Халық Республикасының Бірінші дәрежелі балетмейстері, ардагер ұстаз Қамида Қизатқызы есімді ұстазым қазақ биінің қыр-сырын кәсіби деңгейде үйретті.
– Елге қай жылы келіп едіңіз, азаматтық алуда қиындық тумады ма?
– Үшінші-төртінші сыныпта оқып жүргенде Қазақстан өз алдына дербес ел ретінде шекарасын бекітіп, өзге елдермен қарым-қатынас орнатып жатқан кезі еді. Қазақстанның атақты әншілері Қанат-Айткүл Құдайбергеновтер, Мақпал Жүнісова, Ақжол Мейірбеков, Алтынбек Қоразбаев сынды аға-апаларымыз 1990 жылдардың басында Алтай аймағына концерт қойып барған екен. Сол концертті теледидардан көріп, «Болашақта мен де осы кісілердің қасында жүріп, ел-елді аралап, биші болсам екен…» деп армандағанмын.
2004 жылы Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына көшіп облыстық өнер ордасына қызметкерлер жинап жатыр екен. Мен ол кезде Алтай аймақтық Көркем өнер колледжін бітірген едім. Қытайдың Алтай, Тарбағатай, Іле өңірлерінен кәсіби биші-мамандарды іріктеп жұмысқа шақырды. Өзімнің ата-жұртымды көрсем деген бала күнгі арманым орындалды. Арманым өнерге жетелесе, өнерім мен елге, ата-бабамның кіндік қаны тамған атажұртқа алып келді. Қазақстанға келіп Қытай жерінде үйреніп бастаған би машығымды жетілдірдім, жоғары білім алдым. Этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың бастамасымен құрылған 35 жылдық тарихы бар мемлекеттік «Алтынай» халық биі ансамбліне биші болып қабылдандым. Осы ұжымда жүріп бірнеше байқауларға қатысып жүлдеге ие болдым. Қазір ұрпақ сабақтастығын сақтауда, қазақ биін өз еліміз бен өзге елдерде насихаттау жолында осы ансамбльде биші және би қоюшы болып қызмет етіп жүрмін. Қосымша Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында хореограф болып жұмыс істеймін.
Азаматтық алу барысында көп қиналған жоқпын. Филармонияның басшылығы бізді арнайы шақыртқандықтан құжат жасау қиын болмады. 2005 жылы келіп 2006 жылы азаматтықты алып қатты қуандық. Қазақстанның азаматы болу шеттен келген кез келген қазақ үшін өте үлкен қуаныш деп санаймын.
– Әлеуметтік бейімделуде тіл білу маңызды екені белгілі, кириллицаны қалай меңгердіңіз?
– Алтай аймағында қазақ-қытай аралас мектебінде оқыдым, негізгі сабақтар қытай тілінде, басқа сабақтар қазақ тілінде жүрді. Әрине, ол жақта орыс тілі мүлде қолданылмайды. Елге келген соң қоғамға ілесу барысында орыс тілін білмегендіктен аздап қиналдық. Оның үстіне 2005 жылдары мұндағы адамдар қазақша сөйлеп тұрса да, орыс тілінде сөйлеп тұрғандай сезілетін. Әр өңірдің тілінің ырғағы, бояуы болады ғой… Бірақ, үйренем деген адам кез келген қиындықты жеңетіні секілді бара-бара үйреніп кеттік. Кириллицаны да Қытайдың 5000-10000 әріпін үйренуден қиын емес қой, ана тілімізде қолданылатын таңба ғой деп үйрендік. Тіл қарым-қатынас құралы болғасын оны меңгеру заман талабы.
«Қара жорға» биіндегі қимылдардың жылқыға қатысы жоқ
– Би өнері оның ішіндегі буын биінің Қазақстанда танылуына ықпал еткен шеттен келген ағайын екені айтылады. Осы ретте «Қара жорға» биінің мәнін түсіндіріп берсеңіз?..
– Би өнері – адамның дене мүшесін бейнелеу материалы ете отырып, өзінің ойын, мақсатын, белгілі бір музыканың ырғағына ыңғайлап, мәнерлеп, көркем қимылмен жеткізу. Ол жанды және жансыз заттарды да бейнелейді. Биді көркем өнер ішіндегі ең қиыны әрі ең қызығы деп айтар едім. Оның адам баласына тигізетін пайдасы өте көп, тәрбиелік мәні мен этика-эстетика, денсаулыққа пайдасы жағынан да, дене бітіміңіздің дұрыс жетілуіне де өте пайдалы. Оның ішінде буын биі дегеніміз, түркі тілдес халықтарға, көшпенді халықтарға (қазақ, қырғыз, маңғол) ортақ би, алайда олардың әрқайсының өзінің орындау стилі, қолданатын музыкасы бар. Сол әуенге байланысты әр халық әртүрлі билейді. Буын биінің Қазақстанда жаңғыруына шетелден келген қандастар ықпал етті. Байырғы қазақ жерінде буын би болған жоқ деп айта алмаймыз, тек ұмытылып бара жатқан биді қандастар жаңғыртты. Қазақстандағы би өнерінің падишасы атанған Шара апамыздан тартып, кезіндегі қазақ би өнері мектебін қалыптастырып, оқулық шығарған Дәурен Әбдіров, Әубәкір Смаилов ағаларымыз би өнерінің дамуына көп үлес қосты. Солардың жазбаларында, естеліктерінде буын биі жайында көп мәлімет айтылады. Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз ауыл-ауылды аралап жүріп қарапайым жігіттердің биін көріп Ольга Всеволодская-Голушкеевич есімді балетмейстерді арнайы шақыртып буын биін қойған.
Ал қазіргі біз билеп жүрген «Қара жорға» буын биінің бір үлгісі. Мұндағы «Қара жорға» ән емес, күй. «Қара жорға» биінің қимылдарын жылқы түлігінің қимылына қатысты деп айтатындар бар. Ол мүлде жаңсақ пікір. Кәсіби биші ретінде «Қара жорға» биінің жылқыға еш қатысы жоқ екенін баса айтамын. «Қара жорға» деп нені айтамыз, мұндағы «қара» сөзін жіктеп көрсек, қазақтың қара қазан, қара бала, қара нар, қара күш деген сөздерінің мағынасы секілді мұндағы «қара» сөзінің заттың түсіне қатысы жоқ. Ондағы қара деген сөз ең көне, қасиетті, қадірлі деген мәнде қолданылып тұр. Ал жорғаға келетін болсақ жылқының жорғасы болатыны секілді адамның да жорғасы болады, мұндағы жорға адамға қатысты. Демек адамның кез-келгені кез-келген уақытта әуеннің ырғағына денесінің әр мүшесін икемдеп, буынын былқылдатып билеп кете алмайды. Би өнерінің бір құдіреті осында. Адамның ішіндегі ең сұлуы, келбеттісі, сал-серісі, ерекше икемдісі ғана билей алады. Буын би дегеніміз тек «Қара жорға» емес әрі буын биін Қазақстанға шеттен келген қандастарымыз алып келді деп бір жақты айтуға болмайды. Тек көп биленбей ұмытылып бара жатқан тұста қайта жаңғыртты деп айтқанымыз жөн.
– Би өнерінің жаңа заманға бейімделуін қалай бағалайсыз?
– Қазақтың би өнерінің мақсаты – біздің ұлттың салт-дәстүрін, тұрмыс-салтын, ырымдарын би арқылы көрсету. Заман өзгергенімен салт-дәстүр өзгермейді. Ал қазақтың халық биі әбден қалыптасқан, кемеліне келген өнер. Қазіргі біздің міндет оны келешек ұрпаққа сол күйінде сақтап, өзгертпей келешекке жеткізу.
Ал енді заман талабына сай қазақ биінің жаңаша бағытында жақсы билер қойылып жүр. Соның бірі қазақ би өнерінің білікті маманы, Нұр-Сұлтан қаласындағы Хореография академиясының аға оқытушысы Анвар Садыкова апайымыз, қазақ биін жаңа бағытта қойып жүр. Дегенмен, біз ұлтымызға тән би қимылдарын ешқашан естен шығармай, төл қимылдарымызды сақтай отырып, би қойылымдарын заман талабына сай дамытуымыз керек.
– «Аңшының биін» орындау арқылы жақсы танылдыңыз. Оның идеясы қашан пайда болды, неше уақыт дайындалдыңыз?
– Аты айтып тұрғандай бұл би сал-серілік өнерге негізделеді. Аңшылық өнерге қатысты бізде неше түрлі жақсы әндер бар, күй де бар. Алайда, би жоқ еді. Біз бұл биді арғы беттен алып келдік. Бала күнімнен қазақ би өнерінің керемет кәсіби орындаушысы Сержан Асылхан ағамыздың өнерін көріп өстім. Ол кісі Қытай Халық Республикасының мемлекеттік бірінші дәрежелі балетмейстері Нағима Тайырқызының алғашқы шәкірті. Аңшының биі 1990 жылдардың басында дүниеге келген, арада жиырма жылға уақыт биленбей ұмытылып кетті. 2006 жылы Шара Жиенқұлова атындағы кәсіби бишілер байқауы Орал қаласында өтті. Сол байқауға қатысу үшін ол биді Нағима Тайырқызы қайта өңдеп, жасап, маған үйретті. Осылайша, жаңарған, түрленген аңшының саятқа шыққандағы барлық сән-салтанатын көрсететін жақсы би шықты. Сол бимен Шара апамыздың атындағы байқауға қатыстым. Байқауда қазақ би өнерінің майталмандары Болат Аюханов, Тойған Ізім, Айгүл Құлбекова, Еркебұлан Ағымбаев, Айгүл Тати сынды би өнеріне еңбегі сіңген қайраткерлердің бағалауымен бірінші орын алдым. Бұл биді билеп жүргеніме он бес жылдай уақыт болды. Осы биді орындау үшін арнайы шақыртумен ішкі Қытайдың Пекин, Гуанжоу қалаларына барып келдім. Одан бөлек Египет, Франция, Израил елдеріне барғанда да оны бағдарламаға арнайы қосып жүрдім. Өйткені «Аңшының биі» қазақтың саятшылық мәдениетін мұқият көрсететін күрделі, айтар ойы көп би.
Жалпы бір бидің сәтті шығуы бір ғана бишінің немесе би қоюшының қолынан келмейді. Ғұмыры ұзақ, көрерменге түсінікті болатын, ой салатын билер ең алдымен балетмейстер таңдаған тақырыпқа байланысты. Балетмейстер таңдаған тақырыпты композитор музыка тілімен жақсы жеткізе білгені абзал. Осы екі маманның ойы бір жерге тоғысқаннан кейін барып, кәсіби техникасы жетік биші таңдалады, оның техникасы ғана емес жан-дүниесі де билеп тұру керек. Одан кейін барып костюм тігіледі, ол да өте маңызды. Осы төрт маманның ойы бір арнаға тоғысқанда, бір қазанда қайнағанда жақсы билер өмірге келеді.
– Пандемия шығармашылығыңызға қалай әсер етті?
– Әлем бетпе-бет келген пандемия қай саланы да, қай маманды да тығырыққа тіреді. Дене еңбегімен айналысатын би мамандарына жаттығу жасау үшін арнайы орын керек, ыңғайлы шарт-жағдай жасалуы керек. Сондай арнайы залдар болмаса би өнері шектеліп қалады. Дегенмен, «басқа түссе баспақшыл», арнайы жаттығуларды жасамасақ та дене қыздыратын жаттығуларды жасадық. Көп қабатты үйдің ауласындағы жаттығу жасайтын заттардың көмегімен үнемі жаттығу жасап форманы сақтауға тырыстық. Өнерде жүрген соң, әрине, халықтың алдына шыққың келеді, ел аралағың келеді. Билегің келіп, арқаң қозып отырған сәттерде үйде отырып қалған біз үшін қиын болды.
2020 жылға бірталай жоспар құрып едік, осы жылы «Алтынай» ансамблінің құрылғанына 35 жыл толған еді. Сол айтулы датаның аясында облыстың аудан-ауданын аралап өнер көрсетсек, басқа облыстарға гастрольдік сапарға шықсақ деген ойымыз бар еді. Өкінішке қарай, оның бәрі орындалмай қалды.
Бізге шабыт беретін балет залымыз жабық болғаны маған да, менің әріптестеріме де оңай болмады. Дейтұрғанмен «әр істің қайыры бар» дегендей қарап отырмай «Алтынай» би ансамблінің, алтын қорда сақталған билердің тарихын зерттедім. Дәурен Әбдіров, Шара Жиенқұлова, Меңтай Тілеубаев, Ольга Галушкеевич, Зауырбек Райбаев, Жаннат Байдаралин, Нағима Тайыр, Сәуле Орынбаева қатарлы кезіндегі үлкен аға-апаларымыз қойып кеткен билер «Алтынай» ансамблінде сақтаулы. Солардың шығу тарихына, мән-мағынасына, айтар ойына терең үңілдім. Олардың тарихын оқып қана қоймай ФБ әлеуметтік желісі арқылы халыққа жеткізіп отырдым. Карантиннің маған және менің кәсібіме тигізген пайдасы осы болды.
– Әңгімеңізге рахмет!
P.S. Қытайдың Алтай аймағында Қытай Халық Республикасының мемлекеттік бірінші дәрежелі балетмейстері Нағима Тайырқызынан сабақ алып, атажұртқа келіп өз өнерімен елдің мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген кейіпкеріміз Бегзаттың жұбайы да биші. Бегзат пен Гүлжан қазақ бишілері арасында қыз бен жігіт болып жұптасып билеу дәстүрін «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблінің негізін қалаушылар Мақан Үсен Қайырұлы мен ол кісінің зайыбы Қазақ Ұлттық хореография академиясының «Режиссура» кафедрасының профессоры, КСРО-нің еңбек сіңірген артисі, өнертану кандидаты Тойған Ізімнен кейін жалғап келе жатқан кәсіби мамандар. Олардың жұптасып орындауында «Құсбегі», «Жеңгесі мен қайнысы», «Дауылпаз», «Селт еткізер», «Мөлдір сезім», «Көл серісі», «Мәңгілік алау», «Балдәурен» секілді көптеген көркем билер бар.