////

Медиа пандемияға дайын еместігін танытты (видео)

3204 рет қаралды

“Мінбер” ақпарат агенттігі Жамбыл атындағы Жасөспірімдер кітапханасымен бірлесіп “Мінбердің мінбесінде” атты жаңа жобаны қолға алды. Жобаның алғашқы отырысы Бейсенбі күні, 14 қаңтарда өтті. Тақырып “Пандемия медиаға қандай өзгеріс әкелді?” деп аталады. Спикерлер: Ғалия Әженова (“Әділ сөз”), Думан Смақов (Factcheck.kz), Жұлдыз Әбділда (“Қазақ газеттері”) және Есенгүл Кәпқызы (“Мінбер”). Модератор Жадыра Жанарбек.

Кездесу-сұхбатта мынадай тақырыптар қозғалды:

“Пандемияның медиаға әкелген ең үлкен өзгерісі”

“Пандемияға дейін және кейінгі кездегі халықтың медиа сауатының деңгейі”

“Медиа пандемия кезінде қандай тақырыпта немесе мәселеде үнсіз қалды?”

“Пандемия кезінде журналистер қандай қателік жіберді? Не нәрсені дұрыс жасаған жоқ?”

“Пандемия журналистердегі сөз бостандығына қалай әсер етті?”

“Пандемия медиадағы қаржы жағдайына қалай әсер етті?”

“2020 жыл тәуелсіз журналистерге қысым жасаумен есімде қалды. Журналистің жұмысын шектеу орын алды. Үкіметке ақпараттық сауал жіберген кезде сылтаумен, себепсіз жауапты ысырып отырды”. Бұл “Factcheck Kazakhstan” жобасының бас редакторы Думан Смақовтың пандемияның өзгерісіне берген бағасы.

Жамбыл атындағы кітапханада өткен кездесуде спикерлер бірнеше өзекті тақырыпты талқылады. Маңызды, түйткілді ойларды назарға ұсынамыз.

Есенгүл Кәпқызы:

” Біз пандемия кезінде ресми органдарға хат жолдадық. Бірақ 40-30 күнде жауап келетін. Facebook желісіне жаза бастадық. Біздің хатымыз жауапсыз қалып жатыр деп жарияладық. Жауап келетін, бірақ сұраққа сәйкес емес. Біз басқа нәрсе сұраймыз, бізге мүлдем басқа жауап келеді. Сонымен қатар мемлекеттік басылымдарда дәрі жеткілікті деп көрсетілді. Ауруханада орын бар деген секілді бүркемелеу болды.”

Жұлдыз Әбділдә:

” Пандемия кезінде жалған ақпараттар көп таралды. Журналистердің бір тобы ашық деректермен жұмыс істей бастады. Ақпаратты тексеруге, мына ақша қайда бөлінді деген сұрақтарға жауап іздестірді. Екінші топтағы журналистер болмайтын ақпаратты тарата бастады. Осындай екі топқа бөлінген еді”

ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕ ЖУРНАЛИСТЕР ҚАНДАЙ ҚАТЕЛІК ЖІБЕРДІ?

Ғалия Әженова:

Пандемия кезінде сауатсыздық көбейді. Жалған ақпарат таратсаң жалақың өсе ме, дәрежең көтеріле ме? Жоқ. Қандай мақсатта өтірік жаңалық таратады? Ең сорақысы журналистер этиканы сақтай алмады. Айғайлап тұрған тақырыпты қалай жариялай салады? Белден төмен нәрселерді қозғап кетті. Бұл дұрыс емес. Журналистер белгілі ресми медиада жұмыс істеп, ресми ақпарат жариялайды. Бірақ өз әлеуметтік желідегі парақшасында басқаша жазба жазады. Бұлай істеуге болмайды.

Есенгүл Кәпқызы:

Пандемия кезінде мемлекеттік ақпарат құралдарын сарапқа салып көрген едім. Газеттерде коронавирус жайлы ақпарат жоқ. Мамыражай өмір сүріп жатқандай көрсеткен. Біздегі қоғам үшін маңызды тақырыптар екінші бетке ауысып жатты. Бұл қысымның кесірінен. Журналистер жазғысы келеді, бірақ олардың жазғанын алдыртып тастайды.

Жұлдыз Әбділда:

Ақпарат таратпас бұрын, журналистердің өзі ол ақпараттың рас/өтірігін тексеру керек. Олар керісінше “ойбай, сұмдық” деп жариялайды. Коронавирус Қазақстанға келмеген кезде бір әріптесім “коронавирус шықты, екі құлағы тік шықты” деп материал жариялапты. Бірден ДСМ әлеуметтік парақшасы, сайты барлығын қарадым. Ондай ақпарат жоқ. Ал материалды оқығанымда 500 адам карантинде жатыр деп жазылған екен. Әріптесіме “карантинде жатса коронавирус деген сөз емес” дедім. Әріптесім жекеме “маған оқылым жинау керек болды, 2000-ға жетті, өшірдім” деді. Бұл біздің оқырмандар алдындағы жауапкершіліктің жоқтығы.

Жалған ақпарат тарату көбейді дедік. Қателік жіберген жандардың кешірім сұрап видео жариялауы орын алды. Бұл өте күлкілі. Кешірім сұрамасын. Қателік жіберген журналист шынымен қалай екенін көрсетсін. Халық үшін осы маңызды.

Думан Смақов:

Мемлекеттік телеарнада, газет-журналда істейтін журналистер бетбақ болып кетті. Менікі дұрыс болса да дұрыс, дұрыс болмаса да дұрыс, сенің жасап жатқан дүниең өтірік деген секілді. Шынайы ақпаратты, жолды көрсетпейді. Пандемия басталғанда біздің журналистер қай елдің пропагандасын ұстанарын білмей қалды. Ресей, АҚШ, Қытай пропагандасы. Сонымен қатар жалған ақпарат таратып, артынан кешірім сұрай салу оңай болды.

ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕ ҚАНДАЙ ТАҚЫРЫП ҚОЗҒАЛМАДЫ?

Ғалия Әженова:

Мемлекет тарапынан ашық дерек болмады. Үкімет ақпаратты құпия ұстады. Бұның кесірінен жалған жаңалықтар көбейді. Қарапайым емханадан сұрағыма жауап ала алмадым. Оның орнына ақылы емханаға баруыма тура келді. Медициналық сақтандыруға бір төледік, емханаға да ақылы қаралдық. Бұл қалай болғаны?

Есенгүл Кәпқызы:

Ғылыми журналистика жоқ бізде. Барлық нәрсені ғылыми тұрғыда түсіндірсе жақсы болар еді. Қоғамдағы азшылық топтар жайлы материалдар аз болды. Олар қалай өмір сүрді, немен күн көрді деген секілді сұрақтар жауапсыз қалды.

Жұлдыз Әбділда:

Бізде ең негізгі мәселе тасада қалды. Ол жемқорлық (коррупция). Кейбір адамдар мемлекеттік тапсырыс алып, бетперде жасап, қымбатқа сатып кетті. Арзан бағадағы бетперденің бағасын көтеріп жіберді. Дәріге де байланысты. Халық та, мемлекет те бір жағдайда пайда көріп қалсам деп ойлайды. Біздің пейіліміз дұрыс емес дер едім.

Уақыт бөліп, сұхбатқа келген барлық спикерге алғыс айтамыз.

Толығырақ видеоға назар аударыңыздар.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар