Петропавлды Қызылжар деп өзгерту бастамасын көтерген Мәжіліс депутаты осы мәселеге орай көкейде жүрген түйткілді сауалдарға жауап берген еді.
– Сіз Мәжілістің үстіміздегі жылғы қыркүйектің 22-күні болған жалпы отырысында бір топ депутаттың атынан Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы- Петропавл қаласына ежелгі Қызылжар атауын қайтару жөнінде Үкімет басшысына сауал жолдадыңыз. Оған негіз болған жайларға тоқтала кетсеңіз.
-Жалпы, менің өз ойым жер-су атауларына жеңіл-желпі қарауға болмайды. Өйткені, қай елдің де қасиетті жері – сол ұлттың мыңдаған жылдарғы мәдениетімен, тарихымен тығыз байланысты. Жердің ежелгі атын сақтамау дегеніңіз ұлт тарихының тамырына балта шабу деген сөз. Кезінде біз осындай қасіретке ұшырадық. Соның зардабын әлі күнге тартып келеміз
Бұл өзі теріскейдегі ат төбеліндей аз қазақты ғана емес,ел тарихын жер тарихын қастерлейтіндердің бәрін ойландырып, толғандырып жүрген, толғағы жеткен, басы ашық, дау туғызбайтын мәселе деп ойлаймын.Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы-Петропавлды Қызылжар деп атау туралы әңгіме бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Ақын-жазушыларымыздың тамыры тереңге бойлайтын еңбектерінде кездесетін деректерді былай қойғанда, Петропавл өткен ғасырдың басында нақты айтсақ, 1925 жылы ресми түрде Қызылжар деп атала, жазыла бастайды. Бұл өзі бұрын қырғыз атанып келген ұлтымызға дұрыс атауы қайтарылып, «қазақ» атана бастаған, Петропавлдағы кирпедтехникумның «Казпедтехникум» болып өзгерген кезімен тұспа-тұс келеді. Мiне, осы кезде астанамыз – Қызылордадан, үкi¬мет орындарынан жолданған хат¬тарда бұрынғы Петропавловск деген орысша атауы тоқтатылып,«Қызылжар қаласы» деп жазыла бастады.
Зер салып қараған адам бұл өзгерiстiң тегiн еместiгiн бай¬қауға тиiс. Әйтпесе, Халық ағарту комиссариатында отырған басшы қызметкерлер Петропавл деген ресми қала атағын өз беттерімен өзгерте ала ма? Ол аз болса, нақ осы кезде бүкілодақтық «Правда» газетiнде Петропавлдың «Қызылжар» болып өзгер¬генi туралы хабар жариялаған. Бұған 1925 жылғы шiлде¬нiң 18-iнде Ақмола губер¬ния¬лық атқару комитетi¬(ол кезде Қызылжар осы губер¬ния¬ның орталығы болған) тө¬ралқасының Петропавлды ресми түрде «Қызылжар» деп атау туралы қаулы қабылдауы, оны Қазақ Республикасы орталық атқару комитетінің бекітуі негіз болған. Бұл құжаттың түпнұсқасы Мәскеу¬дегi ВЦИК-ке, көшiрмесi Қызылжарға жiберілген.
-Алайда, іле сол өңірден сайланған Сенат депутаты Симамбаев оған өзінің үзілді-кесілді қарсы екенін білдірді. Сіз ол кісінің мәлімдемесімен таныстыңыз ба?
– Ия, таныстым. Тасекеңнің бір сөзі бір сөзіне үйлеспей жатқан секілді. Тарихқа қатысты айтқан пікірлері тіпті күлкіңді келтіреді. Тасбай «Жоңғарлар бізді жойып жіберуге шақ қалғанда, Ресей бізді аман алып қалды». Тарихтан титтей хабары болса, мұндай сөзді айтпас еді. Ақиқатына келсек, патша үкіметі Петропавл бекінісін Жоңғарлардан қорғану үшін емес, қазақтардан қорғану үшін салған. Кейін бекініс салынғаннан кейін бұл маңайға қазақтарды жолатпай қойған. Абылайдың хат жазып, қазақтардың сауда-саттық жасауына жағдай туғызу жөнінде өтініш білдіретіні нақ осы кез. Бұл бір. Екіншіден,бекініс салынған кезде бұл маңайда Жоңғарлардың исі де болған жоқ. Оларды Қабанбай батыр бастаған қазақ жасақтары 1751 жылы жеті қырдан асырып қуып тастаған болатын.
Мәжілістің жалпы отырысында жасалған сауалға келетін болсақ, бұл аяқ астынан туған ой емес. Өз басым бұл мәселені «Егемен Қазақстан» газетінде, «Алаш айнасы» апталығында, «Бетпе-бет» хабарында, Қазақстан Республикасының Бас прокурорына сауал жолдау арқылы, бұған дейін де талай рет көтерген болатынмын. Петропавлдың ежелгі атауы Қызылжар екені дәлелдеуді қажет етпейтін, дау туғызбайтын шындық. Әрине, оны кеңес заманында қалпына келтірудің мүмкіндігі болған жоқ. Тәуелсіздік алғанымызға да 20 жыл болып қалды ғой. Бұл өзі мен қазақпын дегеннің бәрінің жүрегін ауыртатын мәселе. Іссапармен аймақтарға шыққанда да тұрғындар осы мәселені жиі көтереді. Осы жайында жоғары жақтағылар не ойлап жатыр, сіздер неге айтпайсыздар дейді. Осы жайларды ескере келіп Үкімет басшысына сауал жолдау арқылы теріскейдегі осы бір түйінді мәселеге тағы бір назар аударуды жөн санаған едік. Оған төменгі палатаның көптеген депутаттары қолдау білдірді. Бұқаралық ақпарат құралдары сауалды қолдаған депутаттардың санын әртүрлі айтып жатыр, ал нақты 23 адам қол қойды.
Біз бұл мәселенің бір күнде шешіле қалмайтынын жақсы түсінеміз.
– Сенатор Симамбаев өзінің мәлімдемесінде егер біз қала атауын Қызылжар деп өзгертетін болсақ, барлық басқа ұлттардың өкілдері көшіп кетеді депті, осы жайында сіз не айтар едіңіз?
– Сөзге бәрі сия береді ғой. Тасбайдың бұл уәжі де негізсіз. Осы заманда елді мекеннің атауын өзгерттіңдер деп көшіп кеткен, битке өкпелеп тонын отқа жаққан адамды кездестірген емеспін. Қай кезде де көшіп-қонушылар болады. Оның бәрі әркімнің жеке басына қатысты. Жалпы,бұл мәселеден саяси астар іздеудің, Тасбай сияқты жұртты қорқытып-үркітудің қажеті жоқ. Тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде жалпы саналық тұрғыда Қазақстанда тұратын этностардың көзқарасы өзгерген. Әлеуметтік зерттеулердің қорытындыларына сүйенсек, қазір біздің елімізде тұрып жатқандардың басым көпшілігі Қазақстанды өз отаным деп санайды.Олай болса, олардың мемлекет құраушы ұлттың тілегіне түсіністікпен қарайтынына сенімім зор.
– Сенатор сайлау жақындап келе жатыр, сондықтан, Мәжіліс депутаттары осындай қадамға барып отыр депті.
– Бұл да бос сандырақ, жаптым жала, жақтым күйенің кері. Шынтуайтына келсек, бүгін- ертең Мәжілістің сайлауы өтеді деген сөз жоқ. Ал Симамбаевтың депутаттық мерзімі келесі жылы аяқталатыны басы ашық мәселе. Олай болса, кімнің ұпай жинағысы келіп отырғаны өзінен-өзі белгілі болып тұрған жоқ па. Мен де сол өңірдегі халықтың ұлттық құрамын жақсы білемін.Егер жеке басыма қатысты басқа ой болса, бұл мәселені он айналып өтпеймін бе. Ал тіпті Мәжіліс сайлауы мерзімінен бұрын өтетін болғанның өзінде ,мені дәл қазір осы арада қалай қалып қойсам екен деген ой мазалап отырған жоқ.
Әркім өзінің сөзіне жауап беруі тиіс. Мәжілістің бір топ депутатына осындай орынсыз кінә тағудың алдында Т.Симамбаев ойлануы керек еді.
-Жарасбай Қабдоллұлы, сіз депутаттық сауалыңызда осы мәселенің оң шешімін табуына жергілікті жерде ешкім қарсы болып жатқан жоқ дедіңіз ғой. Шын мәнінде солай ма?
– Осылай десем де, Петропавлдың атауын өзгертуге іштей наразылар бар екен. Солар неше түрлі құйтырқылықтар жасап жатқан сияқты.
Бұл өзі бүгін ғана көтеріліп отырған мәселе емес, 1994 жылы бір топ, арасында марқұм Мәлік Мұқанов, Сабыр Сеңкібаев, Қайырбек Ғалиев, Өмір Есқали, Зейнолла Әкімжанов, Марат Әбілмәжінов, Сайын Есенқұлов бар,қазақ азаматтары халықаралық қазақ тілі қоғамының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының атынан жергілікті мәслихаттардың сайлауына қатысып, облыстық мәслихаттың депутаты атану үшін күрестік. Бізді осындай қадам жасауға не итермеледі дегенге келсек,ол кезде облыстық кеңестің, одан кейін пайда болған облыстық мәслихаттың құрамында жергілікті ұлттың өкілдері тым аз болатын. Содан да ұлттық мүддеге қатысты мәселелер күн тәртібіне қойылғанда олардың үні естілмей қалатын. Әрине, бәріміздің бірдей жолымыз болған жоқ. Мен 20-Сергеев сайлау округінен дауысқа түстім. Төрт кандидат тіркелдік, үшеуі басшы қызметте істеп жүрген жергілікті жердің азаматтары да, қаладан барған мен ғана. Ол ауданда да қазақтардың үлес салмағы өте төмен болатын. Соған қарамастан мен өзімнің «Қазақ тілі » қоғамының атынан келгенімді бүкпесіз білдірдім. Халық қолдады, сөйтіп бірінші турда-ақ жеңіске жетіп,облыстық мәслихаттың депутаты мандатына ие болдым. Осыдан кейін біз облыстық мәслихаттың сессияларында жер-су атауларына, тілге қатысты мәселелерді жиі көтере бастадық. Ол ісіміз нәтижесіз болған жоқ. Әрине, айтыстық, тартыстық, шамамыз келгенше түсіндірдік. Сөйтіп жүріп Сергеев ауданының Шал ақын, Совет ауданының Аққайың, Булаевтың Мағжан Жұмабаев, Лениннің Есіл, Бескөлдің Қызылжар атануына қол жеткіздік.Міне,осы аудандардың бәрінде басқа ұлттардың өкілдері қалың орналасқан, қазірде олардың саны қазақтарға қарағанда басым. Тасбайдың әуеніне салсақ,олардың бәрі сол кезде тік қотарылып көшіп кетуге тиіс еді. Аудан атауын өзгерттің деп ешкім көшкен жоқ,бәрі орнында.
-Осындай сауал жасағаннан кейін сізге хабарласқандар болды ма?
-Хабарласқан адамдар өте көп. Олардың бәрі де осы бастамаға қолдау білдіруде. Тағы да айтамын,бұл мәселені бүгін-ертең шешейік деп отырған ешкім жоқ. Бірақ ол күн тәртібінен түспеуге тиіс, онымен нақты айналысу қажет. Қазақтың ежелгі жер-су атауларын қалпына келтіру бұл, кейбіреулер ойлап жүргендей, арқаны кеңге салуды көтеретін мәселе емес, бұл-сайып келгенде, ел тарихына, ұрпақ тәрбиесіне тікелей қатысты аса маңызды мәселе, бұл-егемендігіміздің іргесін бекіту деген сөз.
Жоғарыда айтқанымдай,бұған қарсылар табылып жатыр. Қызылжардағы шіркеу басшысының едәуір уақыттан бері осындай адамдардың қолын жинап жүргенін де білемін. Жалпы бұл шіркеу айналысатын мәселе емес қой.
Әңгімелескен Есенгүл Кәпқызы.
“Түркістан” газеті.
Парақшамызға жазылыңыз
Мәжілісте, әттең, Жарасбай ағамыз сияқты қазақ жанды азаматтар аз. Ұлт қазақтардың көбінің мәселе көтеруге не білімі жетпейді, не мінезі жетпейді. Осындай азат ойлы белсенді азаматтар ғана қоғамды қазақыландыруға үлес қосып жатыр. Қалғандары құр ас ішіп, аяқ босатар қара тобыр.
Интерфакс-Казахстан сайтындағы жалған дерекке сілтеме жасалып, Екібастұздың “Голос Экибастуза” газетінде Ресей империясы Петропавловск бекінісін қазақтарды жоңғарлардан қорғау үшін арнайы салды деген ақпарат жарияланды. Жалпы Интерфакс-Казахстан ресми сайтындағы жалған мәліметтер үшін кім жауап береді екен? Жарасбай ағай! Сіз жалғыз емессіз, сізді қолдаушылар көп. Қазақтар өз елінде эмигранттың күйін кешуде.