Халықаралық салыстырмалы зерттеулер нәтижесі республикада мектептегі білім сапасы оқыту тіліне байланысты айтарлықтай өзгеретінін көрсетеді. Эксперттер қазақша оқытатын мектептерде де, аз ұлттар тілінде оқытатын мектептерде де сапалы әдебиеттер мен мұғалімдер даярлығының жетіспейтінін айтты.
2003 жылдан бастап Қазақстанда қазақ тілінде оқытатын жалпы білім беретін мектеп көбейіп келеді. Бұл басқа да шаралар сияқты 2025 жылға қарай мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін, оқитын және жазатын халық үлесін 68%-ке арттыруға бағытталған.
Қазіргі уақытта, тіл жағынан алғанда, білім беру жүйесінде қазақ тілі басым, бірақ ондағы оқыту сапасына эксперттер алаңдайды. Мамандар қанағаттанбаудың басты себебінің бірі сапалы оқулықтардың жетіспеуі деп санайды. Астана халықаралық университеті президенті Серік Ирсалиев мәселені мемлекеттік деңгейде «аса назар аударатын» жайт деп біледі.
Мектептерде диаспора тілдерінде оқитын балалар да осындай қиындыққа тап болады. Білім беру саласының зерттеушісі Альфира Махмудова республикада қалған 11 ұйғыр мектебінде кадрларға да, оқу-әдістемелік материалдарға да қатысты ылғи қиындық туып отыратынын айтты.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – ұйғыр мектептеріне мұғалім даярлайтын елдегі жалғыз жоғары оқу орны. Орта арнаулы оқу орындарының ішінде мұндай оқытушыларды Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжі де оқытады.
Осы оқу орындарын бітіретін аздаған түлек ұйғыр мектептеріне жұмысқа орналасып, онда негізгі жұмысымен қатар қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Махмудова жыл сайын бұл мұғалімдер ұйғыр тіліндегі пәндерді оқу бағдарламасына қосуға мәжбүр болып, орыс және қазақ мектептеріндегі әріптестеріне қарағанда орта есеппен 200 сағат артық жұмыс істейтінін айтты. Сонымен қатар, мұғалімдер ұйғыр тіліндегі оқу әдебиеті жеткіліксіздігін қандай да бір жолмен шешуі керек, оның дамуымен бүгінде Қазақстанда бірнеше адам ғана айналысады.
Эксперт сұхбаттарын 2020-2021 жыл қысында PaperLab ҚФ зерттеушілері «Орталық Азия елдеріндегі білім беру теңсіздігінің жаңа қырлары: проблема өлшемдерінен саясаттың өзгеруіне дейін» жобасы аясында өткізді. Ол Сорос-Қазақстан қоры қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Еңбек мазмұны авторлар көзқарасын білдіреді және қор көзқарасымен сәйкес келуі міндетті емес. Жобаның медиа серіктесі – MediaNet халықаралық журналистика орталығы.
Парақшамызға жазылыңыз