/

Ресейдегі наразылық шеруі АҚШ пен Ресей арасына сына қаққандай

2528 рет қаралды

АҚШ сенбі 23 қаңтар күні Ресей қалаларында өткен наразылық шеруі барысында, оған қатысушылар мен журналистерге қарсы күш қолданылғанын қатаң сынға алды. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік департаментінің сайтында жарияланды. 

Департамент мәлімдемесінде осы күнге дейін Ресей билігінің наразылық шеруін ұйымдастырушылардың ізінен аңдып, әлеуметтік желілердегі платформаларға қысым көрсетіп, белсенділерді алдын-ала қамауға алу арқылы бейбіт шеру мен пікір білдіру еркіндігін басып-жаншуға талпынып келгені айтылған. Жыл өткен сайын бұл азаматтық қоғамға, тәуелсіз БАҚ-на және саяси оппозицияға қарсы репрессиялық әрекет пен шектеулерді қатаңдатуға алып келуде, делінген мәлімдемеде.

АҚШ мемлекеттік департаментінің мәлімдемесінде бұдан әрі, Ресей халқының бейбіт шеруге, пікірлерін еркін білдіруге деген құқын тұншықтыруға деген ұмтылыс, оппозиционер Алексей Навальныйдың тұтқындалуы және оған наразылық білдіргендерге қатысты репрессия – азаматтық қоғам мен адамдардың негізгі еркіндігін одан әрі басудың белгісі екені айтылады.

Сондай-ақ, Ресей халқының бейбіт  шеру өткізу мен еркін де әділ сайлауға қатысу құқы елдің конституциясында ғана емес, Ресейдің ЕҚЫҰ алдындағы міндеттерінде, Адам Құқықтары жөніндегі Жалпыға ортақ декларацияда және Азаматтық және Саяси құқық туралы Халықаралық  Пакт аясындағы халықаралық міндеттемесінде  жазылғаны ескертіледі.

АҚШ мемлекеттік департаменті Ресей билігін  жалпыға ортақ құқықтарын білдіру жолында ұсталғандардың барлығын және Алексей Навальныйды тез арада әрі сөзсіз босатуға шақырады. Сондай-ақ, Ресейді Алексей Навальныйдың улануын тергеу жөніндегі халықаралық қуымдастықпен толықтай байланыс орнатып, өз аумағында химиялық қарудың қолданылуын түсіндіріп беруге үндейді.

«Құрама Штаттары адам құқықтарына қауіп төнген елдерде, мейлі Ресей болсын, басқа ел болсын, адам құқықтарын қорғауда өз одақтастарымен және әріптестерімен иық тіресе бірге болады». АҚШ Мемлекеттік Департаментінің сайтында жарияланған мәлімдеме, осылай аяқталыпты. 

Бұл Ресейге қарсы жаңа экономикалық санкцияларға себеп бола ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Анығы сол, 23 қаңтар күні Ресейдің 38 қаласында Алексей Навальныйды қолдау мақсатында өткен шеру бүкіл әлемдегі Ақпарат Құралдарының назарында болды. Ал, АҚШ-тың Ресейдегі елшілігі наразылық шеруін жіті қадағалап отырғанын және адамдардың бейбіт наразылық білдіруін қолдайтынын Twitter-дегі парақшасында жазған болатын. 

Ал, ресейлік «Дождь» телернасының жазуынша, АҚШ-тың Ресейдегі елшілігі наразылық акциясының өтетін жері мен уақыты туралы ақпарат та жариялаған.

 

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар