/

Су жаңа депутаттар ант берді. Көбінде құлықсыздық байқалады

1798 рет қаралды
фото: Казинформ

Әлеуметтік желіде VII шақырылған Мәжіліс депутаттарының ант беру рәсімі қызу талқыға түсті. Талқыға түспей қайтсын. Онлайн өтіп жатқан шарада екі ауыз сөзді қазақ тілінде ежіктеп оқып тұрған депутат аса көп болды. Ант беру кезінде көптеген депутаттың сол сәттегі  хәлінен елге қызмет ету үшін келдім-ау деген жауапкершілік байқалмағандай болды… Әрине, алдын-ала бал ашудан аулақпыз. Парламент қабырғасына алғаш енген кейбір су жаңа депутаттар үшін толқу  заңды да шығар. Алайда, бұл шақырылымға Президент маңызды міндеттер жүктеді. Соның бірі әрі маңыздысы Сайлау туралы Конституциялық Заңға өзгеріс енгізу.

Мемлекет басшысы Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7%-дан 5%-ке дейін төмендетуді және Сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген тармақты енгізуді ұсынды. 10 қаңтар күні minber.kz сайты еліміздегі қазіргі Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, азаматтардың ешбір партияға қарсы дауыс беру құқы жоқ екенін жазып, саясаттанушы Дос Көшімнің бұл мәселеге қатысты пікірін берген едік. Саясаттанушы «бәріне қарсы болу» да таңдау екенін айтқан еді.

Мемлекет басшысы да бүгін осы тақылеттес пікірін білдірді. «Біздің басты мақсатымыздың бірі – адам құқықтарын толық қорғау. Бұл ретте, азаматтардың таңдау еркіндігін барынша қамтамасыз ету өте маңызды. Әлемдік тәжірибеде адамның қандайда бір сайлауға келіспейтінін немесе үміткерлердің бәріне қарсы екенін заңды түрде білдіру құқығы кеңінен қалыптасқан», – деді Мемлекет басшысы. Сондықтан, Президенттің пікірінше  барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын« деген жазу енгізген жөн. «Бұл бастама азаматтардың сайлау құқығын қорғауға жағдай жасайды. Таңдауы жоқтығын ресми көрсетудің өзі таңдау емес пе?!», деді Мемлекет басшысы.

Бұл пікірге қатысты, Сайлауға дейін бұл мәселе неге көтерілмеген деген дау айтуға болар еді, айтылып та жатыр. Дегенмен, мұның астарынан тағы бір маңызды мәселені байқауға болады. 10 қаңтар күні Алматы секілді саяси маңызы жоғары қалада халықтың дауыс беруге де құлшынысы төмен болды. Бұл Алматы үшін қалыпты дегенмен де, сайлауға қатыспаудың өзі қарсылықтың бір түрі екенін ескерсек, Президент халық өз қарсылығын таңдау ретінде көрсеткені жөн деп тапқан болар. Мұнымен қоса, ресми БАҚ өкілдері жариялай қоймағанымен сайлау күні Алматыда, Нұр-Сұлтан қаласында, Оралда белсенділер ашық қарсылық көрсетуге талпынып алаңға аз болса да жиналды. Тіпті Алматыда Oyan, Qazaqstan қозғалысының өкілдері аязда бірнеше сағат бойы полиция қоршауында тұрды. Бұл да таңдау. Бұл да қарсылық. Президент бұл оқиғалардан хабарсыз қалмағаны анық.

Саясаткерлердің, жалпы қоғамның айрықша назарында отырған тағы бір мәселе бар. Ол Ақорда мен Кітапхананың арасы. Екі тарап қырғи-қабақ емес екені белгілі ғой. Алайда, елде шын мәнінде билік кімнің қолында деген сұраққа жауап бергенде билік транзитінің толықтай аяқталмағанын алға тартатындар көп.

14 қаңтар күні Nur Otan партиясының жиынында партия төрағасы, Елбасы бірнеше ұсыныс айтты. Оның бірі Мәжіліс спикерлігіне VI шақырылымда спикер болған Нұрлан Нығматуллиннің кандидатурасын ұсынуға байланысты.  15 қаңтар, яғни бүгін VII шақырылымның алғашқы жиынында Нұрлан Нығматуллиннің кандидатурасын қолдаушылар көп болды, «Ақ жол» мен Халықтық партиясының төрағалары Азат Перуашев пен Айқын Қоңыров та бірауыздан Нұрлан мырзаның мақтауын асыра қолдап жатты. Нәтижесінде, Нұрлан Нығматуллин Мәжіліс спикері болып сайланды.

Елбасы тағы бір ұсыныс айтқан болатын. Бұл жолы үкімет басшысы Асқар Ұзақбайұлына байланысты. Бүгін 15 қаңтар, Мемлекет басшысының қаулысымен үкімет отставкаға жіберілді. Ал, Қасым-Жомарт Тоқаев Асқар Маминнің кандидатурасын үкімет басшысы ретінде ұсынатын болса, Елбасы Nur Otan фракциясы депутаттарын оның кандидатурасын қолдауға шақырды. Енді, көпішілік жаңа Үкімет құрамын асыға күтетін болады. Егер Асқар Мамин қайта үкімет басшысы болса, ел билігінде кітапхананың ықпалы жоғары екені тағы бір айқындалмақ.

Айтпақшы VII шақырылған Мәжілістің алғашқы отырысына 96 депутат қатысты. Олардың арасынан депутат Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның көре алмадық.

Ал, Ант беруге құлықсыз бәлкім толқи қатысатын депутаттардың арасынан қоғам мүддесін көздейтін, халыққа жанашыр болар тұлғаларды көре алдық па? Қоғам қайреткерлері, саясаткерлер соңғы сайлау қоғам мен билік арасындағы алшақтықтың ұлғая түскенін баса айтуда. Мәжілістің жаңа құрамы осы алшақтықты жоюға ықпал ете ала ма? Уақыт көрсетер. Алайда, айтқан ант, берген сөзге-ақ сенетін қазақы көңілге «тутастыгы» турасында ант берушілер ұнай қоймады. Түбін берсін.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар