/

Жылдам баюдың әлегі немесе алаяқтардан қалай сақтануға болады?

2752 рет қаралды
1
фото: lada.kz

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше Қазақстанда соңғы үш жылдың өзінде ғана 180 қаржы пирамидасы анықталған. Оған алданған жандар 8,3 млрд теңге зиян шеккен. Кімдерді байытып, кімдерге жем болып отырмыз? Бұл жағдайда «ақшаны еңбекпен емес, айламен табатын жандар» Вавилондағы ең бай адамның «теориясын» сатып, өздері сол «ең бай адамға» айналудың жолын тапқандай.

ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Қаржыны сауатты басқару. Біршама жылдан бері жиі еститін сөздердің біріне айналып келеді. Әсіресе мұндай ұғым туралы әңгімелейтін жандар Дж. Клейсонның «Вавилондағы ең  бай адам», Р.Киосакидің «Бай әке, кедей әке» секілді кітаптарына сүйенетіні бар.

«Пассив табыс», «табысты диверсификациялау» деген ұғымдарды да қаржыны сауатты басқару деген желеумен жиі естіп жатамыз. Мұндай сөздерді тіпті желілік маркетингке тартатындардың аузынан тастамай айтатытыны тағы бар.

Мұндағы пассив табыс – көп күш жұмсамай ақ белгілі бір уақыт аралығында пайда көріп отыру дегенге саяды.

Ал, табысты диверсификациялау дегеніңіз бірнеше табыс көзінің болуы. Яғни, тек бір айлыққа қарап отырмайсыз, бірнеше жерден ақша таба аласыз. Әдетте фрилансер болып еңбек ететін адамдарға тән нәрсе.

«Көп еңбек еткеннен адам ешқашан байымайды, ақшаны ақылмен жұмсай білу керек». Қаржы кеңесшілері айтатын осы сөздерді әдетте желілік маркетингке шақыратындар мен қаржы пирамидасын жарнамалайтындардың аузынан естігеніңізге 100 пайыз сенімдімін.

Қарап тұрсаңыз қисынға келеді, ақылға қонымды. Бірақ, осы қисынды ойлардың астарына алаяқтық схемасын тығып сату және оған жаппай алдану – бүгінгі біздің қоғам қаржылық сауатын ашу үшін оңбай күйіп жатыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше Қазақстанда соңғы үш жылдың өзінде ғана 180 қаржы пирамидасы анықталған. Оған алданған жандар 8,3 млрд теңге зиян шеккен. Кімдерді байытып, кімдерге жем болып отырмыз? Бұл жағдайда «ақшаны еңбекпен емес, айламен табатын жандар» Вавилондағы ең бай адамның «теориясын» сатып, өздері сол «ең бай адамға» айналудың жолын тапқандай.

Экономист Мақсат Сералы бұған халықтың қаржылай сауатсыздығы һәм тез байып кетсем деген «арманы» кінәлі дейді. Солай болса, солай ақ шығар….

Дегенмен, кейде қарапайым заң талаптарын білмеуден де қара халық зиян шеге ме деген ойға қаласың. Өйткені өз еркімен біреудің қалтасына ақшасын салып беріп қарап отыратын жандар сол қаржы ұйымдарынан – қаржы ұйымы ретінде тіркелгенсің бе, лицензияң бар ма, Депозиттерге кепілдік беру қорына тіркелгенсің бе, деген сұрақ қоймағаны анық. Тіпті, ондай сұрақ қоймайды да?! Себебі,  қаржы пирамидасына алданып, желілік маркетингке жем болып жүрген адамың барлығын, ауыр да болса айтайық, алдап отырған өз туысы, өз танысы. Оларды да біреу солай алдаған. Пирамидаға құрылған  – артыңнан пәлен адам тіркесең, күреп ақша табасың деп уәде беретін компаниялардың барлығы да ең басты нәрсе коммуникация дейді емес пе?! Осылайша, ағасын, інісін, туысын, танысын, жамағайынын тартып жұмыс жүріп жатады. Туысы мен танысына сенген жанға бұл компанияның лицензиясы не керек?!

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы пирамидалары қаржы ұйымдарына жатпайды және депозиттер қабылдауға, жеке тұлғалардың банктік шоттарын ашуға және жүргізуге лицензиясы болмайды, тиісінше ол компанияны Қаржы реттеушісі (Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі болмаса Ұлттық банк) бақыламайтынын хабарлайды. Ал, мұндай ұйымға ақша салған соң  ақшаңыздан айырылу қаупі жоғары болатынын білген жөн.

АЛАЯҚТЫҚТЫҢ СХЕМАСЫ

Себебі, «оның қатысушыларының арасындағы өзара қарым-қатынас өзара сенімге негізделеді және ақшаны беру және шоғырландыру бойынша іс-әрекеттерді қатысушылардың өздері жасайды».  Сондықтан,  «Сізге ұсынған өнімді зерделеу қажет. Егер ақшаңызды сеніп тапсыратын ұйымда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы болса, онда Агенттікке шағым жасай аласыз, бірақ қаржы пирамидалары болған жағдайда, Сіздің ақшаңыздың сақталуына ешкім кепілдік бере алмайды. Ұйымда лицензияның болуын Агенттіктің finreg.kz сайтынан тексеру қажет» делінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі таратқан ақпаратта.

Агенттіктің қаржы нарығындағы асыра пайдалануға қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мақсат Шағдаровтың дерегінше, алаяқтықтың бірнеше схемасы бар: «жанр классикасы» – бұл схемаға тартылған қатысушылардың салымдары бұрын тартылған қатысушыларға төлеуге бағытталатын, көптеген қаржылық пирамидалар қолданатын ақша тарту схемасы. Алаяқтар өз қызметін жасыру үшін жиі қолданылатын схемалардың бірі желілік маркетинг түрінде жүзеге асырылады. Желілік маркетинг те, қаржылық пирамидалар да иерархиялық құрылымға ие, халықты тарту бағдарламасы, яғни маркетингтік жоспар, өнімді немесе қызметті сатудан бонустар төлеу және т.б»

Экономист Мақсат Сералы мырзаның айтуынша, «мұндай компаниялар  желінің басында тұрған жандарға ірі көлемде бонустар береді, тіпті көлік мінгізеді. Осы арқылы желінің соңындағыларға мотивация беріп, өзгелерді де осындай табыс күтіп тұрғанына сендіріп бағады. Алайда,  бұл желі болғандықтан оның соңында тұрған жандар міндетті түрде тақырға отырады немесе ұтылады».

БАД СІЗДІ ЕМДЕЙДІ ДЕГЕНГЕ СЕНЕСІЗ БЕ?

Айта берсең алаяқтықтың түрі көп. Неше түрлі әшекей бұйымнан бастап, тағамға қосымша биоактив заттар (БАД) тіпті жылжымайтын мүлік алу, әлемді аралап круизге шығу, тіпті бағалы қағаздар нарығында сауда  жасауға  үйрететін ұйымдар да көп.

Әсіресе, пандемия кезінде денсаулығы үшін алаңдаған жұрт дәрілік затқа жатпайтын, ел арасында БАД аталып кеткен тағамға қосымша заттарды жаппай сатып ала бастады. Денсаулықты күтуге деген ұмтылыс дұрыс та шығар, алайда мұндай заттар негізінен жоғарыда Мақсат Шағдаров айтқан желілік маркетинг арқылы саудаланса, абай болған жөн. Сонымен қатар, мұндай қосымшалардың пайдасы ғылыми тұрғыда зерттелмегенін де ескерген дұрыс, дейді мамандар.

Академик Төрегелді Шармановтың айтуынша, мұндай қосымшаларды алып, қолдануға болады. Алайда, ол тағамға қосымша ғана. «Қазіргі таңда экологияның салдарынан тағамдар байырғы құнарлығынан айырылып бара жатқаны анық, сондықтан қосымша витаминдер, қоспалар алып тұрудың еш сөкеттігі жоқ. Алайда, дертіме дауа, ауыруыма ем болады деп БАД сатып алсаңыз, қателесесіз. Ол дәрілік зат емес, ол еш сырқатты емдемейді. Сондықтан, оның өзін дәрігердің нұсқауымен сатып алу керек» дейді Шарманов.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылардың тағы бір құралы – бинарлық опциондар платформасы екенін ескертеді. Яғни, бағалы қағаздар нарығында жедел пайда табу мүмкіндігін ұсынатын ұйымға да аса сақтықпен қараған жөн деген сөз.

Қаржы нарығы таратқан ақпаратқа сүйенсек,  процесс мынадай тәртіппен жүзеге асырылады екен: ұйымдастырушы әлеуметтік желілер арқылы жеке тұлғаларды бағалы қағаздар нарығындағы операциялар бойынша оқытуға тартады. Бұдан әрі, оқытқан соң клиентке бағалы қағаздарды сатып алу және сату операциялары, бинарлық опциондармен операциялар жасау мүмкіндігі болатын арнайы платформа ұсынылады. Клиент демо-шотты және адамның ақша табуына жағдай жасайтын платформаны қолдана отырып операцияларды жүзеге асыра бастайды. Әрі қарай, клиент нақты ақшаны қолдана отырып операцияларды жүзеге асырады. Егер клиентте ақша қаражаты жеткіліксіз болса, онда ол өзінің артынан басқа адамдарды тіркейді де (тағы сол пирамида әдісі), шақырылған әрбір қатысушы үшін бонустар ала алады.

Назар салыңыз бинарлық опциондар платформасының көпшілігі шетелдік. Ал Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген компаниялар тек консультациялық қызмет көрсетеді.

Ал, қаржы кеңесшісі не дейді екен? Қаржы кеңесшісі Мая Аралбайдың пікірінше, қазақ қаржылай сауатсыздықтан зардап шегіп отыр. «Біз тіпті, қаражатымызға қатысты құжаттарды да оқымаймыз. Ең басты сауатсыздығымыз осы», дейді маман.

Мая Аралбайдың сөзінше, кез-келген адам қаражат табады. «Бірақ, біздің кемшілігіміз тапқанымызды тапқандай жұмсай береміз және сөйтіп отырып тез баюға ұмтыламыз. Ал, негізінде қаражатты алдымен сақтау керек, содан кейін көбейту керек, осыдан кейін ғана жаратуға болады. Бізге осы білім жетіспейді.  Қай компанияға инвестиция салу керек, қай биржада сауда жасау керек, қандай акция сатып алу керек? Мұның барлығын білу – үлкен білімді қажет етеді. Соны білмегендіктен адамдар пирамидаға ұрынып, 100 мың салсаң 150 мың алады екенсің деп қуана келіп жатады», дейді Қаржы кеңесшісі.

Мая Аралбайдың ханымның айтуынша, адамдардың ақшаға деген көзқарасы өзгермейінше алданғаны алданған. Өйткені, ақша – математика.  «Қазір, зейнетақы қорынан ақша алған жұрт жаппай үй алуға, ипотекасын жабуға талпынып жатыр. Әрине, баспана маңызды. Алайда, егер математикаға салсақ, ол ақшаны инвестициялық портфельдерге салу әлдеқайда тиімді болуы мүмкін. Өйткені, сатып алған үйде өзің тұрмайтын болсаң, яғни жалға берсең, ай сайын ол үйге жұмсалған қаражаттың  қанша пайызын қайтара аласың? Жылына қанша пайыз қайтарасың, ол ақшаны қайда саласың, әлде күнделікті күнкөріске жұмсалып кете ме? Жалға берсең жөндеу шығындары болмай ма? Ол қанша қаражатты талап етеді? Осы сұрақтардың барлығын саралап, есептеп, жан-жақты ойластырғаннан кейін ғана, үй сатып алу туралы шешім қабылдау керек», дейді қаржы кеңесшісі Мая Аралбай.

Зейнетақы қорындағы қаражат демекші, еліміздегі ең ірі кәсіпкердің бірі Нұрлан Смағұлов та бұл қаржыға көз тігіп отыр екен. «Зейнетақы қаржысына көлік сатып алуға да мүмкіндік берілсе» деп, «ескі-құсқы» мініп жүрген көпшілікке «жаны аши» мәлімдеме жасады.

Ал, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі нормативтік құқықтық актінің талаптарына сәйкес келетін және зейнетақы активтерін басқаруға жіберілген жеке басқарушы компаниялардың тізілімін ай сайынғы негізде қалыптастыратынын хабарлады. Ал, Зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельде басқаруға арналған лицензиясы бар, сондай-ақ реттеушінің зейнетақы активтерін басқаруға қойылатын талаптарына сәйкес келетін басқарушы компаниялар ретінде әзірге алты компанияның тізімі берілген. Олар:

Енді осы ұйымдар туралы ашық дерек көздерінен алынған ақпаратқа көз салайық.

«First Heartland Jysan Invest» АҚ – бұрынғы «Цесна Капитал», онлайн брокер. Компанияның сайтындағы мәліметіне сәйкес оның жалғыз акционері «Jusan bank». 2019 жылдың ақпан айында «Назарбаев Университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері» автономды білім беру ұйымдары тобы қаржылық холдингктік компаниясының инвестициялық бөлімшесі «First Heartland Securities» АҚ «Цеснабанк» АҚ –ның 99,5% қарапайым акцияларын иеленді. Көп ұзамай «Цеснабанк» АҚ ребрендинг жасап, «First Heartland Jýsan Bank» АҚ деген жаңа атауға ие болды. Көпшілік арасында «Jusan bank» деген атпен белгілі деп жазады Forbes. Kase  ақпаратына сүйенсек,  акцияларының 80,11%-і “First Heartland Securities”  АҚ-на тиесілі, ал 19,67%-і Есенов Г.Ш иелік етеді. Басқарма төрағасы  Қайып Айбек Төребекұлы, басылымы Казахстанская правда.

«BCC Invest» АҚ – «Банк ЦентрКредит» АҚ-тың еншілес ұйымы» 100% акциясы осы банктің еншісінде, басқарма төрағасы Қаламхатов Нұрлан Базарбайұлы.  «Банк ЦентрКредит» АҚ акцияларының 41,58% – нің иесі Байсеитов Бахытбек Рымбекұлы, ал 9,04% акцияларының иесі Ли Владислав Сединович  деп көрсетілген Kase сайтында. Банктің басқарма төрағасы Құсайынов Ғалым Әбілжанұлы, басылымдары Казахстанская правда, Егемен Қазақстан және Панорама газеттері. Банктің өзге акциялары кімге тиесілі екені туралы Kase сайтынан да, банктің жеке сайтынан да мәлімет таба алмадық.

«Halyk Global Markets» АҚ мен «Halyk Finance» «Қазақстан Халық Банкі» АҚ еншілес ұйымдары. Шаяхметова Үміт Болатханқызы басқарма төрағасы болып отырған бұл банк акцяларының 56%-і «АЛМЭКС» холдингтік компаниясына тиесілі, The Bank of  New York (номиналды ұстаушысы) 22,52% акциясына ие, БЖЗҚ АҚ 5,34% акциясын иемденіп отыр, Kase-дегі ресми мәлімет бойынша. Бұл банктің де басылымдары Қазақстанская правда мен Егемен Қазақстан екен. Ел арасында Халық банкке Тұңғыш Президент- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Назарбаеваның қатысы бар деген қауесет те жоқ емес.

«First Heartland Capital» АҚ  сайтындағы мәліметке қарағанда құрамына Jusan Bank кіретін First Heartland Group-тің тобындағы компания. 2018 жылы тіркеуге тұрған жетекшісі Сахариева Ботагөз Мұратқызы.

«Сентрас Секьюритиз»  номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқы бар дилерлік және брокерлік компания, сондай-ақ инвестициялық портфельдерді басқару және инвестициялық қор активтерін басқару қызметімен айналысады.  Төрағасы Акинов Мұрат Ержанұлы, Акцияларының 100%-і «Сентрас Инвест» ЖШС-не тиесілі. Бұл компанияның төрағасы Әбдіразақов Ельдар Советұлы, компания 2012 жылы тіркелген.

Әзірге анықтағанымыз осы. Егер зейнетақы жинағы арқылы инвестициялық портфель жасақтап, оны басқаратын болсақ бұдан былай қаржылай сауатты болуға ұмтылатынымыз рас. Мүмкін сол кезде қаржы пирамидалары мен желілік маркетиннгке алданбайтын болармыз.

            АЛАЯҚТАРДАН ҚАЛАЙ САҚТАНУ КЕРЕК?

Айтпақшы, алаяқтардан қалай сақтану керек? Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің  қаржы нарығындағы асыра пайдалануға қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мақсат Шағдаровтың кеңесі мынадай:

«Егер Сізге қысқа мерзімде үлкен кіріс ұсынса, сыйақы алу үшін бірнеше қатысушыны тартуды ұсынса, БАҚ-тан және интернеттен жаппай жарнамалық науқанды көрсеңіз, сақтануыңыз керек. Компанияның беделін және ол ұсынған ақпараттың дәйектілігін зерделеңіз. Депозит тартуға құқығы бар барлық қаржы ұйымында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арқылы қаржы реттеушісінің лицензиясы болуы тиіс. Компанияның иелері және басшылығы туралы ақпаратты тауып алыңыз, сондай-ақ оның қайда тіркелгенін біліңіз. Егер басшылық туралы деректер құпия, ал компанияның өзі әлдебір оффшорлық аймақта тіркелген болса, онда ойлану керек».

Қалай, ойланамыз ба?

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар