//

Босқын мәртебесін алған этникалық қазақтардың қазіргі жағдайы қандай?

5727 рет қаралды
фото: www.abai.kz

Қазақстанға қашып келген Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлына осыдан біраз уақыт бұрын белгісіз адамдар шабуыл жасады. Босқындардың қазіргі жағдайы қалай? Олар кімнен күдіктенеді? Этникалық қазақтар бұл туралы сайтымызға баяндап берді.

ТЕРГЕУШІ САУАЛДАРЫ АШУЫМА ТИДІ 

“Нағыз Атажұрт еріктілерінің” жетекшісі Бекзат Мақсұтханұлы тергеушінің қойған сұрақтарына ашуланып кеткен:

– Оқиға болған күні Қайшаны төртінші ауруханаға алып кетті. Мен артынан ілесіп бірге бардым. Жедел жәрдем ауруханаға кіріп кетті. Мен енді көліктен түсе бергенде маған Астанадан қоңырау келіп түсті. Мұрагердің әпкесі Нұргүл Әлім екен. Мұрагерді біреу пышақтап кетті деді. Өте үрейлі жағдай, себебі екеуі бір уақытта орын алды. Не істерімді білмей қалдым. Бірден жан-жағыма хабар бердім. Бізді түннің бір уақытына дейін тексерді.

Ертеңінде Қайша ауруханада емес, құқық қорғаушының үйіндемін деді. Біз сол үйге бардық. Қайша түнімен ұйықтамаған, тамаққа тәбеті жоқ. Сол кезде полиция қызметкерлері қоңырау шалды. Түрксіб аудандық полиция бөлімшесіне шақыртты. Мен де ілесіп бардым. Түскі 12 шамасында мені ішке шақырды. Өте қисынсыз сұрақ қоя бастады. “Не көрдің, не білесің?” сынды сұрақтар болады деп ойладым. Бірақ ол ауқымнан асып кетті. “Қайшамен соңғы рет қашан кездестіңдер? Мұрагермен қай кезде жолықтыңдар? Осы күні не істедің, ана күні не істедің?

СҰРАҚТАР БҰНЫМЕН БІТКЕН ЖОҚ

12-де кірдім, 18:00-де бірақ шықтым. Тек 1 сағаты тергеді, қалған уақыттың бәрінде дәлізде отырдым. Ертеңінде полиция бөлімшесінен тағы хабарласты. Қайтадан келуімді сұрады. Мен күдікті, қылмыскер емеспін, бармаймын дедім. Сұрақтарын телефон арқылы қоя бастады. “Қайша неге сендер жаққа бара береді?” дегендей сұрақтарға көшті. Яғни Қайша екеуіміздің арамызда ыңғайсыз қатынас бар секілді сұрап тұр. Мен ашуланып кеттім. “Неге олай айтасың? Қайша менің рулас қарындасым” деп жауап бердім. “Оқиға орын алғанда Қайша неге күйеуіне емес, саған хабарласты?” деді.

Бұның жауабын Қайша да беріп кетті. Оның күйеуі қазір Талдықорғанда ауылда. Ол жақта сеть ұстамайды. Қайша күйеуіне хабарласа алмайды. Екіншіден, Қайша, Мұрагер бәрі Нағыз атажұрттың қамқорындағы адамдар. Олар бізді қорған тұтады. Әрине бізге хабарласады.

Бұндай жағдай екінші рет қайталанбасына кім кепіл? Немесе өзге де қандастар бар. Оларға шабуыл ұйымдастыруы мүмкін. Қылмыскерлер табылмаса шабуыл арықарай жалғасады деп ойлаймын.

БАРЛЫҒЫ ЕНДІ ШЫҒА БАСТАҒАН СИЯҚТЫ

Қайша Ақанқызы
фото: Азаттық

Басынан соққы алған Қайша Ақанқызының айтуынша басының, денесінің ауырғаны енді байқалып жатыр екен. Жүрегім қозғалған секілді дейді:

 Қазір басым ауырып тұр. Бүкіл денемді енді сезіп жатырмын. Өткеннен бері балтырым басқызбайды. Жүрегім қозғалып қалған сияқты. Кішкене тықырлаған дыбыс естісем жүрегім аузыма тығылады. Бұрын да жүрегім жақсы емес еді. Қазір одан әрі нашар болып кетті.

ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛДЫ?

 Менің күнделікті жолым. Үйренген жерім болған соң бірдеңеден күдіктеніп жан-жағыма қарай бермеймін ғой. Дүкеннен керек затымды алып, әндетіп кетіп бара жатқанмын. Кенеттен соққы тиді. Не істеп, не айтқанымды білмей қалдым. Бірдеңе түсінсем бұйырмасын. Бір жағынан сол күні көшеміздің жарығы өшіп қалған еді. Кімнің ұрғанын да байқай алмадым.

Жедел жәрдем келіп ауруханаға алып кетті. Маған ауырғанды басатын дәрі салды. Дәрігерден сұрағанымда бірден ештеңе білінбейді дейді. Бір 3-6 айдың аралығында МРТ арқылы білуге болады деді. Басымның соққы тиген жері бүртік-бүртік болып өзіме білінеді.

Ішіне пышақ тиген Мұрагер Әлімұлының қазіргі жағдайы жақсы:

Қастер мен Мұрагер
Фото: заңгер Ләззат Ахатованың фейсбук парақшасынан

– Ауруханада емделіп шықтым. Қазір үйдемін. Соққы ауыр болды. Ішіме пышақ тиді, басым мен белімнен темір таяқпен ұрды. Екі адам болғанын анық білемін. Кімнен күдіктенерімді білмеймін,- дейді Мұрагер.

ӨЛТІРГІСІ КЕЛДІ МЕ, ҚОРҚЫТҚЫСЫ КЕЛДІ МЕ?

Соққы алған этникалық қазақтардың адвокаты Шыңқуат Байжановтың айтуынша, қазір осы бұзақылық жағдайға байланысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұзақыларды іздестіруде:

 – Қайша және Мұрагер бұл істі босқын мәртебесіне қатысы бар деп күмәнданып отыр. Оларға Қытай геноциді жайлы айтуға тыйым салып жатыр. Қайшаның Қытайдағы туыстары қамалған екен. Енді сол үшін Қайшаға геноцид жайлы жазғандарын өшірсін дейді. Осы жағдайға байланысты соққы алдық деп күдіктенеді. Бірақ нақты кім екенін білмейміз.

Қайша мен Мұрагерге қандай мақсатта шабуыл жасағаны белгісіз. Қорқытқысы келді ме, өлтіргісі келді ме бізге беймәлім. Олардың мақсатына қарай жаза қолданылады.

Естеріңізде болса өткен жылдың соңында Қазақстан билігі Қытайдың Шыңжаң өлкесінен «саяси қуғын көрдік» деп қашып келген төрт этникалық қазаққа «босқын» мәртебесін берген еді. Қазір бұл қазақтар құжаттарын рәсімдеу үстінде.

* Бұл материал Еуропалық Одақ қаржылай қолдауымен әзірленген. Материалдың мазмұны www.minber.kz сайтының жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

Парақшамызға жазылыңыз

Жадыра Жанарбек

Minber.kz сайтының маусым айынан бастап авторы. Сулейман Демирел Университетінің 4-курс студенті. 2020 қаңтардан бастап “Halyqnews” сайтының Алматы қалалық тілшісі қызметін атқарған. Журналистерге арналған “Media CAMP Edyuton -2020” инновациялық курсының қатысушысы.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар