/

Жетісуда құрылған «Janr» әдеби клубының тұсауы кесілді

1320 рет қаралды

2021 жыл бастала сала «Janr» әдеби клубының қолға алуымен әлеуметтік желіде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай ақын өлеңдерін оқудан челлендж басталып, республика бойынша жалғасқан.

Әлеуметтік желіде ақын өлеңдерінің жаппай оқылуына мұрындық болған әдеби клуб 2020 жылдың соңына қарай Талдықорған қаласында Алматы облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен құрылып, мақсат-міндеттер бекітіліп атқарылатын жұмыстардың жоспары жасалған.
16 ақпан күні «Janr» әдеби клубының ресми тұсауы кесіліп Ақылдастар алқасы мен клуб мүшелеріне билет табысталды. Ақылдастар алқасының төрағасы – журналист, «Jetisy» телеарнасының директоры Серік Әбікенұлы, клуб президенті жазушы – Есболат Айдабосын, атқарушы директоры – ақын, әдебиеттанушы Айнұр Төлеу, клуб президентінің орынбасары – ақын Жазушылар одағының мүшесі Жангелді Немеребаев.
Тұсаукесер рәсімінде Алматы облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Қапашұлы тұсауы кесілген «Janr» әдеби клубы заңды түрде тіркелген, өзінің жарғысы мен мөрі бар ресми ұйым екенін, клуб жұмысын облыс әкімшілігі толық қолдайтынын айтып, жиналған қауымға клубтың мақсатын таныстырды.
Клубтың мақсаты – кейінгі жылдары насихаты солғын тартқан әдебиетті насихаттап жас қаламгерлердің еркін қанат қағуына қолдау көрсету. Әдеби өлкетану жобасын қолға алып балаларға арналған кітапшалар шығару. Жарғыда клубтың мақсаты мен клуб мүшелерінің міндеттері жазылған.
Серік Әбікенұлы: «Жетісу – қазақ әдебиетіндегі Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаев, Сайын Мұратбеков, Жұматай Жақыпбаев сынды әдебиеттің ірі діңгектері өмірге келген өлке. Сол себепті осы өлкеден әлі де сондай талантты, талапты азаматтар шығады деген сеніміміз бар. «Janr» әдеби клубының жұмысы біздегі әдебиетті жандандыра түседі, жастардың кеудесіндегі шоқты маздатып, алау етіп жаға біледі деп сенеміз».

Айта кетейік: Республиканың әр аймағында осындай биресми әдеби клубтар жұмыс істеп, түрлі шаралар өткізіп жүргені мәлім. Жетісуда да бұдан бұрын Тамшыбұлақ әдеби бірлестігі жақсы жұмыс істеген. Ал жаңа құрылған «Janr» -дың ерекшелігі тіркелген, заңды міндеттері бар ресми ұйым. Ұйымға Алматы облысының шалғай аудандарынан шығармашылықпен айналысатын азаматтар тартылған. Клубтың алғашқы жобасының бірі Жетісу қаламгерлерінің шығармаларын топтастырған Аудиокітап дайындалу үстінде.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар