/

Қандастарға қатысты кейбір құқықтық мәселелерді қайта қарау керек

6238 рет қаралды

Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданында қандастардың қарасы көп. Көп шоғырлануының себебі аудан жерінің шаруашылыққа ыңғайлы болуы. Жамбыл ауданында 61 ауыл бар. 2020 жылдың басындағы мәліметке сүйенсек аудан орталығы мен ауылдарында бас- аяғы 2456 түтін, яғни 5000-ға жуық қандас тұрады. Қазіргі таңда еңбек бағдарламасы бойынша Жамбыл ауданындағы 100-ге тарта отбасы солтүстік өңірлерге көшкен. Көшуінде де себеп бар. Көші қон департаментінің мәліметінше қандастардың көбі мал, жер шаруашылығымен айналысуға қолайлылық таппаған. Өйткені жердің көп бөлігі жергілікті халықтың еншісінде. Кей қандастар жалданып жұмыс істеуді жөн көрсе, енді бірі Солтүстіктен жекеменшік жер алуды құп алған. Ал «Еңбек» бағдарламасы сондай қандастарға зор мүмкіншілік сыйлаған көрінеді. Тағы бір айта кетерлігі 2020 жылы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында қандастарға көмек көрсететін «Елім – ай» қандастар қоғамдық қоры құрылған. Алайда үш ай жұмыс жасаған орталық екі айдан бері жұмысын тоқтатқан. Жұмыстың тоқтауына қаржының жетіспеушілігі себеп болған. Аудан әкімдігі бұл мәселені шешуге тырысып жатқан көрінеді. Сөздерінше орталық алдағы ақпан айында қайта іске кіріседі. Жамбыл ауданының тұрғыны, қандас, Журналистер одағының мүшесі, журналист-редактор Тұрсынбек КЕШУБАЙ атажұртына оралған ағайын жайлы кеңінен тарқатты.

 Журналистсіз. Елге келгелі қандастарға қатысты қандай мақалалар жаздыңыз?

– Менің оқыған мамандығым өнер саласы. Анығырақ айтар болсам, Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында «Жеке ән салу», Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясында «Кино-теледраматургия» мамандығы бойынша оқығам. Мен арнайы журналистиканы бітіргем жоқ. Бала күнімнен түрлі басылымдарда өлең, мақалалар жазып жүретінмін. Сол үрдістің жалғасымен кейін де қаламнан қол үзгем жоқ. Біраз басылымдарда еңбектерім жарық көріп келеді. Ал, қандастар туралы біраз мақала жаздым. Нақты саны есімде жоқ. Шеттен келген өнерпаз қандастарымыз жайлы жазылған сұхбат мақалаларымның өзі жүзден асты. Ал, сол қандастардың өмірі мен алуан түрлі түйткілдерін тілге тиек еткен шығармаларым да аз емес.

Демек, сіз қандастар мәселесіне қанықсыз. Атамекенге ат басын бұрар ағайындардың бүгінгі таңдағы жай-күйі қалай болып жатыр?

– Бұған дейін өсімін қоса есептегенде миллионнан астам қандастарымыздың Қазақ даласына қоныс тепкені белгілі. Алайда, әлі де бес миллионнан астам ағайын шекарадан шеткері жүр. 1991 жылдары басталған көш 2004-2014 жылдар аралығында біршама қарқын алған еді. Өкінішке орай, 2014 жылдан кейін түрлі себептерге орай тоқырап қалды. Әсіресе, Қытайдан келетін көшті тоқтап қалды деп айтуға толық негіз бар. Жуықта Ел президенті – Қ. К. Тоқаев алдағы уақытта шеттен келетін қандастар көшінің тамырына қайта қан жүгіретінін айтты. Көңіл қуантады. Ендігі көш алдыңғы көштің қателігін қайталамайды деп сенеміз. Әрі солай болуын тілейміз.

– Ағайындар алғаш келгенде ат байлайтын орталықтың керек екені жиі айтылып жүр. Сіз бұған не дейсіз?

 Алғаш келген ағайынға жол нұсқап, есін жиып алғанша мекен ете тұратын орталық керек-ақ. Алайда, алғашқы көштің кезінде «Алғаш келген ағайындарды бейімдеу орталығы» деген атпен әр аудан, қалаларда қолға алынған осы орталықтар ешқандай тиімділігін көрсеткен жоқ. Оған себеп – бізді дендеген көз бояушылық. Аты бар заты жоқ орталықтар қаңсып жеткен қандастарға қалқа бола алмады. Тағы сол қат-қат қағаз толтырып, биліктен ақша бопсалаудың құралына айналып шыға келді. Егер сол орталықтар шынайы, адал қызмет атқарса алыстан келген ағайынға анағұрлым жақсы болар еді.

– Қандастардың әлі де келері сөзсіз. Сол бейімдеу орталықтарын өз ауданыңызда неге іске асырмасқа?

– Ұзынағаш елді мекеніне ірге тепкен Жамбыл ауданы облыс көлемінде қандастар жиі шоғырланған өңір. Бұдан былай келетін ағайынның бір-біріне қара тартары да сөзсіз. Сол үшін де келесі көш келгенде ағайындардың Атамекендегі атбайлары ретінде уақытша бейімдеу орталығы дайын тұрса керемет қой. Оның бәрі де аудан басшыларының ұлтжандылығына байланысты…

– Қандастарымызды Оңтүстіктен солтүстікке жұмыс күші ретінде жіберіп жатыр. Ойыңыз қалай?

Атам қазақ: «қайда барсаң да қазанның құлағы төртеу», – дейді. Солтүстіктегі шекара өңірлерге жіберу – «шеттету» деген мағынаны білдірмейді. Кім-кімге де Отан ортақ. Солтүстік өңірлерді қазақтандыру уақыт талабы. Онсыз болмайтынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Сол үшін, орнығып, тіршілігін қамдап алған қазақтарды жылы орнынан қозғағаннан көрі, алғаш келген ағайындарды бірден сол өңірлерге қоныстандырған анақұрлым тиімді екені рас. Алайда, жергілікті билік өгей баланың күйін кештірмей, уәде еткеніндей-ақ жерін, үйін беріп, жұмыспен, жәрдемақымен қамтамасыз еткені жөн.

-2004 жылдан бері қандастарға оралман куәлігі берілетін болды. Онсыз да «оралман» деп қарайтын қоғамда оларға бұндай куәлік беру дұрыс па? Қалай ойлайсыз?

– Бұрын Атамекенге алғаш келген ағайынға «Қазақ» куәлігі берілетін. 2000 жылы алғаш келгенде мен де соны алғам. Ол кәдімгідей күші бар куәлік еді. Бұл куәліктің арқасында шеттен келген қазақтар азаматтық алғанша, жергілікті адамдармен тең дәрежеде жеңілдіктерге ие болатын. Медициналық көмек алуға, жұмысқа тұруға, баласын мектепке беруге мүмкіндігі бар еді.

2004 жылдан бастап «Қазақ» куәлігінің орнына «оралман» куәлігі берілді. «Қазақ» куәлігі алғаш келген ағайынға әжептәуір жігер беретін. Сол куәлікті қолына алғаш алған кезде, сүйіп жылаған талай адамды көзім көрген. Кейінгі «оралман» деген атау да, куәлігі де көп адамның көзіне «ала қойды бөле қырыққандай» болып көрінді. Әуелі, шетелде тұратын қандастар арасында «…ей, ол жаққа барып «оралман» атанғанша, осында жаман қазақ болып жүре берейікші» дейтін әңгімелер де жиі айтылатын болған. Президент – Қ. К. Тоқаевтің шешімімен «оралман» сөзін «қандас» сөзі алмастырды. Ол да кішкене болса да көңілге медет. Десе де, тұтас қазақ болып қалыптасу үшін атын атап, түсін түстеп, бөліп-жарудың қажеті жоқ.  Оның үстіне «Қазақ» куәлігінің пәрмені бұл куәлікте жоқ. Енді оралмандар шеттен келген өзге шетелдіктермен бірдей барлық қызметті ақылы алады.

Қандастарда азаматтық алу, квота, әлеуметтік қиындықтан басқа тағы қандай проблемалар бар?

Қайда болса да, әр нәрсенің өзіндік қиындығы болары сөзсіз. Өзге жұрттан жеткен ағайын тұрмыстың ауыртпалығын көргеніне еш қиналмайды. Себебі, тегін адам қаны тасып Қазақ даласын іздеп келмейді. Жай адамдардың көбі қарны тойған жерде ұйқысын қандырып жүре береді. Ал, ала дорбасын арқалап, жүрегін қолына алып жеткен ағайында қазақылық қанның басым екені сөзсіз. Олар Отан үшін отқа түсуден тайынбайды. Оларды кішігірім тұрмыстық кедергілер де кейіте алмайды. Алғаш келген ағайынның арқасына аяздай бататын, жүрегін жаралап, жігерін мұқалтатын ең үлкен соққы ол – қытай, өзбек, моңғол т.б. кемсіту. Өзектен тебу. Оның үстіне ҚР азаматтығын алу процедурасы қиындады. Бұрын Қазақстанда тұрақты тіркеуге тұрғаннан кейін, азаматтық алуға болатын еді, қазір әуелі ықтияр хат рәсімдеу керек. Бұл біраз шырғалаңға салады. Осындай құқықтық мәселелерді қайта қарау керек.

* Бұл материал Еуропалық Одақ қаржылай қолдауымен әзірленген. Материалдың мазмұны www.minber.kz сайтының жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

 

Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар