//

Қазбек Бейсебаев: Тоқаев жерге қатысты батыл шешім қабылдады

1757 рет қаралды
фото: Казинформ

«Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет. Сондықтан, мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым:

Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Мен мұны Президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асыру қажет деп шештім. Президент Әкімшілігі дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керек.

Екіншіден, бір айдың ішінде Жер реформасы жөніндегі комиссияны құрып, 25 наурызда жұмысқа кірісуді тапсырамын. Комиссияның құрамына аграрлық сектордың беделді өкілдерін және жер мәселесін жетік білетін сарапшыларды қосу керек. Үшіншіден, Үкіметке биылғы тамыз айының соңына дейін жер реформасының негізгі мәселелері бойынша ортақ мәміле арқылы түбегейлі байлам жасауды тапсырамын. Төртіншіден, комиссия жұмысының әрбір кезеңі және онда ұсынылған шаралар туралы халықты үнемі хабардар етіп отыру керек.

Басты міндеттің бірі – комиссия жұмысының және шешім қабылдаудың мейлінше ашықтығын көрсету. Біз жерге қатысты қоғам тарапынан көтерілген барлық мәселені дұрыс және тиімді шеше аламыз деп сенемін. Бұл шешімдер, ең алдымен, ел экономикасын дамытуға және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға арналған. Ең бастысы, жер шетелдіктерге сатылмайтыны туралы түбегейлі шешім қабылданды.»

25 ақпан, 2021 жыл, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында сөйлеген сөзінен үзінді.

«Барлығымыз білетіндей, жер қатынастары саласында шыққан мәселелерге байланысты Президенттің 2016 жылдың 6 мамырындағы жарлығы бойынша жер кодексінің кейбір нормаларына мораторий енгізілген болатын. Нақтылап айтқанда, бұл ҚР 2015 жылдың 2 қарашасындағы “ҚР Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңының нормаларын жүзеге асыру; Екіншісі, шетелдіктерге ұсыну, азаматтығы жоқтарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сонымен қатар жарғылық капиталында 50 пайыздан аса үлесі шетелдіктердің меншігіндегі заңды тұлғаларға, ауыл шаруашылық жер учаскелерін жалға алу шартымен ұсынуға. Үшінші норма мемлекеттің меншігіндегі ауылшаруашылығындағы жер учаскелерін жеке меншік құқығына беру».

15 маусым 2016. Вице-премьер – ауыл шаруашылығының министрі Асқар Мырзахметовтың Мәжіліс депутаттары алдында сөйлеген сөзінен үзінді.

2016 жылы ел бойынша жаппай митингтерге ұласқан Жер дауының басы, 2015 жылы 2 қарашасында Жер кодексіне  енгізілген өзгерістер мен толықтырулардан басталған еді. Ондағы 24-бапқа сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге жалға беру мерзімі 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартылған болатын. Ал жер телімдерін 49 жылға дейін жалға алып, шаруасын жүргізіп келген қазақстандықтардың мұндай құқығын шектеу көзделген еді. Ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетін қазақстандықтар жаңа заңға сай жерді тек аукцион арқылы жекеменшікке сатып алуға міндеттелген болатын.

2016 жылғы 30 наурызда сол кездегі Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев 1 шілдеден бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1,7 млн гектар жер аукцион арқылы сатылымға шығатынын мәлімдеді. Осыдан кейін, жер-жерде наразылық акциялары басталғаны, соңы айыппұлдар мен әкімшілік, тіпті қылмыстық жазалауға ұласқаны белгілі.

2016 жылдың 6 мамырында, сол кездегі Президент Н.Назарбаев Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолданысқа енгізілуін, 2016 жылдың аяғына дейін тоқтата тұру туралы жарлық шығарды. Ал, митингтерден кейін құрылған Жер реформасы жөніндегі комиссияның ықпалымен Жер заңнамасының өзгерістеріне мораторийді 5 жылға (31.12.2021) дейін ұзарту туралы ұсыныс жасалып, сол кездегі президент Н.Назарбаев 2016 жылдың 19 тамызында шетелдіктерге жерді жалға беру туралы заңға мораторий мерзімін ұзартты. 2021 жылдың 31-желтоқсанында аяқталуы тиіс осы мораторий Жер дауына қатысты біржақты шешімнің әлі де қабылданбай, бұл мәселе дүдамал күйде қалып отырғанын білдіретін еді. Дегенмен, бұдан бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жер шетеліктерге сатылмайтыны туралы бірнеше рет мәлімдеме жасаған болатын. Заң шығару туралы Мемлекет басшысы тарапынан нақты тапсырма түспеген соң, бұл сөздер «мәлімдеме» қалпында қалып отырған еді. Алайда, 25 ақпан күнгі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында сөйлеген сөзі, бұл мәселеге нүкте қойғандай болды. Оның үстіне Президенттің заң шығару бастамасы арқылы, жедел шешім қабылдауға бел буғаны Президенттің бұл мәселеге тиянақты һәм батыл кірісіп отырғанын білдірді.

Саясаттанушы Қазбек Бейсебаев Мемлекет басшысының бұл бастамасын қоғам жақсы қабылдап отырғанын, батылдығын бағалап отырғанын айтады. Оның сөзінше, Президенттің бұл шешімі – аса маңызды саяси шешім.

фото: www.nege.kz

«Бұл шешімді халық күткен болатын, сондықтан оның қабылдануына қоғамның ризашылық білдіруі заңды. Алайда, бұл шешімнен кейін тағы бір заңды сұрақ туындайды. 2016 жылы шеруге щыққаны үшін ұсталған азаматтар. Олардың сол кездегі әрекеттері заңды ғой. Енді келіп Жер шетелдіктерге жалға берілмейді, сатылмайды дейді.  2016 жылы митингке халық сол үшін шыққан. Тіпті өзім де алаңға барып, полициядан қашып кеткен болатынмын.  Бірнеше адамдар әкімшілік жауапға тартылып, айыппұл салынды.  Макс Боқаев бірнеше жыл жазасын өтеп келді. Билік міне солардан кешірім сұрасын. Олар жазықсыз зардап шеккен болып тұр ғой, ол үшін кім жауап береді?!», дейді Қазбек Бейсебаев.

25 ақпан күні Елбасы-Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Nur Otan» партиясы төрағасының орынбасары Б.Байбекті қабылдаған болатын. Алайда, бұл кездесу барысында Жер реформасына қатысты бір де бір сөз айтылмады деген Қазбек Бейсебаев, қазіргі ел билігінің батыл қадамын баса айту керек деп санайды.
«Естеріңізде болса, 2016 жылы жаппай митинг кезінде сол кездегі Президент Н.Назарбаев «халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек» деген болатын. Бұл даулы заң жобасы да сол Президенттің билігі кезінде қабылданғанын ескерсек, әрине қазіргі Президент «кітапхананың» шешіміне қарсы шығып отыр. Кеше Байбекпен кездесуінде Назарбаевтың осы маңызды мәселе туралы бір де бір пікір білдірмегені қалай, деген де сұрақ туады. Жер деген еліміз үшін маңызды мәселе ғой. Сондықтан, Тоқаевтың бұл қадамын «кітапхананың» нұсқауынан тыс жасалған батыл қадам ретінде бағалауға болады. Егер Жерге қатысты лайықты шешім қабылдай алмаса, Тоқаев тарихта сатқын Президент болып қалуы да мүмкін еді. Дегенмен, шешім қабылданды, енді әліптің артын бағып, заңның қабылданғанын, ондағы өзге мақсаттағы жерлерге қатысты баптарды да қарау керек. Батыл шешім қабылданғаны рас, алайда әлі де нақты заң талаптарына қатысты қоғам еренсіз болмауы керек», дейді Қазбек Бейсебаев.

Ал, саясаттанушының пікірінше, аудан әкімдерін сайлауды да 2024 жылға қалдыруға еш себеп жоқ. «Биыл ауыл әкімдерін сайлаған кезде, аудан әкімдеріне сайлау өткізу керек. Халық неге оны әлі үш жыл күтуі керек?! Бұл біреуді қонаққа шақырып, бір жылдан кейін кел деп емексітумен пара-пар! Биліктің бір сылтауы бар, халық демократияға дайын емес деген. Халық демократияға, өзгеріске дайын. Соның бірден-бір көрінісі 2016 жылғы Жер митингтері. Кешегі Президент қабылдаған шешім сол кездегі халық талабының дұрыс екенінің айқын көрінісі», дейді Қазбек Бейсебаев.

Саясаттанушы Дос Көшім Парламент депутаттарының жер мәселесін бес жыл бойы қозғамағанына наразы. Заңды қабылдаушы адам Президент емес, Парламент. 2016 жылдан бергі бес жыл уақытта бірде бір депутат бастамашы бола алмады. Жаңа сайланған депутаттар да жұмған ауыздарын ашпады дейді. Сондай-ақ, саясаттанушы мұндай саяси шешім неге ұзақ уақыттан кейін қабылданғанын да түсінбейді. Оның айтуынша Жер комиссиясының мүшесі болып жүргенде жерді иеленетін ЖШС-лар туралы ақпаратты білгенімізбен, олардың артында тұрған адамдарды біле алмадық дейді.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар