////

Қандастар қамы: “Қазақ” деген анықтаманы алу қияметке айналды (видео)

15167 рет қаралды
2
фото: neonomad.kz

24-інші ақпан күні ZOOM платформасында «Отандастар» КеАҚ мен «Мінбер» ақпарат агенттігі «Көші-қон: түйткілі мен шешімі» атты онлайн конференция өткізді.  Конференцияға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, Сыртқы істер министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері мен қоғамдық белсенділер, қандастар  өкілдері қатысып, қандастардың қазіргі кездегі басты проблемасын шешуге байланысты сұрақтардың шешімін бірге іздеді.

ЖАҢА ЗАҢ НОРМАЛАРЫ БОЙЫНША ЕНДІ ҚАНДАСТАРЫМЫЗ 3 АЙДЫҢ ІШІНДЕ ҚР АЗАМАТТЫҒЫН РӘСІМДЕЙ АЛАДЫ

Мағауия САРБАСОВ:

–  Баршаңызға қайырлы күн. Сіздерді көргеніме қуаныштымын. Әлемді әуре еткен індетке байланысты осылай онлайн байланысқа шығуға тура келді. «Отандастар» қоры 2020 жылы індет келді екен деп қол қусырып отырған жоқ. Біршама жұмыстар атқарылды.  Біздің қоғамдық қордың екі басты бағыты бар. Біріншісі сыртта тұрып жатқан ағайындармен мәдени гуманитарлық байланыс орнату.  Екінші бағыт елімізге көшіп келген ағайынға Қазақстан қоғамына бейімделуіне жәрдем жасау болып табылады. Және бүгін осы екінші бағыт бойынша сұхбаттасатын боламыз. Бұл бағыт бойынша  2019 жылы «Қандастарды ақпараттық қолдау орталығы» құрылған болатын. Қазіргі кезде 10 өңірде фронт офистеріміз бар. 2020 жылы осы орталыққа 5000-нан астам өтініш келіп түсті. Соның барлығы пысықталып, 94 пайызы қанағаттандырылған жағдайға жеткізілді. Көшіп келген қандастардың басты сұрағы азаматтық рәсімдеу, қандас мәртебесін алу, тұрақты тіркеу алу, квота алу сынды мәселелер.  Біздің жұмыспен қоса Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігі тарапынан  әр облыстың әкімдігімен семинарлар өткізілді. Сол  семинарда осы сұрақтың шешімі мен жауаптары айтылады, түсіндіріледі.  Ал сырттағы ағайынды қолдау мақсатында Сыртқы Істер Министрлігі ішінен үлкен басқарма құрылған болатын. Ол басқармаға Мұхтар Кәрібай жетекшілік етеді.  Осы орайда тарихта болмаған жағдай орын алып отыр. Себебі қазір 31 қазақ тілді онлайн кластар ашылды.  Оған 12 елден балалар қатысады. Бір мезгілде 1200-ге дейін балалар қатыса алады. Аптасына үш мәрте, күніне төрт рет сабақ болады.  Карантин жағдайына қарамастан 2020 жылы онлайн форматта 16 іс-шара өткіздік.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ:

– Қазақстан Ресупликасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы 2019 жылдың  маусым айында парламентте қаралған екен. Сонымен көптен күткен заңға президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 15 маусымда қол қойған. Бұл заң 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа еніп жатыр. Заңда өте жақсы өзгерістер бар. Қандастар үшін сүйінші сұрайтын ақпарат, бұл қандастарымыздың  азаматтық рәсімдеуде ықтияр хатты алып тастау. Дегенмен азаматтық алу мәселесінде кедергілер бар.  Соның бірі тұрақты тіркеу. Осы бойынша алғашқы сауалды Ішкі істер министрлігінің өкіліне қойғым келеді. Маған қандастардан мынадай ұсыныстар келіп түсті: Ішкі істер министрлігінің шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстанда уақытша және тұрақты тұруға рұқсат беру қағидаларын бекіту туралы 2015 жылы 4 желтоқсандағы нөмірі 992 бұйрығына, сондай-ақ  Қазақстан Азаматтығына қабылдау мәселелері бойынша өтініш хаттарды ішкі істер органдарының қабылдау, рәсімдеу, қарау қағидаларын бекіту туралы 2016 жылғы 28 қаңтардағы нөмірі 85 бұйрығына тиісті түзетулер енгізу қажет дейді. Жалпы сұрағым келгені, тұрақты тіркеуді қажет етпей-ақ азаматтыққа қабылдауға бола ма?

Ғани ШЫМЫРБАЕВ, ҚР Ішкі істер министрлігі Азаматтық және көші-қон басқармасының басшысы:

– Өзіңіз айтқандай 2019 жылы  заң жобасы аясында  өзгерістер енгізілген болатын. 2020 жылы қандастар үшін тұрақты тұру кезінде, әкімшілік жауапқа тартылғандар болса 1 жылға дейін тұрақты тұруға арыз бере алмайтын. Өйткені азаматтық жауапкершілікке тартылғандықтан, ол адамның бір жыл бойы тұрақты тіркеуге құқы жоқ еді.  Былтырғы нормадан осы талапты алып тастадық.  Сондай-ақ, ықтияр хаты бар қандастарымыз өзі тұратын мемлекеттерге шығып кетіп, 180 күн болмағанда ықтияр хатының күші жойылатын, қазір ол талапты да алып тастадық. Қандастардан тұрақты тұру мен азаматтық алуды бір құжат негізінде қабылдау деген өтініш келіп түскен болатын. Осы өтініштері қаралып, заңға еніп, биылғы жылдың қаңтар айынан бастап ықтияр хатсыз тұрақты тіркеумен азаматтық алуды бір құжат негізінде қабылдап жатырмыз. Ал бұрын қандастарымыз ықтияр хат пен тұрақты тіркеуді рәсімдеу үшін және басқа да құжаттарды рәсімдеу барысында алты айдан астам уақыт өтіп кететін. Қазір жаңа норма бойынша  құжат тапсырған күннен бастап 3 айдың ішінде азаматтық ала алатын жағдайға жетіп отыр.  Ал сіздің қойған сұрағыңыз өте күрделі мәселе. Өйткені азаматтық алуды Ішкі істер министрлігі ғана емес басқа да мүдделі министрліктермен бірлесіп жүзеге асырылатын мәселе. Егер Парламенттегі ағаларымыздан да осындай  ұсыныс келіп жатқан жағдайда біз мәселені қарауға дайынбыз.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ:

– «Мінбер» ақпарат агенттігі осыдан  біраз уақыт бұрын   Абдрасол Зохра есімді әйелдің Қазақстанға  келгеніне 18 жыл болса да, әлі күнге дейін азаматтық рәсімдей алмай жүргені туралы жазған еді. Қазір ол кісі де осы конференцияға қатысып отыр. Зохра ханымды тыңдасақ.

Зохра АБДРАСОЛ, азаматтығын рәсімдей алмай жүрген әйел:

– 2002 жылы тұрмысқа шығып Қазақстанға келдім. Бір ұл, бір қызым бар. 2005 жылы маусым айында күйеуім қайтыс болды. 2013 жылы Қытайдың азаматтығынан шығып келдім. Қазақстанда азаматтық ала алмадым. Қаңтар айының 10-ынан бастап ықтияр хатымның уақыты бітті. Азаматтыққа тапсырамын, жылда қайтарып жібереді. Балаларым Қазақстан Республикасының азаматтығын алған. Сонда енді мен не істеймін?

Ғани ШЫМЫРБАЕВ:

Бұл кісі былтырдан бері біздің бақылауымызда. Зохра ханымның жолдасы біздің қандасымыз. Жолдасы жеңілдетілген тәртіппен азаматтығын алған болатын Ал өзі басқа ұлт өкілі болғандықтан азаматтық ала алмай қалған. Егер жұбайы қайтыс болмағанда бұл кісі де жеңілдетілген тәртіппен азаматтық ала алатын еді. Ықтияр хатының уақыты өткендігіне байланысты біз қазір азаматтығы жоқ тұлға ретінде құжаттандырдық. Алдағы уақытта басшылықтың бақылауымен жалпы тәртіпте  яғни Президенттің қаулысымен азаматтықты рәсімдеуді қарастырып жатырмыз.

ҚАНДАСТАРДЫҢ “ҚАЗАҚ” ЕКЕНДІГІН ДӘЛЕЛДЕУ ҚИЫНҒА СОҒЫП ОТЫР 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ:

– Зохра ханымның мәселесі оң шешімін табады деген үміттеміз. Келесі бір түйткіліміз қандастардың азаматтық алуында талап етілетін қазақ екендігін растайтын құжатының болуы. Азаматтардың қазақ екенін дәлелдеу үшін не істеу керек? Осы бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Жалпы заң талаптары қандай?

Ботакөз УАТҚАН, ұзақ жыл Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бөлім меңгерушісі қызметін атқарған:

– Көп елдің паспорттарында ұлты көрсетілмейді, кейбір елдерде жеке куәліктерінде ұлты немесе руы көрсетіледі. Ұлтын көрсетпейтін елдер көп. Сондықтан осыған қатысты мәселелер баршылық. 1992-2004 жж. аралығында №791 Қаулы бойынша Сыртқы істер министрлігінің  Консулдық қызмет департаменті «Қазақ» куәлігін Қауымдастықтың анықтамасы арқылы беретін. 2004 жылы Қаулының күші жойылғанмен шетелдегі консулдықтарға Қауымдастықтың анықтамасы жарай беретін. Кешеге дейін жалғасын тауып келген еді. Ақпан айының басында түркиялық қазаққа виза берілмей осыдан дау шықты (Шешімін тапқаны туралы хабар алдым). Оған себеп, Қауымдастықтың анықтама беруге «құқы жоқ» деген әңгімесі арқау болды. Егер шетелдердегі Қазақстан консулдығы тарапынан «Қазақ» екенін дәлелдеп кел деген талап қойылмаса, біз де тыныш жата берер едік. Онда олар талап қоймасын, визаны бере берсін!

Шетелдегі қазақтарға анықтаманы Қауымдастық бермесе кім береді? Виза алып келген соң атажұртта бұл мәселе тағы қайталанады. Елге келген ағайындарды әуре сарсаңға салады. Визада көрсетілген «қазақ диаспорасының өкілі» дегенді қабылдамайтын қалалық, облыстық Көші-қон бөлім қызметкерлері барын мысалмен айта  аламын. Ираннан Маңғыстауға келген ағайындардың осы анықтама үшін Алматыға талай сабылғанына өзім куәмін. Басшыларына «мына азаматтың паспортында «қазақ диаспорасының өкілі» деп көрсетіпті, Қазақстанның мемлекеттік органы берген визадан артық қандай дәлел керек? Және де сол елдерде отырған консулдар босқа жұмыс жасап жатқан жоқ, барлық дерлік қазақтарды таниды» дегеніме құлақ аспай визаны «ресми құжат емес»  деген сәттерін дәлелмен айта аламын. Егер Қазақтардың қазақ екенін дәлелдеу керек болса, оны дәлелдеу қиын емес. Қауымдастық пен Көші-қон бөлімдері жанынан ресми комиссия құрылып, сол комиссия құрамында әр елден келген беделді азаматтар болса, жеткілікті. Қарға тамырлы қазақтарды жеті атасымен, ағайын туыстары және құда жекжаттары арқылы анықтау оңай.

Мұхтар КӘРІБАЙ, ҚР Сыртқы Істер минстрлігі Қазақ диаспорасымен жұмыс жүргізу басқармасының басшысы:

фото: Әдебиет порталы

– Ұлтын анықтау мәселесі бойынша Қытай қазақтарының құжаттарында ғана ұлты жазылады екен. Басқа елдерде жазылмайды. Ұлты жазылмайтын елдерде Қазақ мәдени орталықтары, ақсақалдар алқасы және Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы қазақ деген анықтаманы беріп келіпті. Бірақ екі жылдай уақыт өтіпті, бұндай анықтама беруге Дүниежүзі қазақтар қауымдастығына беруге тыйым салыпты.  Оны кімнің тыйым салғанын білмеймін. Осы тыйымның әсері консулдарға да жетіп, анықтаманы өздері беруден немесе қабылдаудан қорқып отыр. Өйткені Сауд Арабиясынан «қазақ» деп келген азаматтарды біздің құзырлы орган тарапынан оларды «қазақ емес» екендіктері анықталып шиеленіскен жағдай болды. Сол үшін консулдар жауапкершілікке тартылды. Осыған байланысты бұл күрделі мәселеге айналды.

Дастан АЙТҚҰЛОВҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Көші-қон процестерінің мониторингі басқармасының басшысы:

– Осы мәселенің анық-қанығын атап өтейін. Жалпы қандастардың барлық мәселесі Еңбек министрлігіне келіп тіреледі. Себебі көші-қон заңнамасының басты орындаушысы Еңбек минстрлігі болып табылады. Ұлтын “Қазақ” деп анықтау біздегі ауқымды, күрделі ең басты мәселе болып тұр. Себебі бұл мәселе 2020 жылдың басында бастау алып, президенттің құлағына жетіп, осы заңға өзгеріс енгізсін деген нақты ұсыныс берілген болатын. Нақты ұсынысқа байланысты “қазақ” екендігін анықтау жөнінде біз халықтың көші-көн туралы заңына өзгеріс енгізіп отырмыз. Ол қандай өзгеріс? 11 бапта жергілікті атқарушы орган егер де азаматтың қазақ екендігін дәлелдейтін құжаты болмайтын жағдайда ол кісіні комиссияға жібереді. Комиссияда сұрақ қою арқылы “қазақ” екендігін немесе қазақ туысқандары арқылы біліп, дәлелдеп қандас мәртебесін алуға құқылы. Осы өзгерісті жоғары жақ құптады.  Және біз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы берген анықаманы қабылдаймыз. Себебі бүгінгі күні Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бас төрағасы біздің Елбасымыз болып отыр. Қарапайым тілмен айтсақ Елбасы жәй ұйымға төрағалық етпейді. Сол себепті біз бұны қабылдаймыз.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы, ұзақ жыл Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының орынбасары қызметін атқарған:     

Сурет авторы Айтжан МҰРЗАНОВ, Айқын газетінен алынды

– 91 жылы тәуелсіздік алған Қазақстан үкіметі мен бүгінгі Қазақстан үкіметі басқа үкімет пе әлде басқа ма? Менің түсінбей отырғаным жаңағы қазақ куәлігін беру, бірден азаматтық беру деген 2010 жылға дейін оп-оңай шешіліп келген. Жылына 80 000 адам көшіп келген. Ешқандай проблема болмаған. Келген адамға танысы: «мынау қазақ» десе Сыртқы істер министрлігінің консулы бірден анықтама беретін. Ал енді болмайды деген заң қайдан шыққан заң? Бүгінгі мына заңның бәрін алып тастау керек. Осының бәріне сыртқы істер министрлігі жауапты. Осы жерде сол министрліктің адамы отыр. Өзі сол заңды оқыды ма?

Мұхтар КӘРІБАЙ:

– Ұлты қазақ азаматтарға виза беріледі. Қазіргі мәселе соның ұлтын анықтауға келіп тіреліп тұр. Ондай уәкілеттілік консулдарда жоқ. Өйткені Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өзіне осындай анықтаманы беруге тыйым салыпты. Бұл мәселе осыдан бастап  туындады. Әйтпесе біз келген этникалық қазақтарға виза беруге дайынбыз.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ:     

– Сіздер визаны кез-келген адамға бересіздер. Турист болып келе ме, жұмысқа келе ме немесе спортшы болып келе ме сіздер қазақтың визасын бере аласыздар. Ал көші-қонды ұйымдастыру деген виза беру деген сөз емес. Көшіп келемін деген қандасты бейімдеу, түсіндіру, елде осындай деген мәселелерді айту міне көші-қонның жұмысы!  Ал сіздер виза береміз дейсіздер.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ:

– Осы жерде тағы бір сауал туындап отыр. Жаңа айтып өткен визамен Қытайдан бірнеше адам Дубай арқылы келген. Шекарада қамалып, бұл мәселеге қоғам белсенділері, депутаттар араласып сол қандастардың елге кіруіне үлкен резонанс туындаған болатын. Осы мәселе жайында Ботакөз ханымнан сұрағым келіп отыр. Себебі шекарашылардың өзі заңды білмейді деп біздің сайтқа сұхбат берген болатын. Сонда шекарашылар қандай заңды білмей жатыр? Қандастар келген сайын  осындай проблемалар неге туындайды?

Ботагөз УАТҚАН: 

– Бұл жерде сыртқы істер министрлігі өз визасын беріп отыр. Оған көп-көп рақмет.  Бірақ Дубайдағы «Air Astana» мен Қазақстандағы шекарашылар кедергі келтірді. Мен соған таңғалдым. Мысалы  «С10» визасы арқылы келгендерді біздің мына кейбір ішкі істер министрлігінің  көші-қон департаменттерінің басшылары да мойындамайды. Сонда сыртқы істер министрлігі  ресми беріп отырған виза неге шекарашы қызметкерлерге келгенде іске асырылмайды? Мен сұрағанымда: виза – жәй ғана қағаз. Ол ресми құжат емес деп жауап берді.  Сондай сауатсыз адамдардың барына мен таңғалдым. Ал бірден ол жерден виза берілген соң «Air Astana» оларды ұстап қалуға ешқандай құқысы жоқ.

Қарлығаш БЕКПАТША,

– Баршаңызға қайырлы күн. Қазақ анықтамасын алу  сонау 1992 жылы қабылданған қаулы екен.  Яғни 791 қаулы бекітілген. Бірақ бұл өз күшін 1999 жылы жойған.  Содан бастап қазақ қауымдастығы қазақ деген анықтама беру құқығынан айрылған.  Дей тұрғанмен,  кешеге дейін анықтаманы беру жалғасын тауып келген. Алайдан оның заңдық күші жоқ еді.  Түркияда отырған консулдық қызметкерлер бұл ешқандай заңдық негізі жоқ. Сіздер қандай заңға сүйеніп “қазақ” деген анықтама беріп отырсыздар дегенде біз айтуға жауап таппай қалғанбыз. Сондықтан бұл бүгін ғана болып тұрған проблема емес. Осыған орай, Дастан мырза өте жақсы айтып өтті. Енді осы орайда мәселелер шешіліп кететін болса Дүниежүзі қазақ қауымдастығы басқа мекемелермен бірлесіп қазақ деген анықтаманы беретін болса әрине, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені бұл қажетті құжат. Өйткені Түркиядан, Ираннан келетін қандастардың қазақ деген атауы жоқ. Моңғолиядан келетін қандастарда да бұндай атау жоқ. Бірақ елшіліктер арқылы үлкен сомадағы ақша шығындап яғни адам басына 200 мың теңге шығындап, “қазақ” деген анықтама алып келеді. Бұл мәселе оң шешімін табады деген үміттеміз. Аз күнде бұлда шешіліп қалады. Жаңағы шекарадағы жағдайды да оң шештік. Келген бірде бір қазақты кері қайтарған жоқпыз. Амалын тауып елде алып қалып жатырмыз.  Сөйтіп бұл мәселе күн тәртібінен алынып тасталынды.

ЖАЛҒЫЗ ТЕРЕЗЕ ӘДІСІМЕН ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАУ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛМАҚ

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ:

– Қазақ көшіне биыл отыз жыл.  Осы отыз жыл ішінде қандастарымыздың құжатын рәсімдеуде көптеген проблема туындағаны айқын.  Әсіресе 2010 жылдан бастап алдыңғы қойылған заңдық нормаларды қайтадан қарауға мәжбүр болғанымыз жасырын емес. Осы ретте Ақпарат және қоғамдық даму мимнстрлігі, этнос аралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Еркін Уйсимбаев мырза қатысып отыр.  Еркін мырза  қазір қандастарға ұсынылатын мемлекеттік қызметтерге «бір терезе» қағидатын енгізу бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

Еркін ҮЙСІМБАЕВ, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары:

фото: inform.kz

– Онлайн кездесудің қатысушылары баршаңызға қайырлы күн. 2019 жылы Ведомство аралық комиссияның шешімімен біз арнайы жол картасын дайындаған болатынбыз. Жол картаға қол қойған 6 мемлекеттік органдар мен біздің халыққа қызмет көрсету орталығының басшылары. Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп Моңғолиядан пилоттық жоба өткіземіз биыл. Яғни осы жарты жылдықта. Содан кейін біздің пилоттық жоба аман-есен өткеннен кейін біз оны басқа мемлекеттерге тарататын боламыз. Нәтижесінде құжаттардың  саны 46-дан 20-ға азаяды. Бұрын азаматтықты рәсімдеу алты ай болатын болса қазір визалық жұмыстарды есептемегенде 85 күнде аяқталады. Содан кейін бүкіл құжаттарды тек қана халыққа қызмет көрсету орталығына өткізеді. Егер шет елде жүретін болса, шет елдегі консулдарға қажетті мәліметтерді өткізеді. Сонда бүкіл мемлекеттік органдар  бұл құжатты көретін болады. Сонда қандастарымыз бір мекемеден басқа мекемеге жүгіріп әуре болмайды.

Бәдигүл ОСПАНБАЕВА, қоғамдық белсенді:

–  Қазір барлығыңыздың айтып жатқан мәселелеріңіз 30 жылдан бері көтеріліп жатқан проблемалар. Қайта-қайта кездесуде де осы айтылады және солай кетіп барамыз. 15 жылдан бері қандастардың арасында көп жұмыс жасап келе жатырмын. Біріншіден, қай заң қалай өзгеріп жатса да ол қандастардың арасына барып жатқан жоқ. Өйткені бізде сол заңды қандастардың құлағына  жеткізетін мамандар кемшін. Екіншіден, қандастарымыздың сырттан оқып келген дипломын растау қиынның қиыны. Қазіргі көші-қон заңының толық құндылығы болатын болса 2013 жылдан бері азаматтық ала алмай келе жатқан 481 азамат болмас еді. Өйткені көші-қон органдары мен қандастар сәйкесіп жұмыс жасай алмай жатыр. Бұлай дейтін себебім Ұзынағаштағы көші-қон бөлімшелері  6 ай 7 күн бұрын көшіп келген қандасымыздың құжатын жоғалтып алған. Халық пен билік арасы алыстап бара жатыр. Облыс, аудан көлемдерінде осыған арнаулы мамандар болса бізде дәл бүгінгідей қандастардың Отандастар қорынан, қазақ қауымдастығынан, көші-қоннан күдерін үзіп кетуі аз болар еді. Бәрі айтады: қайда барсаң да көш-қон жұмыс жасамайды дейді. Сайлаудан кейін де біраз ауылдарды араладым. Қазір Шелекте, Ұзынағашта, Көксуда сосын Өскеменде осындай көші-қонның жұмыс істемеуі қандастарды қан қақсатып отыр. Қандастарымыз заңды білмейді. Ал заңды түсіндіріп жеткізетін маман жоқ

 Есенгүл КӘПҚЫЗЫ,

– Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Отандастармен және диаспоралармен өзара іс-қимыл жасау басқармасының басшысына сауал жолдағым келіп отыр. Жалпы басқарманың мақсаты не? Жаңа айтылған мәселелерді оңтайландыру үшін қнадай іс шаралар ұйымдастырып отырсыздар? Жалпы, мен бүгінге дейін осындай басқарманың бар екенін білмеген едім. Ал қандастар біле ме?

Мақсат МАЖИТОВ, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі. Отандастармен және диаспоралармен өзара іс-қимыл жасау басқармасының басшысы:

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес этносаралық қатынастарды  мемлекеттік саясатты жетілдіру мақсатында  Ақпарат және қоғамдық даму мимнстрлігінің құрылымында этносаралық қатынастарды дамыту комитеті құрылған. Басқарма қызметінің негізі мәні, халықаралық саясат  және отандастармен өзара іс-қимыл саласындағы  мемлекеттік саясатты қалыптастыру.  Мәселен шет елде тұратын этникалық қазақтарды және тарихи отанына оралған қандастарымызды қолдау.  Біздің мақсатымыз елге келген қандастарға дұрыс бағыт пен консультативтік  қолдау көрсету.

Марат ТОҚСАНБАЕВ, «Отандастар қоры» КеАҚ Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының фронт-кеңсе үйлестірушісі:

–  Көші-қон 1991 жылы басталды ғой. Осы 1991 мен 2011 жыл аралығында елімізге 225 мың отбасы қоныс аударды.  Ең көп келген көш осы жылдар аралығында болды. Оны бәріңіз де білесіздер. Моңғолиядан Қандастарды қабылдауда елбасы әр облыстың әкіміне тапсырма берді. Осынша отбасы қабылдайсың, жағдайларын жасайсың деп. Сонда үйімен қосып көшіріп әкелетін болса күніне 1500 камаз бен 12 рейс ұшақ Өскеменге келіп түседі. Сосын соның бәрін 19 облысқа тасымалдадық. Соның нәтижесінде бір жазда 63 000 қазақты Моңғолиядан көшіріп әкелдік. Менің таңғалып отырғаным 2011 ден кейінгі көштің бар-жоғы 1400 адамға ғана квота белгіленетіндігі. Бұрын көші –қон агенттігі болды. Одан кейін  көші-қон комитеті  болды. Қазір енді  көші-қон комитеті деген жоқ мүлде. Облыстарда бір-бір адамбар шығар. Ал кейбір облыстарда атымен жоқ. Осының өзі көштің азаюына сеп болып отыр.

Гүлмира БЕКЕТАЙҚЫЗЫ, «Отандастар қоры» КеАҚ Қандастарды қолдау департаментінің басқарушы директоры:

– Әрбір қазақ жалғызым демекші әрбір қандасымыз үшін алаңдап, тезірек бейімделіп, біздің қатарымызға қосылса екен деп тілейміз. Мағауия Қанапияұлының сөзін жалғастырғым келіп отыр.  Біздің «Отандастар» қоырының жанынан қандастарға арналған ақпаратты қолдау орталығы құрылғанын білесіздер.  2019 жылдан бері жұмыс жасап жатырмыз. 5000-нан астам қандасымыздың мұң-мұқтажы бойынша жұмыс жасадық. Сол кезде Сұлтанәлі ағамыз, Ботагөз, Қарлығаш апайларымыз, Марат ағайларымызбен бірлесіп шешуге тырыстық. Қандастардың басты хабарласып, көмек сұрайтын мәселелері ол қандас мәртебесін алу, ықтияр хат рәсімдеу, азаматтық алу және әлеуметтік көмек алу мәселелері. 2003-2007 жыл аралығында елге 50 000 отбасы келген. Осы 50 000 отбасы келеді деп жоспарланып жылына 20 000 отбасыға квота белгіленген екен. Орта есеппен бір отбасы да бес адамнан деп есептесек 100 мыңның үстіндегі адам. Ал қазір көшіп келуші қандастар делдалдардың арбауына түсіп қалып жатады. Мысалы 2017 жылы делдалдарға тап болып  құжаттарын рәсімдеп, алайда құжаттары жалған болып шығып Жамбыл облысында 250-ден астам адам ыхтияр хатынан айрылып қала жаздады. Бірақ оларға рахымшылық берілді. Алайда делдалдар істі болып, сотталды. Сондай немесе басқа да мәселемен хабарласқан қандастардың мәселесін аяқ-асты еткен жоқпыз. Шешуге тырыстық. Байланыс арқылы 1404 номеріне хабарласса кез –келген елден келіп түскен қоңырауды қабылдаймыз.  Барлық әлеуметтік желіде тіркелгендіктен қандастарға керек ақпараттарды сол жерелрде жариялап жүреміз.  Әрбір фронт кеңселеріне қандастарымыздың хабарласа алуына мүмкіндіктері бар.

Конференцияның модераторы: Есенгүл Кәпқызы; 

Мәтінін түсірген: Айғаным Айтақын; 

видео-монтаж: Жадыра Жанарбек

* Бұл материал Еуропалық Одақ қаржылай қолдауымен әзірленген. Материалдың мазмұны www.minber.kz сайтының жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

 

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар