Қаңтардың 10-ындағы Парламент Мәжілісінің сайлауынан кейін іле-шала жарық көрген Exit poll нәтижелеріне сүйеніп, әлеумет сайлау қорытындысын шығара бастаған еді. Дегенмен, халық арасында “бұл бар болғаны қоғамдық қордың сауалнама нәтижелері ғой, ресми нәтиже бұдан өзгеше болатын шығар” деп басқа қорытындыны күткендер аз болмады. Алайда, ресми нәтижеден бұның айырмашылығы аз болды.
“Қоғамдық пікір” зерттеу институтының жетекшісі Айнұр Мажитованың айтуы бойынша, сауалнама 600 сайлау учаскесін, 24 мың сайлаушыны қамтыған, сондай-ақ, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және басқа да облыс орталықтары секілді ірі қалаларда өткізілген. Сауалнама өткізу үшін 600-ден астам интервьюер тартылған. Exit poll-ды өткізуге қанша қаржы жұмсалғаны айтылмағанымен, оның www.zakon.kz сайтының тапсырысымен жасалғаны айтылады.
Алдыңғы сайлауларда да дәл осындай жағдай орын алған. “Қоғамдық пікір” зерттеу институтының Exit poll нәтижелері ресми нәтижеден алшақ болмаған. www.azattyq.org сайты мұндай сауалнаманы жүргізуге Қазақстанда тек жеті қоғамдық ұйымның лицензиясы бар екенін және олардың барлығы мемлекеттік ҮЕҰ екенін айтады.
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев мұндай ұйымдарды GONGO (government organized non government organization) деп атайды дейді.
– Жалпы алғанда мемлекеттік органдардың экзит пол жүргізуге қандай да бір шектеу қоюы дұрыс емес. Бұл тікелей цензураның және шеттетудің белгісі. Біздің елде соңғы сайлауда экзит пол жүргізген қоғамдық ұйымдар және зерттеу орталықтары мемлекеттік бюджеттен қаржыландыратыны белгілі. Халықаралық тәжірибеде мұндай ұйымдар GONGO деп аталады, яғни үкіметтің қатысуымен немесе қолдауымен өмір сүретін ұйымдар. Ресми түрде олар мемлекеттік емес ұйым болғанымен, олар мемлекетке кіріптар немесе аффиллияциасы бар деп есептеледі. Сәйкесінше олардың жұмыс нәтижесін де тәуелсіз деп айту қиын. Сайлау секілді маңызды саяси процеске қатысты альтернативті ақпарат қол жетімді болуы тиіс. Бұл азаматтардың конституциалық құқығы. Бірақ соңғы және бұған дейінгі сайлауларда мұндай мүмкіндік болған жоқ. Биліктің экзит полдың нәтижелерін бақылау арқылы қоғамдық пікірді бақылаймыз деуі бұл иллюзия. Керісінше сайлау нәтижелеріне деген сенімсіздік арта түседі, – дейді ол.
Бұл ретте “Қоғамдық пікір” зерттеу институты жайында ашық дерек көздерінен ақпарат іздеп көріп едік.
“Қоғамдық пікір” зерттеу институты Мемлекеттік сатып алулар порталында 2016 жылы тіркелген. 2014-2018 жылдар аралығында 36 миллион теңгеден астам салық төлеген. Содан бері барлығы түрлі мемлекеттік мекемелермен барлығы 149 миллион теңгенің 22 келісім шартын жасаған. Бұл ретте ең ірі тапсырыс беруші ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті мен Қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім комитеті. Төмендегі графикада аталмыш ұйымның соңғы төрт жылда қай мекемемен, қанша сомаға келісім шарт жасасқаны беріліп отыр:
Енді осы зерттеулердің қандай қаржыға жасалғанын сарапқа салсақ: