Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде есеп берген Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов жыр болған LRT құрылысы туралы айтты. Ол құрылысты қайта жандандыру үшін еліміздегі және халықаралық банктерден қаржы тарту жұмыстарын қайта жандандырмақ ниетте екен. Алайда, бұл жолы Көлгінов нақты қанша қаражат қажет екені туралы ашық мәлімет бермепті.
Естеріңізге саламыз, 2019 жылдың шілде айында өткен Үкімет отырысында елорда әкімі Алтай Көлгінов LRT құрылысын жалғастыруға қатысты өз жоспарын айтып, қаражат үнемдеуге жөнінде бірқатар ұсыныс жасаған болатын.
Нұр-Сұлтан әуежайынан Нұрлы жол темір жол вокзалына дейін жалғасатын LRT вагондарының сиымдылығы 2000 адам деп есептелген еді. Алайда, елорда әуежайына орта есеппен сағатына 750 адам келіп қонады. Олардың барлығы Нұрлы жол вокзалына бара бермейтіндіктен, бұл жобаның шығындары негізсіз есептелген жоқ па, деген күмән туған болатын.
Осы жағдайды есептей келе, Көлгінов мырза 2019 жылдың 30-шілдесіндегі Үкімет отырысында: «Жолаушылардың қазіргі санын ескере отырып, жоба аясында жылжымалы құрамды немесе пойызды 19-дан 11 бірлікке дейін қысқарту мүмкіндігі қарастырылды. Бұл 40 миллион АҚШ долларын немесе 15 миллиард теңгені үнемдеуге мүмкіндік береді. Осылайша, пойыздардың жүру интервалы 3 минуттан 10 минутқа дейін ұзартылады», деп мәлімдеген болатын. Сонымен қатар, Көлгінов аялдама-стансаларды қысқарту қажет екенін айтып, жоспарланған 18 станцияны 11-ге дейін қысқартуды, нәтижесінде 110 миллион доллар немесе 42 миллиард теңгеден астам қаржыны үнемдеуді ұсынған еді.
Осылайша, Алтай Көлгінов «жобаның шығындарын 350 миллион АҚШ долларына немесе 135 миллиард теңгеге азайтудан, ал бюджетке түсетін салмақты 800 миллион долларға дейін қысқартудан» үмітті болған.
Бұдан бөлек сол отырыста үкімет Қытай даму банкінің қарызынан бас тарту туралы шешім қабылдады. Көлгінов ол туралы «Қытай тарапынан келісімшарт құнына салықты қосу туралы келіссөзді бастадық. Бұл шара жоба бойынша шығынды 200 миллион АҚШ долларына немесе 76 миллиард теңгеге дейін азайтады. Бюджетке қосымша салмақты азайтуға болады» деп мәлімдеген болатын.
2020 жылдың 20 тамызында Астана телеарнасы LRT-ға жұмсалған қаражаттың негізсіз екеніне қатысты мәліметтер келтірді. БАҚ-тың дерегі бойынша Қытайдың Ханчжоу шығанағындағы көпірді салуға 1,5 млрд доллар жұмсалған, яғни 37 шақырымдық құрылыстың әр шақырымына 40 млн доллар кеткенін, ал 22 шақырымдық астаналық LRT-ның әр шақырымы 80 млн долларға шыққан екен.
Жалпы, жеңіл рельсті көлік жүйесі (LRT) құрылысының құнына қатысты әртүрлі мәлімет бар. Кейбір ақпарат көздері 1,5 миллиард доллар десе, Қазақстан Ұлттық арнасы 2019 жылдың 23 шілдесінде жоба құны «1 миллиард 887 миллион долларға бағаланған болатын» деп жазады.
Құрылысы үлкен дүрмекпен басталып, соңы жырға айналған LRT құрылысын аяқтауға қанша қаржы керек? Дәл осы ақпараттың ашық айтылмауы күмәнді ойларға жетелейді. Болашақта елорда әкімдігі де, «Астана LRT» ЖШС басшылығы да бұл ақпаратты ашық жария етеді деп үміттенеміз.
Ал, халықаралық іздеу жарияланған «Астана LRT» ЖШС бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданнан әзірге ешбір хабар жоқ көрінеді.
Парақшамызға жазылыңыз